КҮЛПƏШТІҢ ҰРШЫҒЫ

КҮЛПƏШТІҢ ҰРШЫҒЫ

Шешемнің замандасы еді. Біздің үйдің қыр жағында тұрады. Ақарлы-шақарлы, бала-шағасы көп адам. Ерінен ерте айырылған. Соғысқа кетіп, содан хабар-ошарсыз жым-жырт жоғалған. Тастай батып, судай сіңіп кеткен. Əйтеуір ұлдары ересек, үлкені үйленген, одан үш-төрт немересі жəне бар. Ертеден қара кешке дейін есік көзінде басқышта, тулақтың үстінде ұршық иіріп отыратын Күлпəштің екі көзі біздің үйдің түтінінде.
Табиғатынан қыдырмашы адам болған соң, көрші-қолаң оны онша жақтыра қоймайтын. Бірақ, сумақайлығы, ауыл үйді бір-біріне айдап салар айтақшыл өсек-аяңы жоқ əйел. Тек біреудің үйінде жаңалық болса естімей, алыстан ағайындары келіп жатса барып есендеспей отыра алмас еді. Жіп иіретін ұршық – Күлпəштің жан жолдасы, түнде басына жастап ұйықтайды екен. Қашан көрсеңіз де шынтағын шошайтып созақтата жіп иіріп, шаншылып отырғанын көресің. Дегенмен, түтін шыққан үйді аңдып, ыстық тамағының үстіне дəл түсетін əдеті бары рас. Жұрт Күлпəштің осы мінезінен зəрезеп болатын. Баяғы заман емес, қазіргі ағыл-тегіл тоқшылық уақытта, бала-шағаңның ортасында оңашаланып аузыңа енді ала берген асыңа бір емес, екі емес, ортақ бола берген адам – атаң болса да жақтырасың ба, тəйірі. Бірақ, жұрттың күңкілін, қыржың-тыржың теріс қабағын Күлпəш қаперіне де алмайтын. Салдырлап əңгімесін айтып, алды-артына қарамай асай беретін, тіпті «жесеңдерші» деп өз асыңды өзіңе тықпалайтын; тіпті өз үйінен кекіре тойып шығып, көршінің шайына зыр жүгіріп кетер еді.
Қыстың алғашқы айының бір күні еді. Таңертең тұрсам аппақ болып қар жауып қалыпты. Кеше ғана қарақожалақ жатқан дала ақ көрпесін қымтанып, ұзақ ұйқыға кеткендей жым-жырт. Қар бетіне иттің ғана ізі түскен. Күн көтеріле алғашқы қар қалыңдығына қарамай жылбысқалана еріп, ақ сорпасы шығып бусана бастады. Ағаш күрек алып əрі-бері тазалап көріп едім, жабыса иленіп ырық бермеген соң, тастағанмын. Ағаш-ағаштың бұтағын сындырардай тұтасқан қар ептеп еріп, тамылжи сорғиды. Айналаңа, əсіресе күн шығар жаққа қарай алмай ұяласың, көз қарығады. Қолтығына қысқан қалайы аяғы – ыдысы бар, екі қолын жеңіне қусырынған Күлпəш үйінен асығыс шығып, бізге қарай қаздаңдай құлдилады. Жақындай бере одан бұрынырақ үйге сып етіп сіңіп кеттім. Апамдар шай ішіп отыр екен. Іле-шала будақ-будақ бу алып Күлпəш та кірді. Кіре бере «алла, белім» деп табалдырыққа жалп ете түскені. Əлгінде ғана сайрап, есен-сау шай құйып, самаурынға иелік жасап отырған шешем, ол да сап етіп шекесін ұстап «алла, басым» деп зарлай жөнелгені. Мен аң-таңмын. Екі əйел еселесіп бірсыпыра ыңқылдады-ай… Күлпəш көзінің астымен ақырын ұрлана шешеме қарады да, өзінен зор шыққанына шындап көзі жетті білем, жылыстап, «аллалай» дастарқанға жақындады.
– Саумысың, Күлия? – деді жарамсақтана. – Ауырып қалғанбысың?
– Ауырмай отыратын күнім бар ма, Күлпəш. Бір үйдегі – бір кісі болған соң сүйретіліп тұрасың.
– Мен де сол, əйтеуір өлмеген соң балаларға бас-көз болып жүрген. Екі күн болды, белден шойырылғалы.
– Үш күннен бері менің де басымның сақинасы ұстап…
– Мен де жетісіп отырғаным жоқ, бəтір. Бес күннен бері екі тізем қақсайды.
– Он күннен бері менің оң иығым шағатын болып жүр.
– Бір ай болды, екі аяғымды кеміріп жатыр-ау, жеп жатыр…
– Былтырдан бері құданың құдіреті, екі көзім бұлдырап көрмейтінді шығарды. Өстіп жүріп суқараңғы соқыр болып…
– Қойшы-ей, қайдағыны айтпай, кейде менің де екі құлағым тарс бітіп қалады.
Ендігі сəтте шешем де, Күлпəш та ауруларын ұмытып, құла шайды сораптай ұрттап ұзақ сонар əңгімеге көшкен. Ал, мен аң-таңмын.
– Е-е, замандас-ай, – деп күрсінді Күлпəш. – Шалың бар сен осындайсың. Жиырма жылдан бері жесір біздің не жанымыз шыдап жүр десеңші. Жүрген ғой əйтеуір, өлейін десек қол тимей. Е… е…
– Бойында шыбын жаны бар демесең, біздің үйдің иесі ауырады ғой, қатты ауырады. Трудовой өтіп кетсе керек. – Шешем төргі бөлмеде көзілдірігін киіп кітап оқып жатқан əкем жаққа мойнын соза қарап қойды. Содан соң маған:
– Есікті жаба салшы, – деді. Əңгімемізді естіп қоя ма деп сезіктенеді білем.
– Е, сөйт балам, төргі бөлменің есігін жаба сал, – деп қайталады Күлпəш. – Жүзіқара-ау, ұлыңа шай құйсаңшы, – деп шешемнің ұмыт қалдырған шаруасын жəне есіне салды.
– Күзден бері осы жаңғалақтық пайда болды, – деді шешем. – Қазір қойғанымды, қазір ұмытамын.
– Мен де ұмытшақпын-ей, – деді Күлпəш. – Əнеугүні Шəкендердікі ет асқан екен, барайын деп тұрып қара басып ұйықтап қалыппын.
– Кеше, соғым сойған күнге дейін тісіміздің суын сорып отырамыз ба деп, қалған қара ешкіні алып соқтық.
– Не дейді!.. – Күлпəш қайран қалып таңданды. – Айттым ғой, кейінгі кезде ес-ақылдан айырылып жүрмін деп. Айта салғанды да білмейсің. Тіпті түтіндерің бықсымап еді, сен де қуланып, сараңданып барасың-ау. Ішек-түшек, қарын-сарын алып қалушы едің… дəметіп…
– Алла, басым! – деп шешем əңгіменің ауанын бұзып жіберді.
– Алла, белім, – деді Күлпəш. – Көп отырып қалдым-ау, сенімен əңгімелесемін деп. Біздің қара сиыр қарасан болды. Арты бітеліп алты ай болды желіндегелі. Түйе секілді найқалып жүр албасты, қара суға қамалтпай бір шайлық сүт бер.
– Біздің қоңыр сиыр ерте туып, суалып барады. Өзі үш емшек, өзің білесің бір емшегі баяғыда кеткен. Жем-шөбін алдына төгіп отырған біз емес. Бір сағат созғыласаң, жалғыз шайлық сүт əрең шығады. Сенің ұлың қойда ғой, анда-санда біздің үйге де бір қапшық жем əкеліп тастамай ма? Міне, сүттің бары осы, – деп тостағандағы шайға қатып отырған сүтті көрсетіп еді, Күлпəш үңіліп қарады да:
– Е, мынауың көп сүт, – деді шімірікпей.
– Көп сүт болса аузымнан жырып саған-ақ бердім, – деп барлығын Күлпəштің ыдысына қотара құйып бере салды. Содан соң өзі үлкен бір мəрттік жасағандай замандасына риза көзбен күлімсірей қарады.
– Рақмет, Күлия! – деді ол қош көңілмен шығып бара жатып. – Ұлыңның қызығын көр, алла, белім, аяғымды бастырмайды, сүйретіліп қашан жетер екенмін…
Терезеден тысқа қарап едім, үйіне қарай құстай ұшып, безіп бара жатқан Күлпəшті көрдім.
– Ораш, – деді шешем, – шоланда бір меске сүт пісіп тұр еді, алып келші.
Мен аң-таңмын.
