АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА


М.Б. ШЫНДАЛИЕВА1, М.Т. МУКАШЕВА2
филол.ғ.д., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры1, филол.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті2

АҚСЕЛЕУ СЕЙДІМБЕК ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА

Бұл мақалада А.Сейдімбек шығармаларының сюжеті мен идеясы, көркемдігі мен тілі жан-жақты сөз болады. Автор қаламгердің аңшы, саятшы, құсбегі кейіпкерлері арқылы халқымыздың өзгеше өнері мен кәсібінің қыр-сырымен бірге шығармаларының тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік қуатын да зерделейді. Жазушының кейіпкерлері ұлттық, көркемдік-эстетикалық жағынан, ұлттық сана мен ойлау жүйесі тұрғысынан шебер суреттегені нақты мысалдармен дәлелденеді.
Түйін сөздер: халықтық, ұлттық сана, дүниетаным, шығармашылық, жанр, повесть, әңгіме, кейіпкер.

Прозалық жанр – бұл белгілі бір жүйеге түскен тұтас категория. Эпикалық баяндау тұрғысында келеді. Ол лирикаға қарағанда объективті, драматургияға қарағанда субъективті болады. Оның басты шарты — адамдар арасындағы қарым-қатынасты бақылау, белгілі бір уақыт қашықтығында баяндау. Соның ішінде повесть әңгіме мен роман арасындағы аралық жанрға жатады. Повесть

– орыстың төл сөзі. Повесть негізінде роман мен әңгімеге қарама-қарсы қойылады. Зерттеуші М.Петровский: “Біз новелла мен роман арасындағы аралық түр повесть туралы айтқанда, бұл жанрдағы шығармалар тобына бір жағынан, барлық компоненттердің бір орталыққа толық бірігуі байқалмайтын, екінші жағынан, сюжеттің кең дамуы көрсетілмейтін, бір ғана емес, бірнеше шағын оқиғалар жинақтала суреттелетін, кейіпкердің бүкіл өмірін емес, маңызды бір-екі кезеңін қамтитын шығарманы атаймыз” [1,87-б],- дейді. Ал, Кожинов болса: “Әңгіме”, “повесть” өздерінің шығу тегі жағынан тамыры ауызша баяндау дәстүріне кететін жанрларды білдіреді” [2,79-б],- дейді. Ал, зерттеуші Н.Тамарченко: “Повесть эпикалық прозаның бір түрі. Оның новелладан айырмасы онда тізбекті сюжеттік сызба (схема) болады. Осыдан оның тұрмыстық кездейсоқ немесе таңғажайып тарихи фактілерге құрылған емес, өмірдің жалпы заңдарына бағындырылған болмысы танылады [3,127-б]- деген пікір айтады.
Повесть кейіпкерінің белсенділігі белгілі бір дәстүрі берік қалыптасқан өмір жолын таңдаудан байқалады. Новелла мен повесть баяндау тәсілі жағынан бір-бірінен алшақ айырмасы болады. Бұдан бұрын сөз болып отырған проблема туралы қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынында қандай ой-пікір бар екенін еске салып өту қажет сияқты. Бұл мәселенің біздегі жай-күйінің қандай екені зерттеуші М. Қаратаевтың мына сөздерінен байқалып қалады: «Қай шығарма қай жанрға жатады дегенді жазушы өзі көрсетеді де, оның арғы жағында бұл жанрға, бұл шығармаға не қосты, бұл жанр қазақ әдебиетінде қандай ерекше сипаттар алып дамуда, қай жанрдың қандай мүмкіншіліктері бар, олардың өзара жігі, шекарасы қайсы деген сықылды сұрақтарға әлі жауап жоқ, болса көңіл көншірлік емес» [4,3-б], — дейді. Зерттеушінің былайша пікір білдіруінің де жаны бар. Осы уақытқа дейін әрбір жанрдың тарихы мен табиғатын жан-жақты талдап, әрқайсысының нақты шығармаға байланысты эстетикалық мүмкіндігін анықтауға арналған зерттеу еңбектерге әлі де зәруміз. Де- генмен, әдебиетші ғалымдар, сыншылар қауымы бұл салада едәуір істер атқарып жатыр. Олардың бірсыпырасы, әсіресе ең беделділері жанр жайлы, көркем прозаның жеке жанрлары туралы өздерінің ой-толғамдарын әр кезде айтып, жазып жүрген. Оған, мына тұжырымдар дәлел: Қ. Жұмалиев: «Ба- яндау арқылы қара сөзбен жазылған көлемі орташа шығармалар ұзақ әңгіме (повесть) деп аталады. Романмен салыстырғанда, ұзақ әңгімеде эпизодтар аз және алған оқиғаларының көлемі де шағын болады. Ұзақ әңгіменің мысалы Пушкиннің «Капитан қызы», Сұлтанмахмұттың «Қамар сұлуы» т.б. Әйтсе де роман мен ұзақ әңгіменің арасындағы шекараны, өзгешелікті дәл мынау деп үзілді-кесілді айта қою қиын. Ұзақ әңгімелер негізінде бір, не екі сюжеттік линияға негізделеді, өмір құбылысы романдағыдай онша терең суреттелмейді, ең керекті, еі негізгі санаған мәселелерді қамтып, бірінші орынға соларды шығарады» [5,29-б].
Жазушы А.Сейдімбек “Ақиық” хикаятында қыран бүркітті ұстап баптау жайын әңгімелейді.
Құсбегі Сыздықтың нағыз саятшыға тән, шын құмарлықтан туған сезім-күйлерін дәл суреттейді. Автор осы тақырыпты аса бір білгірлікпен әңгімелейді. Мәселен: “Қосбармақтың жапырағы ірі көксұр сырт жүні таңғы сәулемен астасып, болат сауытша қара барқым тартты. Мелжемді саусақтарымен иесінің білегін сығымдай түсіп, сергек отыр. Сырты шығыңқы иығын қомдап, қос шалғысын айқастыра ұстаса да, көлденеңі ауқымды көрінеді” деп, қыран бүркіттің өсіп- жетілу әрекетіне әбден көз қанықты болғанын дәлелдейді. Осы ретте баяндаудың да, кейіпкердің аузындағы сөзі мен іс-әрекеті де, ойлау, түйсіну формасы да әңгіменің композициясымен үндесіп жатуы керек дегенді есте тұтсақ, жазушының шығармаларынан осы қасиеттерді аңғаратынымыз анық. Тағы бір сәтті суреттеуге назар аударайық: “Қан шегір дер едім естілігі басым; собалақ дер едім бозбаладай жинақы екен; күңтабан дер едім саусақтары қышырлы жатыр; күйшіл дер едім түз тағысы ғой бапты көп тілемес; қанды балақ деуге де болар еді, бірақ өнерін көргенім жоқ қой. Сондықтан батырдың серпе тартқан садағына ұқсас берік тірсекті екен, осыныңды Садақсан деп атайыншы” [6,158-б]. Түз тағысының қасиетін соншалықты жетік білу, оны тіршілік иесі ретінде сезіну, қасиеттеу терең байқалады.
Аңшылық жайлы әңгімені кез келген қазақтың елеңдей тыңдайтыны ақиқат. Себебі, аңшылықты қызықтау — халқымыздың ежелден қанына сіңген әдеті. Ендеше, саятшылық жайында жазу қалам ұшқырлығымен бірге, бұл кәсіпті бүге-шігесіне дейін білуді қажет етеді. Мұндағы бүркіттің шебер мүсінделуі, дене бітімінің “садақша иілген серпінді сандарынан бастап бауыр сыртының жүні жап- пай алтынның буына ұстағандай сарғыш тартуы, сүйірлене бітіп, мінсіз жымдасқан бой жүнінің жапырақтары сары бұйра мәрмәр тасынша жылтырап, әр талшығының жігін тауып тұрғаны” соншалықты дәлдікпен сипатталады.
Автордың қай шығармасы да туған ел, жерінің тарихын, салты мен аңызға бергісіз тағылымды оқиғаларын баяндаудан тұрады. Жер жағдайына жетік қаламгер әр тау-тастың жықпылынан әңгіме

өреді. Этнографиясы бай қазақ тұрмысының түз суретін беруге шебер. Әсіресе, алғыр, қыран құс тағдырын сипаттайтын шығармалары шебер-ақ. Солардың бірі — осы “Ақиық” хикаяты. Шығарма Бүркітті деп аталатын таудың айналасында сыңси өскен шөптерімен қоса, бауыр-беткейлерін па- налайтын түлкі-қарсақ, борсық-күзенін суреттейді. Осы тауға бүркіттердің аялдағыш келетінін ай- тады. “Қызылту” совхозының кәнігі саятшысы Сыздықтың көңілі түз бүркітіне ауады. Өз бүркіті Қосбармақпен түз тағысын ұстайды. Сондағы екеуінің айқасы былай суреттеледі: “Төмен құлаған аш қыран қас қағымда келіп қалды. Аяғының астында жүрген құстың шеңгеліндегі қолғапқа ашқарақтана құдиған. Қаймығар да, қайтар да емес. Қосбармақтың үстіне сорғалай төніп кел- ген түз бүркіті қанатын кере, төстие қайқайып, сопаң етті. Оның найзағай жылдамдығымен қимылдағаны сонша, жаңағы жұлдыздай аққан сәттегі ысылы көк жүзіне шаншыла көтерілгенде барып жердегілерге естілді [6,117-118-б]. Осы бүркітті қолға түсірген кездегі Сыздықтың көңіл- күйі былай беріледі: “Ол еш жасқаныссыз ат үстінен домалай түскен бетінде жалма-жан сеңсең ішігін шешіп жіберіп бүркіттердің үстіне жаба құлады. Қатты қарбаластан тынысы дірілдей шығып, құлаған бетінде қимылсыз отырып қалды. Өзгеше сезімнің қуаныш саусағы ет жүрегін сығып- сығып жібергендей ыстық қан отша шарпыды. Тіптен жүрелей отырған қалпында қарға тірелген жалаңаш қолынан ызғар өткенін де сезген жоқ. Бар зейіні осы бір құшағындағы қос қыранға ауып, сонан рақат тапқандай. Ішік астынан бүлк-бүлк білінген ашулы қимылды да тым тәтті қуанышпен елти сезінді. Осы сәтте ден қойған ісіне бүкіл болмысымен құлай берілген көңілі өзге дүниені ұмыттырған, тек қана қазіргі тірлігінен рақат кешкен күйде еді [6,119-б]. Сыздықтың соншалықты білгірлікпен түз тағысын қолға баулуы, оған өзімен қатарлас Файзолла, Рақыштардың тілектес бо- луы, бүркіттің Кәрім күзетшінің көк қаншығының көзін ағызып жіберуі, Сыздықтың түз тағысының жасын, ерекшелігін, күтіп-баптауын бес саусағындай біліп, соларын баппен жүзеге асыруы ерекше ыждаһаттылықпен суреттеледі. Осы тұста Абайдың “Қансонарда” өлеңіндегі құрал-жабдығын сай- лап, алғашқы сонарды дегбірсіздене күткен аңшының бүркіті түлкіге түскен сәтін демін ішіне ала бақылап, оны тырнағына іліндіргендегі масайрағаны, “үйірімен үш тоғыз” айтқандарға риза көңіл білдіргені күйі еске түседі. Өмірінің бар қызығын саятшылық өнерге арнаған Сыздықтың өмірі көпке үлгі болардай. Оның түздің тағысын соншалықты ептілікпен күтіп-баптауы, мәпелеуі, адамға сөйлескендей есті қарым-қатынас жасауы қайран қалдырады. Он бес жылдай серігі болған құтты Қосбармағын құрдасы Файзоллаға берген кездегі көңіл-күйі аса шынайы беріледі: “Томағасын алған соң, он бес жылғы серігін жаңа көргендей үн-түнсіз, қимылсыз қарап қалған. Сол сәт оның түйіле қадалған аялы жанары құсының сымбатына таңданудан гөрі, қимас серігімен қоштасқандай күйде еді. Қоштаса тұрып, аяулы құсының әр тал қауырсынынан небір ғажайып ләззатты шақтарын қайта оқығандай болған. Сонан соң кәрі жүрегі боркеміктене егіліп, елжірей келіп, өзгеше бір ұлы мейірімімен ұзақ-ұзақ айналып-толғанған еді» [6,189-б]. Бұл шығарма адамдар арасында бо- латын мейірім мен жылылықтың табиғатқа да жат еместігін, құстар мен жануарларды да ерекше құрметтеп, жақын тұтуға, оны өмірдің мәніне айналдыруға болатынын дәлелдейді. Сол арқылы табиғаттың көп құбылысын жіті бақылап, қызығы мен кереметін мейілінше бақылаған, көреген халқымыздың ежелгі салтын құрметтеуге баулиды. Табиғаттың жомарттығына тәнті етеді.
Қай шығармасында да табиғатты суреттеуден ажырамайтын қаламгер, оның жаңғыруын, заманға сай өзгерісе түсуін де назардан тыс қалдырмайды. Оған дәлел — “Атамекен” хикаяты. Қазақ халқы кіндік қаны тамған жерді аялап, культ мағынасына дейін көтерген. “Айнабұлақ” совхозының шалғайда отырған бөлімшесіне Ертістің суын бұрып, Сарыбұйраттың үстімен өткізеді екен” де- ген хабар жетеді. Сөйтіп жүргенде канал тартып жатқан құрылысшыларға арнап, қыр астынан Қайнар поселкесі салына бастады. Енді жұрт не қажет болса да, солай жол тартып, иек астындағы жас қалаға пейілдерін аударды. Айтуған ақсақалдың үлкен ұлы Мұрат осы Сарыбұйратта трак- торшы еді. Ол жуырда үйленіп, сол Қайнардағы құрылысқа жұмысқа тұрып, сонда кетеді. Енді айналадағы қызу тірліктің даңғазасы Сарыбұйратқа да жетіп, осы шағын ауылды көшірмек болады. Ауыл жұрты жаңа өмірге қызығып, бірте-бірте қоныс аударады. Геодезистер де келіп, болашақ су қоймасының орнын белгілеп, өлшей бастайды. Туған жерден көшпей табан тіреген Айтуған ақсақал ақыр соңында жалғыз үй қалады. Ол ауыл шетіндегі қорым бейітті, атамекенін қимайды. “Сол күні Айтуған қария ауыл шетіндегі қорым бейітті ұзақ аралады. Әр мүрденің басына арнайы тізе бүгіп, білетін “құлқуалласын” үштен қайырып, жанының жаннаттан болуын тілеп бетін сипады. Мұнан кейін де тұрып кетпей, көз алдындағы бесікше топырақтың астында сүйектері әлдеқашан қурап қалған ата-ана, аға-бауырларын көңіл зердесімен қайта тірілтіп алып, қимас сағынышпен іші- бауыры езіліп, ұзақ-ұзақ отырды. Қазіргі тіршілік-қаракетін мүлдем ұмытып, беймәлім бір дүниеде әлдеқашан ұмыт болған аруақтармен қайта қауышқандай, олардың әрбір қылық-қимылдарын са-

насына қайта жаңғыртып, сонысына елтіп, егілумен болды. Қайсыбір мүрделердің басындағы көк тастың бетін бешпентінің шалғайымен сүртіп, түзеп қойды. Содан әбден маңдайынан күн өтіп, та- баны қызып, тамағы кеберсігенде барып, қалың қорымның шетіне шығып, тізе бүкті” [6,170-171-б]. А.Сейдімбектің “Атамекен” шығармасында қарт қорымдарды көшірудің жөнін білмекке Мұқаш моллаға келеді. Баласы Мұраттың көшудің жөн екенін айтып, әкесін көндірмек болғаны жай қалады. Айтуған ақсақал оны сөйлетпей қояды. Ақыры жаңа құрылыс жүріп, жаңғырып жатқан мекенге барып өз көзімен көрген соң райынан қайтып, көшуге бел буады. Әрине, қарияның көл қорыған қызғыштай болып атамекенін қорғауы мәңді-ақ. Ертеректе осы жерді, елді қорғаймын, бүтіндеймін деп талай боздақ мерт болмады ма. Ежелден қанға сіңген сол мінездің Айтуған қарттың бойынан табылып жатса еш айыбы болар ма. Ең бастысы атамекенінен ажырамаса, онда өткен тарихтан
бөлініп қалмаса, ол санадан өшпесе болды.
Айтуған қарт ел ішінің жаңалығын түсініп, кейін туған даласына келіп жатқан өзгерісті қабылдап, құптайды. Сондағы қарттың бейнесі: “Бұл сәтте Айтуған ақсақалдың қимылында, өңінде, тіптен үнінде де соңғы кездегі беймаза ашудың, жабырқау көңілдің табы да жоқ еді. Қазіргі қалпында: қара торы өңінің зор қайрат лебін таныта алабұртқаны, қою қасының кең маңдайына қарай серпіле түскені, аялы жанары жария етіп тұрған ішкі қуаныш толқыны, сол қуанышты қоштағандай бурыл сақалының жібекше төгіліп нарт қызы омырауын елбірей аймалағаны, тіптен қапсағай денесінің ат үстіндегі шаншыла сергек отырысына дейін бәрі-бәрі бүкіл болмысымен көңіл-күйіндегі үлкен бір өзгерісті мәлімдеп тұрды”[6,181-б], — деп суреттейді. Автор қай шығармасын жазбас бұрын туған табиғатына бас иіп, соның барша құбылысын ой елегінен, көз алдынан өткізіп алатындай. Өмірімнің дені табиғат аясында өтті деп айтатынындай, соншалықты көңілге табиғи сіңген суретті жандандыра, тірілте береді, еш жасандылығы жоқ, қисынды сюжеттер өріліп қоя береді.
Жазушы Ә.Кекілбайұлы: “Күзеуде”, “Қыз ұзатқан”, “Аққыз”, “Бір атым насыбай”, “Ақиық”, “Атамекен” повестері маған бір жағынан әйгілі суретші Павел Кориннің “Өтер-кетер Русь” кейіптемелер тобын, екінші жағынан баяғы прогресшіл романтизм тұсындағы Проспер Мерименің атышулы “экзотикалық новелллаларын” еске түсіргендей. Мұнда да сол таңғалмасқа қоймайтындай қанық бояу, анық сурет, айқын сюжет, мейілінше нақты ой мен жүйелі композиция, шапқан аттай жүйрік қиял мен атқан оқтай мейілінше дәл суреткерлік түйсік. Сезі лайланып, санасы тұмандана қоймаған қыр тұрғындарына тән тұңғиықтық пен тұнықтық, ойда жоқта лап ете қалып, дегеніне жетпейінше тынбайтын дала өртіндей асау құштарлық пен асқақ көңіл, ақ адал пейіл мен әнтек махаббат… қараптан-қарап көзден бірбір ұшып, мәңгілікке көшіп, келмеске кетіп бара жатқан қыр тұрмысы, дала дарқандығы, қазақ тіршілігі… Осының бәрі тебірене отырып байыпталған” [7],- деп сарабдал пікір білдіреді. Мұның өзі жоғарыда өзіміз айтқан ойларды тиянақтағандай болмақ.
Қаламгер А.Сейдімбектің осындай табиғи, шынайы болмысты оқиғалары әңгімелерінде де жалғасады. “Әңгіме алдындағы сөз” кіріспесінде автор: “Қадірлі оқушым, менің өмірімнің дені табиғат аясында өтті. Сондықтан да “аузымды ашып сүйгенім, көзімді ашып көргенім” дегендей, мен айтар әңгіме тек табиғат туралы, оның ғажайыптары туралы болмақ”[4,182-б],- деп сөздің басын ашып алады.
Алғашқы әңгіме “Тауға біткен жалбыз” деп аталады. Әр тау, тастың құпиясын тәптіштей ашатын автор бұл жолы да таудың ілгерідегі “Найзатас” деген атауының неге Саңғыру аталғанына түсінік бере кетеді. Бүркіттердің мекені болғандықтан, осылайша аталғанын айта отырып, көне көз қарттардың бұл жердің бүркітінің қыран болатынын айтып тамсанғандарын келтіреді. Әңгімедегі жолаушылар да бүркіттің балапанын ұстау үшін сайланып жолға шығады. Сонда бүркіттің ұясынан жалқы бала- панды көріп, соны алмаққа бел буады. Сонда кейіпкер арқан байлап ұяға сырғығанда онда жатқан қаңқа сүйектерді көреді. Тіпті төңкерілген табадай болып жатқан тасбақаның сауытын да байқайды. Сонда: “Кәдуілгі тасбақаның сауыты бұж-бұж болып қабыршақтана қурай бастапты. Бұл өңірде тасбақаның болмайтыны анық. Ең жақын дегені туу сонау үш жүз, төрт жүз шақырым жердегі Шу бойының құмынан кездессе керек еді. Мынау сары үрпек балапанның жұдырықтай бөтегесін тол- тыру үшін енесі осынша керемет еңбек сіңіреді екен-ау. О, шіркін, ақылға сыймас асқарға құлаш ұрғызған тәтті тіршілік-ай десейші. Менің көз алдыма таңын созып, топшысын талдырып, ұрпағы үшін жанын азапқа салған ұя басар бүркіт елестеді”[6,186-б],- деп таңданады кейіпкер. Сауытты қапқа салып алады. Сол қияда қимасы қалып бара жатқандай сезімде, ең болмаса бір аялайын- шы деп балапанға қолын созғанда, желке жүнін үрпитіп, шегір көзін шақшитып балапан қолын шоқып алады. Сол жерде таппай жүрген бір түп жалбызды жұлып үлгереді. “Есіме тағы да әжей марқұмның: “Тауға біткен жалбызым-ау!” деп отыратын сөзі түсті. Есіме түсуі мұң екен қолымдағы жалбыз елбіреп, саусағын созған әжемді елестетіп, ұсақ түк басқан қара көк жапырақтар көзіме

басылды. Жалбыздың да буын-буыны босағандай, алпыс екі тамыры иігендей жұпар иісімен ағыл- тегіл шомылдырып жатыр” [6,187-б]. Сөйтіп балапанды алып қайтпаса да, табиғаттың, тіршіліктің мәнін түсінгендей болған кейіпкер осы сапарына дән разы болады. Табиғаттың мейірімін өзіне қадірлі адамына балаған ол жаратылыстың кереметіне тағы да тәнті бола түседі.
Қаламгер А.Сейдімбек шығармаларының басты ерекшелігі табиғат тамашасы дербес, адам өмірінен бөлек сипатта емес, елдің әлеуметтік өмірімен өзектес, біте қайнасып жатады. Мәселен, қиын қиядан арқанмен түсіп, бүркіттің сарыауыз балапанына қолы жетіп тұрған кейіпкер, азаматқа тән кесек мінез көрсетеді. Табиғатты қорғауда ірілік танытады: балапанға жаны ашып, ұясынан ажы- ратпайды. Осы тұсты жазушы: “… Шарасыз жатқан сарыауыз балапанды көрді. Ендігі әрекет оны қойнына салып, алып кету ғана. Тасада қыл арқанның басқа ұшын ұстап, дегбірі тусылып, достары тұр. Баланың көз алдына таңын созып, топшысын талдырған, ұрпағы үшін жанын азапқа салған ұя басар ақшәулі бүркіт елестеді” [6,188-б]. Баланың үлкен адамға тән пайымы, жаратылыстың сырын аңдап үлгерген көзқарасы оған балапанды алып кетуге бөгет жасайды. Табиғат-анаға деген мейірімі оны тоқтатады. Осындай жаратылыс пен адам арасындағы үйлесімділік, іштей жақындық, туған тірлікке деген етенелік жазушының қай кейіпкерінің де бойынан байқалады. Сондағы кейіпкерлердің көбісі ойға, пайымға жақын. Бұрыннан орнаған салтқа, дәстүрге деген қайыра парықтау, ой елегінен өткізу байқалып тұрады. Бұл халқымызға тән ойлылықты, даналықты сол сайын дала сіңірген жоқ па? Жазушы кейіпкерлерінің бойынан туған жеріне, даласына деген терең құрмет аңғарылады. Табиғаттың аясында тіршілік қайнап жатады. Біреуі жарық дүние үшін біреуі талғажау үшін әйтеуір сол табиғатта күрес, арпалыс еш толастамайды. Мүмкін өмірдің мәні де осы шығар. “Тәтті тіршілік” деп аталатын әңгімеде аяғынан жараланған түлкінің қалай қашып, алпыс екі айла жасап, ажалдан қашқаны суреттеледі. Алдыңғы аяғына оқ тиіп, салбырап қалған түлкі, оқ тиген аяғын көлденең тістеп ап қашып, қойшыдан құтылып кетеді. Сонда бұл жаралы түлкінің әрекеті қойшыны таң қалдырып, тіршілік үшін жанталасқан хайуанның әрекетін көреді. “Қақпаншы” әңгімесінде көрікші Сағын ақсақал бейнеленеді. Осы ұста Сағын атанған қария кейін “қақпаншы қария” атанады. Сол қария қақпан құрудың өз ерекшелігін әңгімелейді. Әсіресе, суыр аулаудың қиындығын айтып: “Осы ауылдың балалары құлақшын деп қиылған соң амал жоқ, болмаса кеудесінде жүрегі бар кісінің қол көтерер аңы емес-ау! Ойпырмай, қақпанға тақалғанда алақанымен көзін басып шырылдайды дейсің. Құтты жетім баладай сай-сүйегіңді сырқыратады ғой. Бұрынғылар суырды адамның азғыны деп отырушы еді, айтты-айтпады әйтеуір аң деуге аузың бармайтын бір кереметі бар!” деп қынжылып отыратын. Сонан соң жүні жетілсін дегенді желеу етіп, сары ала күз келгенше суырдың ізін бағудан қашқақтай береді [6,191-192-б]. Осы әңгімеде аңның ерекшелігі, әсіресе, қақпанға текелердің түсетіні, өйткені ол үйірінің алдында жүретіні, аңшылықтың өз салты, ғұрпы бар екені сөз болады. Құрған қақпанға түскен құлтекеге басқа аңшы кез болып, оны бауыздап, қанын қақпанның тіліне жағып, шаппасына ақ орамал тістетіп, шетіне он теңге түйіп кетеді. Сонда Сағын ақсақал: “Байқаймысың, балам, біздің құлтекеміз бір жөн білетін, тәрбиелі адамға тап болған екен. Алдымен қасиетті қара қақпанды сыйлапты, бауыздау қанды шап- пасына жағып кетуін көрдің бе? Онысы қақпанның меселі қайтпасын, жолы бола берсін дегені. Сонан соң иесін сыйлапты, аңның жолы көлденеңді көк аттынікі, бірақ қақпан иесі басы-қасында болмағандықтан, өзінше жол бөлісуді парыз санаған. Бұл кісі аңшылықты кәсіп-нәсіп емес, өмірдің бір қызығы деп түсінетін жан екен” деп таратады [6,195-б]. Бұл қарттың өнегелі сөзі, аңшылықта орныққан дәстүрді түсіндіруі үлкен ғибрат.
“Рамазан мерген” әңгімесінде киік аулауға шығып, қос қасқырды олжалаған аңшылығы әңгімеленеді. Автордың тағы да аңшылық өнерді терең білетіні көрінеді.
Сары ала күзде киіктің ізін бағып, қолға түсіру қиын-ақ, киік аса сақ келеді. Аңға шыққан Ра- мазан күтпеген көрініске тап болады. “Қос қасқыр салып ұрып бұлаққа келеді. Бұлақ ернеуін ба- спалап су жалайды. Шымдауыт жағаны әрі-бері тіміскілеп жүреді де, бұлақ табанынан асық атым- дай жерді тырмалап қаза бастайды. Әлден уақытта қос қасқыр қазуды тоқтатады да, бірі жаңағы қазылған шұңқырға түсіп, бауырлай жата кетеді. Екіншісі топырақты бұрқылдата есіп, шұңқырдағы қасқырды көме бастайды” [6,197-б]. Мұны таңқала отырып, бақылаған Рамазан не де болса артын күтеді. Сөйтсе, бұлар суға құлайтын киіктерді күтіп, екеуі екі жағынан тап бермекші екен. Сонда Рамазан шұңқырдағы қасқырды да, екінші шеттегі қасқырды да атып алып, бұл олжасын қадірлі жеңгесі, таңертең қарсы алдынан кездескенде уәде еткеніндей, Бәтешке байлайды.
Аңдар әлемінің өз заңы, дәстүрі бар. Олар да ұрпақ өрбітіп, солардың амандығы үшін әрекет етеді. Кей-кейдегі тірліктері есті адамға тән. “Зерде” әңгімесінде осы жайт сөз болады. Мұнда түлкінің өзгеше әрекетін бақылаған кейіпкер суреттеледі. Ол судың ортасына дейін сиырдың жапасын тістеп кеп, оны өзі суға сүңгіп-сүңгіп алғаннан кейін, суға тастап кете барған түлкінің әрекетін түсінбей

аң-таң болады. Сөйтсе, өзінің қызыл шақа күшіктерін бүргеден қорғау үшін жасап жүрген айласы екен. Оның мәнісін жиеніне түсіндірген аңшы: “Түлкі күшіктерін емізгенде бар бүрге өзіне жабыл- май ма? Ал одан арылу үшін қу тезек тістеп суға түссе, дымқылдан қашқан бүргелер қалқып жүрген ақ жапаға ауыспақ. Бүйтіп қарекет етпесе, аш бүргелер түлкінің қызыл шақа күшігі былай тұрсын, сені де талап өлтіруге шамасы келеді. Аңшылықты көп кәсіп еткен қазақ аталарың “Түлкі түгінен жазған” деп дұрыс айтқан ғой. Түлкіде жүнінің әдемілігінен басқа жазық жоқ. Онан ақылды, онан сүйкімді аңды өз басым әлі көрген емеспін” [6,239-б], — дейді. Әрине, табиғаттың кереметі шексіз. Кейде ондағы құбылыстар сізге өмірге басқаша қарауға үйретеді. Кейде табиғат жыртқыштарының мінез-әрекеті сізге ой салады. Қайткен күнде де хайуанаттардың өзіндік орныққан дәстүрі бар тіршілігі түйсік, пайымға шақырады.
“Табысу” әңгімесінде түздің тағысы лашынды ұстап алғаннан кейін, оның табиғатқа қайта кетуін суреттейді. Адамның қолынан көзді ашып-жұмғанша жұлқына, серпіле шығып кеткен лашын көкке самғап табиғат құшағына енеді. Бәрі жайлауға қонып қарбаласып жатқандарың үстінен лашыннан қорғалаған үйректің сусылдап ұшынан басталады. Сондағы лашынның үйректі мерт етуі: “Әкейдің лашын деп тұрған құсы лақтырған құстай боп еңіреп келген күйі үйрекке сақ ете қалды. Тап бір қапысыз ерген атқандай айнымай келіп соққан сәтінде жан тәсілін беріп үлгерген үйрек жайыла аунап барып, тас лақтырым жердегі шалғынға топ ете түсті… Осы бір үрейлі көріністің белгісі сияқтанып, бұрқ-бұрқ шашылған ұлпа қауырсын ауада қалқып қалды” [6,203-б],- деп суреттеледі. Осы сәтте үйрекке қонып, жәукемдеп жатқан лашынды әкесі тұзақтап ұстап алады. Сонда ісіне мейілінше көңілі толған қарт: “Қанаттыда мұнан өткен қыран болар деймісің! Бұрынғылар лашын құстың баласына ат ұсынып, атан жетелеп келіп, меселі қайтып, құр қол кетеді екен. Қызық-ау со- лар, сұңқар нәсілін сыбаға беріп, қолға қондырғысы келген! Лашынның қанат кергенінің өзі-ақ бір қаралық емес пе?! Бұл дегенің жаратылысы бөлек, текті құс. Тектілігі сол ғұмырында тамағына бола таңын кермейді ғой. Әлгі, “ит иесі үшін алады, құс тамағы үшін алады” деген сөз қанаттының бәріне қатысы болса да, тап осы лашынның қасиетіне келмейді” [6,205-б]. Сол лашын аңшының қолын қатты теуіп жіберіп, шырқау биікке қанат қағып кете барады. “Табысу” дегені де түздің тағысын зорлықпен қолға үйрете алмайсың. Түбі туған табиғатымен табысады дегенді білдіреді. Әңгімеде даланың тағысын қолға ұстап, аңға салу, күтіп-баптауға құрылған.
Әңгімеде кейіпкерлердің көп болмайтыны, негізгі кейіпкерлер екеу-үшеуден аспайтыны да, олардың мінез-құлқын, характерін нақты, бас-аяғы жинақы іс-әрекеттер арқылы ашуға үлкен суреткерлік шеберлік қажет екенін аңғартады. Әңгіме көркем прозаның жазба әдебиетінде қалыптасқан түрі әрі ауыз әдебиетіндегі баяндап айту үлгілерімен тамырластығы болса да, мүлде жаңа, соны жанр. Басты ерекшелігі – қалыптасқан дәстүрлі баяндау тәсілдерінің шеңберінде қалмайтын еркін, шығармашылық ізденістерге жол беруі. Әңгімеде тақырып таңдау, өмір шындығын әр қырынан қамту мүмкіндігі нақты, оқиға желісін еркін өрістету, шығарманың композициялық құрылысын ықшам ету мүмкіндіктері де мол.
А.Сейдімбектің “Көңіл шіркін…” әңгімесі қазақтың жақсы салттарының бірі — көңілі жақын құрдастарының екіншісінен қимасын қалауы туралы оқиғадан басталады. Жәкен қарт пен Мұса ақсақал бір-бірімен дос-жар пиғылдағы адамдар. “Дүрбі салып жүрген Мұса да, жанында бала- ша елпілдеп жүрген Жәкең де аңқұмар, саңлақ хайуандардың тілін білетін, осы ауылды ескікөз, саятшы қарттары еді. Екеуі де балалықтың мәз тіршілігінен бастап, алпыстың белеңінен асқанға дейінгі ыстық-суықты ұзақ өмірлерін бірге өткізіп, жасасқан. Әсіресе, соңғы жылдары көз көрген құрбылары сиреген сайын, бір-біріне деген ықылас-ілтипаты күшейіп, сыр-мұңдары жарасқыш болып алған. Бір қызығы, табиғат шіркін екеуіне “үш қайнаса сорпасы қосылмайтын” екі түрлі мінез берген. Мұса қапсағай денелі, сонысына ендес салқын сабырдың адамы. Арғы жағыңдағыны айтқызбай білетін нағыз саятшыға тән сезімтал, зеректігі бар жан. Ал Жәкен болса, сырт пішіні аңшы болар-ау” дегізгендей ықшам. Әлі де қалақтай жеңіл, ширақ адам. Әсірсе, аңшылық, саяхатшылыққа қатысты әрекетке оң иығын беріп, оңқай асықша үйіріліп тұрғаны” [6,208-б]. Сол Жәкен қарт Мұсекеңнен “ат өледі, құс қашады” дегендей деп, бүркітіне қолқа салады. Бірақ Мұса сыралғы құсын бермей, әйтеуір бір құс берермін”,-деп уәде етеді. Бірде ауыл үстінде ұшып жүрген бүркітті көріп, сол түз бүркітін ұстаудың әрекетіне кіріседі. Жақында өлген өгіздің еті бір сайды толтырып жатыр еді. Мұса бұлақ бойынан малта тастарды теріп, әлі бұзыла қоймаған өгіздің қол еттерін ойып алып, оларды түйенің тобығындай етіп турап, әр турамның ішіне тастарды тығып, көгал үстіне шашып тастайды. Сонда бүркіт оларды жеп, тояттаған соң, енді ұшуға әрекет етсе, ұша алмайды. Бөтегесін басқан ауыр тастар ұшып кетуіне бөгет болады. Сол кезде құрықшамен барып, бүркітті ұстап алады. “Мұса мен Жәкен қолға түскен түз тағысын мол шапанға құндақтай орап, ауылға қайтқанда, екеуі екі бөлек қуанышты сезімде келе жатты. Бірі көз көрген, сыр мінез
үзеңгілесінің тілегін орындағанға қуанса, екіншісі өзінің көптен бергі арманының жүзеге асқанына қуанып келе жатыр еді [6,215-б]. Екі қартты көңіл қуанышы нанымды-ақ. Бұл жалғанда адам көңілін қалдырып, өкінішке ұрынғаннан асқан қайғы бар ма? Өздерінің ежелден таза келе жатқан көңілдерін кірбіңсіз сақтай алу да үлкен міндет. Екі қарт та осы сыннан сүрінбей өтеді.
Қаламгердің “Айқас” әңгімесі бақа мен жыландардың айқасына құрылған. Табиғат тамаша- лары көп. Олардағы жанды жаратылыс әр кез күрес үстінде болмай ма? Сонда адамдарға тән ұйымшылдық, бірігу осы хайуанаттарға да жат емес. Бұл оқиғаның адам айтса сенбейтіндігі бар. Бұлақтың бетін жауып кеткен құрбақаларды тамашалаған жолаушылар, бұл көрініске қайран қалады. Біраз тыныққан соң, қарса, бірде бірі қалмаған, зым-зия. “Жосыла жөңкілген бақалардың алды дауыс жетер жерде кетіп барады. Қалы шұбырындының алдында жұдырықтай қоңыр бақа. Талмай ырғып, тоқтаусыз секіріп, мың сан бақаны бастап келеді. Оның қазіргі сәттегі қимылынан ерекше бір асқақтық, сұс аңғарылады” [6,231-б]. Алдарынан шыққан шаң жыландар екен. Енді олардың айқасы басталып кетеді. Бақалар жеңіп шығады. Осы арқылы автор өмірдің өзі үлкенді- кішілі күрестен тұратынын көрсетеді.
“Бүркіт” этнографиялық әңгімесі олардың түрі, мекендері, қасиеті, бапталуы, тамағы туралы баяндайды. Бүркіт туралы мағлұмат береді. “Көл-көсір сары даланы сахна еткен ата-бабамыз тек қана малдың тісіне ерумен ғұмыр кешкен жоқ. Көңіл құмарын қандырарлық талай-талай қызықты таба білген. Сол қызықтың бір ұшығы аңшылыққа да байланысты. Жүйрік ат, қыран бүркіт, алғыр қаршыға, құмай тазы, айлалы сұңқар, болат қақпан, түзу мылтық сияқтылардың қай-қайсысыда өзіндік сырға толы тамашасымен әркімді еліктіре білген. Жай еліктіру емес, жаны сергек ер жігіттің сенімді серігі, қиындыққа толы өмірлерінің бір мезгілдік арашасындай да болды” [6,233-б]. “Қазақ құсбегілері бүркіт атын жасымен былай атайды: бір жас — балапан құс, екі жас — қан түбіт, үш жас
— тірнек, төрт жас — тас түлек, бес жас — мұзбалақ, алты жас — көк түбіт, жеті жас — қанат, сегіз жас — жаңа, тоғыз жас — май түбіт, он жас — барқын, он бір жас — баршын, он екі жас — шөгел, осылайша он бес, жиырма жасқа дейін атала береді» [6,241-б].
Жинақтағы шығармалардың бір парасын деректі әңгімелер құрайды. Бұл бөлімнің басын “Ойсылқара” әңгімесі бастайды. Қожабек қарт сегіз перзенті бар, олардан немере сүйген қарт. Сол немерелеріне айтатын ертегілері де түйе туралы болатын. Ол бұл өлкенің түйе малынан бере- ке табатынын біледі. “Төрт түліктің төресі түйе деген, ойпаңы құмдақ, қыраңы шақат бұл өңірде бағушысы келіссе, түйе түлігінің айы оңынан туады екен. “Мұрындығым түзгеннен болсын, төсегім күлден болсын, бұйдам алалы болсын, жабуым шималы болсын өспегенде немене!” — дегенді түйе айтыпты деген сөз бар. Сол тілегі көкте емес, жерде болып шықты, қыс бола қыз бұрым Лепсі бойының шұбарын шалып, тораңғы мен талын сыдырып, жаз болса күйреуік пен изенді күтірлете қарбытып, жапырақ жайған шайырды бытырлата жеп; алабота мен қызыл мияны үйіре күйсеп, соры шыққан тұзды ойпаңға аунаған түйе таулының қос өркеші баладай болып шыға келеді екен. Аз жылда Лепсінің қос қапталы түйе түлігіне толып, енді көктем шықса болды үйірсек буралар бура қотан жасап, әрі өткен, бері өткенге шабына зіркілдейтін болды” [6,245-б]. Түйе малын бағуға ықылас білдіргендер көбейеді. Осы түйе малының қасиеті мен берекеті сипатталады.
Шығармада түйеге қатысты ертеректегі бір әңгіме беріледі: “Осы Көксаздың етегіндегі терең шұбарлы сайда бір үйір түйе қысқы боранда күйіс қайырып, жусап жатады ғой. Бұл өңірде Ебінің желі, Сайқан желі деп аталатын, қаз жұмыртқасындай тасты ұшыратын әйгілі үскіріктің бары мәлім. Заңғар таудың қары көшіп, сай табанындағы түйелерді басып қалады. Малдың қас-қабағына қараған ел санын соғып, бір үйір түйені өлдіге санайды. Арада бір ай мұғдары өткенде әлгі сай табанындағы сіреу қардың әр жері үкі көздене тесіліп, бу шығады дейді. Ауыл адамдары құрыққа сырық жалғап, үкі көз тесікке жүгіртсе, былқылдап түйеге тиеді. Бір кезде күн жылынып, қар да ери бастайды. Содан ай жарым дегенде көздері жәудіреп, мойындары сорайып әлгі сай табанын- да қалған түйелер көріне бастайды ғой. Солардың ішінде қар көшкіні соққанда құлағандары өліп, шөгіп жатқандары мал болып кетеді. Әне, айыр өркеш түйенің құдіретін қараңыз! Міне осындай қасиеттері үшін көшпелі ел түйе түлігінің басын көбейтіп, тұқымын асылдандыруға ерекше ден қойып отырған. Ел ішінде атақты түйелі байлар да болған. Олар түйесі көбейген сайын сырт көздің сұғы тиеді деп қорқып әрбір жүзінші түйенің көзін шығарып отырған. Сонда “неше түйесі бар” деудің орнына “неше соқыры бар” деп сұрайтын дәстүрі болған [6,251-б]. Осы тілектің қадыр- қасиетін Қожабек қарт немересіне айтатын ертегісінде де жеткізіп отырған.
Қаламгер А.Сейдімбек өзінің сюжеті мен идеясы, көркемдігі мен тілі жөнінен бір-бірін толықтырып отыратын шығармаларында табиғаттың көзбен көріп, қолмен ұстағандай тамаша ғажайыптарын келісті әңгімелейді.
Қаламгер аңшы, саятшы, құсбегі кейіпкерлері арқылы халқымыздың өзгеше өнер-кәсібінің қыр-

сырын білгірлікпен көркем суреттейді. Автор шығармаларының тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік қуаты бір-бірін толықтырып отырады. Суреткердің көркем бейнелері ұлттық, көркемдік- эстетикалық жағынан, ұлттық сана мен ойлау жүйесі тұрғысынан астасып, оның қаламгерлік шеберлігін айғақтайды.

ӘДЕБИЕТТЕР
1 Петровский М.С. Мастер и Город: Киевские контексты Михаила Булгакова. – К., 2001. 2 Кожинов В.В. Статьи о современной литературе. – М., 1982. -280 с.
3 Тамарченко Н.Д. Теоретическая поэтика. – М., Академия, 2004.- 400 с 4 Қаратаев М. Таңдамалы шығармалар. — Алматы: Жазушы, 1974.-357 б. 5 Жұмалиев Қ. Әдебиет теориясы. – Алматы, 1969. — 123 б.
6 Сейдімбек А. Аққыз. Повестер мен әңгімелер. — Алматы: Атамұра, 2002.-288 б.
7 Кекілбайұлы Ә. Талантты ұрпақтың тағылымды келбеті. // Егемен Қазақстан. 23.11.2002.

REFERENCES
1 Petrovskyi M.S. Master i gorod: Poyetika. – Kievskie konteksty Mikhaila Bulgakova. -K., 2001. 2 Kozhinov V.V. Stat’i o sovremennoy literature. – M., 1982. -280 s.
3 Tamartchenko N.D. Teoreticheskaia poetika. – М., Акаdemia, 2004.- 400 s 3 Qarataiev M. Tandamaly shygarmalar. — Аlmaty: Zhazushy, 1974.- 357 b. 4 Zhumaliev Q. Adebiet teoriasy. – Almaty, 1969. — 123 b.
5 Seidimbek A. Aqqyz. Povester men angimeler. — Аlmaty: Аtamura, 2002.-288 b.
6 Kekilbaiuly A. Talantty urpaqtyn tagylymdy kelbeti. // Egemen Qazaqstan. 23.11.2002.

Национальное познание в произведениях Акселеу Сейдимбека.
В этой статье автор затргивает слово о сюжете и идеи, а также о художественном стиле и языке произведений Сейдимбека А. При этом автор с помощью героев как охотник, кусбеги (обучающего ловчих птиц) дает о свойственном искусстве и промысле народа и пишет о тематическо-идейном, жанровом, художественном потенциале произведений писателя. Автор приводит конкретные примеры о мастерстве писателя с национальной, художественно-эстетической точки зрения, национальной познании и мышлении. Ключевые словa: народное, национальное сознание, самопознание, творческий жанр, повесть, рассказ.

National cognition is in works of Aqseleu Seidimbek.
In this article the author tells about the plot and ideas, as well as the artistic style and language of Seydimbek A.The author with the help of characters like the hunter, kusbegi (falconry training) writes about the ideological- thematic, genre, the artistic potential of the writer. The author gives concrete examples of the skill of the writer to the national, artistic and aesthetic point of view, the national knowledge and thinking.
Keywords: national consciousness, self-consciousness, the creative genre, story

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *