ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ

[ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ]
Жігіт:
—Бәдікке «біссімілда» деп дүкен құрдым, Бәдіктің бір сабағын сізге бұрдым. Бәдігім бәдігіңе сай келмесе, Шамы жоқ, айыбы жоқ жайға тұрдым.
Қыз:
—Ұстасаң, өлтіріңіз бәдікті сіз, Біз дағы қу бәдікке кәріктіміз. Бәдікті Құдай оңдап қолға берсе, Төбелеп өлтірейік бәдікті біз.
Жігіт:
—Тезек пе, алма ма қапта тұрған, Сарт па екен, не қазақ па қақпан құрған? Бәдікті Құдай оңдап қолға берсе, Бәдікті итере сал отқа таман.
Қыз:
—Қазақ шаруа келеді мал жағына, Өзбек епті келеді тал жағына.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Бар да жабыс жігіттің таңдайына.
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, тарыға көш, Е, болмаса, түйенің нарына көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Қыздардың кесте тіккен қолына көш!
Қыз:
—Әй, бәдік, енді көшсең, ерінбе, көш, Ташкеннің даңғыраған жолына көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Жігіттің еңкейетін беліне көш!
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, бөріге көш, Е, болмаса, тұз түйген келіге көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Қыздардың сорма құйған көзіне көш!
Қыз.
—Әй, бәдік, енді көшсең, келіге көш, Жігіттің жататұғын жеріне көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Жігіттің сайрап тұрған тіліне көш!
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, Меккеге көш, Жүгірген қойдан қойға текеге көш.
Тілімді алсаң, бәдік,
Осы қыздың біреуін жетелей көш!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *