ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ РОМАНТИЗМ ҚҰБЫЛЫСЫ ЖӘНЕ
ОНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ


ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ РОМАНТИЗМ ҚҰБЫЛЫСЫ ЖӘНЕ
ОНЫҢ ҰЛТТЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Жанұзақова ҚҰРАЛАЙ ТЕМІРБЕКҚЫЗЫ

ТҮЙІНДЕМЕ

Романтизм поэтикасы, оның эволюциясы, романтикалық жанрлардың дамуындағы типологиясы, жекелеген романтиканы поэтикалық жүйемен байланыстыру арқылы қазіргі заманғы қазақ әдеби сынына көбірек көңіл аударады. Бұл мақалада қазақ романтикасының типологиясы мен ұлттық ерекшеліктері талданады. Жиырмасыншы ғасырда көркемдік әдіс ретінде романтизмнің «кемістігі» туралы әдеби ойлау идеясы. Бұл мақала романтизмді тарихитипологиялық еуропалық контекстте ,дәлірек айтқанда, әлемдік тарих , әдеби процесс, эволюция, романтизмнің әртүрлі түрлерін ескере отырып, М.Жұмабаев, М. Дулатов, Ш.Құдайбердиев, С.Торайғыров сияқты ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып жазылды.
Тірек Cөздер: Қазақ әдебиетіндегі романтизм, ұлттық мінездеме, романтизмнің типологиясы,әлемдік көзқарас, бағыттары мен тренді.

KAZAK EDEBİYATINDA ROMANTİZM VE ONUN MİLLİ ÖZELLİKLERİ
ÖZET
Kazak edebiyatında çok açıklanamayan romantik bir geleneğin gelişimi sorunu, edebi eleştiri için en acil konulardan biridir. Romantik başlangıcın ХІХ yüzyılın sonu ve ХХ yüzyılın başlarında Kazak edebiyatı tarihinin önemli bir parçası olduğu unutulmamalıdır. Sovyet edebiyatındaki «sosyalist gerçekçiliğin» ideolojisinden böyle bir yaklaşımın etkilendiği açıktır. Makalede Kazak nesnesinin oluşumu sırasında ilk romanlar boyunca uygulamaya koyılan, hikayelerin sanatsal ve estetik yapısında belirgin olan romantik şekiller oluşturuldu. Aynı zamanda, Kazak romantizminіn ulusal karakteri, Avrupa romantizmi arasındaki farklılıklar ve özellikler Sh.Bokeev, M. Dulatov, Sh.Kudaiberdiev ve S.
Toraigyrov eserleri üzerinden analiz ediledi.
Anahtar Kelimeler: Romantik Eğilimler, Avrupa Romantizmi, Ulusal Özellikler, Milli Bilincin Uyanışı, Folklor.

THE ROMANTICISM OF THE KAZAKH LITERATURE AND
ITS NATIONAL PROPERTIES
ABSTRACT
The problems connected with poetics of romanticism, its evolution, typology of romantic genres in their development, studying of the poetic system of separate romantic product draw more and more steadfast attention of modern Kazakh literary criticism. This article analyzes the typology and national features of kazahk romanticism. In the twentieth century literary outlived idea of the «inferiority» of romanticism as an artistic method. This article discusses historical studying of romanticism as difficult complete historic-typological researches, romanticism in a context European has begun, and more correctly, world historical and literary process taking into account its innovation, evolution, various types of romanticism on the example of the works of M.Zhumabaev, M.Dulatov, Sh.Kudaiberdiev, S.Toraigyrov.
Key Words: Romanticism in Kazakh literature, National characteristics, Typology of romanticism, Worldview, Directions and trends.


Әлемдік әдеби үдерісте романтизмді теориялық тұрғыда тану оның бағыт ретінде бастау алған кезеңінен бастап, қазіргі күндерге дейін жалғасын табуда. Әлемдік әдебиеттануда романтизмнің көркемдік ерекшелігі, типологиясы мәселелері зор айтыс-тартыстардың арқауына айналып келді. Соңғы жылдардағы романтизм хақындағы еңбектерде көптеген авторлардың әдебиеттануда ұзақ уақыт бойы орын алған ескірген «методологиялық аксиомалардан» іргесін аулақ салғанын аңғаруға болады.
Қазақ әдебиеттануында романтизм мәселесі арнайы зерттеу объектісі ретінде жеткілікті деңгейде зерттелмеген. Жеке ақын-жазушылардың шығармаларындағы романтизм мәселелері Қ.Жұмалиев, Ш.Елеукенов, З.Ахметов, А.Жақсылықов еңбектерінде қарастырылады. ХХ ғ. басында қазақ романтизмі ұлттық ерекшеліктерімен көрінді. Осы орайда көркемдік-әдеби жүйе ретінде романтизмнің эволюциясын зерттеу маңызға ие. Қазақ әдебиетіндегі романтикалық тенденциялар ең алдымен ұлттық әдеби дәстүрлерімізбен анықталады. Ауыз әдебиеті үлгілері, фольклорлық дәстүр халықтың дүниетанымы мен көркемдік ойлау ерекшелігін, айқын танытады. Сондықтан романтизмнің генезисін саралауда ұлттық ерекшелікті ескеріп, оның осы типологиялық қасиеті басты ұстанымға айналуы тиіс. Ұлт-азаттық қозғалыс, ұлттық сананың ояну дәуірінде романтизмнің өркен жаятыны белгілі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде романтикалық тенденциялардың күшейе түсуіне қоғамдық сананың өсуі, жеке тұлғаның қоғамдағы орны мен маңызының арта түсуі, сонымен қатар жаңа көркемдік формалар бағытындағы ізденістер де ықпал етті. ХХ ғасыр басындағы ұлттық ояну, рухани жаңғыруға үндеу бағытындағы М. Дулатов, С. Торайғыров, М. Әуезов, Ж. Аймауытов шығармаларындағы ағартушылық пен сыншылдықта Абай дәстүрі сезіліп тұратын. Дегенмен ол қазақ қоғамындағы Абай заманынан түбегейлі айырмашылығы бар жаңа кезең болатын. Өмірді романтикалық тұрғыда бейнелеу қабілеті басқа суреткерлерге қарағанда тереңірек болған М. Жұмабаев шығармашылығында ұлт-азаттық идеялар көркем көрініс тапты.
ХХ ғ. басында болған екі төңкерістен соң орнаған өмірге қазақ зиялыларының гуманистік таным-түсініктеріне сай келмеді. Сондықтан қоғамдағы қалыптасқан ахуалды уақытша деп қабылдау, оның келешегі жоқ деп қарау және ұлттық тәуелсіздікті аңсау қазақ зиялылары үшін заңдылыққа айналады. Уақыт өте келе қоғамдық-тарихи, әлеуметтік-мәдени құрылымда, адам табиғатында үлкен өзгерістер болды. Жаңа көзқарастың қалыптасуы тарихилық принципінің, жаңа дәуір адамының көзқарастар жүйесін ерекшелендіретін ұстанымдардың бекуіне алғышарттар тудырды. ХХ ғ. басында жаңа әлеуметтік болмыс қалыптасып, нақты бір сипат ала бастады. Ол қазақ интеллигенциясының көпшілігі үшін жағымсыз болды, бірақ оны өзгерту де, тіпті өзгертудің айқын жолдарын табу да мүмкін болмады. Қазақ ойшылдарының трагедиясы да осында жатты. Қоғамда сенімсіздік пен күмән молайып, түңілу пайда болды, ағартушылардың тарихи болжамдары күдік тудырды. Айналасындағы қоғам өміріне қанағаттанбаудан, оны қабылдамаудан туған көңіл-күйлер басым бола бастады. Осындай көңіл-күйлерді романтиктер терең сезіне біліп, оларды көркем шығармаларда бейнеледі.
Қазақ жерінде романтизмнің қалыптасуы кездейсоқ, сырттан келген құбылыс емес. Қазақ романтизмі ұлттық әдеби-қоғамдық дамудың, ұлттық сананың ояну заңдылықтарын бейнеледі. Тарихи тұрғыдан қазақ романтизмі әлеуметтік дербестігі бар жеке тұлғаға сүйенген жоқ, қазақ топырағындағы романтикалық идеалда дарашылдық әуенінің басымдығынан гөрі жалпы қоғамдық жетілуге, кемелденуге деген берік сенім айқын аңғарылды. Бұл жағынан ол ағартушылық идеалдарына қарсы келген жоқ. Даралық мәселесін романтиктер ұлттың даралығы, оның тарихи дамуының ерекшелігі ретінде түсінді.
Қазақ романтизмінде де идеал мен нақты болмыс арасындағы ымырасыздық орын алды. Алайда салыстырмалы түрде дәл орыс романтизміндегідей дарашыл жеке тұлғаның нақты болмысқа қарсы шығуы айқын көрінбегенімен, идеал мен нақтылық арасындағы философиялық-этикалық сәйкессіздік, ымырасыздық біршама көрінді. Қазақ жерінде романтизмнің орнығуы мен қарқынды дамуы ғасыр басында ұлттық және жеке тұлға санасының дүмпуімен, оянуымен, рухтың күшеюімен, қазақ әдебиетінің жалпы әлемдік әдеби үрдіске қосылуымен байланысты еді.
Дүниетанымы тұрғысынан ХХ ғасыр басындағы ақындар арасында романтикалық эстетикаға анағұрлым жақын тұрғандардың бірі – Шәңгерей Бөкеев. Ш. Бөкеев шығармашылығының ерекше қуаты оның романтикалық сарынымен байланысты. Сұлулық пен әдемілік, табиғи үйлесім ақын туындыларының мұрат-мақсатына айналды. Ұзақ жылдар бойы, әсіресе тоталитарлық тәртіп тұсында Ш. Бөкеев шығармаларына тыйым салынды. Мұның бір жағы ақынның жеке өмірінен, дүниетанымынан туындайтын тағдырдың жазуы, өлім тақырыбының оның романтикалық поэзиясына күңгірт түсті әуендер қосуымен байланысты еді.
Ш. Бөкеев поэзиясындағы тұрақты романтикалық мотивтер – жалғыздық сарыны, өлім тақырыбы, болмыстың құпия, жұмбақ, тылсым сырларына ден қою, мұңсыз балалық шақты, жоғалған бақытты жоқтау. Оның идеалды романтикалық бейнесі ақын санасында Ханқаламен, балалық шақтың бақытты сәттерімен байланыстырылады. Романтикалық ыңғайдағы суреткер өлімді болмыстың тылсым құпиясы, жер асты тіршілік иелері мекендеген қорқынышты о дүниенің қақпасы деп қабылдайды. Бірақ романтиктің жаралы жаны мәңгіліктің бесігі жасырылған қақпаға, сол әлемге ұмтылады. Зар заман ақындарымен үндес эсхатологиялық таным Ш. Бөкеев романтизміне мистикалық бояу дарытты.
Оның шығармашылығында романтикалық дүниетанымнан туындайтын басты концепт – өмірдің жалғандығы, өткіншілігі. Осындай дүниетанымның дінифилософиялық парадигматикалық негізінен болмыс ағымынан романтикалық оңашалану, ығысу, өмір негіздерінің, болмыстың құпиялылығы туралы ой толғау тенденциясы келіп шығады. Әрине, мұнда экзистенциалистік эстетика мен таным іздері де байқалады. Осы рухани-эстетикалық тенденция Ш. Бөкеевті ХХ ғасыр басындағы орыс модернизмімен, әсіресе М. Жұмабаевпен байланыстырады. Ш. Бөкеев рухани, шығармашылық ізденістерімен қазақ әдебиетінде ХХ ғасыр басындағы модернистік эстетиканың негізін салды. Алайда мұндай әдебиэстетикалық тенденцияның қалыптасуына идеологиялық және тоталитарлық тәртіп мүмкіндік бермеді.
