ФИНЛЯНДИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ- ҚҰҚЫҚТЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

 

Б.О. АЛТЫНБАСОВ
з.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті

ФИНЛЯНДИЯНЫҢ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ- ҚҰҚЫҚТЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

Мақалада Финляндияның жоғары білім және ғылым саласының ұйымдастырушылық-құқықтық аспектілеріне қатысты мәселелер қарастырылған. Қолданыстағы жоғары білім және ғылым саласына талдау жасалып, оның оң тұстары мен жетістіктері ашылған. Жоғары білім саласындағы мемлекеттік басқарудың табиғаты мен ерекшеліктеріне теориялық тұрғыдан талдау жасалған. Отандық жоғары білім саласын басқару жүйесін жетілдіруге қатысты теориялық мәселелер қарастырылып, тиісті ұсыныстар жасалған. Финляндияның жоғары білім және ғылым саласындағы жүргізіліп жатқан реформаларға түсініктеме берілген. Финляндияның жоғары білім және ғылым сала- сында қол жеткізген жетістіктері туралы ақпарат берілген.
Түйін сөздер: мемлекеттік басқару, мемлекеттік аппарат, қолданыстағы заңнама, кадр дайындау, реформа.

Еліміздің жоғары білім саласын заманауи талаптарға сай ету және отандық жоғары оқу орындарының халықаралық деңгейде лайықты орын алуын қамтамасыз ету мақсатында мем- лекет тарапынан біраз жұмыстар жүргізілуде. Мұның дәлелі ретінде жоғары оқу орындарының оқытушы профессорлық құрамын әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары мен ғылыми зерттеу орталықтарына біліктілігін көтеруге, жастарды түрлі оқу бағдарламалары арқылы тегін білім алуға жіберу және басқа да оң тәжірибені айтуға болады. Университет жетекшілігінің ұйымдастыруымен жасалған осындай бір іс-шараның шеңберінде жуырда Финляндияның жоғары білім және ғылым саласымен танысуға мүмкіндік алдық. Бұл іссапар барысында әлемге танымал Хельсинки университеті, Ювяскюля университеті, Финляндияның білімді дамыту орталығы, Финляндияның Білім және мәдениет министрлігі, Республикалық кәсіподақ ұйымдарының қауымдастығы және басқа да жоғары білім мен ғылым саласына қатысты ұйымдардың жұмысымен таныстық.
Оқытушы-профессорлық құрамның біліктілігін көтеруге бағытталған бұл іс-шара отандық университеттік ғылымды дамытуға қатысты жаңа идеялардың қалыптасуына және ой тұжырымдар жасауға негіз болды.
Финляндияның жоғары білім жүйесі әлемге танымал болғанымен, ғылыми әдебиетте бұл елдің жоғары білім және ғылым жүйесі туралы нақты ақпараттар жоқ. Сондай-ақ, ол елдің жоғары білімінің заманауи жетістіктері мен реформалары туралы ғылыми талдау жасалған еңбектер жарық көрмеген. Бұл жұмыста Финляндияның жоғары білім және ғылым саласы қандай жетістіктерге қол жеткізгені, әлемдік білім кеңістігіндегі рөлі, Қазақстанның білім және ғылым саласына тиімді қандай тәжірибесі бар екені туралы әңгіме қозғалмақ.
Финляндияның ұлттық білім жүйесі Болон процесіне енген және еуропалық білім кеңістігінің толыққанды мүшесі. Соған қарамастан, Финляндияның жоғары білім және ғылым саласы өзіндік дәстүрі мен құндылықтарын сақтап қалған. Жалпы алғанда, бұл елдің жоғары білім саласы Бо- лон процесінен зиян шекпей, пайдалы тұстарын ғана алған. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстан үшін бұл елдің білім жүйесінің халықаралық білім кеңістігіне енуге байланысты озық тәжірибесі қызығушылық тудырып, мақаланы өзекті етеді.
Жалпылама сипаттама бере кететін болсақ, Скандинав елдеріне кіретін Финляндия Республи- касы әлемнің алдыңғы қатарлы дамыған елдеріне кіреді. Халқының саны 5,5 млн адам, жерінің аумағы Қарағанды облысының жерінен аз шағын ғана елдің экономикасы әлемге әйгілі. Жалпы ішкі өнімін адам санына шаққанда Финляндия экономикалық тұрғыдан дамыған елдердің қатарына кіреді. Өзінің экономикасы мен саясаты, мәдениеті мен денсаулық сақтау саласы, білімі мен ғылымы жағынан үлгі ететіндей ел екенінде сөз жоқ.
Бүгінде Финляндия білім және ғылым саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткені анық. Ол туралы халықаралық деңгейде кеңінен айтылуда. Осы орайда Финляндияның білім және ғылым жүйесі туралы ой өрбітіп, Қазақстан Республикасына үлгі етіп алатын қандай тұстары бар екені жөнінде айтылмақ.
Финляндияның білім жүйесі біздің ұлттық білім жүйесі сияқты басынан реформа кешіруде. Жоғары білім саласындағы реформалар қаншалықты жүргізіліп жатқанына сипаттама бере келе, осы салада зерттеу жұмыстарын жүргізіп жүрген бірқатар финдық ғалымдардың ой тұжырымдарын келтіріп өтейік. Ювяскюля университетінің Жоғары білім саласын зерттеу институтының директо-

ры, профессор Юани Урсин өз сөзінде Финляндияның жоғары білім саласындағы ерекшеліктеріне тоқталды. Ол өз елінің жоғары білім саласына сипаттама берместен бұрын Финляндияның осы саланы басқаруда ұстанатын басты қағидаларын атап кетті. Біріншіден, білім беру саласы қоғам мен мемлекеттің игілігі мен құндылығы және жоғары мәртебеге ие екенінде. Екіншіден, білім беру жүйесінің барлық деңгейінде (мектепке дейінгі тәрбие беруден жоғары білімге дейін) білім толығымен ақысыз берілуінде. Үшіншіден, азаматтардың білім алуына мүмкіндіктерінің тең бо- луы кепіл етілуінде. Осы қағидаларды мемлекеттік органдар мен оқу орындары басшылыққа алып, қатаң сақтайды.
Аталған қағидалардың шығу тегін айта келе, Финляндияның шағын ғана аумағы мен халқы бар мемлекет және де қоғамы біртектес екенін айта кеткен жөн. Тарихи тұрғыдан қарағанда Фин- ляндия ғасырлар бойы өзге елдердің отарында болып, егемендікке ХХ ғасырда әрең дегенде қол жеткізген мемлекет. Финляндия 1150-1809 жылдар аралығында Швецияның, ал 1809-1917 жыл- дарда Ресей империясының құрамында болған отар ел. Тек 1917 жылы ғана Ресей империясы құлаған кезде тәуелсіздікке қол жеткізді [1]. Бұл елдің халқы егемендік пен тәуелсіздік идеяларына патриоттық сезіммен қарайтыны осы себептен де болар. Сондықтан да, финдықтар өз тілін аса құрметтеп, ұлтының мүддесін жоғары қойып, егемендігін сақтап қалуда сапалы адами капиталдың маңыздылығын анық түсінген халық. Дәл осы себептен де, білім саласы мемлекет пен қоғамның басты құндылығы ретінде бекітілген.
О бастан финдықтар экономикасы мен қарулы күштері басым көрші елдермен ұдайы бәсекелестікте болатынын түсінген. Осы себепті де, олар аз ғана халқын мейлінше сауатты, білімді, білікті және отан сүйгіштікпен тәрбиелеуге тырысқан. Халқының саны аз болғандықтан, әрбір адам санаулы және олар білікті маман ретінде қалыптасу қажеттілігі туралы сана қоғамда нық бекітілген. Сондықтан да, Финляндияда әлемдік білім кеңістігінде сирек кездесетін құбылыс – ақысыз білім беру жүйесі енгізілген. Мұнда мектепке дейінгі тәрбие беруден жоғары білім беру бағдарламасына дейін толығымен тегін. Яғни, бұл елде білім алу үшін ақы төлеу мүлдем жоқ. Тіпті, баланың білімін шыңдау мақсатында қосымша ақылы курстарға баруды да дұрыс деп санамайды.
Ақысыз білімді барлық деңгейде қамтамасыз ету арқылы финдықтар азаматтардың білім алу құқықтарын тең еткен. Бұл арқылы ата-анасы қоғамда қандай әлеуметтік мәртебеге ие екеніне қарамастан, кез келген балаға өзінің қабілетіне қарай лайықты оқу орнында білім алуға мүмкіндік туғызылған. Мұнда біз финдық білім беру жүйесінің аса демократиялық сипатқа ие екенін байқаймыз. Өз кезегінде білім беру жүйесінің мұндай артықшылығы сапалы ұлттық ада- ми капитал қалыптастырудың басты факторы ретінде танылатыны анық көрініп отыр. Ең басты- сы, осы қағидалардың дұрыс екенін білім алушылар мен ұстаздар, университет жетекшілігі мен министрліктің өкілдері бір ауыздан қолдап, мақтаныш тұтатындығы қызығарлық жағдай. Бұл жағдай Финляндияда мемлекеттік биліктің саясаты мен азаматтық қоғам арасында толық үйлесімдік бар екенін көрсетеді.
Финдық жоғары білімнің басты қызметі – білім беру мен ғылыми зерттеулер жүргізу. Яғни, жоғары оқу орнының оқытушылары білім берумен шектелмей, бір мезгілде белсенді ғылыми зерт- теу жұмыстарын жүргізеді.
Жоғары білім беруге бағытталған бағдарламалар екі түрлі оқу орындарында жүзеге асырылады: классикалық университеттер және қолданбалы жоғары оқу орындары. Соңғы жылдары ЖОО ара- сында өзара бірігу процесі орын алуда.
Жоғары білім жүйесі үш деңгейден, яғни, бакалавр – магистратура – докторантура PhD бағдарламаларынан (3+2+3 жүйесі бойынша) тұрады. Білім алушы бакалавриат бағдарламасында кемінде үш жыл оқиды. Тәжірибеде студенттердің анағұрлым ұзақ уақыт оқуы жиі кездеседі. Док- торантура бағдарламасында да осындай жағдай жиі орын алады екен. Іс жүзінде, бакалавр дипло- мын алған түлектердің басым көпшілігі оқуын аяқтаған соң магистратураға түсетіні байқалады.
Қолданбалы жоғары оқу орындары Финляндияда 1990 жылдары пайда болыпты. Ол негізінен бакалавр дайындауға және тәжірибеге бағытталған, сондай-ақ бұл оқу орындары өзге ЖОО-мен тығыз байланыста жұмыс жасайды екен. Мұндай оқу орындарында экономиканың түрлі саларына қажет мамандар дайындалады. Қолданбалы жоғары оқу орындарында магистратураға түскісі кел- ген түлектер бакалавр дипломын алған соң міндетті түрде үш жыл тәжірибеде жұмыс істеген соң ғана магистратураға түседі. Бұл жағдай олардың тәжірибеге бағытталғанын көрсетеді.

Профессор Юани Урсин өз дәрісін оқу барысында «Болон процесіне енген соң Финляндияның білім жүйесінде гармонизация және интернационализация құбылыстары көрініс тапты. Гармо- низация ойдағыдай жүзеге асырылуда, ал интернационализацияға келгенде біраз мәселелер мен кедергілер орын алды» деп айтып кетті.
Ғылыми тұрғыдан қарағанда жоғары білім саласындағы гармонизация дегеніміз жоғары білімнің Еуропаның ортақ экономикалық кеңістігіне енумен байланысты процесс. Бұл процесте мемлекеттер өзінің жоғары оқу орындарының өзіндік дәстүрі мен құндылықтарын, жинақталған тәжірибесі мен жетістіктерін сақтап қалуға тырысуы керек. Гармонизацияның нәтижесінде сту- денттер университеттің өміріне белсенді араласып, өзінің білім траекториясын анықтауға қатысуға, сондай-ақ жеке жұмыс жоспарын жасауға мүмкіндік алады [2]. Финдық жоғары оқу орындарында ТМД елдеріндегідей академиялық топ деген түсінік жоқ екен. Мұнда студенттер өз білім траекто- риясын өздері анықтайды. Қандай пәндерді және қай мұғалімді таңдау да өз еркінде. Тіпті, пәннің мазмұнына өзгерістер енгізуге мүмкіндіктері бар екен. Бұл жағдайды финдықтар студенттің сапалы білім алуына тиімді жағдай жасау деп түсінеді. Сондай-ақ, университет деңгейінде және мемле- кет көлемінде студенттердің құқығын қорғайтын түрлі ұйымдар жұмыс істейді екен. Ол ұйымдар студенттердің сапалы білім алуына байланысты мәселелермен белсенді түрде айналысуға құқылы.
Финляндияда университет өмірінде оқытушы-профессорлық құрам аса жоғары мәртебеге ие екені бекітілген. Мұны біз университеттің құрылымдық бөлімшесінің бірі болып табыла- тын Оқытушылар академиясы (Teachers Akademy) деп аталатын тәуелсіз органның қызметінен байқауымызға болады. Бұл органның құрамы беделді профессорлар мен ОПҚ мүшелерінен тұрады және оның құрамына университет жетекшілігі кірмейді екен. Бұл Академияның құрамына сайлану оқытушылар мен ғалымдар арасында жоғары мәртебе ретінде саналады. Академияның отырыста- рында университеттің өміріндегі маңызды мәселелер қарастырылып, білім мен ғылымда жоғары жетістіктерге жеткен оқытушылар мен ғалымдар марапатталып отырады. Отырыста қабылданған шешімдерді университет жетекшілігі жұмыс барысында басшылыққа алады. Бұдан біз универси- тет жетекшілігі мен қарапайым оқытушылар арасында университетті басқаруға қатысты теңдік бар екенін байқаймыз.
Жоғарыда интернационализацияға қатысты бірқатар мәселелер бар екенін айтқан болатынбыз. Осы мәселеге тоқталып кетсек. Жалпы алғанда интернационализация жаһандану және халықаралық білім кеңістігіне ену кезінде ұлттық жоғары оқу орындарында көрініс табатын заңды құбылыс. Мұнда келесідей іргелі мәселелер бар: берілген дипломдардың университеттер арасында өзара та- нылуы, мамандану және бағалау, халықаралық сапаны бағалау нысандарының дамуы, халықаралық аккредитация мәселелері және т.б. [3].
Финдық жоғары білім саласында Еуропалық Одаққа мүше елдердің университеттері берген дипломдардың танылуында еш кедергі жоқ. Ал енді, өзге мемлекеттерден алынған дипломдардың танылуы үлкен мәселе туғызатыны айтылды. Әрине, дипломның қосымшасындағы өткен сабақтары және оның кредиттерінің көлемі есептеледі дейді, бірақ қанша дегенімен бұл процедураның үлкен машақаты бар екен. Бұл жағдайды Финляндияның өзге елдерге, әсіресе дамушы елдерге қатысты жабық саясат ұстануынан деп түсінуге болады.
Финляндияның жоғары білім саласы Болон процесінің негізгі қағидаларын мойындайды, бірақ ұлттық білім жүйесін жоғары қояды. Осы себептен, финдық білім жүйесінде аттестация, аккреди- тация және өзге де формальды тексеру механизмдері жоқ. Бұл елде халықаралық білім кеңістігіне тәуелділік деген ұғым құпталмайды. Сондай-ақ, бұл елде сапаны бағалауға қатысты Finnish Education Evaluation Centre (FINEEC) деп аталатын халықаралық компания бар және ол компанияның қорытындысы бүкіл Еуропада заңды түрде танылады. Аталған компанияның мәртебесі мен қызметі туралы төменде тоқталамыз. Жоғары оқу орындары мен ғылыми институттардың шетелдік бағалау компанияларынан тәуелсіз мәртебеде болуы финдық білім жүйесінің басты артықшылығы және жетістігі деп айтуға болады. Дәл осы фактор бүкіл финдық жоғары білім мен ғылымды алға тартып отыр.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, Финляндияда білім беру барлық деңгейде ақысыз түрде жүзеге асырылады. Яғни, жоғары білім алу тегін. Осы себепті де, жоғары оқу орындары қай мамандықтан қанша маман дайындау қажеттілігін Білім және мәдениет министрлігімен ақылдаса отырып шешеді. Бұл қатынастар министрлік пен университет жетекшілігі арасында шарт жасасу арқылы бекітіледі. Әдетте шарт 3-4 жылға жасалады. Әрине, жоғары оқу орындары толығымен автономиялық мәртебеге

ие, бірақ қаржыландыру толығымен мемлекет қазынасынан және үлкен көлемде болғандықтан, қаржыға мемлекет тарапынан бақылау жүргізіледі.
Университеттің шығындары келесідей тәртіпте үлестірілген: 41%-ы білім беруге, 34%-ы ғылыми зерттеу жұмыстарына, 25%-ы өзге де шығындарға жұмсалады. Білім беруге бөлінетін қаржының көлемі қанша студент диплом алып шығатынына қарай анықталады. Зерттеу жұмыстарына жұмсалатын шығындар қандай журналдарда оқытушы-профессорлық құрамның ғылыми еңбектері жарық көргеніне байланысты анықталады. Web of Knowledge және Scopus базаларына кіретін журналдарда жарияланған еңбектер басты критерий ретінде алынады. Журналдың халықаралық беделіне қарай әрбір мақалаға 1-3 аралығында балл беріледі және PhD докторанттардың жарияланған еңбектері де есепке алынады. Сондай-ақ, Финляндия Академиясының тарапынан да ғылыми зерт- теулер жүргізуге қаржы бөлініп отырады екен.
Финляндияның жоғары білімі мен ғылымының дамуында PhD докторантура бағдарламасының орны ерекше десек қателеспейміз. Оны біз Хельсинки университетінің педагогика факультетінің деканы, профессор Юари Лавоненмен кездесуде түсіндік. Аталмыш факультеттің құрамында 200- ге жуық оқытушы-профессорлық құрам жұмыс істейді екен. Соның ішінде профессорлардың саны 25, аға лекторлардың саны 90-ға жуық, ал қалғандары PhD докторанттар екен. Деканның айтуы бойынша, педагогикалық факультетке жылына 30 PhD докторант оқуға түседі екен. Салыстырып қарағанда, олардың факультетіндегі оқытушылар мен профессорлардың саны біздің факультеттер- ден сәл ғана үлкен екенін байқаймыз. Ал жылына берілетін докторанттардың саны 10-15 есе көп екен. Мәселен, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ заң факультетіне докторантураға жылына 3-4 орын берілсе, оның екеуі басқа университеттерден мақсатты жолдамамен түседі. Еліміздің басқа оқу орындарында бұл көрсеткіш әлде қайда төмен, тіпті жоқ. Әрине, мұндай көлемдегі докторанттар заң ғылымын дамытуға дәрменсіз екенін тәжірибе дәлелдеді. Өкінішке орай, уәкілетті органдар тарапынан ешбір шара қолданбай отыр. Соның салдарынан отандық университеттік ғылым қауіпті жағдайда тұр деуге болады.
Оқытушы-профессорлық құрамның еңбегі келесідей жүйеге сәйкес бағаланады. Автономиялық жүйеге сәйкес, университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары оқытушының жасаған педагогикалық, ғылыми, публицистикалық және өзге де еңбегіне қарай жалақысын дербес тағайындайды. Жалпыға ортақ бекітілген талаптар мен критерийлер жоқ. Жалақының көлемі мен оны алу тәртібі ЖОО мен факультеттер дербес анықтайды және олардың түріне, саласына, ерекшеліктеріне байланысты. Оқытушы-профессорлық құрамның еңбегіне ақы төлеуде ЖОО- ның кәсіподақ ұйымы бекіткен ең төменгі жалақы кепіл етіледі. Бірақ кәсіподақ ұйымы оқытушы- профессорлық құрамның жұмысын ынталандыру мақсатында жалақы есептеуге қатысты санаттар жүйесін енгізген. Ол санаттарға сәйкес келу үшін оқытушының қызметі бекітілген талаптарға жау- ап беру керек. Оқытушының санаты жоғарылаған сайын алатын жалақысы жоғары болады.
Финляндияда сырттай оқу деген мүлдем жоқ және жоғары білім тек күндізгі бөлімде ғана оқытылады. Қашықтықтан оқыту өте сирек кездеседі. Бұл жағдай мемлекетте сапасыз білім беру мен формальды диплом беруге жол берілмейтінін көрсетеді. Сырттай және қашықтықтан оқытуға қатысты мұндай қағиданы біздің елге енгізу үлкен нәтиже беретіні сөзсіз.
Оқуға түсу кезіндегі емтихандар жоғары оқу орындарында тапсырылады. Әрбір жоғары оқу орны қай саладағы мамандарды дайындауына және өзіндік ерекшеліктеріне байланысты емтиханның ны- саны мен емтихан сұрақтарының мазмұнын дербес анықтайды. Оқу бағдарламалары әр факультет- те дербес жасалады. Студенттің білім траекториясын анықтау және оқу бағдарламасына қандай пәндерді қою оқытушы-профессорлық құрамға тәуелді емес. Факультет басшылары кәсіпқой ма- ман дайындап шығару үшін оқу бағдарламасын үнемі жетілдіріп, оған заман талабына сай арнайы пәндер енгізіп отырады.
Финляндияда білім беру деңгейлерінің арасында мирасқорлық пен сабақтастық қағидасы қатаң сақталатыны анық байқалады. Біздің елде кездесетін жағдай, яғни, бір мамандық бойынша бака- лавр дипломын алған азамат екінші бір мамандық бойынша магистратура бағдарламасы бойын- ша білім алуға түсу сияқты құбылыстар оларда кездеспейді. Факультеттер академиялық тұрғыдан толық автономияға ие болғандықтан, халықаралық магистрлік бағдарламаларда мұндай жағдай кездесуі мүмкін екен. Мысалы, мәдениет аралық қатынастар мамандығы бойынша ағылшын тілі топтарында кездесетін көрінеді. Бірақ мұндай жағдай жоқтың қасы деуге болады.
Финляндияның жоғары оқу орындарының білім сапасын бағалау жүйесіне келетін болсақ,

ұтымды жүйе жұмыс істеп тұрғанын байқаймыз. Қолданыстағы заңға сәйкес білім сапасын бағалауды ұлттық және халықаралық компаниялар жүргізе алады. Іс жүзінде, білім беретін ұйымдардың сапасын бағалауды Finnish Education Evaluation Centre (FINEEC) жүзеге асыра- ды. Бұл ұйым кезінде дербес қызмет еткен үш компанияның бірігуі нәтижесінде құрылған және өзінің жұмысын атқаруда мемлекет пен жоғары оқу орындарынан толығымен тәуелсіз. Ұйымның құрамына оқу орындарының қызметкерлері мен оқытушы профессорлық құрамы, сарапшылар, сту- денттер және өзге де азаматтық қоғам өкілдері кіреді.
2000 жылдан бастап Финляндияның жоғары оқу орындары алты жылда бір мәрте міндетті түрде аудит тексеруінен өтеді. Оқу орындарының қалауы бойынша кез келген уақытта ерікті аудит жүргізілуі мүмкін. Халықаралық компаниялар тарапынан аудит ерікті түрде жүргізіледі. Ең басты- сы, аудит жүргізудің нәтижесінде аудиторлық компания білім беретін ұйымның қызметін сынға алып, жазалау шараларын қолданбайды, ал керісінше білім беретін ұйымдардың қызметіндегі әлсіз тұстарын анықтап, ұтымды даму жолдарын ұсынады. Яғни, аудиторлық қызметтің басты мақсаты мәселені шешуде нақты ұсыныс беруде. Тәжірибеде аудит өткізудің нәтижесінде көптеген білім ұйымдары өз қызметін жетілдіруге қатысты маңызды ақыл-кеңес пен ұсыныстар алады екен.
FINEEC Еуропаның білім сапасын бағалау ұйымының мүшесі болып табылады және халықаралық деңгейдегі аудиторлық компания ретінде реестрде тіркелген. Сол себепті, бұл ұйым тек өз елінде емес, сонымен қатар өзге елдердің де білім беретін ұйымдарының сапасын бағалаумен айналыса- ды. Бұл ұйымның тексеруі нәтижесінде оң баға алған жоғары оқу орындары Еуропаның кез келген елдерінде білім және ғылым саласында қатынастарға түсуге құқылы. Мәселен, Еуропалық ұйымдар жариялаған ғылыми жобалардың конкурсына қатысуға құқылы. Өз кезегінде мұндай компанияның болуы, ұлттық білім жүйесін халықаралық компаниялардан тәуелсіз болуына кепілдік береді. Осы себепті де, финдық білім жүйесі өз егемендігін сақтап, сырттан төнетін қол сұғушылыққа жол бермейді.
Финляндияның жоғары оқу орындары халықаралық рейтингтік компаниялардың бағалауын ресми түрде мойындамайды. Дегенмен, тәжірибеде жекелеген жоғары оқу орындары халықаралық рейтингтік бағалауға қатысады және ол жерде жеткен жетістіктері ақпарат құралдарында жари- яланады. Бірақ, халықаралық рейтингте лайықты орын алу университетке бөлінетін қаржының көлеміне әсер етпейді. Мәселен, Хельсинки университетінің гуманитарлық факультеті QS бойынша әлемнің 50 үздік факультеттерінің қатарына кіреді екен. Бұдан біз финдық білім жүйесі белгілі бір деңгейде халықаралық қауымдастыққа тәуелді жағдайда екенін байқаймыз. Осы себепті де, келесі жылдан бастап финдық университеттер шетелдік студенттер мен магистранттарды ақылы бөлімге алуды жоспарлауда. Келешекте Еуропалық Одаққа мүше емес елдерден келетін студенттер, әсіресе Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея елдерінен білім алушылар оқуға келеді деген болжам бар.
Аудит жүргізудің мақсаты жоғары оқу орнының білім сапасын бағалау жүйесі қаншалықты за- манауи талаптарға сай және тиімді жұмыс жасайтынын анықтауда. Студенттерден ақпарат жинау және студенттердің университеттің білім беру жүйесіне берген бағасы маңызды көрсеткіш ретінде танылады. Білім беру қызметінің нәтижесі аудиттің объектісіне жатпайды.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей аудит жазалау мақсатында жүргізілмейді, ал керісінше мәселенің себептерін тауып, одан шығу жолдарын қарастыру үшін жүргізіледі. Автономиялық жүйеге сәйкес, аудит жүргізуде жалпыға ортақ талаптар мен критерийлер жоқ. Әрбір ЖОО-да өзіне тән ішкі аудит жүргізу механизмі мен процедуралары бар. Бұл ретте жоғары оқу орнының ерекшеліктері ескеріліп, басымдықтары басшылыққа алынады.
Сапаны бағалау келесідей сатылардан тұрады: жоспарлау, жүзеге асыру, тексеру және жетілдіру. Аудит кезінде келесідей жағдайларға мән беріледі:
— білім сапасын бағалау саясаты;
— білім сапасын бағалау жүйесі мен университетті басқару механизмі арасындағы байланыс;
— білім сапасын бағалау жүйесі қаншалықты дамыған;
— университеттің басты даму бағыттары мен басым салалары және олар қаншалықты қолға алы- нып, жүзеге асырылып жатқандығы;
— жалпы алғанда университет қызметі қаншалықты дамуда және т.б.
Аудиттің нәтижесінде жоғары оқу орындарының қызметіне төрт түрлі баға беріледі: 1) білім сапасын бағалау жүйесі жоқ (қайта өту қажет болады); 2) білім сапасын бағалау жүйесі қалыптасу үстінде; 3) білім сапасын бағалау жүйесі даму үстінде; 4) білім сапасын бағалау жүйесі жоғары

деңгейде. Аудиттің қорытындысы бойынша теріс баға берілген жағдайда оқу орны 2-3 жылдан соң қайта аудиттен өтуі тиіс. Алайда, FINEEC жанындағы Комиссия аудиттің қорытындысымен келіспеуі мүмкін. Тәжірибеде мұндай жағдайлар кездеседі екен.
Аудиттің қорытындысы ресми сайтта жазбаша түрде жарияланады және онымен кез келген адамға танысуға болады. Әрине, тексеру қорытындысы оң немесе теріс болуы жоғары оқу орнының қызметіне кедергі болмайды. Бірақ, аудиттің қорытындысы ресми сайтта жарияланатындықтан, жоғары оқу орнының атына кір келтірілуі мүмкін.
Финляндияда барлық ЖОО автономдық мәртебеге ие болғандықтан, білім сапасын бағалау жүйесін ЖОО дербес анықтайды және оның қандай үлгісін пайдаланатынын да тәуелсіз шешеді.
Университеттің білім сапасын бағалау жүйесін жетілдіру үшін келесідей жағдайларға мән беру қажеттілігі айтылады:
1) университет жетекшілігі білікті мамандардан қалыптасу керек;
2) қажетті материалдық және адами ресурстарға ие болу қажет;
3) сапаны бағалау бөлімінің мамандарын арнайы дайындықтан өткізу және осы саладағы озық тәжірибені игеруіне жағдай жасау керек;
4) сапаны бағалау қызметін нәтижелі ету үшін бұл процеске университеттің ОПҚ, студенттер және өзге де мүдделі тараптарды тарту керек.
Финляндияда білім сапасын бағалау барысында университет тарапынан жалған ақпарат беру тәжірибесі кездеспейді. Мұндай қадамға баруға университет мүдделі емес, тіпті университет жетекшілігі өздерінің әлсіз тұстарын тыңдауға құштарлық білдіреді екен.
Сапаны бағалау барысында қандай да бір формализмге жол берілмейді және қағаз жүзінде түрлі нысанда құжаттар толтыру деген түсінік жоқ. Олар бар құжаттарды тексеріп, қалған қажет ақпаратты ауызша сұрау арқылы алады екен. Яғни, тексеру процесіндегі қатынастар тараптардың бір-біріне деген өзара сеніміне негізделген.
Тексеру және бағалауға қатысты финдықтарда «торайдың салмағын қанша өлшегенімен ол семіріп кетпейді» деген пікір қалыптасқан. Бұл мақалдың астарында үлкен мән бар екені түсінікті. Жуырда уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан келешекте ақылы білім беру жүйесін енгізу туралы идеялар ұсынылыпты. Ақылы білім тек шетелдік білім алушыларға ғана қатысты екенін атап өткен жөн. Себебі, шетелдік студенттерге білім беру дамыған елдердің арасында кең тараған құбылыс. Осы орайда, Финляндия Еуропалық Одаққа мүше емес елдерге білімді экспорттау мақсатын алға қойған. Білімді экспорттауда Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея сияқты елдерді ірі тұтынушы ретінде жоспарлап отырғаны байқалады. Ақылы білім беру жүйесін енгізуге әлемдік және ұлттық экономикада көрініс тауып отырған дағдарыстың салдары кері ықпал етіп отырғанын байқауға болады. Сондай-ақ, мұндай қадамға барудың негізінде ұзақ мерзімдік саяси мән бар екені
белгілі.
Финляндияда шетелдіктерге ақылы білім беру жүйесін енгізуге, біріншіден, экономикалық дағдарыс себеп болғаны анық. Ал екіншіден, финдық білім жүйесінің халықаралық білім кеңістігіне енуде белсенділік білдіруімен байланысты деуге болады. Финляндия 1999 жылдан бастап Болон процесінің мүшесі болып табылады [4]. Алайда, осы уақытқа дейін финдық жоғары оқу орын- дарында білім ақысыз берілетіндіктен, шетелдік студенттерді ұтқырлық бағдарламасы бойынша тартуға мүдделі болмады. Еуропалық білім кеңістігіне кіретін өзге еуропалық елдерге қарағанда финдық жоғары оқу орындарында шетелдік студенттер мен магистранттар анағұрлым аз оқиды. Мәселен, Финляндияның ең танымал Хельсинки университетінде шетелдік білім алушылардың үлесі 26%-ды құрайды екен. АҚШ және Ұлыбританияның алдыңғы қатарлық жоғары оқу орында- рында бұл көрсеткіш 90%-дан жоғары екенін айта кеткен жөн. Шетелдік білім алушылардың үлесі жоғары болу халықаралық рейтингтік компаниялардың маңызды критерийлерінің бірі екені де белгілі. Яғни, шетелдік білім алушыларды өз университеттеріне тарту арқылы университеттердің халықаралық рейтингін көтеруге де үлкен мүмкіндік туатыны анық. Финляндияның университеттері мен уәкілетті органдары қосымша табыс көзін ашу арқылы елде орнаған экономикалық дағдарыстан шығуға септігін тигізу және университеттердің халықаралық беделін көтеру мақсатында білімді экспорттауға бел буғаны байқалады.
Ең бастысы, финдық жоғары оқу орындары өз елінің азаматтарына ақылы білім беруді мақсат етпеуінде. Себебі, университеттер ақылы білім сапаның нашарлауына әкеп соғатынын түсініп отыр. Ал бұл жағдай финдық білім жүйесінің басты қағидасы ретінде саналатын сапалы адами капитал

қалыптастыру қағидасына сай келмейді. Тіпті, Еуропалық Одаққа мүше елдерге де ақылы білім бермейтінін жоспарлап отыр.
Финдық жоғары білімнің қыр сырын бір мақаланың көлемінде ашу мүмкін емес. Дегенмен, финдық жоғары білім туралы бірқатар ақпарат беріп, талдау жасауға тырыстық.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 История Финляндии // https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0
2 Парахонский А.П. Гармонизация высшего медицинского образования // http://www.rae.ru/ snt/?section=content&op=show_article&article_id=5691
3 Сагинова О. В. Интернационализация высшего образования как фактор конкурентоспособно- сти // http://www.marketologi.ru/publikatsii/stati/internatsionalizatsija-vysshego-obrazovanija-kak-faktor- konkurentosposobnosti/
4 Bologna Process – European Higher Education Area (EHEA) // http://www.ehea.info/country-details. aspx?countryId=16

REFERENCES
1 Istoriya Finlyandii // https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0
2 Parakhonskiy A.P. Garmonizatsiya vysshego meditsinskogo obrazovaniya // http://www.rae.ru/ snt/?section=content&op=show_article&article_id=5691
3 Saginova O. V. Internatsionalizatsiya vysshego obrazovaniya kak faktor konkurentosposobnosti // http://www. marketologi.ru/publikatsii/stati/internatsionalizatsija-vysshego-obrazovanija-kak-faktor-konkurentosposobnosti/
4 Bolonskiy protsess — Yevropeyskoye prostranstvo vysshego obrazovaniya (YEPVO ) // http://www.ehea.info/ country-details.aspx?countryId=16

Алтынбасов Бахыт Омирханович, доцент ЕНУ им. Л.Н. Гумилева, кандидат юридических наук Сфера высшего образования и науки Финляндии: организационно-правовые аспекты
В статье рассматриваются организационные и правовые проблемы сферы высшего образования и науки Финляндии. Содержится анализ действующей системы высшего образования и науки, раскрываются его позитивные стороны и достижения. Проводится теоретический анализ природе государственного управ- ления высшего образования. Рассмотрены теоретические проблемы совершенствования системы управле- ния отечественного высшего образования и науки и выдвинуты соответствующие предложения. Сделаны комментарии проводимой реформе в области высшего образования и науки Финляндии. Дается информация о достижениях финской системы высшего образования и науки.
Ключевые слова: национальный суверенитет, высшее образование и наука, человеческий капитал, на- циональная система, подготовка кадров, реформа.

Altynbasov Bakhit Omirhanovich, associate professor of the ENU L.N. Gumilev, Candidate of Law The scope of higher education and research in Finland: organizational and legal aspects
The article considers the institutional and legal problems of higher education and science in Finland. Provides an analysis of the current system of higher education and science, reveal its positive aspects and achievements. A theoretical analysis of the nature of governance in higher education. The theoretical problems of improving the management system of national higher education and science and put forward relevant proposals. Comments made reforms in the field of higher education and research in Finland. It marked the best aspects of the Finnish system of higher education and science.
Keywords: national sovereignty, higher education and science, human capital, the national system, personnel training, reform

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *