11. БӘДІК
Бәдік кетіп барады таудан асып, Таудан асып бұлтпен араласып. Бәдікті ұстап бір қалмайсың, Шер-құмардан шығайық сабаласып.
12. БӘДІК
Тағы боп бәдік самар, бәдік самар, Арғымақ жақсы бие құлын табар. Ауылыңда тойдан кейін бәдік табар, Тұрмасаң хабарласып, Құдай табар.
Бәдік десе, біз келдік тақияшаң, Бәдік түгіл қоймаймын кәдесін де.
Баланы бәдік болған, шығар шапшаң, Бәдік кетіп барады аңғар бойлап, Аңғардың екі жағы даңғыл қойдақ. Қылмасам сен бәдікті қос масқара, Мойныма тозып қалған шанаш байлап. Бәдік кетіп барады кесекке айдап, Кесетің екі жағы төсекке айдап.
Қылмасам сен бәдікті қас масқара, Мойныңа салып кеткін сенек байлап.
Бар еді бәдігім, қамыста тұр, Шақырсам да келмейді, алыста тұр.
Сұлуханды суға барған жерінде Ұстап алып, таң атқанша Жібермей алыста тұр. Бәдіктің мен айтамын бір парасын, Қыз тағар басына қарқарасын. Бәдікті жиып-теріп дорбаға сал, Бәдікті Сұлухан арқаласын.
13. БӘДІК
Көш-көш бәдік, көшкін бәдік, Біздің елге қайдан келдің, сен, бәдік? Өлеңменен зырлап өзіңді көшіремін, Бұл балада нең бар сенің, бәдік?
Бәдік солар дегенге, бәдік солар, Бәдік болған ауылда күнде базар.
Тойдан қызық ауылында бәдігім бар.
Бәдігім келмесе, Құдай табар.
14. БӘДІК
Әйел сырын айтпайды теппесіне, Аудармалап қоймайды кеппесіне.
Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Пәленшенің бар да жабыс өкпесіне.
Бәдік самар,
Жақсы бие арғымақ құлын табар. Бәдік десе, біз келдік нарттай болып, Алғашқы бәдікті не деп айтар?
Қаршығаның қанаты бедер болар.
15. БӘДІК
Әу, бәдік, кетер болсаң, тауларға көш, Қызарған тау ішінде бауларға көш. Таппасаң көшер жайлау, мен айтайын, Ат мініп арқыраған жауларға көш.
Әу, бәдік, көшер болсаң, қияға көш, Қайымсыз қирап жатқан маяға көш. Таппасаң көшер жайлау, мен айтайын, Жартасқа жалғыз салған ұяға көш.
Әу, бәдік, көшпек болсаң, жүргенге көш, Жорытқан жорық іздеп сүргінге көш. Таппасаң көшер жайлау, мен айтайын, Бүлінген бүлдіргенсіз бүлгінге көш!
Әу, бәдік, көшер болсаң, алысқа көш, Жан баспас құлан жартас алысқа көш. Таппасаң көшер жерді, мен айтайын, От жаққан ормандағы қашқынға көш!
Әу, бәдік, көшер болсаң, көшерге көш, Көпірген аузы-басы есерге көш.
Таппасаң көшер жерді, мен айтайын, Қақтыққан қалың қалмақ бес елге көш!
Әу, бәдік, көшер болсаң, сайларға көш, Мұқтажсыз, мұғдарсыз байларға көш.
Таппасаң көшер жайлау, мен айтайын, Қиғаш қас, қылымсыған қыздарға көш!
16. БӘДІК
Бәдікті баста десең, мен бастайын, Түбіне шоқ айнаның із тастайын. Бәдігі бұл баланың қай жерінде, Суырып ақ тікендей алып тастайын.
Бәдік пісте,
Бәдікті көшірермін шаңқай түсте. Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Осының жағын байлап, тілін тісте.
Бір бәдігім бар еді, қоныста жүр, Қоныс ойнап, олына пұл ұстап жүр. Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Осымен күні-түні жұлыс та жүр!
Бір бәдігім бар еді қамыста жүр,
Шақырсам да келмейді, алыста жүр.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Сұлу қыздың мойнына жабыс та жүр!
Бәдік самар, тағы да бәдік самар, Орамалға су құйсаң бір-бір тамар. Тойдан қызық ауылыңда бәдігің бар, Хабар салып тұрмасаң, Құдай табар.
Бәдік кетіп барады таудан асып, Таудан асқан бұлтпенен араласып. Бәдігімді ұстап бер қамаласып, Шер-құмардан шығайық сабаласып.
17. [БОЛҒАНДА ҮЙДЕ БӘДІК, ШИДЕ БӘДІК…]
Болғанда үйде бәдік, шиде бәдік, Болғанда болыс бәдік, би де бәдік. Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Осыны сұлу керге сүйре, бәдік.
Бір бәдігім бар еді, қияқта жүр, Шақырсам да келмейді, ұяқта жүр. Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Күні-түні осыны ұялт та жүр!
Қатқыл бәдік, қатқыл бәдік, Кесектен ұстап алсаң, атқыл, бәдік. Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Құшақтасып осымен жатқын, бәдік.
Әй, бәдік, енді көшсең, ұранға көш, Жер бауырлап сусыған жыланға көш.
Ежелгідей тілімді алсаң, бәдік, Ақ көйлекке сыймаған бұраңға көш!
Әй, бәдік, енді көшсең, инеге көш,
Жапырағы жайқалған жидеге көш.
Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік,
Осының оң қолына түйрелей көш!
Әй, бәдік, енді көшсең, айнаға көш, Маған десең, айнаны айнала көш. Бұрынғыдай тілімді алсаң, бәдік, Белбеуіне осының байлана көш!
18. [ӘЙ, БӘДІК, КӨШЕР БОЛСАҢ, АРҚАҒА КӨШ…]
Әй, бәдік, көшер болсаң, Арқаға көш, Жүгірген қойдан қойға марқаға көш. Таппасаң онан жайлау, тағы айтайын, Ағаштың жуан-жуан қартына көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, ұсаққа көш, Жүгірген қойдан қойға тұсаққа көш. Таппасаң онан жайлау, тағы айтайын, Бермеген елдің шетін қыпшаққа көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, Ақанға көш, Тірелген ақ отауда бақанға көш.
Таппасаң онан жайлау, тағы айтайын, Ұрысқан бәйбіше мен тоқалға көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, қартына көш, Боз үйдің көлеңкелі артына көш. Таппасаң онан жайлау, тағы айтайын, Бұқар мен Үргеніштің сартына көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, басына көш, Боз үйдің көлеңкелі қасына көш. Таппасаң онан жайлау, тағы айтайын, Алатау мен Қаратау қасына көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, әліпке көш, Әліптен ноқат-ноқат әріпке көш. Таппасаң онан жайлау, тағы айтайын, Бермеген елдің шетін әлімге көш!
19. [БІЗ КЕЛДІК БӘДІК ДЕСЕ ШАУЫП ОЗА…]
Біз келдік бәдік десе, шауып оза, Сарайда сарттың қызы терер қоза. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Бәдігің өзі-ақ кетер жындай тоза.
Бәдікті алғашқы айтқан не деуші еді, Қолтықтан, қолдан алып демеуші еді. Бәдікті бес-алты ауыз біздер айтсақ, Қарамай алды-артына жөнеуші еді.
Әй, бәдік, енді көшсең, ыраңға көш, Жүгірген жер бауырлап жыланға көш. Тілімді сүйтіп менің алсаң, бәдік, Алмаған ата тілін анаған көш!
Айтпайды бидай сырын қылтығына, Айтпайды сырбаз сырын мылтығына.
Тілімді сүйтіп менің алсаң, бәдік,
Осының бар да жабыс мықынына.
Айтпайды бидай сырын сабанына, Айтпайды шошқа сырын қабанына. Үйіне жете алмастай жаман болсын, Осының бар да жабыс табанына.
Келеді сарттар мініп есегіне, Келеді үйім бар деп кесегіне. Барғанда аунай түсіп жата алмасын, Осының бар да жабыс төсегіне.
Бәдік көрме,
Сайрамның орысы көп, түнде жүрме.
Тілімді сүйтіп менің алсаң, бәдік, Осының жағын байлап, тілін күрме.
Бәдік бастап,
Алманың ағын жеймін, көгін тастап. Бәдіктің алғашқысын біліп тастап,
Қоямын кейінгісін қайырып тастап.
20. [БӘДІКТІ АЛҒАШҚЫ АЙТҚАН КӨШ ДЕЙТҰҒЫН…]
Бәдікті алғашқы айтқан көш дейтұғын, Ауылы қойы бардың дос дейтұғын. Бәдікті бас жағынан біздер айтсақ, Бәдігің сенің нағып көшпейтұғын.
Шошқа сырын айтпайды қабанына, Бидай сырын айтпайды сабанына. Тілімді алғашқыдай алсаң, бәдік, Осының бар да жабыс табанына.
Әй, бәдік, енді көшсең, долыға көш, Ташкеннің даңғыраған жолына көш.
Егер менің тілімді алсаң, бәдік,
Орақ орған осының қолына көш.
Бар екен ауылыңда төрт күн, бәдік, Сүтке салған тарыдай бөріткен, бәдік. Жоғарғының үйіне атты байлап, Төменгінің үйіне кеткін, бәдік.
21. [МЕРГЕН БОЛСАҢ,
ӘУЕЛІ ТОРҒАЙДЫ АТШЫ…]
Мерген болсаң, әуелі торғайды атшы, Атып торғайды борбайлатшы.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осыны екі бүктеп ойбайлатшы.
Болғанда қоржын бәдік, қапта бәдік, Қылады қарақалпақ апта бәдік. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осыны қара жерге тапта, бәдік.
Арасынан Бадамның шетіне көш, Өгіздің арам өлген етіне көш.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Oсының жылтыраған бетіне көш!
Бадамның арасынан кезіне көш, Үйінің сықырлаған тезіне көш. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік,
Осының жылтыраған көзіне көш.
Бәдік үрме,
Сайрамның ұрысы көп, түнде жүрме.
Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Осының жағын байлап, тілін күрме.
Бір бәдігім бар еді, алыста жүр,
Шақырсам да келмейді, қамыста жүр. Тілімді ежелгідей алсаң, бәдік, Күні-түні осымен алыс та жүр.
22. [БӘДІК БАСТАП…]
Бәдік бастап,
Ағын жеймін алманың, көгін тастап. Құдай оңдап сол жауды қолға берсе, Екеуіңе беремін «піскен бас» деп.
Енді көшсең, ей, бәдік, інгенге көш,
Жылқыны тоқым салып мінгенге көш.
Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Қараңғыда қарбалап жүргенге көш!
Жайсаң бәдік,
Жайлауыңды жау алды, нансаң, бәдік.
Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Жай табасың осыған барсаң, бәдік.
Бәдік кетіп Меккесіне, Ешкі арығын білдірмес текесіне. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Қондыралық осының шекесіне.
Енді көшсең, ей, бәдік, айына көш, Қысыр емген биенің тайына көш.
Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік,
Қойнындағы осының жарына көш.
Сарттар сырын айтпайды түнегіне, Бура сырын айтпайды үлегіне. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Қондыралық осының білегіне.
Бәдік ала,
Дертке шипа бере гөр, Алла Tағла. Осы ауылда бір бәдік бар дегенге, Көшірейік деп келдік екі бала.
Ей, бәдік, енді көшсең, бүргенге көш, Қараңғыда қарбаңдап жүргенге көш. Сүйтіп менің тілімді алсаң, бәдік, Ана тілін алмаған малғұнға көш!
Темір бәдік,
Қу шекесін осының кемір бәдік. «Кемір, кемір» дегенге көп кемірме, Селкілдетіп қой дағы семір, бәдік.
Бәдік самаp,
Жақсы бие қазанат құлын табар. Тойдан қызық ауылыңда бәдігің бар, Хабарласып тұрмасаң, Құдай табар.
Бәдік құрғыр,
Жол үстінде шоңқайып оппа тұрғыр. Алдыңда белдей болып бәдік жатыр, Күтіп айтсаң болмай ма, Бабат ұрғыр.
Дүлдүл көкше,
Көк етікке жарасқан биік өкше. Бәдігіңді қой дағы өлеңіңді айт,
Енді бәдік айтқанға шықсын көкше.
Базардан алып келген мірілері, Жанымда тұр мірінің ірілері. Бәдігіңді қой дағы өлеңіңді айт, Бәдік деген өлеңнің інілері.