ЕШМҰХАМЕД БАҚСЫНЫҢ САРЫНЫ
—Әуелі, Алла, ал оңғар, Айтатұғын сөзім бар.
Дүниеге жайылған Шақырамын, ал жындар. Жын шақырсам, келгендер, Жүгіре басып жүріңдер. Тобыңды жазба Сарым сер, Дертке дауа беріңдер. Жынның басы—Жирентай, Жын келеді, алақай!
Жоғарғы ерні жер тіреп, Төменгі ерні көк тіреп, Келе жатыр Қорабай.
Тас бұршақтай ойнаған, Найзағадай қайнаған…
Дертін ұстап байлаған. Маған шаппа, дертке шап, Дауа болар жөнін тап! Есен де менің алмай кел, Аузыңды шалмай кел.
Түркістанда тоқсан ер, Бұқардағы сексен ер, Бірің қалма, бәрің кел!
Ақ сәлдең бар басыңда,
Аса таяқ қолында, Бір Алланың жолына Келер алды дауылдай. Балқия мен Наркүміс, Шақырамын сендерді.
Шығатұғын мал бар ма, Өлетұғын жан бар ма, Аузын ашқан көр бар ма?
Білгеніңді рас айт, Өтірік айтып сандалма!
Жын үлкені—ер Шойлан,
Кідірмей бері кел, Шойлан, Өтірік айтпа, жын, ойлан!
Басыңды баудай қағармын, Қаныңды судай шашармын.
Аспандағы айдаһар,
Ұзындығың мың құлаш, Жуандығың он құлаш.
Дегенін де істеген, Аузына салған алмасты Шықырлатып тістеген.
Айда бермен, Қара нар,
Жібектен ескен бұйдаң бар, Желпілдеген шудаң бар.
Қара нарым келгенде, Абайлаңдар, бозбала,
Шайнайтұғын адам бар.
Алдымдағы миманның
Захмет жеңін байлаңдар.
Қысылып отыр хан иең,
Шыбын жанын қиналтпа, Өтірік айтып ұялтпа.
Үйде отырған, бозбала, Көнесіз жынды шайнама!
Аспанда екі қара тас, Екі иінін мықтап бас. Есімді менің алмай кел, Азуымды шалмай кел!
Ишандарға қол берген,
Үлкендерге жол берген Айда бермен, ер Көбен. Білгеніңді дұрыс айт, Сөз сұраймын мен сенен. Осы ауру дауасы Болады екен, ал, неден? Өтірік айтпа, шыныңды айт, Дауа болар жөнін айт! Мұнан жылдам елге қайт, Жылқуанға хабар айт!
Дүние кезіп шарласын,
Дертінің жөнін барласын, Не боларын ойласын. Жын үлкені—Дәу перім, Жын ішінде бір серім. Ұзындығы тоқсан қар, Көлденеңі сексен қар.
Жалғыз көзді, бермен кел, Талай жерге еттің ем, Бізден сізге фарман бар. Бол, аяғың жиыл де, Дауасын дерттің ойлаңдар. Ортаға алып қамаңдар, Дерт иесін байлаңдар. Жасырынып қалмаңыз,
Іздеп, тінтіп қараңдар.
Аспандағы ақ ауыз,
Жердегі біздің көк ауыз, Бәрің бірдей абайла.
Не жақсылық, не жауыз Секілденген асылым, Ақ жұмыртқа сары уыз.
Жын күйіне қосылшы, Екі ішекті ал қобыз.
Біздер бақсы болғалы, Алдымнан миман кеткен жоқ. Менен бақсы өткен жоқ, Бізге бақсы жеткен жоқ.
Қарағай қобыз алған соң, Оңды-солды шалған соң, Мұнарланған шаң шықты.
Шаң астына қарасам, Тоқсан жерден ту шықты. Ту астына қарасам, Тоқсан бөлек қол шықты. Қол ішіне қарасам, Сансыз әскер жын шықты.
Меке, Мысыр жайлаған
Қолдың басы—Көгаман, Нөкерімен сол шықты.
Үйсін Қоңыр қыстаған, Самарқан, Бұқар ұстаған.
Талай жерді аралап,
Қолын бастап шамалап,
Жынның басы—Жоламан Салбырап ту сол шықты.
Қытайдың жерін ұстаған,
Әскер қойып қыстаған,
Жылдық жолды түсте алған, Сарала түйе салбырап, Темір Шойын ер шықты.
Қараңғы түнде күн шықты, Жетемін деп жындар ынтықты. Сырдың бойын жайлаған,
Жағалай бие байлаған,
Қорқыт баба демеген,
Әзірет сұлтан сүйеген,
Сараман мен Қараман
Он екі жерден ту ұстап,
Сексен мыңдай бел ұстап, Тамашамен сол шықты.
Еділ, Жайық—екі су, Күн батыстан шықты бу. Кереметпен көп перім, Келе жатыр қырық ту. Дүние жүзін шаң басты, Істен бақсың адасты.
«Байлап дертті алам» деп, Пері мен жындар таласты. Ал байлаңдар, алыңдар, Дертке дауа салыңдар. Дүниені қаптаған Неше миллион саның бар. Әрқайсыңның, перілер, Жүз кісілік әлің бар.
Он арыстандай әрбірің, Топтанып шаң шығарған.
Айда бермен, үйірлеп,
Ойылды мен Қиылдым,
Жын шіркіндер жиылдың, Дертке дауа бере гөр!
Хан иеңіз сыйынды Тау мен тасты қиратқан.
Бүйрегімде ұнатқан
Дерт шарасын беретін Келдің бе бүгін, Танатқан? Сабыр суың себе бер, Хан-Генде демей гөр. Келмей қалған жын бар ма, Келгендерге сын бар ма? Ретсіз жерге сыналма, Сынға қалып сандалма. Дерт дауасын беріңдер, Жалап-жұқтап қойыңдар.
Неше бөлек үйің бар,
Дертке көзің салыңдар, Бөтен осы, қойыңдар.
Қарақай біздің келер ме, Келіп хабар берер ме?
Атын атап шақырсам, Қояндай шауып жүрер ме? Маңдайында жалғыз көз, Екі айтпайтын жалғыз сөз. Он бесімде жабыстың, Жиырма бесте табыстың. Бірге қатар шабыстың, Жауға болмай қарыстың. Дәу перімен алыстың, Қайратпенен қарыстың. Қарсыласқан дұшпанға Жібермедің намысты.
Буырқанып, бұрсансаң,
Мұздай темір құрсансаң, Жақын еттің алысты.
Пір қожамның бес ұлы, Ер қожамның үш ұлы Алға келдің бас ұрып. Қайратыңды асырып,
Алдымдағы миманның
Үстінен дертін қашырып, Дауа салдың миманға.
Разы бол, жын мұндар, Басыңды қосып жиғанға.
Мұнан қоймай хабар айт,
Ертең күні қалмасын, Келуінен танбасын Тоқсан тоғай толғана.