АУЫТҚЫМАЛЫ МІНЕЗ-ҚҰЛЫҚ — құқықта, адамның қатты да терең күйзеліп, уайым шегуімен, өңі өзгеріп, ұстамдылығынан айырылуымен сипатталатын, оқыс та шапшаң тегеурінмен өрбитін сезімдік ахуалы (қазақша Аффект). Ауытқымалы мінез-құлықтың физиологиялық және патологиялық түрлері болады. Физиологиялық ауытқымалы мінез-құлық (ашу, ыза, үрей) психикаға әсер ету күші жойқын бола тұра, адамды өзінің мінез-құлқын сезіну мен бақылау, ол үшін жауапты болу мүмкіндігінен айырмайды. Мұндай сезімдік ахуал жағдайында қылмыс жасаған адамның қылмыстық жауапкершілігі жоққа шығарылмайды, алайда ол белгілі бір реттерде жеңілдетілуі мүмкін. Патологиялық ауытқымалы мінез-құлық сананы біржолата билеп, мақсатсыз немесе қауіпті іс-әрекеттер (шабуыл) жасауға итермелейді. Егер соттық-психатриялық сараптама қоғамға қауіпті әрекетті патологиялық ауытқымалы мінез-құлыққа ұшыраған адам жасағанын анықтаса, онда ол “есалаң”, “есі дұрыс емес” деп танылады.