БӘДІК АЙТЫСТАР
[ЖІГІТ ПЕН ҚЫЗ]
Жігіт:
—Қаратауым дегенге, Қаратауым, Тау басынан соғады қара дауыл.
Сіздің үйде бір бәдік бар дегенге, Қаптай көшіп келеді біздің ауыл.
Қыз:
—Бәдік кетіп қалыпты таудан асып, Таудан арғы бұлтпенен араласып. Енді екеуміз бәдікті тауып алып, Шын құмардан шығалық сабаласып.
Жігіт:
—Жемір бәдік дегенге, жемір бәдік, Қу қыздардың шекесін кемір, бәдік, Ішіне семіз қыздың кіріп кетіп, Же дағы бүйрек майын, семір, бәдік.
Қыз:
—Барады бәдік кетіп Мекесіне, Білдірмес ешкі арығын текесіне. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Жігіттім, бар да жабыс шекесіне.
Жігіт:
—Кей бәдік Қаратаудан асып кеткін,
Қыздарды аулақ жерде басып кеткін.
Бір табақ етегіне топырақ салып, Көзіне көрген қыздың шашып кеткін.
Қыз:
—Көш, бәдік, үлкен таудың тасына көш, Қаламдай сұлу жігіт қасына көш.
Жайыңды онан көшер мен айтайын, Жігіттің шүйдесі үлкен басына көш!
Жігіт:
—Көш, бәдік, ыстық үйдің пешіне көш, Жұманың айт күнгі кешіне көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Қыздардың сұлу-сұлу шашына көш!
Қыз:
—Көш, бәдік, тон кигеннің қойнына көш, Кішкене балалардың ойнына көш.
Жайыңды онан көшер мен айтайын, Жігіттің жұдырығы зор мойнына көш!
Жігіт:
—Көш, бәдік, қашқан қыздың соңына көш, Қыздардың түнде жүрген жолына көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Нәзік бел сұлу қыздың қолына көш!
Қыз:
—Көш, бәдік, бозбаланың ағына көш, Орыстың абат қылған бауына көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Кер ауыз жігітердің жағына көш!
Жігіт:
—Көш, бәдік, ақын қыздың тіліне көш, Сарттардың бауда ашылған гүліне көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Қыздардың баратұғын жеріне көш!
7-0139
Қыз:
—Барады бәдік кетіп жер жазыққа, Алыпты жеті бидай жол азыққа. Сол жауды Құдай қолға берер болса, Кетейік басын байлап қу қазаққа.
Жігіт:
—Сарттардың енді, бәдік, бөзіне көш, Қыздардың өлең қылған сөзіне көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Қыздардың сұлусынған көзіне көш!
Қыз:
—Көш, бәдік, бай ауылдың құртына көш, Әр жерде көшіп кеткен жұртына көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Ұрысқан батырлардың мұртына көш!
Жігіт:
—Көш, бәдік, қалың шөптің құрағына, Қыздардың бар да жабыс құлағына.
Жайыңды онан көшер мен айтайын, Қыздардың барып түскін тұрағына…
Қыз:
—Көш, бәдік, үлкен, кәрі кісіге көш, Жігіттің ақ меруерттей тісіне көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Жігіттің жаңа өспірім ішіне көш!
Жігіт:
—Барады бәдік кетіп сусамырға, Қайқайып жолда жатыр қу қабырға.
Бәдікті Құдай оңдап қолға берсе, Кетейік басын байлап бір тамырға.
Қыз:
—Барады бәдік кетіп шатқа таман, Тағы жүрдім мінгелі атқа таман.
Бәдікті Құдай оңдап қолға берсе, Кәпірді итерелік отқа таман.
Жігіт:
—Бар екен бұрын заман бұқпа бәдік, Жегені күндіз-түнде жұқпа бәдік. Ішіне үлкен қыздың кіріп кетіп, Десе де «ойбай өлдім» шықпа, бәдік.
Қыз:
—Бәдік шабар дегенге, бәдік шабар, Арғымақ жақсы бие құлын табар.
Аулыңда тойдан қызық бәдігің бар, Тұрмасаң хабарласып, Құдай табар.
Жігіт:
—Көш, бәдік, енді көшсең, сазыға көш, Ораулы жаздыкүнгі қазыға көш. Жайыңды онан көшер мен айтайын, Қабаған қыз аулында тазыға көш!
Қыз:
—Барушы ек бәдік десе, шаба-шаба, Суға салса, жібиді қатқан саба. «Бәдігің көшпейтұғын қайдасың?» деп, Келгенім көшіруге Құдай тоба.