Ұ.Ү. ҮМІТҚАЛИЕВ, А.Б. АЙТБАЕВ, Г.У. ЭШБЕКОВА
т.ғ.к., Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ докторанты,
ЕҰУ археология және этнология кафедрасының оқытушысы
ШЫҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚЫРЫҚҮҢГІР ҚОРЫМЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ
Бұл мақалада 2014 жылғы Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы жеріндегі Шыңғыстау археологиялық экспедициясының Қырықүңгір қорымынан табылған қола, ерте темір және түркі дәуіріне жатқызылатын ескерткіштерге жүргізілген қазба жұмыстары жайында баяндалады. Қырықүңгір жерлеу кешенінен сақ дәуіріне жататын мұртты оба мен қола дәуірінің үш қоршауының тас жәшіктерінен табылған археологиялық құнды жәдігерлер жайында жан-жақты талдау жасалған.
Түйін сөздер: Қырықүңгір жерлеу кешені, Мұртты оба, ғұрыптық орындар, тас жәшік, қорым, қоршау, асық, сүйекпен бал ашу.
2014 жылдың жазғы маусымында «Шыңғыстау археологиялық экспедициясы» Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының террриториясында өз зерттеулерін жалғастырды. Шыңғыстау өңірінде көне тарихымызды түгендейтін археологиялық экспедициялар осы уақытқа дейін тек бір бағытта немесе шағын топтардан тұратын зерттеушілердің қазбаларымен жүргізіліп келген болатын.
Археологиялық және этнологиялық кешенді зерттеулердің басты бағыты өңірдің көне тарихы мен жергілікті жерде қалыптасқан археологиялық мәдениеттердің ерекшелігі, сондай-ақ өңір халқының этногенезі мен этникалық тарихына қатысты мәліметтер жинау болды. Зерттеудің келесі бір бағыты этнологиялық зерттеулер барысында халықтың әлеуметтік жағдайы мен шаруашылық негізі, топонимикасы, тарихи маңызды ескерткіштері арқылы кластерлі туризм бағытын дамытудың алғы шарттарын қалыптастыру болды. Осы бағыттар бойынша зерттеулер бастамасы нәтижесіз де болған жоқ.
Шыңғыстау жерінде ғылыми тұрғыда зерттеулер азды-көпті болғанмен олардың дені Сарыкөл төңірегінде жүргізілді.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдерде белгілі ғалым Әбусағит Жиреншиннің ба- стамасымен өлкетанушылық экспедициялар және Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдің қызметкері Л.К. Нифонтованың, Ленинградтық ғалым С.С. Черниковтардың барлау жұмыстары нәтижесінде Сарыкөл ескерткіштері тізімге алынды. Кейіннен 1980 жылдардың аяғында осы өңірдің тумасы Ә.М. Оразбаев осы Сарыкөл ескерткіштерін көріп сол маңнан бірнеше обаға қазба жүргізеді [1, 87-127], [2, 230], [3, 37-86].
Тәуілсіздік кезеңінен кейін бұл өңірлерде Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің экспедициялары бірнеше маусым зерттеулер жүргізіп әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің археологтары Ә.Т. Төлеубаев, Ғ.Қ. Омаровтарды ат салыстырған болатын. Бұл экс- педиция құрамында Семейлік тарихшы ғалым Амантай Исин және жергілікті әуесқой өлкетанушы Кәкен Шылғаубаевтармен бірге Семей университетінің бір топ студенттері ат салысты. Осы зертте- улерге әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің археологтары қатарында мақала авторы да ат салысқан болатын.
Осы зерттеулер барысында Сарыкөл маңынан біршама қомақты археологиялық жәдігерлер та- былып ол жөнінде Амантай Исин бірнеше мерзімді басылымға мақалалары мен еңбегін жарыққа шығарды.
Кейіннен мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында белгілі археолог Зейнол- ла Самашевтің жетекшілігімен «Шыңғыстаудың түркі дәуірі ескерткіштері» атты жобамен үш жыл зерттеулер жүрді. Ол зерттеудің қазба жұмыстарын Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының жас ғылыми қызметкері Ерден Оралбай жүргізді.
Алайда осы жоғарыда көрсеткен шағын тізімнің барлық зерттеушілері Шыңғыстаудың оңтүстік сыртындағы Сарыкөл маңы ескерткіштерін зерттеумен шектелді. Нақтылап айтқанда 10 шақырымдық радиусты қамтитын шағын зерттеулер мен барлаулар Шыңғыстаудың көне тарихи- мәдени ерекшелігін айшықтап бере алмасы анық.
Осындай бағытты зерттеулердің сыртында бүгінгі күні өз бетінше қазына іздеу мақсатында
археологтардың атын жамылып тонаушы топтардың көбейуі қынжылтады. Туған жердің тарихын көздің қарашығындай қорғап оны барша ел болып жұмыла сақтау ісі бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі.
Соңғы екі жылдың көлемінде Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің археологиялық және этнологиялық экспедициясы Шыңғыстау өңірінде толық барлау жұмыстары мен қазба зерттеулерін жүргізуде. Осы уақытқа дейінгі барлық ақпараттарды қамти келе тас дәуірінен бастап, қола, ерте темір, түркі кезеңдерінің 270 тен астам кешенді ескерткіштері тізімделді. Соны- мен бірге Олжай ауылының жер әкімшілігіне қарасты Қаракемер қойнауында, Тоқтамыс ауылының маңынан Айтуған, Қырықүнгір қорымдарында және Құндызды ауылының әкімшілігіне қатысты Суықбұлақ, Баймағұл қорымдарына қазба жұмыстары жүргізілді.
Солардың бірі, қола дәуірінен бастап орта ғасырларға дейінгі ескерткіштерден тұратын — Қырықүңгір жерлеу кешені.
Қырықүңгір жерлеу кешені – Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Тоқтамыс батыр (Бестамақ) елді мекенінен солтүстікке қарай 2 км жерде, екі мұсылман зиратының арасында жатыр. Қырықүңгір тауынан батысқа қарай 350 метр жерде Шаған өзенінің сол жағалауындағы екінші тер- рассада орналасқан. Таудың «Қырықүңгір» деп аталуы тау беткейінде көптеген үңгірлер орнала- суында, соған байланысты қазақтың «қырық» және «үңгір» деген сөздерінің бірігуіне байланысты аталған.
Қырықүңгір жерлеу кешенінде бір шаршы шақырым аймақта орналасқан қола, ерте темір және түркі дәуірінің ескерткіштері кездеседі. Оңтүстік — шығыстан солтүстік – батысқа қарай созылып жатқан қорымда құрамында 100-ге жуық ескерткіштер анықталды. Ескерткіштердің негізгі бөлігін қола дәуірінің қоршаулары құрайды сонымен қатар, соңғы қола дәуірінің құрылысы күрделі болып келетін қоршаулары мен обалары, ерте темір дәуірінің қорғандары және түркі кезеңінің қоршаулары. Осылардың ішінде өлшемдерімен ерекшеленіп тұрған биіктігі 3-4 метр, диаметрі 35-40 метрді құрайтын ерте темір дәуірі қорғандары және биіктігі 2,5 метрді құрайтын пішіні тік төртбұрышты болып келетін соңғы қола дәуірінің қорғаны орналасқан.
Археологиялық қазба жұмыстары әр кезеңге жататын төрт ескерткішке жүргізілді. Олар: сақ дәуірінің мұртты обасы және қола дәуірінің үш қоршауы.
«Мұртты» оба – қорымның солтүстік шығыс бөлігінде жекелеу орналасқан. Қазба жұмыстарына дейін қорған тас және топырақ араласқан пішіні дөңгелек үйінді тәріздес болды. Өлшемдері: диаметрі оңтүстіктен солтүстікке қарай 11м, шығыстан батысқа 12 м, биіктігі 0,5 м. Мұрттың ұзындығы : солтүстік мұртының ұзындығы – 47,5 м, оңтүстік мұртының ұзындығы — 41,7 м, солтүстік мұртының ені – 3 м, оңтүстік мұртының ені – 2,5 м. Қорғанның беткі бөлігіне тазалау жұмыстарын жүргізгеннен кейін орталық нүктеден оңтүстік – шығысқа қарай жер бетінен 0,3 м тереңдікте жылқының шашылған сүйектері табылды. Қорғанды тазалау жұмыстары біткеннен соң басқа құрылымдық ерекшеліктер байқалмады. Қорғанның орталық бөлігінен оңтүстік-батысқа қарай 1,5 метр жерден, жақсы сақталған қалпында жылқы сүйегінің алдыңғы бөлігі табылды. Сүйек қалдықтарының орналасуына қарағанда жылқының алдыңғы екі қол бөліктерін шығысқа бағыттап көмген.
Қазба жұмыстары барысында мұртты обаның мұртшаларының әр бөліктерінен от орындары мен күл қалдықтары көптеп кездесті. Солтүстік мұртшаның шығыс жақ басынан бүтін күйінде сақталған тігінен тұрған қыш ыдыс табылды. Қыш ыдыстың формасы мен ернеуіндегі батырылып салынған өрнектеріне қарап ерте темір дәуірінің соңғы ширегіне жатқызуға болады.
Мұртшаның басқа да бөліктерінен шашылып табылған қыш ыдыс сынықтары кездесті.
Біздің пайымдауымызша мұртты кешеннің негізгі обасынан адам сүйектерінің кездеспеуі мен бірге от орындары, қыш ыдыс сынықтары мен жылқы сүйектеріне қарап сол дәуірдің ғұрыптық кешенді құрылысы болған деп жорамал жасауға болады.
№ I қоршау– мұртты қорғаннан оңтүстік – батыс бағытына қарай 65 м жерде орналасқан, пішіні шаршы тәріздес әрбір қырының ұзындығы 6 м – ге жетеді. Қоршау дөңгелек тастарды жерге қадап орнату арқылы тұрғызылған, тастардың диаметрі 25 – 35 см, жер бетінен 0,4 – 0,5 метр сыртқа шығып тұр. Қазбаға дейін қоршаудың беткі бөлігін қалың шөп басып жатты.
Қоршау толық шым қабатынан тазаланғаннан соң, ортаңғы бөлігінен ұзындығы 3,7 м., ені 2,7 м. құрайтын қабір шұңқырының ізі табылды. Қабіршұңқырды тазалау барысында 0,7 м, тереңдікте таспен қаланып қоршалған құрылыс (циста) анықталды, тас қоршаудың ұзындығы — 2,5 м, ені – 1,7 м, биіктігі – 1 м, құрайды. Қазу барысында тас қоршаудың ішінен ретсіз, шашылған кейпінде адам сүйектері және қыш ыдыстың сынықтары табылды. Қоршаудың батыс бөлігінің қабырғаға
жақын жерінде орташа сақталған адамның бас сүйегі табылды. Қоршаудың ішін тазалау барысын- да материк деңгейінен киіздің қалдықтары табыла бастады. Киіз қалдығының сақталу деңгейі өте нашар. Киіз қалдығының сақталған бөлігінің көлемі 25х10 см болады. Киіздің табылуына қарап жерленген мәйітті киіздің үстіне жатқызған болуы мүмкін. Қоршау кезінде аяусыз тоналған. Жер- леу камерасының ішінен басқа қосымша ешқандай заттар табылған жоқ.
№ II қоршау – қорымның орталық бөлігінде, «мұртты» қорғаннан батысқа қарай 13 метр жер- де орналасқан. Қоршау жақпартастарды тігінен жерге қадап орнату арқылы тұрғызылған диаметрі 6,5 м құрайды, тігінен орнатылған жақпартастардың жердің бетінде көрініп тұрған бөлігі 0,15-0,2 метрді құрайды. Қазбаға дейін қоршаудың беткі бөлігін қалың шөп басып жатты. Қазба барысында оңтүстік – батыстан солтүстік – шығыс бағытына қарай бір тізбек бойында орналасқан 3 тас жәшік табылды. №1 және №2 тас жәшіктердің арасына ортақ, жақпартастан қабырға тұрғызылған.
№ 1 тас жәшік – қабырғалары жерге тігінен қадау арқылы орнатылған 4 жалпақтастан тұрғызылған. Тас жәшіктің өлшемдері: ұзындығы — 1,9 м, ені – 1,1 м, биіктігі – 0,72 м. Тас жәшіктің ішін тазарту барысында 70 см тереңдіктен ретсіз, шашыраңқы түрде орналасқан қыш ыдыстардың сынықтары мен адамның сүйектері, қоладан жасалған әшекей бұйымдардың қалдықтары табылды. Жәшіктің солтүстік бұрышында еңбек құралдары, ал батыс бөлігінде адам сүйектерімен қатар қола пластиналар табылды. Осы тереңдікте тас жәшіктің оңтүстік – шығыс бөлігінде жиналған түрде 36 асық табылды.
№ 2 тас жәшік – жерге тігінен орналастырылған 3 жақпартастан тұратын қабырғалы жәшіктің оңтүстік қабырғасы № 1 тас жәшікке де ортақ. Тас жәшіктің өлшемдері мынадай: ұзындығы – 1,9 м, ені – 0,9 м, биіктігі 0,7 м. Қазба барысында тас жәшіктің ішінен 70 см тереңдіктен шашыраңқы түрде қыш ыдыстың сынықтары және адам сүйегінің қалдықтары табылды. Жерленген адам сүйегінің жоғарғы бөлігі шашылып қалған екен, ал белден төмен қарай алғаш жерленген кезіндегі, аяқтары бүгілген қалпын сақтапты. Тас жәшіктің оңтүстік – шығыс бөлігінен, жерленген адам аяқтарының қасынан үйілген күйінде 140 дана асықтар табылды.
№ 3 тас жәшік – қабырғасы жерге тігінен орналастырылған 4 жалпақтастан тұрады. Өлшемдері: ұзындығы – 1,4 м, ені – 0,8 м, биіктігі – 0,53 м болатын жәшіктің бетіне тазалау жұмыстарын жүргізген кезде жылқы сүйек қалдықтары табылды. Тас жәшіктің ішін тазалау барысында 0,5 м тереңдіктен қыш ыдыстың сынықтары, шашылған адам сүйегінің қалдықтарынан басқа ештеңе та- былмады.
№ ІІІ қоршау — қорымның орталық бөлігінде, «мұртты» қорғаннан батысқа қарай 28 м жерде орналасқан. Қоршау жалпақтастарды тігінен жерге қадап орнату арқылы тұрғызылған диаметрі 5 м құрайды, тігінен орнатылған жалпақтастардың жердің бетінде көрініп тұрған бөлігі 0,15-0,2 м, құрайды. Қазбаға дейін қоршаудың беткі бөлігін қалың шөп басып жатты. Қазба барысын- да қоршаудың ортасынан ұзындығы – 1,9 м, ені – 0,9 м, биіктігі 0,7 м., болып келетін тас жәшік анықталды. Тас жәшіктің қабырғасы жерге тігінен орналастырылған 4 тастан тұрады. Тас жәшіктің ішін тазалау барысында 72 см тереңдіктен шашыраңқы түрде қыш ыдыстың сынықтары, адам және жылқы сүйектері араласқан күйінде жатқанын анықтадық.
Тас жәшіктерден табылған қыш ыдыстардың барлығы тік кертпішті иықты болып келген өрнегі тек бүйірінен жоғары салынған алакөл мәдениеті ескерткіштеріне тән екенін айта кету керек. Алай- да Шыңғыстау өңіріндегі қола дәуірі қыш ыдыстарының өрнектеріндегі ерекшеліктер Ертіс бойы қола дәуірі мәдениеттеріне қарағанда Орталық Қазақстандық нұсқаларға жақын екенін ескерте кет- кен жөн.
Бұл жазғы далалық зерттеу маусымының қомақты жаңалықтарының бірі асықтардың табылуы болып саналады. Осыған дейін асықтар Орталық Қазақстанның қола дәуіріне жататын Бағанаты ІІ [4] қорымынан және Солтүстік Қазақстандағы Амангелді І қорымының №5 қорғанынан [5] табылған. Сонымен бірге Еуразия даласында кең тараған ерте қола дәуірі мәдениеттері саналатын көне шұңқыр, катакомбалы және андронов – қима мәдениеттерін зерттеуші ғалымдар тарапынан қарастырылады. Олардың қатарында Ковалева И.Ф. [6], Кирюшин Ю.Ф. [7], Рослякова Н.В. [8], Сотникова С.В. [9, 240] сынды ғалымдар еңбектері. Зерттеушілердің ойынша жерлеу орындарынан табылған асықтарды тек қана балалар ойынына қолданғаны туралы айтады, себебі осыған дейін асықтар көбінесе балалардың қабірінен табылып келген. Бұл жолғы асықтар ересек адамдардың қабірінен табылып отырғандықтан және бір шетінде тұмар ретінде тағылған тесіктері бар, екі шеті де егелгені, қызыл түске боялғандарын ескере келе асықтың тек бала ойыны үшін емес, сонымен бірге, ғұрыптық, дүниетанымдық мәні бар деп жорамалдауға негіз болвп отыр.
