ҚОЙ ТЕРІСІ немесе ҰРЫНЫҢ КӨҢІЛІ

ҚОЙ ТЕРІСІ немесе ҰРЫНЫҢ КӨҢІЛІ

Бірде нағашы ағаммен әңгімелесіп отырғанда, ол кісіге қазақы мінездің қасиетін көрсететін, Ырысбек Дәбей мен Ұларбек Нұрғалымұлы жазған, бөтен үйірге қосылған жылқыны иесімен бірге соятын жігіттің оқиғасын айтып бердім.

«Әй, қазағым-ай!» деп басын шайқап, бір күліп алған ағам: «Бұл, біле білсең, қазаққа тән бір мінез… Тыңда, мынау, менің әкемнің айтқаны: «Жайлауға шығып, жан тыншыған кез.

Күндердің бір күні қойымды түгендесем, бір саулық жетіспейді. Сүйегі ірі, маңғаздау жүретін саулық еді. Сол жоқ. Содан жан-жаққа сұрау салдым. «Көрдік» деген пенде жоқ. «Қой, өзім бір қарап шығайын. «Әрекетке – берекет» деген» деп, сәті түскен бір күні қарагерімді мініп, жер шолуға шықтым.

Қатар-қатар қонған қойшы ауыл. «Қайда кетеді дейсің? Бірінде болмаса, бірінде жүрген шығар. Сәп сап түгендемеген соң, байқамай жүрген болар» деп, біраз отарды аралап шықтым. Көрінбейді.

Түске таман беткейде отырған бір киіз үйді, «қымыз ішіп, шөл басып алайын» деген ниетпен, бетке алдым. Мамағашқа атымды байлап, келе жатып байқағаным: үйде қонақтар бар, қазанда ет асылып жатыр. «Е-е, Құдайға шүкір, ауызымның салымы бар екен» деп қоям.

Жақындай бере «Ассалаумағалайкум!» деп, дауысымды шығара амандасып, үйге ене бердім. Кіріп бара жатып, үйдің іргесінде жатқан, дағардың астына бастырылған затқа көзімнің түскені. Тері сияқты көрінді.

Дәу де болса, қойдың терісі… Сонымен ішке кіріп, бұйырған сыбағаны жеп, бұйымтайды айтып, рұқсат сұрап, шәйға қарамай шығып кеттім. Ойым: «күн жарықта тағы біраз жерді аралап үлгерсем». Есіктің алдына шыққан соң, бағанағы бастырып қойған затқа көңілімнің тағы ауғаны.

Ақырын барып, қамшымен ашып көрсем: О тоба! Менің қойымның терісі! «Не істесем екен?.. Қой, көпшіліктің көзінше, абыройын айрандай етпей-ақ қояйын. Бір үйдің тірегі, бір әулеттің азаматы ғой… Бір жаңылды да… Ұяты білсін!..» Осы ойға бекідім де, терінің бетін ашып тастап, атымды мініп жүріп кеттім.

«Қайтер екен?.. Ұятына салдым! Сұрамаймын! Берсе – берді, бермесе – бопты: бұйыртып жегізсін! Қайда қалмай жатқан қойдың басы? Е-е, бес күн жалғанда, ар-ұятыңды былғамай, сыйласып жүргенге не жетсін!..» Үйге келген соң, әйеліме де айтпадым.

Ертесі-ақ, әлгі батыр кешірім сұрап, бір қойды өңгеріп әкеліп тастады!..» Көрдің бе: бұл жалпы қазаққа тән мінез болған! Ұры екеш, ұрысының көңіліне қараған қайран қазағым-ай!..» Осылай деген нағашы ағам терең күрсінді. Иә-ә…

Алғадай Әбілғазыұлы.
Раушан Жакешбай парақшасынан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *