АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЭКОЛОГИЯСЫ

АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЭКОЛОГИЯСЫ, агроэкология (грекше agros — дала, oіkos — үй, тұрақжай және logos — ілім) — қолданбалы экологияның бір бөлімі.

Ол қоршаған ортаның биотикалық, абиотикалық факторларының және агробиоценоздардың өсімдік дақылдарының өсіп-өнуіне әсерін, сонымен қатар ауыл шаруашылығы танаптарында тіршілік ететін организмдер бірлестігінің құрылымы мен өзгеруін зерттейді. Ауыл шаруашылығы экологиясының теориялық және практикалық негіздерін және зерттеу бағытын Италия ғалымы Дж. Ацци (1956) мен неміс ғалымы В.Тишлер (1965) анықтаған. Ауыл шаруашылығы экологиясының қалыптасуына Н.И. Вавиловтың, Г.Я. Бей-Биенконың, М.С. Гиляровтың, К.Фридерикстың, Т.Вермидің еңбектері, әсіресе олар ашқан табиғи және агробиоценоздардың құрылымдық ерекшеліктері мен елеулі айырмашылықтары, адам игерген жерлердегі жан-жануарлар дүниесінің өзгеру заңдылықтары үлкен ықпал етті. Ауыл шаруашылығы экологиясы бойынша зерттеулер: түрдің жеке мүшелерінің экологиясы (аутэкология); жеке түрлердің экологиясы (популяциялық экология); организм топтарының (биоценоздардың) экологиясы (биоценология) болып 3 бағытқа жіктеледі. Осы зерттеулердің нәтижесінде агробиоценоздарды игеру барысында туындайтын өзгерістердің жағымсыз зардаптарын болдырмау немесе әлсірету тәсілдерін табуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру мәселесін шешуге болады. Қазақстандағы ауыл шаруашылығы экологиясы және қоршаған ортаны қорғау тәсілдерін жетілдіру саласындағы зерттеулер — Ұлттық академиялық аграрлық зерттеулер орталығында, Қазақ мемлекет ұлттық ун-тінде, Қазақ мемлекеттік аграрлық ун-тінде, ҒМ ғылым академиясының ғылыми-зерттеу мекемелерінде жүргізіледі. Ауыл шаруашылығы экологиясының дамуы Р.О. Оразалиев, Ғ.Т. Мейірманов, С.Әбдіраимов, А.Б. Биғалиев т.б. белгілі ғалымдардың еңбектерінде қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *