[ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ]
Жігіт:
—Бәдік бастап, жаным-ау, бәдік бастап, Жын-шайтан, неше айтамын «аулақ қаш» деп. Ауылыңда тойдан қызық бәдігің бар, Бермесе ерте хабар, Құдай табар.
Қыз:
—Бәдік кетіп барады таудан асып, Бұлтпенен таудан асқан араласып. Бәдігімді ұстап бер қамаласып, Шығайық шер-құмардан сабаласып.
Жігіт:
—Бәдік кетіп барады жер жазыққа, Аламын жеті бидай жол азыққа.
Жеті бидай біреуі жерге кіріп,
Кетемін басын байлап қу қазыққа.
Қыз:
—Бәдік кетіп барады сусамырға, Жолда жатыр қайқайып қу қабырға. Жатса, жатсын қайқайып қу қабырға, Тастайын алып барып бір тамырға.
Жігіт:
—Бұқпа бәдік, ендеше, бұқпа бәдік, Күні-түні жегенім жұқпа, бәдік.
Екеуінің ішіне кіріп кетіп, «Ойбай, өлдім» дегенше шықпа бәдік.
Қыз:
—Темір бәдік,
Екеуінің шекесін кемір, бәдік.
«Кемір-кемір» дегенге көп кемірме, Бүйрек майын же дағы семір, бәдік.
Жігіт:
—Бәдік кетіп барады айға таман, Жүгін ала жүгірдім тайға таман. Бәдікті кезекпенен айтып-айтып, Кәпірді итерелік сайға таман.
Қыз:
—Бәдік кетіп барады өзекпенен, Өзің бастап ұрасың тезекпенен. Құдай оңдап сол жауды қолға берсе, Бәдікті айтысалық кезекпенен.
Жігіт:
—Енді көшсең, әй, бәдік, аршаға көш, Кілем жауып жауып жүк артқан наршаға көш. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Алмаған ата тілін қалшаға көш!
Қыз:
—Бұрма бәдік, алжар-ау, бұрма бәдік, Бұралып босағада тұрма, бәдік.
Бұралып босағада тұрсаң, бәдік, Көңіліне егесінің келер кәдік.
Жігіт:
—Бәдік болсын жаным-ау, бәдік болсын, Бекер-ау бір момынға жолықпасын.
Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Топқа қосқан өгіздей солықтасын.
Қыз:
—Бәдік болсаң, сені мен білер едім, Ернің тесіп терекке ілер едім. Ернің тесіп терекке іліп қойып, Бір ауық тамашаңа күлер едім.
Жігіт:
—Бәдік кетіп Меккесіне, Ешкі арығын білдірмес текесіне. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Бар да жабыс осының шекесіне.
Қыз:
—Шапан сырын айтады шалғайына, Кемпір сырын айтады шал байына. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Бар да жабыс осының таңдайына.