ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ

[ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ]
Жігіт:
—Біз келдік бәдік десе, тұра шауып, Ауылдың жүргізбеді иті қауып. Бәдікті сіз де айтыңыз, біз де айталық, Кәпірді көшірейік ебін тауып.
Қыз:
—Бәдік самар,
Қазанат жақсы бие құлын табар. Ауылымда тойдан қызық бәдігім бар, Тұрмасаң хабарласып, Құдай табар.
Жігіт:
—Бәдік ала,
Бере көр-дертке шипа, Құдай Тала. Осы ауылда бір бәдік бар дегенге, Көшірейік деп келдік екі бала.
Қыз:
—Бәдік кетіп баратыр таудан асып, Таудан асқан бұлтпенен араласып. Сіз де айтыңыз бәдікті, біз де айталық, Шер-құмардан шығалық сабаласып.
Жігіт:
—Бәдік кетіп барады сайға таман, Жүген ала жүгірдім тайға таман. Сіз де айтыңыз бәдікті, біз де айталық, Итере сал кәпірді сайға таман.
Қыз:
—Бәдік құрғыр,
Тасбақадан жығылып мойның сынғыр.
Жардай болып алдыңда бәдік жатыр, Көш деп айтсақ болмай ма жетең құрғыр.
Жігіт:
—Арыс бәдік болғанда, қамыс бәдік, Жиде бәдік болғанда, үй де бәдік. Бұрынғыдай тілімді алсаң, бәдік, Ақ тікенге қыздарды иле, бәдік.
Қыз:
—Темір бәдік,
Жігіттердің шекесін кемір, бәдік. «Кемір-кемір» дегенге, көп кемірме, Бүйрек майын же дағы семір, бәдік.
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, айына көш, Биенің қысыр емген тайына көш.
Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Қыздардың жататұғын жайына көш!
Қыз:
—Бұқпа бәдік,
Жегенің күні-түні жұқпа бәдік. Екеуінің ішіне кіріп кетіп, «Ойбай, өлдім» десе де, шықпа, бәдік.
Жігіт:
—Бәдік кетіп баратыр Меккесіне, Ешкі арығын білдірмес текесіне.
Бұрынғыдай тілімді алсаң, бәдік, Қыздардың бар да жабыс шекесіне.
Қыз:
—Бәдік кетіп баратыр бұлағына, Ешкі арығын білдірмес лағына. Бұрынғыдай тілімді алсаң, бәдік, Жігіттің бар да жабыс құлағына.
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, аршаға көш, Кілем жауып жүк артқан наршаға көш. Бұрынғыдай тілімді алсаң, бәдік, Ана тілін алмаған қалшаға көш!
Қыз:
—Бәдік кетіп баратыр Меккесіне, Ешкі арығын білдірмес текесіне. Осының бар да жабыс шекесіне, Жылап барсын үйіне, шешесіне.
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, ыраңға көш, Жер бауырлап жүгірген жыланға көш. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Ана тілін алмаған бұраңға көш.
Қыз:
—Көш, көш бәдік, көш бәдік, көш райға, Ер-тұрманы жарасқан тұрымтайға. Екі жастың тілеуін берсе Құдай, Жолығармыз, шырақ-ау, келесі айға.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *