. [ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ]
Жігіт:
—Бәдікке «бісмілдә» деп дүкен құрдым, Бәдіктің бір сабағын сізге бұрдым. Бәдігім бәдігіңе сай келмесе, Шамы жоқ, айыбы жоқ жайға тұрдым.
Қыз:
—Ұстасаң, өлтіріңіз бәдікті сіз, Біз дағы қу бәдікке кәдіктіміз.
Бәдікті Құдай оңдап қолға берсе, Тебелеп өлтірейік бәдікті біз.
Жігіт:
—Тезек пе, не алма ма қапта тұрған, Сарт па екен, не қазақ па қақпан құрған? Бәдікті Құдай айдап қолға берсе, Бәдікті итере сал отқа таман.
Қыз:
—Айтайын мен бәдікі бұрынғыдан, Сайтанның қу бәдік те жолын қуған. Бәдікті Құдай айдап қолға берсе, Бәдікті итере сал суға таман.
Жігіт:
—Бәдікті біздер іздеп табайық та, Таба алсақ аямастан сабайық та.
Бәдікті Құдай айдап қолға берсе, Келместей қып ағашқа таңайық та.
Жігіт:
—Айтпай ма батыр сырын елегіне, Айтпайды батыр сырын білегіне. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Бар да жабыс осы қыздың біреуіне.
Қыз:
—Қазақ жарлы келеді мал жағына, Өзбек епті келеді тал жағына.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Бар да жабыс жігіттің таңдайына.
Жігіт:
Ей, бәдік, енді көшсең, тарыға көш, Е, болмаса төбенің басына көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік,
Қыздардың кесте тіккен қолына көш!
Қыз:
—Әй, бәдік, енді көшсең, ерінбей көш, Тәшкеннің даңғыраған жолына көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Жігіттің еңкейетін беліне көш!
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, бөріге көш, Е, болмаса тұз түйген келіге көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Қыздардың сүрме қойған көзіне көш!
Қыз:
—Әй, бәдік, енді көшсең, келіге көш, Жігіттің жататұғын жеріне көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Жігіттің сайрап тұрған тіліне көш!
Жігіт:
—Әй, бәдік, енді көшсең, Меккеге көш, Жүгірген қойдан қойға текеге көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осы қыздың біреуін жетелей көш!