А.Т. СЕРУБАЕВА
Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ PhD докторанты
Ш.УӘЛИХАНОВ ПАЙДАЛАНҒАН ОРТА ҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР
Мақалада Шоқан Уәлиханов пайдаланған ортағасырлық жазба деректерге талдау жасалып, оларға же- ке-жеке сипаттама берілген. Атап айтқанда, «Шайбанинама», «Шежіре-и түрк», «Жамиғ ат-тауарих»,
«Тарих-и Рашиди», «Тазкира-йи Сұлтан Сұтұқ Бұғра хан», «Туғлуқ Темір хан», «Тазкира-йи қожақан»,
«Абумүслим Мауризи». Сондай-ақ, қазақ және қырғыз халықтарының «Едіге», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» және «Манас» жырлары талданып, мақалада олар тарихи дерек ретінде пайдаланылған.
Түйін сөздер: орта ғасыр, ортағасырлық қолжазба, дерек, шығарма, шығыс, «Едіге», «Қозы Көрпеш- Баян сұлу», «Манас», этногенез.
Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың еңбектері бүгінгі күнге дейін маңыздылығын жойған жоқ. Қайта ғалымның туғанына 180 жыл толуына орай ғалымның еңбектері қайта сараланып, жаңа қырлары ашылу үстінде. Ғалымның жазған еңбектерінде көптеген ғылым салаларының атап айтқанда, тарих, география, этнология, археология, топонимика, нумизматика, эпиграфиканың өзекті мәселелері қозғалған. Шоқан Уәлиханов өз шығармаларында әрбір деректі аса байыппен зерделеп, оларға сын көзбен қарап, ал қазақ пен қырғыз халқының тарихын зерттеуде жазба дерек- тер жетіспеген жағдайда халық ауыз әдебиетіне сүйене отырып зерттеген. Cонымен қатар, Шоқан көшпелі халықтардың тарихын зерттеуде халық ауыз әдебиетін тарихи дерек ретінде пайдаланып тұңғыш рет ғылыми айналымға енгізді. Шоқан қазақ халқының және Орталық Азия халықтарының тарихына қатысты сол кездегі маңызды деген қолжазбаларды өзінің еңбектерінде пайдаланып, оларға талдау жасаған.
Шоқан Уәлиханов Қазақстанның және Орталық Азияның тарихын зерттеу барысында батыстың және шығыстың жазба деректерін және халық ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде пайдаланды. Ғалым әсіресе, «Жоңғария очерктері», «Қазақ шежіресі», «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-лу өлкесінің шығысындағы алты қаласының жағдайы» атты еңбектерін жазу бары- сында ортағасырлық жазба деректерге сүйенесе, ал қазақ және қырғыз халықтарының тарихы мен этногенез мәселесін зерттеуде «Едіге», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Манас» жырларын төл тарихи дерек ретінде пайдаланды. Біз осы мақала ғалым пайдаланған ортағасырлық шығыс деректеріне талдау жасамақпыз. Шоқан Уәлиханов Қашғардан «Сұтұқ Бұғрахан тарихы», «Туғлуқ Темір хан та- рихы», «Қожалар тарихы», «Абумүслим Мауризи» атты сирек ортағасырлық құнды қолжазбаларды әкелгені белгілі. Аталған ортағасырлық қолжазбаларды ол шығармаларында кеңінен пайдалана- ды. Сондай-ақ, ғалым «Шайбанинаме», Әбілғазының «Шежіре-түрк», Қадырғали Жалайыридың
«Жамиғ-ат-тауарих», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи Рашиди» еңбектерін пайдаланып, тіпті кейбіреулерін орыс тіліне аударады.
Шоқан Уәлиханов Қашғардан іздеп таба алмай келген «Тарихи Рашиді» еңбегін шығыстанушы И.И. Березин мен әзірбайжан шығыстанушысы Мұхамедәлі мырза Қазымбек арқылы Петер- бор университетінің шығыс тілдері факультетінің кітапханасында сақталып тұрған парсыша қолжазбасы арқылы танысады. Аталған қолжазбаны Бөкей ордасының ханы Жәңгір Бұқарадан құнды шығыстық қолжазбалармен бірге осы «Тарихи Рашиди» еңбегін де алдырған екен. Ол бұл қолжазбаны тағы бір-екі шығармамен бірге өзінің танысы профессор Қазымбекке табыс етеді [1, 81 б.]. Ал Қазымбек бұл кітапты өзі жұмыс істейтін университеттің шығыс тілдері факультетінің кітапханасына тапсырады. Шоқан кітапты осылайша қолына түсіреді.
Қазақ халқының тарихы үшін маңызы жоғары және Орталық Азия тарихы жөнінде көптеген мәлімет беретін Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегін алғаш рет Ресей ғалымдары арасынан бірінші болып ғылыми айналымға енгізген Шоқан Уәлиханов болатын. Оның әйгілі «Жоңғария очектері» еңбегінде 1861 жылы Петербургтегі ЗРГО-ның (Записки Русского Гео- графического общества) 1-кітабында 184-200 беттерде, 2 кітабында 35-58 беттерде басылып шықты. Міне, осындай аса құнды ғылыми басылымның 2-3 беті М.Х. Дулатидің «Тарихи Рашиди» кітабына арналған. Онда Ш.Уәлиханов осындай құнды тарихи кітаптың сол уақытқа дейін Ресей ғылымында белгісіз болып келгені туралы айтады. Сонымен қатар ғалым өзінің «Тарихи Рашиди- ден» үзінділер деп аталатын құнды зерттеуінде кітаптың мазмұнына тоқтала отырып, өзі Қашғардан
алып келген қолжазбалардың авторларына тоқталып өтеді [2].
Ғалым «Тарихи Рашидиден» үзінділер деген шығармасында Ғылым академиясының музейінде тұрған «Тарихи Рашиди» қолжазбасын Кашғар хакімбегі Жүніс Тәжінің тапсыруымен Мұхаммед- Садық Қашғаридың түркішеге аударғаны туралы жазады. «Тарихи Рашидиде» тарқатылған автордың ата-тек шежіресіне қатысты мәліметтерді тарқата отырып, оның арғы бабаларының бірі Бауырту Дуғлаттан бергі кестені сызады [1, 81 б.].
Жетімдіктің ауыр зардабын тартқан автор 13 жасында Сағид-хан сұлтанның тәрбиесіне алынған. Ханның оған деген ерекше ықыласы ханның балалары мен ағайындарының қызғанышын тудырады. Ол 24 жыл бойы ханның қасында болып, оның бұйрығымен көркемсөз шығармашылығымен, поэ- зиямен, сондай-ақ кітап жазумен де, сурет салумен де, ісмер жұмыстар шеберлігімен де айналысып, халықты таңқалдырады, темір жону өнерінің, ұсталықтың, дипломатиканың шебері болады. «Егер не білетінімді айтар болсам, онда әңгіменің шегі алысқа кетеді. Жай қарым-қатынаста, сұхбатта, соғыста, садақ ату кезінде, аңшылықта және сондай-ақ басқару істерінде осының барлығында мен ханның шәкірті болдым. Алайда мен оның балаларынан көп жаманшылық көрдім», — деп автор өзі туралы жазып кетеді [3, 15-16 бб.].
Шоқан Уәлиханов кітаптың екі бөлімнен тұратынын, бірінші бөлім Қашғар хандығы Тоғылық Темірден, яғни 1362 жылы Шыңғыс хан ұрпағынан Рашид ханға дейінгі (1554 ж.) тарихты қамтитынын, ал екінші бөлім мемуар түрінде автор естеліктерінен тұратынын көрсетеді. Ғалымға парсы тілінде жазылған қолжазбаны аталған университеттің оқытушысы Хұсайын бин Файзхан қазақшаға жуықтатып аударып береді.
Кітаптағы Тоғылық Темірдің ата-тегін тарқатқан мәліметтерге сүйене отырып, Шоқан Шыңғыс ханның арғы анасы Аланкуа Көрік сұлудан бастап Рашид ханға дейін өрілетін әулеттік шежірені жасап шығарады [1, 82 б.]. Ортағасырлық «Тәзкире-и Бұғра хан» қолжазбасын Шоқан Қашғардан алып келгенін жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұл еңбек жөнінде алғаш пікір білдіріп, ғылыми айналымға енгізген Шоқан Уәлиханов болатын. «Тәзкире-и Бұғра хан» — Қарахандар әулеті билеген (Х-ХІІ ғғ.) кезеңдегі түрік қағанатының тарихы мен аталған мемлекеттің басты тұлғалары жайында
аса құнды мәліметтер беретін еңбек болып табылады. Көне қолжазба қара сөзбен жазылғанмен онда парсы және түркі тіліндегі өлең шумақтары да араласып отырады. «Тәзкире-и Бұғра ханның» негізгі кейіпкерлері – Қарахан мемлекетінің негізін қалаған түркі қағаны Сұлтан Сатұқ Бұғра хан ғазы мен оның ұрпақтары болып табылады, алайда кітапта ортағасырдағы Қашғар, Жетісу, Орта Азия – Мәуеренаһр аймақтарына Ислам діні мен мәдениетінің таралу тарихына қатысты бірқатар құнды деректер ұшырасады [4, 10 б.]. Аталған қолжазба Шоқанды осындай мәліметтермен қызықтырады. Шоқан Қашғардан алып келген тағы бір қолжазба Мұхаммед-Садық Қашғаридың «Тазкира-йи қожақан» еңбегі Шығыс Түркістан тарихында ықпалы аса зор болған қожалар әулетінің тарихы туралы және оны билеген хандар туралы зор мәліметтер жинаған құнды ортағасырлық шығарма болып табылады. Автор еңбекті Қашғар хакімбегі Осман бек пен оның анасы Рахиманың өтініш етуімен жазған екен. Шығармада Қашғар түбіндегі зәулім мазарға аты қойылған әйгілі әулие Афақ қожа ғана емес, оның арғы ата-бабалары Махдұм Ағзамнан бері қарай екіге бөлінетін ақтақиялық және қаратақиялық қожалардың шежіресі, осы өңірлерде кейінгі ғасырларда өткен тарихи оқиғалар
сипатталады [5, 62 б.].
Қашғардан әкелінген келесі қолжазба авторы белгісіз «Тазкира-йи Тоғылық Темір хан» Шағатай әулетінің мұрагері Тоғылық Темір ханның өмірі мен оның ұрпақтарының тарихына арналған құнды еңбек болып саналады. Онда Қазақстан және Орталық Азияның тарихына байланысты деректер көптеп кездеседі.
Шоқан Уәлиханов 1825 жылы Қазан қаласында түркіше қолжазбасынан жарық көрген Әбілғазы Бахадүр ханның «Шежіре-и түрк» (Түркі шежіресі) еңбегімен танысады. Кітаптың авторы Әбілғазы хан 1661 жылы «Шежіре-и Тарахима» (Түркмен шежіресі) атты құнды еңбегін жазып бітіреді. Ал- пыс жасынан бастап, билігін баласы Анушмұхаммедке тапсырып, «Шежіре-и түрк» атты өз ата- бабаларының тарихын жазуға отырады. Кітап жартысынан асқанда, ауруға ұшырап, жазуға шамасы келмей оны аяқтауды балаларына өсиет етіп тапсырып, дүниеден өтеді. Шығарманы ұлы Ануш батыр 1664 жылы аяқтайды [6, 136-137 бб.].
Әбілғазы ханның «Түркі шежіресі» — тарихи-деректік, әдеби және тілдік жағынан шоқтығы биік шығармалардың бірі. Шежірені зерттеушілер оны Шыңғыс ханнан бұрынғы және одан кейінгі дәуірлерде Орталық Азия, Қазақстан, Таяу Шығыс елдерінде болған оқиғалар мен сол тұстағы ел басқарған хандар жүргізген саясат туралы жылнама ретінде жоғары бағалайды. Шежіреде қазақ халқын құраған рулар мен тайпалардың көне тарихы, тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті жайында құнды деректер көп кездеседі. Әбілғазы бұл кітабын жазу үшін соған дейін түркі, парсы, араб тілдерінде жазылған көптеген шығармалардағы деректерді кеңінен пайдаланған. Ол жөнінде өз шежіресінің кіріспесінде: «мен пақырдың алдында Иран мен Тұранда өткен Шыңғыс хан ұрпақтарының тарихы жазылған он сегіз байлам еңбек жатыр» деп баяндайды. [6, 137 бб.].
Шоқанды қызықтырған тағы бір шығарма Қадырғали Жалайыридың «Жами-ат тауарих» (Шежірелер жинағы) қолжазбасы. «Джами ат-тауарихты» Уәлиханов сирек ұшырасатын тарихи шығарма, XV, XVІ ғасырлардағы қазақтың тарихи аңыздар жинағы ретінде бағалады. Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарих», яғни «Шежірелер жинағы» атты еңбегі түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының мәдени және рухани өмірінде алар орны ерекше. Атақты орыс ғалымы И.Н. Березин 1854 жылы Қазанда «Шығыс тарихшылары кітапханасы» басылымдары сериясы- мен алғаш рет жариялаған. Оны қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов бірінші болып зерттеп, ғылыми бағасын берген.
Қадырғали Жалайыридың «Шежірелер жинағы» мазмұны, құрылымы жағынан алғанда, шартты түрде үш бөлімге бөлуге болады, яғни: орыс патшасы Борис Годуновқа арналған тарау. Одан кейін
«Жами ат-тауарих» атты Рашид-ад-диннің еңбегі негізінде жазылған тарих. Үшіншісі, Ұрұс хан- нан Ораз Мұхамед сұлтанға дейінгі Шыңғыс әулеті ұрпақтарының шежіресі. Бірақ Қадырғали Жа- лайыр еңбегінің негізгі желісі Ораз Мұхамед ханның тарихы болып келеді. Ораз Мұхамед атақты Тәуекел ханның (1586-1598) інісі Ондан сұлтанның ұлы болатын [7].
Шоқан Уәлиханов «Шейбани-наме» мен «Шежіре-и-түрктің» (И.Н. Березин басылымы) көптеген жерлерін жазып алып, солардың негізінде теориялық жағынан маңызды «Қырғыздың шежіресі» атты еңбегін жазды.
Шоқан бірнеше шығыстық және еуропалық тілдерді білгендіктен, сол тілде жазалған еңбектерді тұпнұсқада оқуына мүмкіндігі болды. Орта Азия мен Қазақстан халықтарының географиясына, та- рихына қатысты материалдардың орыс тіліндегісінен басқа, барлық еуропалық және шығыстық дереккөздермен де қиналмай таныса алды. Ол ұзақ та мұқият қарастырған парсы, арап, түрік тілдеріндегі дереккөздер оған жақсы таныс болды.
Қорыта айтар болсақ, Шоқан Уәлиханов қазақтан шыққан тұңғыш ғалым, ол Қазақстанның және Орталық Азия халықтарының тарихы мен мәдениетін өмірінің соңына дейін зерттеді. Шоқан Қазақстанның және Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеу үшін жазба деректерді және халық ауыз әдебиетінің үлгілерін тарихи дерек ретінде пайдаланды. Ол қазақ және қырғыз халықтарының «Едіге», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Манас» сияқты жырларын тұңғыш рет жазып алып, оларды орыс тіліне аударды. Ғалым сондай-ақ, «Шайбанинама», Әбізғазының «Шежіре-и түрк», Қадырғали Жалайыридың «Жамиғ ат-тауарих», Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» шығармаларын, Алтын Орда хандарының жарлықтарын, Қашғардан әкелген «Тазкира- йи Сұлтан Сұтұқ Бұғра хан», «Туғлуқ Темір хан», «Тазкира-йи қожақан», «Абумүслим Мауризи» қолжазбаларын Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуде кеңінен пайдаланды және оларды ғылыми айналымға бірінші болып енгізді.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Бейсенбайұлы Ж. Шоқан және «Тарих-и Рашиди» // Ақиқат. 2010. — №6. 80-83 бб.
2 Өтениязов С. Шоқан Уәлиханов және «Тарихи Рашиди» // Ана тілі. – 2014. – 4-10 қыркүйек. №35 (1241) 9 б.
3 Ш.Ш. Уәлиханов. Көп томдық шығармалар жинағы. IV том / 2 басылым. – Алматы: «Толағай групп», 2010. – 496 б.
4 Шоқан әкелген «Тәзкире-и Бұғра хан» қолжазбасы кітап болып шықты // Ана тілі. — 3 сәуір. — №14. – 10 б. 5 Шоқанды қызықтырған қолжазбалар. – Ақиқат. 2010. — №5. – 60-66 бб.
6 Бейсенбайұлы Ж. Шоқан және Әбілғазының «Түркі шежіресі» // Л.Н. Гумилев атын. ЕҰУ хабаршысы.
— №3 (76). – 2010. – 136-140 бб.
7 Тұяқбай М. Қасым хандығының тарихы жайлы мәлімет. http://www.namys.kz/?p=6183)
REFERENCES
1 Beisenbaiuly J. Shokan and «History and Raşïdï» // Truth. 2010. — №6. 80-83 bb.
2 Ötenïyazov S. Shoqan Walikhanov and «Historical Raşïdï» // native language. — 2014. — September 4-10. 35 (1241) 9 b.
3 Sh Ualikhanov. Multi-volume collected works. Volume IV / 2 edition. Almaty: «Tolagay Group», 2010. — 496 b. 4 Shokan leads to a «Täzkïre and Buğra Khan» was a book manuscript // native language. — April 3. — №14. 10 b. 5 Shokan interested in manuscripts. — Truth. — №5. — 60-66 bb.
6 Beisenbaiuly J. Shokan and Äbilğazınıñ «Turkish History» // LN LN name. University Bulletin. — 3 (76). — 2010
— 136-140 bb.
7 Tuiakbai M. (Interviews) More information about the history of Kasim Khanate. http://www.namys.kz/?p=6183)
А.Т. Серубаева, Ч.Валиханов и средневековые письменные источники.
В статье рассматривается средневековые письменные источники которые в своих сочинениях использо- вал Ч.Валиханов. Такие как, «Шайбанинаме», «Шежире-и турк», «Жамиг ат-таварих», «Тарих-и Рашиди»,
«Тазкира-йи Султан Сутук Бугра хан», «Туглык Темир хан», «Тазкира-йи ходжаган», «Абумуслим Мауризи». Народные эпосы казахского и киргизского народа «Едиге», «Козы Корпеш – Баян сулу» и «Манас в статье рассматривается как исторический источник.
Ключевые слова: средний век, средневековая рукопись, источник, сочинения, восток, «Едиге», «Козы Корпеш — Баян сулу», «Манас», этногенез.
A.T. Serubayeva, Ch.Valihanov and medieval written sources.
The article deals with the medieval written sources that in his writings used Ch.Valihanov . Such as , « Shaybaniname
«, « Shezhire , and the Turks ,» « Zhamig al- Tawarikh ,» « Tarikh-i Rashidi «, « Tadhkira -yi Sultan Sutuk Bugra Khan
«, « Tuglyk Temir Khan «, « Tadhkira -yi hodzhagan « « Abumuslim Maurizio .» The national epic of the Kazakh and Kyrgyz people « Edige «, « Goats Korpesh — Bayan Sulu» and «Manas article is considered as a historical source .
Key words: middle age , a medieval manuscript , source , composition, east, « Edige «, « Goats Korpesh — Bayan Sulu» , «Manas» ethnogenesis .