Ержетіп, ауылдан ұзап кеткеніме көп жыл өтті. Анда-санда ғана қатынап тұрамын. Елдің қадір-қасиеті əлі бұзыла қойған жоқ. Əрине, алыстан жолаушы келген соң мал сояды, амандасуға ағайын-туған жиналады. Содан бірінен соң бірі сабылып жатар ауылдастарымның ортасынан ең əуелі іздейтінім ұршық иіріп отыратын Күлпəш еді. Шешемнен амандығын алғашқы сұрарым да сол кісі.
– Е, ол қатынды құдай ала ма? Жүр ғой əйтеуір, жеті күн – елден, жеті күн – жерден жеп. – Шешемнің бұл сөзді зілсіз ешбір кек, жаулық тілемей айтарын білемін. Өйткені баяғыда мал сойса Күлпəштан қулығын асырып ым-жымын көрсетпей қоятын да, егер келмей қалса: «Əлгі қатын қайда жүр, ауырып қалған жоқ па?» – деп елегізіп іздеп отырар еді. Сыбағасын сақтап, бөлек алып қоятын.
Ауылға оқта-текте бара қалсақ «туған жердің келбеті-ай, ауасын-ай» деп тамсанып, күні кеше ғана зəрезеп болып, екі қолыңды төбеңе қойып безіп кеткен ауылды жаңа көргендей өп-өтірік таңырқап, тамсанып қарайтын жасанды əдетіміз бар ғой. Сондай əрі жалған, əрі монтаны мінез маған да жұққан-ды. Тыртиған трико киіп, қырыққан серке бұттанып, маң-маң баса өзен жаққа беттедім. Бұқтырма барған сайын молайып, екі жағалауын кеміріп, кенересін кеңейтіп келеді екен. Су алатын жар қабақтың жиегінде екі шелекті төңкеріп тастап ұршык иіріп Күлпəш отыр. Кішкентай немересі құмнан үй жасап ойнап жүр. Мені көріп орнынан лып етіп тұрып қарсы жүрді.
– Үйбай-ау, Орашжан-ау, қашан келіп қалғансың? Дені-қарның сау ма? Күлия ұлы келіп көзайым болып, той жасап жатыр екен ғой. Жүзіқара əбден қуланып алған, мен тіпті ауыл үй отырып сезбей қалдым.
Бетімнен сүйді.
– Түу, жүдеусің ғой. Ала қағаздың бетін айналдырамын деп азып кетіпсің. Біздің ұл шұжықтай… Иə, оқуыңды қашан бітіресің? Оныншыдан соң оныншы класқа мұғалім болып жүргендер көп қой. Бітпейтін неме болса қайтып келсеңші, жаман əкеңді жалғызсыратпай.
– Оқуды əлдеқашан тауысқанмын, шеше.
– Енді неғып қайтпайсың?
– Қалада қызмет істеймін.
– Қызметті қайтесің. Жаман əкең отын-шөбін жеткізе алмай біздің ұлға сан рет келеді. Біздің ұл мықты болып өсті… Трактордың құлағында ойнайды. Ептеп ішіп қоятыны бар, ол ештеңе етпес. Қалада да қарап жүрмейтін шығар.
Мен не айтарымды білмедім. Ауылда қалып не тракторист, не орманшы болмағаныма өзім де сан рет опынған едім… Əкем қартайыңқырап, оның үстіне денсаулығы нашар, шаруасының қиюы қашып жүргені рас-ты. Енді қайтейін, қаладан отын-шөп жіберетін емес…
Бағланның төре табақ етін алдымызға енді ала бергенде, самбырлай сөйлеп Күлпəш кірді.
– Ей, қатын, – деді шешеме айбындап. – Неге қуанбайсың? Жаман жүрегің неге жарылмайды, ойбай? Май ішкен мысықтай, екі көзіңді тарс жұмып жылмиып отырсың ғой. Ұлыңның келгенін неге айтпадың? Ораш сенің ғана ұлың емес, күні кеше мұрнынан сығып алған менің де балам. Балам болмаса – баламның жан жолдасы, күні кеше тай-құлындай тебісіп бірге өскен. Жылқының майындай жылбысқаланып, Орашыңның əкелген сəлем-сауқатын жалғыз өзің жамбасыңа басып жатырсың ғой. Қысқы – қызылымыз бен жазғы – ағымызды қылдай қылып бөліп жеуші едік. Баяғыда біреу «Ауыл үй қонсақ қонайық, бірақ аяқ-табақ араластырмайық» деген екен. Отыз жыл отас болған көршінің қақысынан қиын не бар бұл жалғанда. Ұлың қайда? (Мені жаңа көргендей құшақтап, екі бетімнің сау-тамтығын қалдырмай сүйді). Келші, құлыным, мауқымды басып, шөлімді қандырып шөпілдетейін-ай. Реңің жақсы, бұрынғыдай емес, толып азамат болыпсың. Ай сайын ақша жіберіп əке-шешеңді асырап жатырсың, естімей, көрмей отырғамыз жоқ. Əлгі біздің жаман ұл май-май болып, темір итаяғының астынан бір шықпайды, жүргенінен тұрғаны көп. Көк тиын əкеліп жатқан ол емес, «апа, бересілі болдым» деп ашқарақ сиырдай мөңіреп тұрғаны. «Аласысы» қашан, ит біле ме? Неге ауыздарыңды аңқайтып қалдыңдар, ет жесеңдерші. Ей, шал, жамбастың етін азайтып маған берші, – деп салалы саусақтарын табаққа тарбайта салды.
Мен аң-таңмын.
Əкем мырс-мырс күліп, жамбасты етімен ұстата берді. Ал шешем болса бір қызарды, бір сазарды. Содан соң тамағын кенеп сөз бастады. Бейне бір бұрынғының билеріндей…
– Əй, Күлпəш, сен өйтіп бастырмалатпа, «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп. Қара суымнан қалдырып көргенім жоқ, көзіңнен шықсын. Баламның алдында жер-жебір, жекен суыма жетіп есімді шығарып жібердің ғой. Көшке берген тайыңды ал, бірдемесін өткізіп қойғандай ер-тоқымыңды бауырыңа алып тулағаның неткенің. Бозталдан шөбімді жеткізіп бер деп он рет барғанда, он күн аяғыңа бас ұрғанда төгіп-шашып əрең əкелмеп пе еді, ала көз ұлың, онда да ақысын былай алып, шөлмек-шөлмек арағымды ішкен, ол аздай трактормен сүзіп қораның қанатын құлатып кеткен. Бір басыңда бес ұршық бар, бірін бере көр деп жалындым, бетпақтанып міз бақтың ба?.. Енді келіп, иығыңды жұлып жеп, тамағымнан тас өткізіп, отымның басын сабалайсың… Əдірем қал…
– Сенің де сырың белгілі. Шалым бар деп кергисің келіп, кердеңдейсің келіп…
Мен орнымнан тұрып кеттім. Əкем: – Жетті енді, желіге бермеңдер! – деп зекіп еді, екеуі бірдей жым болды.
Сүт пісірім уақыттан кейін жайдары жарасып, маңдайлары жіпсіп шай ішіп отырды. Ұзақ бір əңгімеге кеткен. Бір-біріне аса риза көңілмен рақаттана күледі.
– Сен қатын да қайдағыны білесің, – деп Күлпəш құла шайды сораптай түсті. – Шалыңның қолын қағып көргем жоқ, сен де кеңсің ғой.
– Рас, сенен қызғанып қайтемін. Бір өтірігі жоқ, – деді шешем. Екеуі тағы күлді. Мен аң-таңмын.
– Осы Күлия, сен əлгі жоғалған шелегіңді таптың ба? – деді Күлпəш.
– Жоқ, судай сіңіп, тастай батты ғой.
– Құлағыңды бері жақындатшы. – Сыбырлап сөйледі. – Тірі адамға мен айтты деп аузыңнан шығарып, сездірме. Сенің шелегіңді мен бір үйден көрдім.
– Қойшы əрі, рас па?
– Рас, өтірік айтсам жаным шықсын. Шелегіңнің бүйірінде кішкене майысқаны бар еді ғой.
– Дəл өзі.
– Ендеше сол шелек Мағыштың сеңкесінде керосин құюлы тұр. Тегінде осы ауылдың бары мен жоғын менен сұра.
Шешем Күлпəшқа қағазға орап бір асым ет беріп, ол қолтығына қысқан олжасын зыр жүгіріп апарып тастады да, сүйектен жонып істеген ұршығын алып құстай ұшып қайтып келе жатты.
Өте əділ айырбас, екі жақты түсінушілік жағдайда өткен бүгінгі кеңес келесі күні басқаша сипат алған.
Етті асып жеп алған Күлпəш ұршығын сұратып жіберіпті…
Мен аң-таңмын…

Оралхан Бөкей

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *