ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ

[ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ]
Қыз:
—Бәдік кетіп барады өзекпенен, Ұрасың өзің тастап тезекпенен. Бәдікті сіз де айтыңыз, біз де айталық, Бәдікті көшірейік кезекпенен.
Жігіт:
—Барады бәдік кетіп сайлауменен, Бекілер ауған түйе байлауменен.
Бәдікті сіз де айтыңыз, біз де айталық, Шайтанды көшірелік айдауменен.
Қыз:
—Барады бәдік кетіп қабақпенен, Ұрасың өзің тастап табақпенен. Бәдікті сіз де айтыңыз, біз де айталық, Бәдікті көшірелік сабақпенен.
Жігіт:
—Қу бәдік көшер ме екен тары берсек, Тарының табақ-табақ бәрін берсек. Бәдіктің көшпесіне қоямыз ба, Шуылдап жан-жағынан дари берсек.
Қыз:
—Бұл бәдік көшер ме екен бидай берсек, Бидайды табақ-табақ жинай берсек. Шайтанның көшпесіне қоямыз ба, Жабылып жан-жағынан шулай берсек.
Жігіт:
—Біз келдік бәдік десе, шыға шауып, Көшенің жүргізбейді иті қауып. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Бәдігің өзі-ақ көшер шипа тауып.
Қыз:
—Бәдік қақшаң,
Бәдік десе, жүгірдік тақияшаң.
Кешегі айтқан бәдіктің біреуі жоқ, Сен жасырып қоймасаң, шығар шапшаң!
Жігіт:
—Айтқаным менің бәдік жасымда еді, Бәдігі бұл баланың басында еді.
Бәдікті көптеп айтып көшірелік,
Ауылымыз алыс емес, қасында еді.
Қыз:
—Айтқаным менің бәдік елімде еді, Бәдігі бұл баланың белінде еді.
Шайтанды ептеп-ептеп көшірелік, Ауылымыз алыс емес, шенінде еді.
Жігіт:
—Айтқаным менің бәдік баяғыда, Бәдігі бұл баланың аяғында.
Кәпірді көмектесіп көшірейік, Ауылым алыс емес, бұ жағында.
Қыз:
—Айтқаным менің бәдік жетімде еді, Бәдігі бұл баланың бетінде еді. Шайтанды бірлікпенен көшірелік, Ауылым алыс емес, шетінде еді.
Жігіт.
—Бәдік кетіп тас қабаққа, Қыздар әуес болады жас балаға. Бәдікті сіз де айтыңыз, біз де айталық, Шайтанды көшірелік басқа жаққа.
Қыз:
—Бар екен бұл ауылда екі күн бәдік, Болады екі күннен соң көп күн бәдік. Балада, бақыр ана нең бар, бәдік, Ауылына қызы көптің кеткін, бәдік.
Жігіт:
—Ағаштың қатты-қатты қартына көш, Боз үйдің көлеңкелі артына көш.
Балада, бақыр ана нең бар, бәдік, Жалғандық, жамандық сартына көш!
Қыз:
—Таудағы қатты десең, аршаға көш,
Жүк артып, кілем жапқан наршаға көш.
Ес білмейтін балада нең бар, бәдік, Ана тілін алмаған қалшаға көш!
Жігіт:
—Таудағы қатты десең, андызға көш, Ойдағы жұмсақ десең, жалбызға көш. Балада, бақыр ана нең бар, бәдік, Ата тілін алмаған жалғызға көш!
Қыз:
—Осы ауылда бар екен үш күн бәдік, Үстіңдегі шапаның үш ділдәліқ.
Балада ес білмейтін нең бар, бәдік, Жігіті көптің ауылына кеткін, бәдік.
Жігіт:
—Жайсаң бәдік,
Жайлауыңды жау алды нансаң, бәдік. Адамдай Мекке барған жай табасың, Ауылына қызды ауылдың барсаң, бәдік.
Қыз:
—Келеді сарттар мініп есегіне, Үйім бар деп келеді кесегіне. Адамдай Мекке барған жай табасың, Осының бар да жабыс төсегіне.
Жігіт.
—Ұқпа бәдік,
Күні-түні жегенің жұқпа, бәдік.
Қояды үкі тағып, қалампырлап, Айналып бұл қыздардан шықпа, бәдік.
Қыз:
—Келеді сарттар мініп үлегіне, Үйім бар деп келеді түнегіне. Кетпенін шаба алмастан болсын қарып, Осының бар да жабыс білегіне.
Жігіт:
—Мынаның есіттің бе сөзін, бәдік, Бүйте берсең, боласың өзің бәдік.
Үйіне қаріп болып жете алмасын, Мынаның шығарып кет көзін, бәдік.
Қыз:
—Бәдік алма,
Бәдік кетіп барады шынар тауға. Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Бағын байлап, осының тілін жалма.
Жігіт:
—Көк қой бәдік,
Өз айтқаның өзіңе еп қой, бәдік. Мақаудай жолда отырған болып қалсын, Осының желбезегін жеп қой, бәдік.
Қыз:
—Бәдік-ай, көш,
Нармаядан туады биік өркеш.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осының жағын байлап, көмейін тес.
Жігіт:
—Әй, бәдік, көшер болсаң, шетіне көш, Арам өлген өгіздің етіне көш. Адамға қарай алмай болсын мақау, Осының жылтыраған бетіне көш!
Қыз:
—Әй, бәдік, көшер болсаң, басына көш, Басын қой да, балғадай тасына көш. Тып-тықыр үрген местей болып қалсын, Осының қиғаш қара қасына көш.
Жігіт:
—Бәдік бассын,
Торғай басып жатады жұмыртқасын.
8-0139
Ішіне бұл қыздардың кіріп кетіп, Алып шық шоқпар қылып омыртқасын.
Қыз:
—Айтпайды бидай сырын сабанына, Айтпайды шошқа сырын қабанына. Үйіне ақсай басып жете алмасын, Осының бар да жабыс табанына.
Жігіт:
—Барады бәдік кетіп бұлағына, Ешкі арығын білдірмес лағына. Үйіне, жылап барсын шырағына, Осының бар да жабыс құлағына.
Қыз:
—Айтпады қатын сырын теппесіне, Қоймайды аудармалап кеппесіне.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осының бар да жабыс өкпесіне.
Жігіт:
—Айтпайды кемпір сырын шал байына, Айтпайды шапан сырын шалғайына.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Қыздардың бар да жабыс таңдайына.
Қыз:
—Бәдік кетіп барады жар басына, Сарттар сырын айтпайды арбасына. Үйінде аунай түсіп жата алмасын, Осының бар да жабыс жамбасына.
Жігіт:
—Құртпасам бұл бәдікті еңгілге айдап, Еңгілдің екі жағы дөңгілге айдап.
Қылмасам бұл қыздарды қас масқара,
Мойнына тозып қалған зембіл байлап.
Құртпасам бұл бәдікті ысқаға айдап, Ысқаның екі жағы қысқаға айдап.
Қылмасақ бұл қыздарды қас масқара, Мойнына тырбаңдатып тышқан байлап.
Бұл бәдікті құртпасам егіске айдап, Екі жағы егістің тегіске айдап. Қылмасам бұл қыздарды қас масқара, Мойнына тозып қалған кебіс байлап.
Қыз:
—Құртпасам бұл бәдікті ыстыққа айдап, Ысықтың екі жағы қысыққа айдап. Қылмасам бұл екеуін қас масқара, Мойнына қыңсылатып күшік байлап.
Жігіт:
—Құртпасам бұл бәдікті аңғалға айдап, Аңғалдың екі жағы даңғалға айдап.
Қылмасам бұл қыздарды қас масқара, Мойнында тозып қалған дамбал байлап.
Қыз:
—Құртпасам бұл бәдікті сасыққа айдап, Сасықтың екі жағы тасыққа айдап. Қылмасам бұл екеуін қас масқара, Мойнына дырылдатып қаншық байлап.
Жігіт:
—Құртпасам бұл бәдікті егетке айдап, Егеттің екі жағы бөгетке айдап. Қылмасам бұл қыздарды қас масқара, Мойнына әупілдетіп төбет байлап.
Осымен бәдікті бітіріп, бір ауыз өлеңмен орнын біреуге беріп тұрып кетеді.
Ол айтқан өлеңі мынау:
—Мінемін кежім жауып шыбық керге, Құралып бітер дәулет үмітті ерге.
Күтіп тұр сіз бен бізді әлдеқашан, Берейік тұрып орын жігіттерге.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *