АУЫСПАЛЫ ЕГІС – топырақ құнарын сақтау және арттыру, тұрақты мол өнім алу мақсатында дақылдарды және танаптарды алмастырып отыру жүйесі. Ауыспалы егістің б.з.б. қолданылуы туралы мәліметтер Рим шежірелері (Катон, Варрон, Вергилий, т.б.) арқылы жеткен. Қазақстанда қара топырақты, ылғалдылығы жеткілікті аймақтарда 5 танапты және 8 танапты Ауыспалы егістің кеңінен қолданылады. Ауыспалы егістің жүйесі ауыл шаруашылығында өндірілетін өнім түріне қарай егістік, мал азықтық және арнайы болып үш түрге бөлінеді. Егістік ауыспалы егістің жүйесі бойынша ылғалдылығы мол жерлерде егістік дақылдарды (бидай, сұлы, арпа, жүгері, қызылша, күнбағыс, картоп, т.б.) себердің алдында танапқа 2 – 3 жыл жоңышқа егіледі. Ал қуаңшылық аудандарда сірі жер танабын бос қалдырады. Мал азықтық ауыспалы егіс жүйесі бойынша көп жылдық жоңышқа өсіруден кейін оның орнына отамалы дақылдар (бір жылдық, көп жылдық шөптер, сүрлемдік жүгері) өсіріледі. Арнайы ауыспалы егіс жүйесінде көкөністерді, мақтаны, темекіні, күрішті, т.б. жыл сайын орын ауыстырып егеді. Сондай-ақ арнайы ауыспалы егіс жүйесін қолдану үшін жер құнарлығы жоғары, ылғал, температура жеткілікті болуы керек. Ауыспалы егіс мол өнімді дақылдар егіп, халықты азық-түлікпен, малды жемшөппен және техниканы жыл бойы жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Дақылдар алмастырылып егілгенде, өнім көрсеткіштері жақсарады, жердің құнарлылығы артады, топырақ эрозиясы төмендейді, егістіктің ластануы, зиянкестер мен ауру қоздырғыштардың көбеюі азаяды.