БАҚСЫНЫҢ СӨЗІ
—Әуелі, Құдай, сен оңда, Сен оңдасаң, біз мында. Тілеген тілек және бер, Қас бедеуге бала бер! Жақсы Құдай, жай Құдай, Мырза Құдай, би Құдай!
Әуелі Құдайым көк жасаған, Онан кейін жер жасаған.
Сыйынайын бірінші, Құдай, Екінші, сыйынайын Мұқамбет! Біріңе біз құл болдық, Біріңе үмбет болдық. Үшінші, Тәңірім,
Төртінші, төрт жар,
Сексен сегіз машайық,
Жүз жиырма төрт пайғамбар,
Меккеде әулие,
Мединеде әулие, Хан Шыңғыста әулие.
Қызыл таудың басында
Қыз әулие,
Өгіз таудың басында
Өгіз әулие,
Қошқар таздың басында
Қоңырбас әулие,
Таудағы бұланың, Іштен шыққан айдаһар әулие.
Бекбау ата—Бек Әзіл
Өлі десем, өлі емес, Тірі десем, тірі емес.
Ата Қорқыт әулие,
Уақ атасы—Ер Көкше,
Ерлігінің белгісі— Садағына келген сан кісі, Мылтығына келген мың кісі.
Сарыбай, Сарыш, Өтеулі, Үш жүз сексен ат Бәйгеге қосқан Көрпебай.
Арғын атасы—Қарақожа, Ханда—Абылай, қарада—Қазыбек.
Жалаңаяқ Әзіз,
Дуана жырық,
Төрт ұлды Торайғыр,
Нағашы Тұрдыбек,
Өзім нағашы атам— Жағалбайлы Тұңғат, Қаракерей Қабанбай,
Қаз дауысты Қазыбек,
Қара керей мұрында Қандыбай,
Шақшақұлы Жәнібек, Тобықтыда Дөненбай, Ішіндегі Доғалбай.
Өте шықты Құнанбай заманында, Таздың арғы атасы—Шойынқара. Қара, Сары, Қондыбай Әулие қасиетті өткен. Терістен бала,
Арғы атасы Кетбұға,
Көкей Көшек
Өте шықты ішінде— Аманқұл бақсы.
Бәсентиін арғы атасы—Барлыбай, Ішінде Тасыбай.
Тұрлыбек дуан басында. Әуелі Құдай жын жасаған, Бірінен бірін мол жасаған.
Жынның арғы атасы—Кетбұға,
Жын атасы—Сары Азбан, Әуре қылма сен, Азбан!
Жын атасы—Бердібай
Жын ұраны «екеу, екеу!»
Аспандағы менің бес перім, Қырық пышақ салдырып,
Қырық ине маған түйретіп,
Төбеме айдар қойдырып,
Жынға мойын қойдырып, Көнбегенге көндірген, Қу ағашқа төндірген. Ақсақалдыдан бата алдырған, Ақ сарыбас қойды сойдырған. Бес бала, бес асау тай үйге кіргізген, Ерегіскен жерге дерт салған. Жын болып байланған, Кірне болып айналған.
Ойдан келген он қожа,
Қырдан келген қырық қожа,
Ол қожаның ішінде
Әзірет Қожа Жат өлікке жан берген, Жамағат жанды тең көрген.
Белсізге бел берген, Перзентін тең берген.
Оң қолымды ораймын, Сол қолымды сұраймын. Шежіреге басын сүйенген, Күнге шашын тараған. Ата қадірін білмеген, Ана сүтін ембеген. Жерден жеті қоян айдаған, Дұғаменен байлаған.
Жеті кетпен шот басқандай болдым, Жеті қазанға түскендей болдым.
Он екі ақбоз ат
Ойнағандай күн қайда?
Жын шақырдым Қамбардан, Қияда жатқан жандардан. Теміржанға сәлем де, Хабар бер!
Ауыр қол жисын,
Темірден тон тіксін.
Ойдан келген он бөрі, Со бөрінің ішінде Алты ауызды көк бөрі.
Көк жендет Қондыбай елінде
Жұмабайдың баласы Қосыр Құда көк қабан, Жын ішінде сен жаман.
Маңдай терісі құрысып,
Жын біткенмен ұрысып,
Жөргегімде жабысып, Он бір жаста табысып,
Қаракерей Мұрыннан келген
Жиенім туған жиен бар—
13-0139
Тоғыз ұлдың кенжесі.
Мырзабай Қабыл
Сары ала қамқа тон киген, Сары арғымақ ат мінген,
Қылышын қынға қынаған.
Келдің бе бұл жылда
Қисан қатынның ағасы, Қаралып жатқан шаңырақ басында?
Тоқымы жоқ кісіде Тобықтыдан келді Қара жігіт Қойқап. Алтайдан келген алтауым— Шабдар атты Кемеңгер. Елден келген екеу, Желден келген жетеу, Елден келген екі Азыл.
Шаңдуы басынан келген Шаңдаяқ, Қайдан келген ентелеп, Бәйге атындай ентелеп.
Көк ала сақал Көзімбет,
Алпыс атты қырық жаяу Меңрай Жүзей, Сен, жарқыным, жолдасы!
Жоғарыдан келген төрт ат, Төменнен келген бөрте ат, Кейінде айыл жетпес сары ат.
Адым-адым басқан,
Адымы жерді қуырған, Тұяғы құмды суырған. Тозаң-тозаң жүгірген, Тозаңды жерге суырған. Жол-жол, жол жатыр, Жол жағалай қол жатыр. Сонша қолдың ішінде Қарабек атты сұлтан жатыр.
Хан Тілеуберді сұлтаным,
Арымқазы ұлтаным,
Ойдан кірген ойпатым,
Қырдан келген бекзатым,
Дәуіт пайғамбар, ер Дәуіт!