Жоғарыдағы зерттеушілер ішінде С.В Сотникованың пікірлері оқ бойы озық тұратынын айта
кету керек. Оның зерттеулері бойынша асықпен жерлеулерді бір жүйеге келтіре отырып балалардың жас ерекшелігіне қарай екі топқа бөліп қарастырады. Бірінші 5-6 жастағы балалар аз асықтармен жерленген яғни ата-анасының баланың жасына 1 – 5 дейін асықтар қою, екінші 7-14 жастағы бала- лар асықтардың көптеп кездесуі яғни өздерінің ойнап ұтқан асықтары деп жорамалдайды [9, 256].
Ал ересек адамдар қабірлерінде кездесетін асықтар жөнінде мардымды ештеңе айтпайды. Со- нымен бірге этнографиялық деректерді қолдана отырып тәжіктер мен алтайлықтардың және монғолдардың мысалында алады. Дегенмен бұл пікірлерінің өзі бала атрибутында ғана шектеледі. Ал біздің ойымызша асықтың көне дәуірлерде атқарған функциялық қызметі әлдеқайда тереңірек болған. Мәселен қазақ халқында тіпті көпшілік түркі жұртында кездесетін кәрі жілік, жауырын сүйекпен бал ашу, жорамал жасау сияқты қызметімен қатар асықты халықтық ойын ретінде, ханның ойыны ретінде, рулық белгілерді беретін, шешімдер шығаратын асылы деп қарау керек сияқты. Әрине асықтардың қола дәуірлерінен бастап кейінгі орта ғасырларға дейінгі ескерткіштердегі археологиялық табылымдарымен бірге қазақ халқының тұрмысы мен дүниетанымында кездесетін белгілерін зертеу мен жүйелеу жеке ғылыми мақалаға арқау болатыны анық. Сондықтан да археологиялық зерттеулердегі барлық жерлеу орындарының бізге дейінгі дәуірлерде тоналса да, табылған заттық айғақтар сол дәуірдің материалдық және рухани өмірінен беретін деректік кілт
болып табылады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Самашев З., Сапашев О., Оралбай Е., Төлегенов Е., Исин А., Сайлаубай Е. Шығыс Қазақстанның байырғы өнер туындылары. – Алматы: «Археология» ЖШС баспа тобы, 2010. – 216 б.
2 Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы // МИА. — №88. – М.-Л.: Наука, 1960. – 272 с.
3 Исин А. Шыңғыстау, Берел, Шілікті, Абыралы: 1999-2003 жж. Археологиялық зерттеулер. – Семей, 2004. – 184б.
4 Калиев Б.А.Об обряде захоронения детей у андроновских племен. Материалы республиканской научно- практической конференции // чтения Козыбаевские. – Петропавл. – 2014.
5 Калиев Б.А. Специфические обряды жертвоприношения в детских погребениях бронзового века на тер- ритории Северного Казахстана. Сибирский сборник 1 Погребальный обряд народов Сибири и сопредельных территорий. Книга 1. – СПб. – «Музея антропологии и этнографии им. Петра Великого (Кунсткамера) РАН».
– 2009.
6 Ковалева И.Ф. Срубные погребения с наборами альчиков. Исследования по археологии Поднепровья.
Отв. ред. И.Ф. Ковалева. – Днепропетровск. – «ДГУ». – 1990.
7 Кирюшин Ю.Ф., Папин Д.В., Позднякова О.А., Шамшин А.Б. Погребальный обряд древнего населения Кулундинской степи в эпоху бронзы. Аридная зона юга западной Сибири в эпоху бронзы: сб. науч. трудов. – Барнаул. – «Алт. гос. ун-та». – 2003.
8 Рослякова Н.В. Погребальные комплексы с костями животных из могильников срубной культурно-исто- рический общности Самарского поволжья. Диссертация на соискание кандидата исторических наук. Авторе- ферат. – Казань. – 2014.
9 Сотникова С.В. Детские погребения с наборами альчиков и роль игры в обществах степного населения эпохи бронзы. Вестник археологии, антропологии и этнографии. Электр. журн. №2(25) Глав. ред. А.Н. Бага- шев. – Тюмень. – «ИПОС СО РАН». — 2014.
REFERENCES
1 Samashev Z., Sapashev O., Oralbaj E., Tolegenov E., Isin A., Sajlaubaj E. Shyğys Qazaqstannyñ bajyrğy uinctum tuyndylary. – Almaty: «Arheologija» ZhShS baspa toby, 2010. – 216 b.
2 Chernikov S.S. Vostochnyj Kazahstan v jepohu bronzy // MIA. — 88. – M.-L.: Nauka, 1960. – 272 s.
3 Isin A. Shyngystau, Berel, Shіlіktі, Abyraly: 1999-2003 zhzh. Arheologijalyk zertteuler. – Semej, 2004. – 184 b. 4 Kaliev B.A. Ob obrjade zahoronenija detej u andronovskih plemen. Materialy respublikanskoj nauchno-
prakticheskoj konferencii // chtenija Kozybaevskie. – Petropavl. – 2014.
5 Kaliev B.A. Specificheskie obrjady zhertvoprinoshenija v detskih pogrebenijah bronzovogo veka na territorii Severnogo Kazahstana. Sibirskij sbornik 1 Pogrebal’nyj obrjad narodov Sibiri i sopredel’nyh territorij. Kniga 1. – SPb. – «Muzeja antropologii i jetnografii im. Petra Velikogo (Kunstkamera) RAN». – 2009.
6 Kovaleva I.F. Srubnye pogrebenija s naborami al’chikov. Issledovanija po arheologii Podneprov’ja. Otv. red.
I.F. Kovaleva. – Dnepropetrovsk. – «DGU». – 1990.
7 Kirjushin Ju.F., Papin D.V., Pozdnjakova O.A., Shamshin A.B. Pogrebal’nyj obrjad drevnego naselenija Kulundinskoj stepi v jepohu bronzy. Aridnaja zona juga zapadnoj Sibiri v jepohu bronzy: sb. nauch. trudov. – Barnaul.
– «Alt. gos. un-ta». – 2003.
8 Rosljakova N.V. Pogrebal’nye kompleksy s kostjami zhivotnyh iz mogil’nikov srubnoj kul’turno-istoricheskij
obshhnosti Samarskogo povolzh’ja. Dissertacija na soiskanie kandidata istoricheskih nauk. Avtoreferat. – Kazan’. – 2014.
9 Sotnikova S.V. Detskie pogrebenija s naborami al’chikov i rol’ igry v obshhestvah stepnogo naselenija jepohi bronzy. Vestnik arheologii, antropologii i jetnografii. Jelektr. zhurn. 2(25) Glav. red. A.N. Bagashev. – Tjumen’. –
«IPOS SO RAN». — 2014.
Археологические раскопки в могильнике Кырыкунгир на территории Чингистау.
В статье даны предварительные результаты археологических работ, которые были проведены на тер- риторий Абайского района Восточно Казахстанской области вблиз поселка Токтамыс батыр в могильнике Кырыкунгир состоящего из памятников от эпохи бронзы до средневековья. Были раскопаны три ограды бронзовый эпохи и один курган с усами. В статье вы можете ознакомиться с приведенными аналогиями яр- ких находок, таких как альчики (астрагалы, асыки) обнаруженные в ходе раскопок ограды бронзовой эпохи. Ключевые слова: Погребальный комплекс Кырыкунгир, Курган с усами, культовые места, могильник,
асык (альчики), гадания с костями.
Archaeological excavations in the cemetery Kyrykungir at the territory of Shyngistau.
The article presents the preliminary results of the archaeological works that have been carried out on the territory of Abai district of the East Kazakhstan region near the village of Batir Toktamys in the cemetery Kyrykungir consisting of monuments from the Bronze Age to the Middle Ages. It was excavated three fences of the Bronze Age and the one mound with a mustache. In this article you can find a given striking analogies findings such as alchiks (astragalus, asyk, sheep’s bones) discovered during the excavation fence of the Bronze Age.
Key words: Funeral complex Kyrykungir, Kurgan with a mustache, places of worship, burial, asyk (alchiks), divination with bones.