ҮЙСІН БАЛЫҚБЕК БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
—Уай, Телбұшық, Телбұшық, Шақырғанда кел, Бұшық!
Тоқсан қойдың терісі Тон болмаған Телбұшық. Сексен қойдың терісі
Жең шықпаған Телбұшық. Жан-жағыңды шайқамай,
Алды-артыңды байқамай,
Бейқам келме, сен Бұшық! Уай, уай!
Ай, ер Домбай, ер Домбай, Шақырғанда, кел, Домбай! Мұңлы менен шерлінің Ырымын шегіп бер, Домбай! Сынық ине көрінсе, Алтын дейсің антұрған! Айтқаның келмей жаңылсаң, Ұялып жүрме енді оңбай!
Уай, уай!
Біз сияқты сұмдарға Осылардан жол қалды. Аруағына сыйынып, Қобызымды қолға алдым. Жасынан көрген михнат, Аллаға қылған мінажат.
Қара қыпшақ Қобыланды,
Медет бер деп тіледім, Сыйындым сізге, сол қалды.
Иелі кесел сөз келіп,
Дауасы болмай кешігіп, Біздей қаріп сандалды.
Уай, уай!
Қобызын қосқан бәйгеге,
Халыққа болмай әйгілі,
Болат, Бөкес жындары Көріпкел деп атанған, Ғайып ереннен бата алған. Бала бақсы тәуіпке Халықтың берген сындары. Айқай салдым, ақырдым, Аруағыңды шақырдым.
Хабарсыз көңілім тынбады. Жын атасы—Жирентай
Шақырғанда келмесе,
Сенімді хабар бермесе, Сағымның осы сынғаны.
Уай, уай!