Ш. Бөкеев орыс әдебиеті классиктерінің, оның ішінде романтик М. Лермонтовтың шығармашылығымен таныс болған. Ш. Бөкеев дүниетанымының ерекшеліктері, оның «М. Лермонтовтың романтикалық эстетикасын бағдар тұтуы ХІХ ғасырдың басында орыс әдебиетіне ықпалы орасан зор болған неміс философтары А. Шопенгауэр, Ф. Шлегель сияқты неміс романтизмінің негізін салушылардың, «йендік мектеп» теоретиктерінің ақынға әсері күшті болған деп айтуымызға негіз береді» (Жаксылыков,1999:194).
Сонымен қатар ақын шығармашылығына шығыс әдебиеті мен философиясының, Омар Хайям, Хафиз, Саади сынды романтик шайырлардың да әсері мықты болған. Ш. Бөкеев шығармашылығында Батыс пен Шығыстың философиялық-романтикалық бастаулары қазақтың рухани-эстетикалық дәстүр жалғастығымен жарасым тапты. Сол арқылы ақын аналитикалық талдауға, романтикалық дүние қабылдаудың күрделі формаларына ұмтылады.
Романтизм жазба әдебиетте ХІХ ғ. қалыптасып, ХХ ғ. жаңа сипат алып, дами түсті. ХІХ ғ. әдеби құбылыстар жаңа дәуірде жетіле, орныға, қалыптаса түсуінің үстіне талай жаңалықтарды қосып, тарихи сабақтастық даму үстінде екенін көрсетті. «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің дамуында бадырайып көрінген, әлі күнге дейін тамсандырып келе жатқан көркемдік амал – романтикалық суреттеу тәсілі» (Кәкішұлы, 2003: 382) деген Т. Кәкішұлының пікіріне ден қойсақ, ХІХ ғ. айқындық танытқан романтикалық бейнелеу тәсілінің дәстүр жалғастығымен ХХ ғ. жаңаша сипатта жетіле дамығанын аңғарамыз. ХХ ғ. басындағы қазақ әдебиетіндегі романтикалық тенденциялардың күш алуы қоғамдық сананың өсуімен, жеке тұлғаның рөлі мен маңызының басым түсуімен және жаңа көркемдік формалық ізденістермен байланысты болды. Романтизм қазақ әдебиетінде ХХ ғ. дейін, негізінен, поэзия жанрларында байқалып келгенін ескерсек, прозадағы романтизм құбылысы осы жанрдың қалыптасу кезеңінен бастап көрінді. Қазақ прозасы өзіне дейінгі поэзиядағы романтизмнің идеялықкөркемдік дәстүрін игере отырып, өзіндік ерекшеліктерімен дараланды.
ХХ ғ. басындағы әдеби процесс – қазақ әдебиетін түрлі бейнелеу тәсілдерімен байытқан, әрі прозаның өзіндік бағыт алып, байыптана түскен ерекше кезеңі. Оған сол кезеңдері жарық көрген М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, С. Торайғыров, Ш. Құдайбердиев, С. Ерубаев, т.б. шығармалары дәлел. Осы тұстағы романтикалық бейнелеу тәсіліндегі туындылар поэтикалық инверсиялар мен ассоциацияға бай, ырғақты, әуезді, қара сөзбен жазылған жыр жолындай әсер қалдырады. ХХ ғасырдың басында әдеби ойлау жүйесінің басты ұстанымы болатын «мәңгілік мәселелерді» талдау, адам болмысына жаңа көзқарас, жеке адамды рухани-психологиялық құбылыс ретінде бағалау – аталған суреткерлердің шығармашылығына тән. Саясаттың салқыны әдебиеттің барлық салаларында салтанат құрған тұста қазақ прозасында мәңгілік тақырыптар мен сарындар, мәңгілік образдар көрініс тапты. 1930-шы жылдары үзілген осы үрдіс кейіннен ХХ ғасырдың 70-інші жылдарынан бастап қазақ прозасында өз соқпағына қайта түсті.
ХХ ғасырдың басында жарық көрген прозалық туындыларда басты ой өзегін романтикалық қаһармандардың оқшау қимылдары, іс-әрекеттері арқылы жеткізу, қиял еркіндігі, қаламгердің субъективті көзқарасы сынды романтикалық бейнелеу тәсіліне ортақ принциптерді аңғарамыз. Қаламгерлер романтикалық тұлғаның төңірегіне шығармадағы басқа кейіпкерлерді топтастыра отырып, болып жатқан оқиғаға өз бағасын, көзарасын танытып отырады. Қаламгер қиялының шарықтауы мен субъективтілігі, дүниені өзінің эстетикалық мұраттары мен қалауына, қиялына сай бейнелеуге ұмтылысы ерекше романтикалық қаһармандарды дүниеге әкелді. Мұндай кейіпкерлер фольклорлық мұралар мен ауыз әдебиеті үлгілерінде қалыптасқан образ жасау дәстүрі негізінде сомдалды.
Шығармада қаһарманның дүниеге келген сәтінен кемеліне келген шағына дейінгі кезеңді тездетіп баяндау, уақытты сығымдау, оқиғаны тек соның айналасына жинақтап, дамыту сынды романтизм эстетикасына тән белгілер уақыт пен кеңістік категорияларына да әсер етеді. Фольклорлық үлгілерде оқиға желісі хронологиялық тәртіпте тізбектеле дамып, бас кейіпкерлердің іс-әрекетіне қатысы тұрғысынан көрінеді. Қазақ прозасының алғашқы үлгілерінде шығарманың құрылымдық компоненттерін жазушы идеалынан туған бас қаһарманның артықшылықтарын негіздеуге, оқшау әрекеттерін даралап отыруға қолдану жиі кездесті.
Алғашқы прозалық туынды М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романында романтизмге тән бейнелеу тәсілдерінің көрінуі ұлттық әдебиеттің өзіндік даму логикасынан туындайды. Прозаның енді ғана қалыптасуы тұсында тәжірибені бірден күрделі жанр романнан бастау қазақ мәдениетіндегі эстетикалық құбылысқа айналды. М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романындағы Жамал бейнесі даралауда, оған бөлекше мінез үстеуде, романтикалық портрет жасауда ауыз әдебиетінің эпикалық образ мүсіндеу үлгісінде жасалған. Мысалы: «көлге қонған аққудай», «жәннаттың пісіп тұрған алмасындай», «нұрлы жүз, жайнаған көз, қиылған қас» (Дулатов, 1991: 144). Жамалдың келбеті Ғалидың қабылдауында фольклор дәстүріндегі романтикалық нақыштармен айшықталса, Жамалдың романтикалық сипаттағы бейнесімен салыстырғанда Ғалидың портретінде нақтылық, реалистік сипат басым. Романда ғашықтардың өлең формасында берілген поэтикалық тілі баяндаушының қара сөзбен берілген баяндау стилінен ерекшеленеді. Шығарманың құрылымындағы махаббат туралы хаттар баяндауға эмоционалдық, экспрессивтік қуат қосқан.
ХХ ғасыр басындағы романтикалық көркемдік ойдың қалыптасу, даму үдерісінде фольклор қомақты орын алды. Романтизм көркем шығармаларда фольклорлық мотивтер мен ұстанымдарды қолдануда (Жамалдың ата-анасының бір балаға зар болуы, құдайдан бала сұрауы, Жамалды ұлша киіндіруі, қыздың қиындыққа тап болуы) көрінеді. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылының шындығы реалистік негізде суреттелгенімен, Жамал мен Ахмет бейнесінің жасалу ерекшелігінде, хаттарының стилінде романтикалық элементтер бар деп айта аламыз. ХХ ғ. басында жазылған прозалық туындылардың құрылымындағы баяндаудан қара сөздің өлең өлшемдерімен, поэзия талаптарымен қойындасып келуі айқын көрінеді.
Махаббат пен зұлымдық тақырыбындағы С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы – қазақ прозасының алғашқы легіндегі романтикалық сипаттағы шығармалардың бірі. Қамар мен Ахмет сияқты жастардың өз бақыты, бас бостандығы, махаббаты үшін күресі баяндалған романның бас-аяғы өлеңмен көмкерілгенімен, негізі қара сөзбен жазылған. Өлеңмен жазылған сүйіспеншілік хаттары Қамар мен Ахметтің ойлары мен портретін берудің бір тәсілі ретінде көрінген. Қамарға қатысты «Бір нәрсені көңілдері ұнатып, мақтағысы келсе, «Уай, шіркін, мынау Қамардай екен» десуші еді» (Торайғыров, 1991: 81) – деген автордың суреттеуінде ол өз ортасынан озып туған, идеалды бейне биігіне көтерілген. Қамарға сырттай ғашық болып жүрген ауыл жігіттері оны көрсе, тілаузы байланып, бір ауыз сөз айта алмайды және оған бәрінің қолы жете бермейді. Қамар жазушының суреттеуінде сирек жаратылған, аса сұлу, әсемдіктің символы ретінде алынған. Қамардың поэтикалық портреті жазушының эстетикалық идеалына сәйкес халықтық эпос үлгілермен, фольклорлық дәстүр ізімен романтикалық сипатта суреттелген, нәзік сезімге құрылған. С. Торайғыров бұл шығармасында «қазақ поэзиясында әбден қалыптасып, өркен жайған әдістәсілдерін, сөз қолданысын көбірек ұстанған. Сондықтан бас бостандығын аңсаған қазақ қызының трагедиясын тебірене толғайтын осы шығарманың поэзиялық сипаты басым. Өлеңдері де, қара сөзбен баяндаған тұстары да әсерлі сыршылдығымен, ойды айқын, анық жеткізуімен, халық тіліне тән бейнелілігімен» ерекшеленетінін З. Ахметов атап өтеді (Ахметов, 2008: 237).
Ахмет характері де романтикалық бейнелеу тәсілімен жасалған. Оның портреті де романтикалық бояумен берілген: «сұңқардың баласындай» жақсы бітімінде, «үлкен-кішілердің аузынан суын ағызып, көңілдеріндегі уын шығара жаздауында» нақтылықтан гөрі, бағалау сипаты басым. Шығармадағы образдардың жасалу ерекшеліктері турасында зерттеуші Ш. Елеукенов: «Біздің алдымыздан мынадай елеулі факт шығады: роман әлі де болса фольклорлық нормалар тартылысын толық жеңе алмаған. Кәдімгі реалды адамдар шектен тыс идеалдандырылады. Типтік мінездердің орнына бойына көптеген жағымды қасиеттер дарытылған (жағымсыз бейнелер болса жағымсыз мінездер) жинақтаулы образдар шығады. Автор ауызша-поэтикалық шығармашылықтың көне штамптарынан («күлгенде көзіңді алып кірсіз тісі») бас тартпайды. Бір сөзбен айтқанда романдық биікті бағындыру оңайға түскен жоқ», – деп жазады (Елеукенов, 1987: 110-111).
Кескіндік сипаттамасы, образ сомдау, мінездеу тұрғысынан да тұрмыстық күйбеңнен гөрі адамның асқақ рухын ардақтаған Қамардың характері романтизм үлгісінде жасалғанын көреміз. Ол – өз махаббаты үшін күрескен, арманы үшін өмірін де қиюға белін бекем буған қайсар жан, күшті сезімнің адамы. Мұнда трагедиялық ахуал бас қаһарманның романтикалық мінез табиғатын қоюлатып жіберген. Қарапайым ауыл қызы емес, өзінің азаттығын арман еткен «күшті қаһарман, романтикаланған тұлға дәрежесіне» жеткен Қамар туралы зерттеуші Ә. Қоңыратбаев былай дейді: «Қамар… шын мәніндегі поэзиялық образ болып шыққан. Өзінің әділ, адалдық арманы жолында өлу – ерлік. Қамар – романтикаланған образ» (Қоңыратбаев, 1994: 275).
Қамар бойындағы еркіндікке ұмтылысты тек махаббат трагедиясымен байланыстыру шығарманың идеялық ерекшелігін толық аша алмайды. Шығармада ағартушылық идеялар болғанымен, автордың өз ортасының шындығын ашуға тырысқанымен, оның барлығы жеке тұлғаның рухани бостандыққа ұмтылысы, шексіз еркіндігінің аясында қалып отыр. Жазушы дайын әлеуметтік типтерді көрсеткен. Жеке адамның трагедиясына әлеуметтік ортаның талаптарымен келіспеушілік, қоғам шындығына наразылық себеп болып отыр.
Романның стилінде үлкен сезімшілдік сарыны сезіледі. Жалпы шығарма құрылымындағы көтеріңкі поэтикалық баяндаудан лиро-эпостық жырлардан бастау алған романтикалық сарын айқын аңғарылғанымен, жазушының ағартушылық идеялары да бой көрсетіп қалады. Ахмет пен оның достарының бойындағы ғылымға, оқу-білімге ұмтылысы, бас кейіпкер бойындағы биік сана мен ақылдылық, шығарманың кей тұстарында басы көрініп қалатын жалаң дидактика да ағартушылық идеяларының биігінде табылады. Мұның өзі ХХ ғасыр басындағы қазақ романтизмінің ерекшелігімен байланысты нәрсе.
С. Торайғыровтың романтика-философиялық әлемі Ш. Бөкеевтің, Б. Күлеевтің, М. Дулатовтың көркемдік әлемі сияқты өзінің ерекшеліктеріне ие және ерекше тәсілді талап етеді. Бұл жағдайда романтизм ерекшеліктерін анықтаудың еуропалық өлшемдері аталған ақындардың романтизмін анықтауда толық сәйкес келе бермеуі мүмкін. Тұжырымдай айтсақ, еуропалық романтизмнен айырмашылығы қазақ романтиктерінің шығармаларында романтикалық таным ағартушылық идеяларымен сабақтасып жатты.
С. Торайғыров романтизмі біртекті емес. Оның туындыларында болмыстың ырқына көнбеу, азаттық аңсау арнасымен қатар трагедиялық мұңды сарындар да кездеседі. С. Торайғыровтың трагедиялық тағдыры, ауыр науқастануы оның шығармашылығына да әсер етті. Тығырыққа тірелу, түңілу сарыны ақын шығармашылығында өмір мен өлімнің, жақсылық пен жамандықтың күресі, адамның қоғамдағы орны туралы философиялық ой-толғамдарға ұласады. Романтикалық көңіл-күйлер, тұйыққа түсу мотиві «Адасқан өмір» шығармасында кездеседі. Шығармада романтикалық қаһарман образы мен айқын авторлық позиция арасындағы байланыс, олардың тығыз қарым-қатынасы, автор мен қаһарман образының жымдасып кетуі тән. Шығарманың композициясы басты «Мен» деген жалғыз кейіпкердің, қайшылықты күрделі тұлғаның рухани өмірін суреттеуге құрылған. Автор шығарманың тартысын қоғам өмірінің қайшылығына ғана емес, ең алдымен адам жанының диалектикасына, санасы мен табиғаты арасындағы қайшылыққа құрады. Қабылдау күрделілігі характер жасау ұстанымдарының ерекшеліктерімен тереңдей түседі. «Адасқан өмір» шығармасының С. Торайғыровтың романтикалық дүниетанымында алатын өзіндік орны бар. Өйткені «Адасқан өмір» шығармасында С. Торайғыровтың философиялық романтизмі, кеңірек айтсақ, ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі романтикалық бояудың алуан реңктері көрініс табады.
Ш. Құдайбердиев шығармашылығы оның метафизикалық дүниетанымымен тығыз байланысты. Оның философиялық концепциясында өмір мен өлімді, жоғары мен төменді қарсы қоюы маңызды орын алады. Нақты өмір сүріп, тіршілік еткенімен, ішкі рухани жан қозғалысынан, ардан ада, мейірімділіктен айырылған, шынайы махаббатты танымаған жандар өлі болып саналады, олар – төменгі әлемнің өкілдері. Әлемдік сопылық дәстүрімен байланысы күшті Шәкәрім үшін махаббаттың ғарыштық мәні бар, ол абсолюттік танымға – құдайды сезінуге баспалдақ сынды. Ш. Құдайбердиевтің махаббат тақырыбын арқау еткен шығармаларында шығыс әдебиетінің әсері байқалады. Мұнда субъективтілік сынды стильдік ортақтастық байқалады. Оны зерттеушілер романтикалық ойлау жүйесінің басты белгілерінің бірі ретінде қабылдайды.
Субъективтілік ұғымы көп ретте екі түрлі аспектіні қамтиды: бір жағынан, ол – өз эмоциялары мен пікірлерінде субъективтілік танытатын автордың көркемдік еркіндігі болса, екінші жағынан – «субъектіге», индивидуумға деген ерекше ықылас, қайталанбайтын адам тұлғасына табыну, оның ішкі әлеміне басымырақ назар аудару. Мұның екеуі де романтикалық шығармалар стилінде түрліше көрініс табады. Жеке тұлғаға ерекше назар аудару мағынасындағы субъективизм лирикалық кейіпкердің ішкі дүниесіне үңіліп, көркем шығарманы психологизммен байытады.
Психологизм еуропалық романтизмнің басты жетістіктерінің бірі екені әлемдік әдебиет тарихынан белгілі. Алайда Рудаки мен Жәми, Хафиз бен Саади, Науаи мен Хайям сынды ұлы шығыс ақындарының шығармаларында адамның, лирикалық кейіпкердің психологиялық ішкі жан әлемін терең суреттеу еуропалық әдебиеттен асып түспесе, кем емес. Шығыс лирикасы қаһарман көңілкүйінің нәзік нюанстарын психологиялық тұрғыда шеберлікпен бейнелей алды. Романтикалық теорияға сәйкес, шығыс өнері – еуропалық романтизмнің өз алдына бір «атақонысы», көп тұстарда романтикалық поэзияның мазмұндық ерекшелігімен қатар, формалық ерекшеліктерін де анықтаған көркемдік жүйе. Шығыс әдебиетінде романтикалық мазмұндағы асқақтық айқын аңғарылады
(Күмісбаев, 1994: 317).
Екінші жағынан, бейнеленетін болмысқа авторлық қатынастың субъективтілігі лирикалық поэзияда стильдің түрлі деңгейдегі ерекшеліктерін айқындайды: суреттеуден гөрі бейнеліліктің басымдығы, лиризм мен экспрессивтілік, бейнелеу тәсілдерінің «бағалаушылық» сипаты, және т.б. Романтикалық стильдің суреттеуден гөрі бейнеліліктің басымдығы сияқты маңызды ерекшелігінде суреткер объективті болмысты бейнелеп қана қоймай, ең алдымен оған өзінің қатынасын танытады.
Ақын шығармаларындағы діни-романтикалық мотив өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық сынды метафизика үстемдік құрған дүниенің өзгеше суретін сомдауда, жоғары ақиқаттарға ұмтылуда байқалады және онда тіршілік ететін басты субъект – адам жанына айрықша назар аударылады. Субъект, құпия әрі ерекше тіршілік иесі ретіндегі адамның жаны туралы ілім суреткер шығармашылығының басты бағдары ретінде көрінеді. Ақын туындыларындағы лирикалық кейіпкердің кіші ғарыш болған жан дүниелері терең діни парадигмаларға, рухани сана архетиптеріне негізделген. Ш. Құдайбердиевтің шығыстың махаббат философиясындағы ізденістеріне, сопылардың философиялық-эстетикалық дәстүріне ден қоюы суреткердің жеке дүниетанымынан, рухани ізденістерімен, ақиқатты альтруистік махаббат деп түсінген интуитивтік таным-түйсігінен туындайды.
Махаббат – кез келген халық әдебиетіндегі басты тақырыптардың бірі. Махаббат тақырыбының шығыс пен батыс романтиктеріне ортақтығы екі мәдениеттің бірлігінде, адамға деген махаббат пен гуманизмді біртіндеп жинақтаған мәдени алмасулар мен тығыз қарым-қатынастың дамуында жатыр. Шығыс пен Батыстың рухани ізденістерін жинақтаудағы ауқымдылық ақынның имандылыққа, махаббатқа, танымға, өзін-өзі жетілдіруге, этика мәселелеріне сопылық көзқарастарға негізделген, адамгершілік өзекті сипаттағы, көп желілі дүниетанымдық парадигмасын танытады. Суреткер дүниетанымдық, методологиялық тұғырының шырқау биігіне адам жаны, рухы, ары мен адамгершілік мәселелерін шығарады.
Өзіне дейінгі романтизм дәстүрін жалғастыра дамытқан М. Жұмабаевтың романтикалық дүниетанымына ХХ ғасырдың басындағы дүбірлі оқиғалар, өтпелі кезеңдегі ұлттық сананың оянуы әсер етті. М. Жұмабаев — қазақ өлеңіне Абайдан кейін өзгеріс жасаған реформатор ақын. Абай дәстүрін жалғастырып, жаңғыртып, әдебиетте ешкімге ұқсамайтын өзінің дара жолын салған Мағжан қазақ өлеңіне айрықша романтикалық ажар қосты. Ол романтикалық туындыларында болмысқа наразы болғандықтан, өзінің ішкі сезімін көбірек жырлайды, жеке тұлғаның рух мәңгілігін дәріптейді. Сонымен бірге ақынның ешкімге бас имейтін дербестігін, тәуелсіздігін, асқақ асаулығын бейнелейді.
ХХ ғасыр басындағы өтпелі дәуірдің орасан өзгерістерін, жаңа заманды түсіне алмаған М. Жұмабаевтың көркемдік дүниетанымы күрделі. Сондықтан оның шығармашылығын кереғарлыққа толы өмірі мен өлімін аңызға айналдырған қатал уақыттың аясында талдау заңды. Мағжан дүниетанымының күрделілігін, қайшылығын қозғағанда, суреткерлік шеберлігі мен тапқырлығы турасында емес, ақиқат болмыстың алдында өзіне қойған талабы сөз болады. Ақиқатқа адал суреткер әдебиетте үстемдік еткен қасаң қалыптар мен ережелердің шектеулі шеңберінен шыға алды. Өз туындыларында қатал да қайғылы өміріне налып, өлімді жиі ауызға алуы, түнекті жырлауы қарсыластарына ақынды даттауға табылмас айғақ болды.
Романтизмде жиі кездесетін тақырыптардың бірі – адам өмірінің трагедиялық сипаты, адам жалғыздығы, кемел емес, кем-кетігі көп әлемде адам өмірінің қайғы мен мұңға толы болуы. Қайғы мен түңілу сарыны романтизмге тән. Алайда романтик үшін түңілуде өзіндік оң мазмұн бар. Ол арманмен үндес. Романтикалық түсінік бойынша, ол тылсымды іштей танудың тәсілі, өмірге деген ұлы махаббаттың ащы толғағы іспетті. Мағжан романтизмін де осы тұрғыдан таныған жөн. Кеңестік заманның алмағайып өзгерістерін қабылдай алмау, жаңа қоғамға көңілі толмау ақынға идеалды тек өткеннен іздетіп қоймайды, өзінің ішкі әлеміне үңілтеді. Көркем туынды суреткердің жанынан терең орын алған сезімкүйлерден, өзін айрықша толғандырған құбылыстардан туады. Романтизм ізіндегі ақындар болмысқа наразы болғандықтан, ішкі сезімін көбірек жырлайды. Оның шығармаларынан рухани үйлесімді, сұлулық пен жақсылықты ерте заманнан аңсауын, ал өз ортасына, заманына деген сенімсіздігін, қанағат етпеген мінезін танимыз. Ақын жаңа дүниемен келісе алмағандықтан жалғызсырайды. Мағжан бабалардың байырғы дәуірін, өткен күнді аңсайды, өйткені жаңаның кескіні оған анық емес. Бірақ ол бірыңғай тірліктің қызығынан түңіле бермейді. Оның шығармалары терең сыршылдығымен, алысқа меңзер қиялшылдығымен, нәзік саздылығымен, түпсіз мұңға толы өзгеше бітімімен ерекшеленеді. Осы қасиеттер ақын дүниетанымының көркемдік-эстетикалық жүйесін құрайды. Романтизм әдісі ақынға сырттан келген жоқ, оның табиғи дарыны мен ол нәр алған ұлттық сөз өнерінің тереңінен бастау алды. Мағжан дүниетанымына жақын бұл әдісті уақыттың өзі алға тартты, ХХ ғасырдың басындағы өтпелі дәуір ұсынды.
Романтизм тарихына жіті көз жіберсек, ортақ типологиялық белгілерімен қатар әрбір жеке елде қалыптасқан нақты ұлттық тарихи жағдайларға байланысты жеке ерекшеліктердің болатынын да байқаймыз. Мұндай ерекшелік қазақ романтизміне де тән. Қазақ романтизмі мен еуропалық романтизмнің ерекшеліктері еуропалық әдебиетте романтизм құбылысының ағартушылыққа қарсылық нәтижесінде қалыптасқандығында жатыр. Қазақ көркем мәдениетінде ХХ ғ. басындағы романтиктер дүниетанымында ағартушылық идеяның іздері байқалды, олардың ағартушылық ойларды насихаттады. Қазақ және Еуропа романтизмдерінің ерекшелігі де осы мәселемен байланысты.
Қазақ романтизмінің ұлттық бояуын айқындауда фольклорлық эстетикаға арқа сүйейміз. ХХ ғасыр басындағы алғашқы прозалық туындыларда көркемдік құралдарды суреткер идеалынан туған бас қаһарманның қасиеттерін дәріптеп, оның кесек іс-әрекеттерін даралау мақсатында қолдану анық аңғарылады. Өйткені шығармалардағы романтикалық ерлікке ұмтылған кейіпкерлерді даралау тұрғысында фольклорлық эстетика маңызды орын алды. Кейбір Еуропа
әдебиеттерінде фольклорды пайдалану әдеби тәсіл деңгейінде жүзеге асты да, романтикалық сипат фольклорлық стилизацияда ғана айқын көрініс тапты. Қазақ әдебиетінде фольклор көптеген күрделі функцияларды атқарды. ХХ ғасыр басындағы прозалық шығармаларда фольклорлық дәстүр сюжет құруда (М. Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы»), суреткердің дүниетанымын, дүние қабылдауын бейнелеуде (Ш. Құдайбердиев «Әділ-Мария, Ж. Аймауытов «Ақбілек»,) кейіпкерлер характерін сомдауда (С.Торайғыровтың Қамары мен Ахметі, М. Дулатовтың Жамалы, т.б.), тіл өрнектерінде айқын көрініс тапты. Фольклор қазақ романтизмінің мазмұндық және форма құрушы факторы ретінде көрінді. Қазақ әдебиетінде фольклор романтик-қаламгерлердің эстетикалық ізденістерінің көркемдік және рухани-философиялық феномені ретінде көрінді.
Романтизм қазақ топырағында өзінің таза, еуропалық үлгісінде болған жоқ. Қазақ романтизміне қарағанда классикалық Еуропа романтизмі, Германияда, Англияда романтикалық қиялшылдық белгілі дәрежеде уақыт пен кеңістік тұрғысынан алғанда сол тұстағы өмірден біршама алыс тұрды. Еуропа романтизмінде иррационалды, мистикалық сарындар басым түсіп жатты. Еуропаның романтикалық әдебиетінде романтикалық кеңістік ретінде экзотикалық алыс елдер, мистериялық биіктер, абстракциялық дүние алынды. Романтиктер әртүрлі тарихи дәуірлерді, экзотикалық, құпия елдер мен жағдайларды суреттеді. Оларды шалғай елдер мен халықтардың таңғажайып тұрмыс-тіршілігі, өмірі, табиғаты шабыттандырды. Романтикалық қаһармандардың біразы «ел кезгендер, саяхатшылар» болды. Сондықтан шығарма сюжетінде саяхат айрыша орын алды.
Ал қазақ романтизмінің құрылымы өз заманымен орайлас жатып, кезеңмен үндестік тауып отырды. Өз заманына көңілі толмай, қарсы болған тұлғаның жинақталған бейнесі жасалғанымен, ол өз дәуірінің, сол ортаның адамы болды. Алыс мекендер де, экзотикалық шалғай жерлер де суреттелген жоқ. Оқиға көбінесе таныс ортада, қазақ қоғамында өтеді (Жанұзақова, 2015: 177 ).
Еуропада, оның ішінде ағылшын романтизмінде тұлғаның «байрондық», бүлікшіл, күрескер типі қалыптасты. Дарашыл тұлғаның титандық бейнесі жалпы әдебиетке үлкен әсер етті. Еуропа романтизмінде қоғамдағы түңілу ұлғая келе «ғарыштық пессимизмге» әкеліп соқты. «Ғасыр ауруына» ұшыраған үмітсіз, «ғаламдық қайғыға» батқан кейіпкерлер пайда болды. Әлеуметтік кемелдену мүмкін еместей көрінді, әлем «қорқынышты, зұлымдыққа батқан» болмысында (материалды қарым-қатынастардың көзсіз билігі, иррационалды тағдырлар, күнделікті өмірдегі мәңгі бірсарындылықтан түңілу) суреттелді (зар заман ақындарымен үндес). Бұл тақырып спецификалық «қара жанрларда» (А. Радклифтің, Ч. Мэтьюриннің «готикалық романдарында», Г. Клейстің «жазмыш трагедияларында») және Байрон, Э. Гофман, К. Брентано, Э. По шығармаларында көрінді. Еуропа романтизмінде романтикалық қаһарман өмір шындығынан жеріген, түңілген адам болып келеді. Шындық әсіреленіп, мистикалық образдар арқылы болмыстың басты қайшылықтарын жинақтап көрсетеді. Ал қазақ романтизмінің ерекшелігі шығармада өмірдің дағдылы көрінісі, адам мінездері шындыққа жақын болып келеді және еуропадағыдай мистикалық сарын, қорқынышты құпиялылық тән емес.
Қазақ романтизмінде де трагедиялық сарын зар заман ақындарының рухани құндылықтардың азып-тозуына налудан, дәуірге наразылықтан туған көңілкүйінде, М. Жұмабаев, Б. Күлеев туындыларының түпсіз мұңға толы жаратылысбітімінде, С.Торайғыровтың «Адасқан өмір» шығармасындағы лирикалық кейіпкердің шықпас тұйыққа түсіп, мұң-қайғыға берілуінде кездеседі.
Ш. Құдайбердиев туындыларында романтикалық және ағартушылық тенденциялар аралас түсіп жатса, айқын романтикалық сана нәтижесінде Ш. Бөкеев пен М. Жұмабаев туындыларында мистикалық тенденциялар мен діни-философиялық ойлау жүйесінің еркіндігі, албырттығы аңғарылады. Ш. Бөкеев романтизміне өмір мен өлімнің мистикалық сабақтастығы, өзара байланысы тән. М. Жұмабаев романтизмі барлық бояуымен жарқырай көрінеді. Ол романтизм үлгісінің барлық сұлу өрнектерін өз шығармашылығына көшіре білді. Ал С. Ерубаев, С. Сейфуллин романтизмі көбінесе кеңестік дәуірдің сол тұстағы өмір шындығынан туып, өршілдікке, асқақтыққа қол созады, төңкерістік даму барысында көрінеді. Кеңестік шындыққа үрейлене қарап, өтпелі дәуірдің өзгерістерін қабылдай алмаған М. Жұмабаев шығармаларындағы романтикалық көңіл-күйлер сол дәуір ауқымында туды. Суреткер мәселені өз түйсігі мен жүрек қалауы бойынша шешіп, саяси-әлеуметтік қайшылықтарға толы замандағы ақынға тән рухани-көркемдік өзгерістерді, тұлға трагедиясын бейнелей білді.
Романтизмнің тууының алғышарттары Еуропа өміріндегі буржуазиялық төңкерістермен байланысты болды. Ресейде төңкеріс болмағанымен, романтизмнің буыны бекіп, қанатын кең жайды. Қазақ топырағында да буржуазиялық төңкерістер бола қойған жоқ. Алайда романтизмнің өркендеуінде қазақ даласына буржуазиялық қарым-қатынастардың орнығуы, ұлттық сана мен жеке тұлғаның сана-сезімінің оянуы, халық рухының, қоғамдық сананың жаңа деңгейге көтерілуі жемісін берді.
Қазақ романтизмі, ең алдымен, қазақ әдебиетінің алдыңғы дәуірлерінен бастау алады, яғни романтизмді көркемдік ойлаудың типі ретінде ұлттық ойлау жүйесінің ерекшеліктерімен түсіндіруге болады. Қазақ әдебиетіндегі романтизм әлемдік романтизм парадигмасымен жаңғырып, жалғасып жатқанымен, суреттеу тәсілдерінің қай-қайсысы болмасын қазақ бояумен көрініп жатты. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі романтикалық таным ұлттық прозаның даму тарихында аса маңызды орын алып, адам мен дүние құбылыстарын бейнелеуде негізгі әдіске айналуына құнарлы орта қалыптастырды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдар прозасында романтизмге тән ұстанымдар, романтизмнің тұрақты бейнелеу амал-тәсілдері анағұрлым айқын аңғарылды деп айтуға негіз бар. Суреткерлер шығармаларына романтизм үлгісіне тән сұлу өрнектер, жаңашылдыққа ұмтылыс, терең сезім күйі, нәзік сыршылдық тән болды.
ХХ ғасыр – қазақ халқының тарихындағы драмалық және тағдырлы кезең. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін қазақ әдебиетінде діни-мифологиялық ойлау жүйесіне, дәстүрлі руханият пен дүниені терең идеалистік негізде қабылдауға, адамгершілік пен гуманизмге, философиялық парадигматикаға, мистикалық ұмтылыстарға негізделген, рухани-эстетикалық, көркемдік құндылығымен, адамгершілік және концептуалдық ізденістерімен ерекшеленетін романтизм тенденциясы сақталып келді. 1930-жылдардан кейін әдебиетте осы үрдіс үзіліп, қоғамдағы үлкен кері өзгерістер, тоталитарлық тәртіптің ұлғаюы, әдебиетте «социалистік реализм» әдісінің ресми түрде күшіне енуі әдеби процесске теріс әсерін тигізді. Арада біраз уақыт өткеннен кейін 60-жылдары әдебиетке осы олқылықтың орнын толтыруға әрекет еткен қаламгерлер, коньюктураға мойынсұна қоймайтын жаңа толқын келді.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
Ахметов, З.А. (2008). Асыл сөз арнасы. Алматы.
Дулатов, М. (1991). Шығармалары, Жинақ. Алматы.
Елеукенов Ш.Р. (1987). От фольклора до романа-эпопеи. Алматы.
Жанұзақова, Қ. (2015). Қазақ романтизмінің поэтикасы. Монография. Алматы. Жаксылыков, А.Ж. (1999). Образы, мотивы и идеи с религиозной содержательностью в произведениях казахской литературы. Монография.
Алматы.
Кәкішұлы, Т. (2003). ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетіндегі әдеби ағымдар, Алматы.
Күмісбаев, Ө. (1994). Терең тамырлар. Алматы.
Торайғыров, С. (1991). Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. Қоңыратбаев, Ә. (1994). Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *