ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ

[ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ]
Жігіт:
—Бәдікті баста десең, мен бастайын, Түбіне шоғайнаның із тастайын.
Бәдігі бұл баланың қай жерінде, Суырып ақ тікендей ап тастайын.
Қыз:
—Айтқаным менің бәдік «оным» деген, Бәдігі бұл баланың қолында екен. Бәдікті көшірейік басқа жаққа,
Ауылым алыс емес, жолында екен.
Жігіт:
—Бәдігі бұл баланың дізесінде, Түседі, бәдік айтсам, қыз есіме. Бәдікті сіз де айтыңыз, біз де айтайық, Балажан бәдік болған тізесінде.
Қыз:
—Біз келдік бәдік десе қоқандай боп, Суырға қырман жайда топандай боп. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Жаураған ұзақ кетер тоқалдай боп.
Жігіт:
—Бәдік десе біз келдік шатырдай боп, Қан тамған қылышынан батырдай боп. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Жоғалар аяғынан қатындай боп.
Қыз:
—Тағы да нелер болар, нелер болар, Қанаты қаршығаның бедер болар. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Қарамай алды-артына жөнер болар.
Жігіт:
—Бәдік самар, ендеше, бәдік самар, Жақсы бие арғымақ құлын табар. Ауылымда тойдан қызық бәдігім бар, Келемесең бұл бәдікке, Құдай табар.
Қыз:
—Не болды бұл бәдікке жасыл жауып, Біреуін біреуінен артық жауып. Бәдіктің көшпесіне қоямыз ба, Арғынның толып жатқан масын жауып.
Жігіт:
—Не болды бұл бәдікке қызыл жауып, Біреуін біреуінен ұзын жауып.
Бәдіктің көшпесіне қоямыз ба, Арғынның толып жатқан қызын жауып.
Қыз:
—Бәдік десе, біз келдік шауып оза, Сарттың қызы шарбақта терер қоза. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Жоғалар аяғынан жындай тоза.
Жігіт:
—Тағы да қызыл анар, қызыл анар, Су құйсаң орамалға, бір-бір тамар.
Қызы көптің ауылына барсаң, бәдік, Мойныңа қалампырлап моншақ тағар.
Қыз:
—Бар екен осы ауылда он күн бәдік, Үстіңе киген тоның он тілдәлік. Ауылында бұл арғынның нең бар, бәдік, Ауылына қара мұрттың кеткін, бәдік.
Жігіт:
—Астында бәдікшінің сұр тайы бар, Бәдіктің көшпей жүрген бір жайы бар. Бәдікті айдалаға көшіргенше, Бәдіктің көшетұғын сізге ойы бар.
Қыз:
—Айтпайды ұста сырын күрегіне, Айтпайды түйе сырын үлегіне.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осының бар да жабыс жүрегіне.
Жігіт:
—Айтпайды сарттар сырын палауына, Айтпайды палау сырын алауына.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік,
Осының бар да жабыс танауына.
Қыз:
—Тағы да зуаласын, зуаласын, Қақсатар қарақалпақ дуанасын. Бәдікті жиып-теріп дорбаға сал, Сирағы ұзын мыналар қуаласын.
Жігіт:
—Бәдіктің мен айтамын бір парасын, Қыз шаншар ел көшкенде қарқарасын.
Бәдікті жиып-теріп дорбаға сал, Мойыны жуан мына қыз арқаласын.
Қыз:
—Енді көшсең, ей, бәдік, долыға көш, Тәшкеннің дағыраған жолына көш.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Жігіттің кетпен шапқан қолына көш!
Жігіт:
—Енді көшсең, әй, бәдік, айына көш, Қысыр емген жылқының тайына көш.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Қыздардың жататұғын жайына көш!
Қыз:
—Бар еді бір бәдігім, қамыста жүр, Келмейді шақырсам да, алыста жүр. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осымен күні-түні алыс та жүр.
Жігіт:
—Бар еді бір бәдігім құлыста жүр, Қолына құлыс ойнап пұл ұстап жүр.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осымен күні-түні жұлыс та жүр.
Қыз:
—Мен сені, бәдік болсам, бағар едім, Шошқаның баласымен қағар едім.
Көзіме бәдік болып бір көрінсең, Төбеңе жаңғақ қойып шағар едім.
Жігіт:
—Енді көшсең, ей, бәдік, ентелей көш, Басын созып, аяғын келтелей көш. Мойнына жоғарғының мініп алып, Төменгіні, әй, бәдік, жетелей көш!
Қыз:
—Бәдік кетіп барады Көкшесіне, Торының кежім жаптым бөксесіне. Ақсаңдап ауылына жете алмасын, Осының бар да жабыс өкшесіне.
Жігіт:
—Бәдік күрме, тағы да бәдік күрме, Ұрысы көп Сайрамның түнде жүрме.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осының жағын байлап, тілін күрме.
Қыз:
—Бәдік өзің, тағы да бәдік өзің, Есіттің бе мынаның айтқан сөзін. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осының шығарып кет екі көзін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *