филол.ғ.д., Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университеті, Семей
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ӨСІМДІК АТАУЛАРЫНАН ҚАЛЫПТАСҚАН ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕРДІҢ ЭТНОЛИНГВИСТИКАЛЫҚ СИПАТТАМАСЫ
Өсiмдiктiң адам өмiрiмен тығыз байланыстылығы соншалық, тiптi олар адам табиғатын, оның дүниетанымын, салт-дәстүрiн, наным-сенiмiн, әдет-ғұрпын тiл арқылы суреттеуге дейiн еркiн арала- сып, санасына етене сiңiсiп кеткен. Себебi, әр түрлi заттардың, құбылыстардың аты-жөнi, сыр-сипаты, қоғамдық қатынастар, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүрлер жайлы мағлұматтардың маңыздысы кейiнгi буынға тек тiл деректерi арқылы ғана, яғни сол халық тiлiндегi сөздер мен сөз тiркестерi, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, аңыз-ертегiлер арқылы ғана келiп жеткен.
Түйін сөздер: тұрақты тіркестер, фразеологизмдер, мақал-мәтелдер.
Әрбiр халық тiлiнiң ерекшелiгi, тiл байлығы, көбiнесе, сол халықтың даму барысында қалыптасып, ғасырлар бойы қордаланған ТТ қорына байланысты анықталады.Тұрақты тiркестер сол тiлде сөйлейтiн адамдар мәдениетiнiң айнасы, онда халық өмiрiнiң сипаты, ұлттық психоло- гиясы көрiнiс тапқан. Соның iшiнде өсiмдiк дүниесiне қатысты ТТ-дiң алатын орны ерекше. Қазақ тілінде 6 мыңдай (Б.Қалиев) өсімдік атаулары, оның құрылым-құрылысына қатысты мың жарым- дай (Ш.Құрманбаев), мың үш жүзге жуық тұрақты тіркес жинастырылған.
Өсімдiксiз жер бетiнде тiршiлiктiң болуы мүмкiн емес, себебi бүкiл тiршiлiкке қажеттi органикалық зат өсiмдiктен түзiледi. Ал осы өсiмдiктердiң сыртқы ұқсастығына, түр-түсiне, ды- быс шығаруына, өсу ерекшелiгiне, өскен жерiне байланысты туындаған сөз, тiркестер қаншама. Соның iшiнде әдет-ғұрып, салт-дәстүрге байланысты бiр тобын атап өтуге болады. Мысалы, бетiн шиедей қылу; тарыдай көп болсын; шашыратқы; шөбi түстi; қызғалдақ май; арша, адыраспан; жалбызды жерде жан қалар т.б. Сан қырлы заман қойнауынан қазiргi медицинаға дейiн жеткен, химиялық құрамы әртүрлi емдiк өсiмдiктер де ұзақ жылғы эволюциялық процестердiң жемiсi. Жа- байы өсiмдiктердi пайдаға жарату үшiн жүздеген жылдар қажет едi. Себебi, адамдардың тұңғыш ұстазы – табиғат, алғашқы дәрiханасы орман мен дала болды. Әрбiр өсiмдiкке қатысты атаулар оған ат қою кезiндегi таңдалынған уәжіне де байланысты. Халықтық атауларға тән ерекшелiктiң бастысы – ол жасалуы жағынан тым қарапайым, ат қою уәжі халыққа тым жақсы таныс, мағынасы жағынан елдiң бәрiне түсiнiктi сөздер болып келетiндiгi. Тiлдi жан-жақты кешендi түрде зерттеу, сөздi, оның атқаратын қызметiн зерттеу барысында оның мәдени-этнографиялық мәнiне назар ау- дару, тiлдi этнолингвистикалық тұрғыдан қарастыруды талап етедi. «Өйткенi, кез келген этностың (бүгiнгi ұлыстың, халықтың, ұлттың) тiлiнде оның басып өткен ұзақ өмiрiнiң өрнегi жатыр» [1 ].
Халықтық салт-дәстүрге, этностың этнографиялық ерекшелiгiне байланысты кейбiр тұрақты сөз тiркестерiнiң құрамына өсiмдiкке қатысты атаулар да кiредi. Соның бiрi – «қызғалдақ май» [2, 189] – алғашқы май алу рәсiмi. Дәстүрлi мәдениет салаларының iшiнде ұлттық тағамдар жүйесi этникалық ерекшелiктi берiк сақтай алатын компонент болып табылады. Көктемгi алғашқы май алынғанда, май түскен соң, дәмiн көрмес бұрын алдымен «отқа тамызып» барып, сосын ауыз тиедi. Мұнда «оттың жолы үлкен» деген отқа табыну салтының бiр көрiнiсi тұр. Сонан соң май жалау басталады. Алақанға салынған майды бiр қолдан екiншi қолға ауыстырып, жұғымын әбден май таусылғанша жалай бередi. Алғашқы майдан бәрiне жетсiн, мол болсын деген тiлекпен көршi- қолаң, бала-шаға, көңiл жетерлiк ауыл адамдары бiрлiгiмiз бұзылмасын деп түгел ауыз тиюi тиiс.
«Қызғалдақ май» деп қызғалдақ ерте көктемде алғашқы болып шығатын өсiмдiктердiң қатарына жататындығына байланысты аталған. Қызғалдақ ақпан, наурыз айларында гүлдейтiн көрiктi де, сәндi өсiмдiк. Қызғалдақ сөзi қыз және ғалдақ деген екi түбiрдiң бiрiгуiнен жасалған. Мұндағы қыз сөзi-қызыл сөзiнiң қысқарған варианты да /м., қызар, қызғылтым, қызғылт т.б./, ал ғалдақ көне түркi тiлiнде қазiргi гүл /цветок/ сөзiнiң орнына қолданылған. Тiлiмiзде осы модельде жасалынған бозғалдақ, қарағалдақ, көкғалдақ, сарғалдақ, итғалдақ деген өсiмдiк атаулары бар [3, 84]. Сонымен сын есiм қызыл сөзiнiң қысқарған варианты мен гүл деген мағынаны беретiн «ғалдақ» сөздерi қызғалдақ атауын жасаған.
Ал шашыратқы деген өсiмдiк атауының жасалуына «шаш», «шашу», «шашыратып жiберу» /раз- брызгивать/ етiстiгi тiрек болған. «Шашырат» етiстiгiне зат есiм тудырушы -қы жұрнағы жалғанып атау сөздiк мағына берiп тұр. Олардың тұқымшалары ұшпа жемiстi болып, жел арқылы шашылып таралады.
Мал шаруашылығындағы ең маңызды iстiң бiрi малдың уақтылы iштенiп, дер кезiнде тууын қамтамасыз ету мақсатында қошқарларға, текелерге күйек байлайды. Күйек – екi-үш қабат киiзден жасалатын төрт бұрышты алжапқыш. Күйек қазан айының аяғында, қараша айының басында алы- нады. Күйек байлау, күйек алуды мал өсiмдi болады деген ырыммен әйел адам атқарады. Қошқардан күйектi аларда ауылдағы үлкен бәйбiше шешiп жатқанда, алжапқыштың бiр шетiн ағытып жiбередi. Жанында тұрған әйелдiң бiрi «тарыдай көп болсын!» деп аузына тары уыстап салады. Ал тарының бiр ғана дәнiнен бiр жазда отыз-қырық мың дән өсiп шығатындығы ғылыми тұрғыдан анықталған тұжырым. Бұл тұқымы осы тарыдай көбейсiн, көп болсын деген ниеттен туса керек. Малдың өсiмдi болуын ырымдаған шаруашылықтағы «шашыратқы» әдет-ғұрпы мен тұқымы жел арқылы шашы- лып тарайтын өсiмдiк атауы «шашыратқы» арасында тығыз байланыс бар. Молшылық әкелсiн, ырыс, береке берсiн деп әр түрлi қуанышты жағдайда шашылатын шашу, шашу үлестiру дәстүрi де осы «шаш» етiстiгiне байланысты. Халықтың әр қилы табиғат құбылыстарын, оның даму заңдылықтарын тап басып байқауы, осы байқампаздығының тiлде көрiнiс беруi шашыратқы атауы- на бейнелеуiш негiз болса керек. Күйек алынып болған соң, өрiстегi малдан кiмнiң малының төлдей қашқанын көрген қойшы кешке келген соң, мал иесiнен шашыратқысын алады. Шашыратқыға жиналған әйелдерге ас-су берудi «шашыратқы беру» деп атайды.
Ал ас-су беру ұғымы шай мәзiрiмен де тiкелей байланысты. Бұта жапырағының технологиясы-
на сай шай түрлерi жасалып, одан бабына келтiрiлiп, ыстықта шөл қандыратын, суықта бой жы- лытатын, қан тарататын қасиетi бар сусын әзiрленедi. Құрамында адам ағзасына қажеттi бағалы заттары көп бұл сусын келе-келе дастарқан сәнiне айналған. Әңгiме-дүкен құрып отырып iшетiн шайды – мәмiле шай; арнайы шақырылып берiлетiн шайды – пәмiл шай; қою шығарылған қан қызыл шайды – құрымшай; қаймақ, сүт қосқан қою шайды – күрең шай, қозы күрең шай; шайға талқан салып, қойылтып iшетiн шайды – бордақ шай; сүт,тұз қосып iшетiн шайды – еткен шай дейдi. Бабына келтiрiлiп әзiрленген шайын, терлеп-тепшiп отырып iшiп халқымыз «шай — шай iшсең көңiлiң жай» деп тамсанады. Қыз-келiншектердiң барлық ибалы қылығы, көргендiлiгi, мәдениеттiлiгi, дастарқан ұстай бiлетiндiгi де шай құю үстiнде сыналған. Осыған орай бiрнеше тұрақты тiркестер де қалыптасқан. Фразеологизмдердiң iшiндегi кейбiр сөздер семантикалық жағынан ерен байқалып, түп қазық, «ұйытқы сөз» қызметiн атқарады. Шай сөзiне байланысты отызға жуық тұрақты сөз тiркестерi туындаса, ол ұйытқы сөздiң табиғатына, атқаратын қызметiне тiкелей байланысты екендiгi қарастырылады. Мысал келтiрейiк: күзем шай, ақыл шай, рақмет шай т.б.
Күзем шай. Бағуы, күйi жақсы болса жайлаудағы 3-4 ай iшiнде қойдың жүнi жақсы өседi.
Қыркүйектiң бас кезiнде қой екiншi рет қырқылады. Мұны күзем дейдi. Бұл — үлкен науқан. Барлық жұрт бiрiгiп 2-3 күнде бiтiруге тырысады. Күзем жүннен қазақ киiз басады. Бұл жұмыс 1-2 аптадан артық созылмауы тиiс, себебi суық түсiп кетпей жайлаудан көшу керек. Әр үйде күзем алынып болған соң, киiз үй басысқандарға беретiн ас-суды «күземшай» деп атайды [2, 190].
Ақыл шай. Талдықорған облысының кейбiр аудандарында ұлы жиын, ойын-той, өлiк жөнелту, ас беру секiлдi науқан кездерiнде қолынан iс келетiн, оны өткiзудiң жөнiн, ретiн бiлетiн көңiл жықпас, аралас-құралас, туысқан адамдарды шақырып, дастарқан үстiнде жиын өткiзудiң бары- сын ақылдасуды, мiндет бөлiсудi, мәмлеге келудi «ақыл шай» дейдi. Науқан өткiзiлiп болған соң, ас-судың бабын келтiрiп, қонақтарды бiр кiсiдей жұмыла күткендердi шайға шақырып, ас иелерi ризашылықтарын айтып, өз деңгейлерiне қарай сыйлық үлестiрiп, тiлектерiн бiлдiредi. Осы салтты
«рақмет шай», «шайға шақыру» дейдi. Сонымен қатар «мертік шай» (мертіккен адамның көңілін сұрай келгендерге жайылатын дастарқан ), «көшер шай», «тілашар» және күнделікті тұрмыста әр жағдайға байланысты дәм татқызу түрлері баршылық. Шайға шақыру сөзi қырғыз тiлiнде чайға чақырып қоюу (пригласить на чашку чая) [4, 942], түркімен тiлiнде-чая чагырмак [5, 839] түрiнде айтылады. Сонымен тiлiмiзге қытай тiлiнен енiп, күнделiктi өмiрiмiзде өзiне лайықты орнын алған шай сөзi тек қана қазақ тiлiнде емес, сонымен қатар түркi тiлдерiнде де және басқа тiлдерде де бар сөз.
Келесi қарастыратынымыз түркi тiлдерiнiң көбiне ортақ «шие» сөзiне байланысты қалыптасқан тұрақты тiркестер. Шие – татар тiлiнде чия, чуваш тiлiнде-чие [6, 539], башқұрт тiлiнде — сейе [7, 83], қырғыз тiлiнде – чие [8, 861] және қазақ тiлiнде шие, ал монғол тiлiнде чии [9, 732], қалмақ тiлiнде чи [10, 765] болып кездеседi. Шие ағаш басына бiтетiн қоңыр-қызыл түстi, сүйектi дәнi бар, жұмсақ, шырынды, ұсақ жемiс. Осы табиғи ерекшелiгi, яғни түсiне байланысты бiрнеше тұрақты тiркестер қалыптасқан. Мысалы, өз бетiн аямаған кiсi бетiн шиедей етедi, шие қызыл, шие жегендей қылды, бетiн шиедей қылды т.б. Соңғы тұрақты тiркестiң мағынасына жете мән берiп қарасақ, ертерек
уақытта қазақ әйелi ет жақын адамы қайтыс болған кезде, шашын жайып, екi бетiне тырнағының көбесiн аямай салып, осып, қанын шығарып, қазаны аза тұтуына қатысты салттың бiр көрiнiсi байқалады. Ежелгi түрiктер өлген адамдарын шаман рәсiмi бойынша жерлеген. Өлген адамдарды жақын адамдары, әйелi жылап-сықтап, бетiн тiлгiлеп, қан ағызып, шашын жұлып, аза тұтып, өлiк жатқан үйдi жетi рет айналатын болған [11, 31]. Сонымен бетiн шиедейқылды фразеологизмiнiң қалыптасуына ұйытқы болған шие өсiмдiгiнiң түсi, яғни қатты қиналған адам бетiн осып-осып, тырнап, шие өсiмдiгiнiң түсiндей қызыл қан шығарды дегендi бiлдiредi.
Тұрақты тiркестер мазмұны және құрылымдық жағынан жан-жақты. Тiлiмiзде этностың өзiне ғана тән қасиеттерiн сипаттайтын этнографизмдерге айналған сөз тiркестерi де баршылық. Этнографиялық мәнге ие единицалардың көбi тiлiмiзде тiркес ретiнде қолданылатын күрделi сөздер мен қалыптасқан фразеологизмдер және мақал-мәтелдер түрiнде кездеседi. Мысалы, шөбi түстi, шөп тартты, шөп басын сындыру, сабан салып жiберу т.б. Шөбi түстi тiркесi бақ-талайы табылу, несiбесiне бұйырғаны болу деген мағынаны бiлдiредi. Мысалы, I. Шөп тартып жiгiттердiң бағын сынауды шығарды. Сонан соң шөп түскен жiгiттердi ауыл боп улап-шулап станцияға аттандыра- тын. II. Саған шөбiмдi түсiрiп, кездескенiме мың шүкiр [12, 45]. Шөбi түстi тiркесiнiң мағынасына орайлас бiрнеше тәсiл бар. Даулы мәселенiң басын ашу үшiн, кезекке таласқан кезде бiрiншi болу үшiн сақа салыстырады, алшы не тәйкi түсуiне асық иiредi, таяқтың басына бiрiншi шығу үшiн жұмылған жұдырық бойымен кезектесе ұстасады және жеребе тастайды. Ал шөп басын сындыру тұрақты тiркесiнiң мағынасы бiреу бұрын-соңды атқармаған iсiн атқарғанда, жақсы мiнез-құлық көрсеткенде, келмеген жерiне келгенде, тың әрекет жасағанда, оның бұл iсiне қуанған, таңқалған жұрт «шөп басын сындырыңдар», «шөп сындыршы» деседi. Ол жақсы нышанға iштей қуанып, оны жақсылыққа жорудың, тiл-көздiң сұғынан сақтасын деген ниеттiң белгiсi. Ал сабан салып жiберу (вложить соломинку) тiркесiнiң қалыптасуына сабанның түсi себепкер болуы мүмкiн. Ертеректе сапарда жүрген жолаушыға артта қалған ет жақын туыстары қатынасушылар арқылы жiберетiн сәлемдеменiң iшiне сары сабанның сабақтарын қоса салып жiберетiн салт болған. Бұл ырым бой- ынша өзiңдi сағынып, оралуыңды сарғая күтiп, жүзiмiз осы сары сабандай болды деп сағыныш сезiмiн бiлдiрген. Сiрә, бұл ырым жазу-сызу болмаған, болса да елдiң бәрi бiле бермеген заманда пайда болса керек.
Ал арша, адыраспан, ал алтай халықтарында арша және ырғай атаулары белгiлi бiр контек-
сте этнографиялық мәнге ие болады. Алтай халықтарында кейбiр ағаштар мен бұталар (қайың, арша (арчын, ырғай) қасиеттi деп саналып, оларды кесуге тыйым салынған. Ырғай эвфемизмi ретiнде узсут ағаш (крепкое дерево) және оны «кеспес, уребес эт тиштебес», яғни оны қажет бол- маса кеспейдi, оған ет пiсiрiп жемейдi тiркестерi қалыптасқан. Иркит руының әйелдерiне ырғай бұтағын аттап өтуге тыйым салынған. Бұл жерде ырғайдың қоныс тепкен, мекен еткен жерде өте сирек кездесуi мен ұзын да солқылдақ бұтақтарының шаруашылықта кәдеге жарауы-өсiмдiктi қастерлеуге негiз болған болар. Сонымен қатар, Алтай халықтарында жын-шайтанды кетiру үшiн түтiн салу-аластау (аластаганы) салты бар. Ол үшiн қасиеттi саналатын арша (арчын) бұтақтарын жаққан [13, 83]. Арша тек Алтай халықтарына ғана емес, қазақ халқы үшiн де қастерлi және бұндай қасиеттi шөптердiң қатарына адыраспан да жатады. Халық арасында аршаның емдiк қасиеттерiн бiлгендiктен, оны сал, ми ауруына, керең болғанда, тiс, iрiңдi жараға, бауыр ауруына және шаш түскенде дәрi ретiнде пайдаланған [14, 16]. Адыраспан да, арша да қазақ халқы үшiн қасиеттi шөп, сондықтан бәле-жаладан сақтайды деп, үйдiң iшiне көрнекiлеу жерге iлiп қояды. Бұл өсiмдiктердi иесiз үйдi иесi жоқ кезде жайлап алған беймәлiм жын-шайтандардан тазарту үшiн отпен аластағанда және нәрестенiң бесiгiн, ауру адамды, ыдыс-аяқты т.б. аршаның бiр бұтағын немесе адыраспанның бiр түбiн отқа тамызып, аластаған уақытта пайдаланған. Адыраспан қасиеттi саналғандықтан, киесi ұрады деп дәрет алып, иiлiп сәлем етiп барып қана алған. «Адыраспан, адыраспан шыққан жердi, сiрә, баспан» тiркесi осы ырымға сәйкес қалыптасқан. Ондай ырымды «Ассалаумағалейкүм, Ады- распан! Жiбердi ем болсын деп, Омар, Оспан!» деп бастау әдетi бар. Бұл өсiмдiктермен аластау: 1. Өсiмдiктердiң антисептiк қасиетiне байланысты, микробтарды өлтiру үшiн; 2. Иiс-қоңысты кетiрiп, тазалық сақтау үшiн; 3. Жын-шайтан оттан қорқады деген дiни ұғымға байланысты көп жерде жа- салатын дәстүр.
Халық тiлiмен бiрге жасасып, бiрге өмiр сүрiп келе жатқан тағы бiр өсiмдiктiң аты – жалбыз.
Жалбыздың мынадай түрлерi бар: су жалбыз, ұзын жапырақты жалбыз, арық жалбыз, бұйра жал- быз, кермек жалбыз, нарпоз [3 , 43]. Бiр өсiмдiк белгiлi туыс тобына жататын болғандықтан бiрнеше түрлерге бөлiнетiнi белгiлi. Бұл жерде бiз тек жеке туыс атауы ғана емес, бiр туыстың түрлерi мен сорттары да бiрнеше сөзден тұратын атаулармен аталына беретiндiгiн айтқымыз келедi. Жалбыз
сөзiнiң қатысуымен жасалған тұрақты тiркестер баршылық. Мысалы, жылан жалбыздан қашады, жалбыз аузын ашады, көлден кетсе, жалбыз мұң, елден кетсе, жалғыз мұң; жалбызды жерде жан қалар; айналайын, жалбызым, қасиетiңдi бiлгенде, өлмес едi жалғызым; тауға бiткенандызым, суға бiткен жалбызым!. Бұл тұрақты тiркестердiң қалыптасуына жалбыз өсiмдiгiнiң ерекшелiгi, яғни өзiне тән иiсi болатындығы, сулы жерде өсетiндiгi және оның емдiк қасиетi тiрек болып тұр. Айна- лайын, жалбызым, қасиетiңдi бiлгенде, өлмес едi жалғызым тiркесiнде жалбыздың емдiк қасиетiн кейiнiрек, баласы шетiнеп кеткесiн барып байқаған адамның өкiнiшi жатыр. Бұл әттеген-ай,
«қолымды мезгiлiнен кеш сермедiм-ау», дiттеген iсiме бiлместiгiмнен үлгермедiм-ау деген өкiнiш өн бойын алған кезде айтылса керек. Ал «жалбызды жерде жан қалар» тiркесi, тiкелей жалбыз өсiмдiгiнiң емдiк қасиетiне байланысты алынып тұр. Оның осы қасиетiн халық байқап, бағамдап, қай кезде, қай ауру түрiне, қалай қолданылатынын тәжiрибе түрiнде там-тұмдап жинақтап, анықтап, осы уақытқа дейiн өкпе қабынып ауырғанда, дауыс қарлыққанда, бүйрек, бауыр ауырғанда ем үшiн пайдаланып келедi. Халық медицинасында жалбызды көпке мәлiм, әйгiлi дәрi ретiнде санайды. Мысалы, ыстығы қатты көтерiлiп, демiн әрең алып жатқан жас баланы су бойынан әзiрде жұлынып әкелiнген жалбызға бiрнеше сағатқа орап тастаса, ыстығы қайтады. Ылғалды жерде өсетiн өсiмдiк адам бойындағы ыстықты тартып алатынын ата-бабамыз ерте уақыттан бiлген. Ата-мекенiнен жырақта қайтыс болған адамды ата қонысына әкелу кезiнде күн ыстық, жер шалғай болса, мәйiттi қалың етiп, жалбызға ораған. Осылай етiп әкелiнген мәйiт әлденеше күн ыстықта жолда болса да тиiстi жерiне бұзылмай, иiстенбей жеткен. Осылай жалбыздың ғана емес көптеген өсiмдiктердiң де бойына тән қасиеттерiнiң барлығын саралап, өз өмiрiнде пайдалана бiлген халықтың өз тiлiмен бiрге туып, бiте қайнасқан бiртұтас дүние екендiгi осы орайда айқын көрiнедi.
Сонымен, ата-бабаларымыздың тиiстi өсiмдiктердiң ерекшелiгiн тани бiлуi, оның табиғатын
аша бiлуi өсiмдiкке қатысты тұрақты тiркестерiн қалыптастырған. Бұл тұрақты тiркестер қазақ халқының рухани, мәдени өмiрiнен, салт-дәстүрiнен, наным-сенiмiнен, әдет-ғұрпынан хабардар етедi.
Таза қазақ тiлiнде жазылған ғылымнамалық мәнге ие, толыққанды медициналық еңбек Өтейбойдақ Тiлеуқабылұлының «Шипагерлiк баян» еңбегiнде жасалынуы мен қолданылуы анықталған, дәрiлердiң ұзын саны – 1384, оның 859 түрi өсiмдiктен алынатындығы жазылған. «Өз тұсында дәл өзi секiлдi қара үзген шипагер, бүгiнгi тiлмен айтқанда, медицина ғылымының док- торы, академик дәрiгерлер көп болмағанымен, бар екенiн бiзге ғасырлар қойнауынан жеткен көне қолжазбадан көруге болады» – деп жазады Нұрқасым Қазыбек [15 ].
Қазақ емшiлерiнiң ауру-сырқаулармен ұзақ жылдар күресу барысында қолданып келе жатқан алуан түрлi дәрi-дәрмектерiнiң қайнар көзi ұлы табиғат және табиғат дүниесiндегi хайуанаттар мен жәндiктер. Тұрмыс-тiршiлiгiн табиғатпен қоян-қолтық бiрлiкте өткерген халқымыз өмiрiне, күнделiктi тұрмысына қажеттi дүниенi табиғаттан алған. Бұл орайда табиғаттың тылсым сырларын игерiп, оны адам қажетiне жарата бiлген халық болғандықтан, оның тәжiрибесiн ерекше атауға болады. Мысалы, Таулы аймақтарда, жайлауда өсетiн мамыр шөбi балалар аурулары: қызылша, iш ауырғанда қолданылса керек. Бұл шөптердiң кереметтiгiн айқындай түсетiн мақал да қалыптасқан: Мамыры болса , балайм ульбейт эля [16 , 34], яғни «мамыры болса, баласы өлмес едi», бұл мақалға мағынасы жуық «айналайын, жалбызым, қасиетiңдiбiлгенде, өлмес едi жалғызым» тiркесiн де айта кетсе орынды болар. Бұл тiркестерден өзiнiң бiлместiгiнен, бiлуге ұмтылмағандығынан ардақтысынан айырылып, бармағын тiстеген болмаса басына iс түскенде соның алдын кесетiн шаралар жүйесiн ойластырып, iске асыра алмау, қиюын қиюластырудың ретiн келтiре алмағанынан улы өкiнiшке тап болған адамның назасы, аh ұруын көремiз.
Мамыр ауызекi тiлде, халық арасында қолданылатын сөз, оның әдеби және ғылыми тiлдегi ата- уы ащы жусан, кермек жусан, ермен. Кермек аталу себебi, оны жеген сиырдың, саулықтың сүтiнен ащы кермек дәм шығады. Сондықтан да оны малшы қауым кермек жусан деп атаған. Жалпы мамыр сөзi қырғыз, тува, хакас тiлдерiнде тыныш, бейбiт, береке мағынасын бередi. Ал мамыр айының бұлай аталуы шаруаға жайлы, жағымдылығынан болса керек. Сонымен, мамыры болса, баласы өлмес едi тiркесi жанға тыныштық беретiн мамыр (жусан) атты шөбi болса бас аман болар едi дегендi бiлдiрсе керек.
Қазақ халқында ауруды емдеу үшiн сонау көне заманнан келе жатқан жусанның бiр түрi – дермене қолданылады. Оңтүстiк Қазақстанда, атап айтқанда, Шымкент облысының Шаян, Арыс, Шәуiлдiр аудандарында өседi. Дермененi iшек құрты ауруын емдеуге қолданады. Жергiлiктi тұрғындар оны ем үшiн кептiрiп, ұнтақтап шайға салып та, тамаққа қосып та пайдаланған. 1830 жылы дермененiң құрамында болатын сантонин затын лабораториялық тәсiлмен анықтап, 50 пұт дерменеден I пұт
сантонин алынатын. Ал оған шикiзат ретiнде қазақ дерменесi үздiксiз келiп жатты. Оның бiр пұты үшiн қазақ 6-8 тиын алса, ол Германияда 19 сом тұрды. Сосын дермене өскен жердi орыс көпесi Савинков жалға алып, 1838 жылы Шымкентте сантонин шығаратын зауыт салдырды. Шымкент сантонинi 1978 жылға дейiн шығарылды. «Изящество и красоты дармины идеальны, форма и цвет лаконичны и просты. Среди сонма полыней цитварная полынь как породистый конь среди разно- листных сивок. Стебелек дармины имеет форму кипариса. Все веточки густо усеяны мелкими, как бусинки, цветочными бутонами четко вылепленной яйцевидной формы с черепитчато-выпуклой поверхностью. Ничего лишнего. Ничего обычных для полыней волосков опущения нет. Вот оно ка- кое «цитварное семя» [16, 141] –деп П.С.Массагетов дермене жусанды тамаша суреттейді. Бұл кiсi 1921 жылы өз қаражатына Шемонайхадан Ташкентке дейiн 144 күнде жүрiп өтiп, көптеген құнды мәлiметтер қалдырған.
Ал асқазан, бауыр, бүйрек, өкпе iсiктерiне қарсы қолданылатын Қарағанды фитохимия институты қабырғасында жасалып, дайындалған дәрi-дәрмектердiң денi табиғи өсiмдiктер құрамынан алынған. Арқаның бүкiл өсiмдiк әлемi зерттелiп, 84 түрiнен дәрi-дәрмек жасауға болатыны анықталған. Ил- линойс штатындағы /АҚШ/ онкологиялық орталығының профессоры Рэй Криспеннiң айтуына қарағанда жусанның сирек кездесетiн түрi-тықыр жусаннан алынған «Арглобинге» тең түсерлiк препарат әзiрге әлемде жоқ көрiнедi [17]. Тiптi XIV ғ.-ғы «Солярнский кодекс здоровья» туынды- сында жусанды iсiкке қарсы қолдануға болатыны жазылған. Сондықтан да болар айықтыратын, шарапатын тигiзетiн ем, шипа болғандықтан дермене дару деген тiркес қалыптасқан. Дару [18 , 126] — парсы сөзi бойға дарысын, шапағаты тисiн, ем болсын деген сөз. Сонау көне заманнан дер- мене өсiмдiгiн Персияға, Ауғанстанға, Қытайға, Ресейге алып кетiп жатқан. Осындай тәуелдiлiктен құтылғысы келген елдер дермененi өз жерлерiнде өсiре бастаған. Бiрақ олар дермене шөбiнiң құрамында болатын сантонин дәрiсiн ала алмаған [19, 9]. Бұл қазақ топырағының өзiне ғана тән ерекшелiгiн көрсетедi. Мысалы, Егер дермене жусан ұрығы ылғалы жоғары жерге түссе, онда ол бiтiсiн өзгертiп-шағыр жусанға; биiктеу жерге түссе-боз жусанға; құмды жерге түссе-кер жусанға айналады.
Жусанның осындай емдiк қасиеттерiнен басқа, оның таңғаларлық бiр ерекшелiгi адам бойын
балқытып, зейiнiн ашатын, түсiнiксiз сезiмдерге жетелейтiн, қазақтың бүкiл сана сезiмiн билеген
— иiсi. Жалпы дала перзентi үшiн жусан қасиеттi, киелi шөптердiң бiрiнен саналады. Алыс сапарға аттанарда, жорыққа шығарда ер-азамат жусанның бiр шоғын бойынан тастамай жақсылыққа сай- ып, ырымдап қара орманына аман-есен оралуына кер даласының бiр бөлшегi тiлекшi болсын деп ала кетедi. Себебi, жусан иiсi қазақ үшiн отаны, кең даласы, бостандығының белгiсi iспеттес.
Мысалы, А.Майковтың:
Ему ты песен наших спой, Когда же на песнь не отзовется, Свяжи в пучок емшан сухой
И дай ему — и он вернется [20 .14].
Бұл сөздердi ақын қыпшақ (половец) ханы Сыршанның бауыры Отрокты өз елiне қайтаратын басқа амалы қалмағандағы жасаған тәсiлi. Кiмде-кiм адамның жан сарайын ашатын жусанның кер- мек те саумал иiсiн сезiнетiн болса, көз жетпес жусанды даладағы түтiнi мұнартқан қара шаңырақ
— киiз үйдi, самал желмен iлесiп келген дала даусын мәңгiге ұмытпастай бой ұрады. Көрiксiздеу келген жусан адам жаны мен сезiмiн билеп, парсаттылығы мен адамгершiлiгiн iзгiлендiре түсерi даусыз.
Қазақ даласында, ауыл арасында өсетiн және көп тараған улы өсiмдiктердiң бiрi – меңдуана. Меңдуананың дән сақталатын қауашығы өте әдемi және өсiмдiк бұтақтарына ыңғайлы орналасқан. Оның жұмсақ әрi уақ дәндерi өте улы. Меңдуана қырғ: мендубана; ұйғ: бәңги-диванә; өзб: банги- дивана. Бұл сөз түркi тiлдерiне иран тiлдерiнен кiргендiгi байқалады. Тәжiк тiлiндегi банги дево- на-дербес екi сөзден жасалған. Бiрiншi компонент сол тәжiк, парсы тiлiндегi банг (банг) – I.үндi қарасорасы-коноплясы: 2.осы өсiмдiктен алынатын наркотиктер түрi; Екiншiсi де сол тiлдердегi девона (тәж.) (парсы) – тақылынан адасқан, есерсоқ, есуас деген мағынаны бiлдiредi. Меңдуана сөзiнiң этимологиялық сыры оның қазақ тiлiнiң фонетикалық ерекшелiктерiне сәйкес кейбiр тұлғалық өзгерiстерге ұшырауына байланысты болып отыр. Өйткенi, меңдуана сөзiндегi екi ком- понент қазақ тiлiнде жеке дара айтыла бередi: дуана /есерсоқ, есуас; ел аралаған қайыршы/. Бұл сөз дәл осы мағынасында қырғ.: /дубана//дувана//думана//дийвана/ұйғ.:/диванә/, өзб./девона/ т.б. тiлдерде қолданылады.
Ал бiрiншi компонент сол иран тiлiндегi бенг /наша жасайтын қарасораның түрi/ сөзiмен
төркiндес, банг-мең, девона-диуана болып ауысуы фонетикалық заңды құбылыс. Меңбанг сөзi бiр уақыттарда қазақ тiлiнде жеке қолданылып, меңiреу, мең-зең, меңдеу тәрiздi туынды түбiрлерге негiз болғаны байқалады.
Дәл осы түбiр сөз негiзiнде ұйғыр тiлiнде де бiрнеше туынды түбiр жасалғанын көремiз: бәңги (наркоман, наша тартушы), бәңваш (жынды, тентек), мәңдимәк (ұйқысырау) [21 ,145]. Осы меңдуананың және оның бiр түрi қара меңдуананың /белена черная/ майын ревмотизммен, не- вралгиямен науқастанғанда және тартылу, құрысуды болдырмас үшiн терiге жағады. Сығындысы демiкпеге қарсы қолданылатын қоспалар құрамына кiредi. Бұл өсiмдiктердiң барлық бөлшектерi уытты. Уытты қасиетi өсiмдiктi қайнатса да, пiсiрсе де сақталады. Қара меңдуанамен уланған адамның бетi және мойыны қызарып кетедi. Сiлекейi ағып, аузы құрғап, лоқсиды, кейде құсады. Аяқ- қолы тартылады, ашушаңдық пайда болады. Олар бiр орында тұрақтамай жүгiрiп, айқайлап күле бередi, көрген заттарының не екенiн ажырата алмай сандырақтайды. Көздерiне әлденелер елестейдi, адам есеңгiреп жынданған сияқты болады . Сондықтан да болар адам жас балаша шалықтап күлiп, бей-берекет кетсе, меңдуана өсiмдiгiнiң қасиетiн тумысынан бiлетiн халқымыз «меңдуана жеген- нен саумысың», «қара меңдуана жегенсiң бе?» және уқорғасын өсiмдiгiнiң ерекшелiгiн бiлетiн үлкендерiмiз «уқорғасын жегенсiң бе?» деп жатады. Осындай жағдай қырғыз тiлiнде «сени жын ұрып турабы? [4 , 42], түркiмен тiлiнде «ақылы гашан, анқасы ашан» [5 , 39] делiнедi.
Ендiгi бiздiң сөз қылайық деп отырғанымыз биiктiгi 20-30 см.болатын көп жылдық өсiмдiк –
күшала. Көп еңбектерде күшаланы ағаштың жемiсi, оның жемiсiн пiскен кезде үзiп алып, кептiредi делiнедi [22, 131]. Мысалы, «Лошади, крупный рогатый скот и овцы, вышедшие истощенными из зи- мовок, часто заболевали гельминтозами (ішек құрт). Поэтому в корм измельчали чилибуху (күшала) с серой (күкiрт) или же несколько шариков сушеной загатовки из золы лебеды (сақар) [23 , 223]. Осы сөйлемдегi чилибуха-күшаланың құрамында стрихнинi бар ұрығы (семена) улы, тропикалық ағаш деп көрсетедi сөздiктерде [24 ,786; 1027]. Ал бұл өсiмдiктi (эминиум Регеля) Ботаника ин- ституты 1970 жылдан бастап жабайы өсетiн түрлерiн Алматы қаласының маңайына мәдени түрде егiп, зерттеу жүргiзуде. Дәлiрек айтқанда, өсiмдiктi 9-10 жыл бойы өсiрiп, жапырағының ұзындығы 13-24 см,енi 3-5 см. болатын, әдемi және iрi мәдени сорты алынып, осы еңбектерде күшаланы жар- тылай шөп тектес, улы өсiмдiк деп көрсеткен. Күшаланың жапырақтары тiкелей тамырдан өсiп шығып, сабағының бойынан өсiп кетедi. Өсiмдiк гүлдеген кезде, оның ортаңғы жапырағының шетiн өткiр пышақтың жүзi сияқты қабықша басады. Сондықтан да қазақтар оны қара пышақдеп атаған. Гүлiнiң iшкi бетi қара түстi келедi. Өсiмдiктiң тамыры жақсы жетiлген, өзек тамырының бойында үлкендiгi грек жаңғағындай 2-3 түйнегi болады. Ө¬сiп тұрған өсiмдiк тұтас улы [22 , 232]. Жалпы күшаланы қолданған адамның өңiне қан жүгiрiп, қуаты артып, бойын меңдеген ауруды жеңiп, со- дан күш алатын болғандықтан, өзiңмен бiрге күш ала шық деген мағынада күш ал/ күш ала /күшала атауы қалыптасқан болуы керек деп жорамалдаймыз.
Бiлетiндердiң айтуына қарағанда, күшаланы аталығы, аналығы және ақ күшала, қара күшала
деп екiге бөлiп, ақ күшаласын дәрiге пайдаланған көрiнедi. Қара күшаланың улылығы басым болғандықтан болуы керек, дәрi ретiнде пайдаланылмайды десе де болады. Қара пышақ немесе күшала Семей облысы Ақсуат ауданының Тапы деген жерiнде өсетiнiн көзi қарақты адамдар айта- ды. Сәуiр, мамыр айларында гүлдейдi, сол кезде гүлiн танитын адамдар 40-50 см.тереңдiкте қазық қағып, күзде гүлi түскен кезде сол қазық бойынша тауып, түйнегiн жинап алады. Емшiлер осы түйнегiн тиiстi дәрежеде өңдеп, айранға, қымызға ашытып, көбiнесе, өкпе қабынуына, туберку- лезге т.б. ауру түрлерiне пайдаланған. Ол үшiн Зл.айранға, қымызға 1,5 дана күшаланы салып, бар болса, пiспекпен пiсiп, әйтпесе уақытылы шайқай отырып, бiрнеше күн ашытып, күнiне үш мезгiл iшкiзедi. Ендi осы өсiмдiк атауларынан қалыптасқан тұрақты тiркестерiне тоқталайық.
Күшаласын жедi. Бұл тiркестiң мағынасы өсiмдiктiң ашты, кермек дәмiне байланысты алынып, таяқ жедi, көресiсiн көрдi, басына қиындық туды дегендiбiлдiрсе керек.
Күшала жеген иттей. Ертеректе бұралқы, қаңғыбас иттiң көзiн жою мақсатында итке тамаққа қосып күшала берген. Оны жеген ит қисалаңдап, басын көтере алмай, аузынан сiлекейi ағып, жүруге шамасы келмей жатып қалады. Сондықтан бұл тiркес белгiлi бiр жағдайға байланысты есi ауысқан адамдай не iстеп, не қоярын бiлмей аңырап, абдырған адамға қаратыла айтылады.
Көп жортқан ит күшалаға жолығар. Бұл тiркестiң мағынасы: ауыл аралап, дала кезiп кеткен не- месе пайдасынан зияны көп жаман иттен күшала берiп құтылған. Әрбiр күнiн бос жүрiспен өткiзiп, жұмыссыз селеңдеп, елеңдеп жүретiн адам өмiрден тиянақ таппай, өкiнiшке жолығып, өмiрiнiң мәнiн кетiрер, бiр тосқауылға кез келер дегендi бiлiдiрiп, содан сақтандыру мақсатында айтылып тұр. Негiзiнде күшала өте улы болғандықтан, iшу мөлшерiне қатаң көңiл бөлiнедi.
Сөз барысы улы өсiмдiктерге қарай ойысқандықтан, кейбiрi жайында қалыптасқан тұрақты тiркестердi бiз iздестiру барысында кездестiре алмасақ та бөлтiрiк, уқорғасын, итсигек өсiмдiктерiне тоқтала кеткендi жөн көрдiк. Жазықта өсетiн бөлтiрiк делiнетiн улы шөптi ушылар қазанмен жа- уып тастайды. Оны жаз бойы өсiп, уы күшейiп, күзде бабына келгенде алады. Алу аса қатерлi, алдымен барып қазанның құлағындағы жiпке арқан байлап, сосын алысқа барып, арқанның ұшы арқылы қазанды төңкередi. Сонан соң қазан астындағы удың буы тарап болды-ау дегенде барып шорланған уды, қазандағы қаспақты арнайы ыдысына қырып салып алады. Қазақ жерiнде көптеген өсiмдiктерден уды осындай әдiспен алу дәстүрi болғанға ұқсайды. Соның бiрi бұйырғын туысы- на жататын көп жылдық, жартылай бұталы, улы өсiмдiк-итсигек. Гүлiн мол салған, буыны көп, бойы аласа итсигектi таңдап жүрiп соның үстiне қазанды төңкере жабады, қазан ернеуiн айналдыра сары топырақпен көмiп, маңайын тапалап тастайды. Қыркүйек туып, ел күзеуге қарай жылыстап көше бастағанда, қырғыш, кепсер, шыны құты сияқты сайлап келген заттарымен қазанның iшкi қабырғасына көк шұбар боп жабысқан желiм – итсигектiң уын қырып алып, шыны құтыға салады. Осы уды өлексеге сепсе, ауыз тиген аң атаулы сеспей қатады.
Ал қышыма қотырға дәрiлiк құрамды басқаша тәсiлмен дайындайды. Шiлде-тамыз айларында итсигектiң тамырын мол етiп қазып алады да кептiредi. Сосын келiге түйiп немесе төске жаншып ұнтақтайды. Ұнтақты шүберекке сабынды түйгендей етiп түйедi де, аздаған суға бiр бүлк еткiзiп, бұқтыра қояды. Осы бұқтырынды суды да, ұнтақ түйiншектi де темiр бөшкеге құйып, аузын жа- уып тастаса, бұрқырап ашып, дертке дауа дәрi болып тұрады. Адам денесiндегi және малдың әр түрлi қотырларын емдеу үшiн итсигектен тағы бiр тәсiлмен дәрi алу жолын А.И. Левшин [25 , 85] өз еңбегiнде толық жазып көрсетедi. Жерден терең ор қазып, iшiн от жағып күйдiредi де соның iшiн итсигектiң жас бұтақтарымен толтырып, бетiн топырақпен жауып, киiзбен қымтап тастайды. Осылай екi аптаға, мүмкiн болса одан да көп уақытқа қалтырады. Мерзiмi келгенде шұңқырды, одан шыққан бу көздi алып кетпейтiндей ептеп ашып, морланған бұтақтарды суға салып қайнатып, құмыраларда сақталатын деготь тәрiздi дәрiлiк зат алынады. Осындай тәсiлмен жасалған сұйықты өте ептiлiкпен, байыппен, епсектi адам қажетiне қарай қолданбаса, мөлшерден сәл аса жағылса адам немесе мал өлiп кетуi мүмкiн.
Осы жерде бiздiң Республикамызда жиi кездесетiн кейбiр уытты дәрiлiк өсiмдiктер жөнiнде айта кеткен дұрыс болар. Олардың бiрi – уқорғасын немесе бәрпi /Аконит Джунгарский/. Орыс халқында ол әртүрлi аталады – иссыккульский корешок, волчий корень, царь-зелье т.б. Феофраст «Исследова- ние о растениях» атты еңбегiнде бұл өсiмдiктiң аконит делiнуi, оны ең алғаш Аконы деревнясының маңында табылғанына байланысты аталғанын айтады. Табиғи жағдайда мал уқорғасынды жемейдi. Одан уды арнайы әдiспен алады. Егер оны шараппен және балмен iшсе, оның дәмi бiлiнбейдi де. Одан у жасаған кезде ушылар қажеттi уақытта: екi ай, үш ай, алты ай, бiр жыл, екi жылда әсер ететiндей етiп жасайды. [26 , 302]. Ол жайында П.С.Массагетов: «Здесь в казахской степи, некогда им не просто отравляли, а обрекали жертву: она чахла и неминуемо погибала. Даже лошадей-со- перников в состязаниях-устроняли при помощи этого корешка»,-деп жазады [16 , 81].
Тамырының дәрiлiк қасиетi бар «балшық иiрi» деген өсiмдiктi ағыны баяу өзендер мен көлдерде кездестiруге болады. В.А.Меркулов еңбегiнде бұл өсiмдiк Индиядан Португалияға XV ғ. әкелiнген, сосын барып Европаға таратылған дейдi. Дегенмен, осы өсiмдiктiң Европа мен батыс Азияға тара- луы туралы тарихта бiр аңыз бар. Жылқы малы суды тек таза болғанда ғана iшетiнi белгiлi. Бұрынғы жаугершiлiк заманда сарбаздар астарына мiнген аттары жол-жөнекей кездескен өзен-көлдерден су- аратын, сол кезде олар осы суларда айыр өсiмдiгiнiң өсiп тұрғанын байқаған. Бұл өсiмдiк өскен өзен мен көлдiң суы жылқы суаруға жақсы екен деп, сол сулардағы айыр тамырларын жинап алып, жол бойындағы кездескен суларға тастап отырған. Суға түскен тамырлар тез өсiп тарай бастаған. Мiне, осындай жолмен татарлар Европа жерiне жорық жасаған уақытта осы айыр өсiмдiгiн таратқан. Бiз аңыз да болса соңғы айтылғанды қолдаймыз. Себебi, Меркулов өз еңбегiнде оңтүстiк говорларында өсiмдiктiң аты түрiктерден украиндықтар арқылы алынған agir, мысалы, укр.: ahyr, ajir, ir ; блр.:яер, явер; рус.:ир, аир, маиер деп, ал ир тұлғасы екпiн екiншi буынға түсуiне байланысты қысқартылған деп көрсетедi [27 , 55]. Бұл жерде екпiннiң, қысқартудың еш қатысы жоқ. Тек аир-иiр сөзiнiң орыс тiлi ерекшелiгiне қарай лайықталып алынуында.
Иiр ауырған жердi тыныштандыратын, қақырық түсiретiн, жел шығаратын дәрi ретiнде көптен белгiлi. Бұдан жасалған дәрiлердi халық арасында құрқұлақ ауруларына, iндеттi тырысқақ, тұмау- сүзек, сондай-ақ бөртпе сүзекке қарсы талай замандардан қолданылып келедi [28 , 51]. Оған дәлел ретiнде М.Қашқари сөздерiнде жолаушы шыққанда, жол жүргенде керек тастың ауырлығы болмас дегендей қажеттi немесе табылуы қиын қат затты ала жүру әр нәрсенiң алдын алу керек дегендi үндейтiн «иiрi болса, ер өлмес (әгiр болса, ер өлмес) тұрақты тiркесi бар.
Қорытынды: Бiздiң бiлiктi де байыпты ата-бабаларымыз тәжiрибелiк зертханасы, химиялық сараптауға құрал-жабдығы болмаса да осы өсiмдiктердiң құрамын жылдар бойғы тәжiрибесiнен ежiктей жинап, үлкен ғылыми мәнi бар мол мұрасын кейiнгi ұрпаққа мирас еткен. Бiздiң атап өткенiмiз, халық арасында қастерленiп мамыр аталған — кермек жусан, жанға дару дермене жу- сан, өсетiн жерi гүлi, өзi де жұмбаққа толы күшала және пайдасы мен зиянын екшеп барып ептеп қолданатын бөлтiрiк, уқорғасын, итсигек hақында ғана.
Бүгiнгi таңда бiз күнделiктi өмiрдiң күйбеңiмен жүрiп, табиғатпен байланысымызды үзiп алған сияқтымыз. Шындығында, шығармашылық сезiмдi шаңдайтын таңырқау мен қызығудың, ой- қиялдың анасы табиғат емес пе. Ал бiздiң ата-бабаларымыз жер бетiндегi өсiмдiк дүниесiне тым ерте кезден бастап көңiл аударып, әрбiр шөптi танып, бiлiп қана қоймай, оның пайдалы жағымен қатар зиянды екенiн де ажырата бiлудiң өмiрлiк мәнi болғанын зерделей бiлген. Бүкiл тiршiлiкке қажеттi органикалық зат өсiмдiктен түзiлетiн болғандықтан, өсiмдiксiз жер бетiнде тiршiлiктiң бо- луы мүмкiн емес.
Өзiнiң табиғат пен болмыстың ажырамас бiр бөлiгi екендiгiн жете түсiнген бабаларымыздың ғасырлар бойы сұрыпталған өзiндiк пайымдаулары мен тұжырымдары адамның күнделiктi өмiрiндегi iс-тәжiрибесi негiзiнде жинақталып, атадан балаға мирас болып отырған. Барша ғаламды бiреу ғана деп таныған бабаларымыз өздерiн тұтас табиғаттың құрамдас бөлiгi екенiн анық бiлген. Әлем құрылысымен бар болмысымыздың негiзгi әлпетiн осылай таныған қазақ халқы өзара қарым- қатынасын, табиғатқа деген көзқарасын қалыптастырған.
Осы орайда бабаларымыздың көнеден қалған асыл даналық сөздерiнен мысал келтiрейiк: ескерт- пе ретiнде, сабақ болсын, қадiр-қасиетiн бiлсiн деген ниетпен, жайлап қана айтатын көк шөптi жұлма, бұл сөзге бас имесе жетесiне жеткiзе көкшөптiжұлма, киесi бар, көкшөптi жұлма, киесi ата- ды деп өз ұрпағына өмiрлiк сабақ болатын өсиет тастайды. Халқымыздың «обал», «сауап», «адал»,
«арам» деп келетiн моральдық-этикалық ұғым-түсiнiгi ең алдымен табиғатты аялаудан туындап жатыр. Ерке бала үй-үйдiң арасына түскен соқыр сүрлеуден шығып, шалғынды орынсыз жапырса, шешесi тұрып: шалғынды жапырма, обал болады деп ескертетiн. Бұл, әрине, наным-сенiмнен гөрi халықтың ғасырлар бойы шыңдалған талғамын көбiрек әйгiлейдi.
Табиғатты аялау, одан жанға рақат, көңiлге қуаныш таба бiлу, сол үшiн де табиғатты қасиет тұту
– адамзаттың ғұмыр-тiршiлiгiмен еншiлес қажеттiлiк.
Ғылымдағы соңғы ашылып жатқан жаңалықтарға көз жiберсек, «соқыр сенiм» атанып келген қазақы танымның талайы бүгiнде қайта жаңғырып, өмірлік маңызы арта түсуде. Сондықтан адам- дарды қоршаған ортаның, әсiресе, өсiмдiк дүниесiнiң оған тигiзiп отырған әсерi өте зор десек, осы әсердi бiз ең алдымен, тiл байлығынан, тiлдегi сан алуан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрақты тiркестерден көремiз.
Тұжырым: Тілдік материал ретінде алынған 110 өсімдік және өсімдікке қатысты 60 атау- дан туындаған бір мың үш жүздей тұрақты тіркес өсімдікке байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестердің шегі емес, оларды әлі де жинастыра түсу қажет.
Осы жұмысты орындау барысында жетекшілік еткен академик Ә.Т. Қайдарға, кеңес берген фи- лология ғылымдарының докторы, профессор Ж.Манкееваға және тұрақты тіркестерді жинастыру барысында дерек берген хабарламашыларға алғыс білдіремін.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Қайдаров Ә.Т. Этнолингвистика // Білім және еңбек. – 1985. – № 10.
2 Қатыранұлы Д. Ұлттық-тағамдардың этно-мәдени зерттеулері // Жұлдыз, 1994, №3-4. – 188-199 б. 3 Қалиев Б. Қазақ тiлiндегi өсiмдiк атаулары. –Алматы:1988. -160 б.
4 Русско-киргизский словарь. Фрунзе. Гл.ред. кирг.сов. Энцикл. 1989. – 479 с. 5 Русско-туркменский словарь. М.: ГИС, 1956. – 880 с.
6 Татаро-русский словарь. – М.: Сов.энциклопедия, 1966. – 863 с.; Чувашо-русский словарь. – М.: ГИС, 1961. – 630 с.
7 Русско-башкирский словарь. «Полиграфкнига», 1948. – 960 с.
8 Киргизско-русский словарь. – М.: Сов.энциклопедия, 1965. – 973 с.
9 Русско-монгольский словарь. – Улан-Батор: Уч.Ком.МНР, 1942. – 434 с. 10 Калмыцко-русский словарь. – М.: Русский язык, 1974. – 765 с.
11 Келімбетов Н. Ежелгі дәуір әдебиеті. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 264 б. 12 Момышұлы Б. Ұшқан ұя. – Алматы: Жазушы, 1975. – 384 б.
13 Кудачина Н.К. К этимологии слова «Бай» в Алтайском языке // Советская тюркология, 1980. – №5. – 82-85 с.
14 Қасамдинов К. Шипалық 110 гия. – Чонжа, 1993. – 16-21 б.
15 Қазыбек Н. Шипагерлік туралы көне жазба // Қазақ әдебиеті, 1994, 29 сәуір. 16 Массагетов П.С. Заветные травы. – Москва: Мысль, 1985. – 308 с.
17 Несіпбай А. Жусаннан жасалған жаңа дәрі. // Егемен Қазақстан 1997.22.11. 18 Оңдасынов Н. Парсыша-орысша сөздік. – Алматы: Қазақстан, 1974. – 384 б. 19 Нұрмағанбетқызы Р. Дермене дәру. // Денсаулық, 1995. – №6. – 9 б.
20 Әджи М. Полынь половецкого поля. –М.:ТОО Имк-Контекст, 1994. – 349 с.
21 Қайдаров Ә. Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1966. – 210 б. 22 Қазақ емшілігі. – Алматы: Қайнар, 1995. – 288 б.
23 Казахи: историко-этнографическое исследование. – Алматы: Казахстан, 1995. – 352 с.
24 Ожегов С.И. Словарь русского языка. – М.: Русский язык. -1982; Словарь современного рус.лит.яз. 17 т. –Л: Наука, 1965.
25 Левшин А.И. Описание киргиз-казацких или киргиз-кайсацких орд и степей. – Алматы: Санат, 1966.
-655 с.
26 Феофраст. Исследование о растениях. – Москва: АНССР, 1951. – 590 с.
27 Меркулов В.А. Очерки по русской номенклатуре растений. – Москва: Наука, 1967. – 267 с. 28 Қожабеков М. Дәрілік өсімдіктер. – Алматы: Қазақстан. 1975.-172б.
REFERENCES
1 Qaydarov A.T. Etnolingvistika // Bіlіm jane engbek. – 1985. – № 10.
2 Qatranuli D. Ulttiq-taghamdarding etno-madeni zerttewlerі // Juldiz, 1994. -№3-4. -188-199 b. 3 Qaliev B. Qazaq tilindegi osimdik atawlari. –Almati:1988. -160 b.
4 Rwssko-kirgizskiy slovar. Frwnze. Gl.red. kirg.sov. Encikl. 1989. – 479 s. 5 Rwssko-twrkmenskiy slovar. -M.:GIS, 1956. – 880 s.
6 Tataro-rwsskiy slovar. – M.: Sov.enciklopediya, 1966. – 863 s.; Chwvasho-rwsskiy slovar. – M.: GIS, 1961. – 630 s.
7 Rwssko-bashkirskiy slovar. «Poligrafkniga», 1948. – 960 s.
8 Kirgizsko-rwsskiy slovar. – M.: Sov.enciklopediya, 1965. – 973 s.
9 Rwssko-mongolskiy slovar. – Wlan-Bator: Wch.Kom.MNR, 1942. – 434 s. 10 Kalmicko-rwsskiy slovar. – M.: Rwsskiy yazik, 1974. – 765 s.
11Kelіmbetov N. Ejelgі dawіr adebietі. – Almati: Ana tіlі, 1991. – 264 b. 12 Momishuli B. Ushqan uya. – Almati: Jazwshi, 1975. – 384 b.
13 Kwdachina N.K. K etimologi i slova «Bay» v Altayskom yazike // Sovetskaya tyurkologiya, 1980. – №5. – 82-85 s.
14 Qasamdinov K. Shipaliq 110 giya. – Chonja, 1993. – 16-21 b.
15 Qazibek N. Shipagerlіk twrali kone jazba // Qazaq adebietі, 1994, 29 sawіr. 16 Massagetov P.S. Zavetnie travi. – Moskva: Misl, 1985. – 308 s.
17 Nesіpbay A. Jwsannan jasalghan janga da’rі. // Egemen Qazaqstan, 1997. -22. — 11. 18 Ongdasinov N. Parsisha-orissha sozdіk. – Almati: Qazaqstan, 1974. – 384 b.
19 Nurmaghanbetqizi R. Dermene darw. // Densawli, 1995. -№6. -9 b.
20 Adji M. Polin poloveckogo polya. –M.:TOO Imk-Kontekst. 1994 -349 s.
21 Qaydarov. A. Qazaq tіlіnіng qisqasha etimologiyaliq sozdіgі. – Almati: Ghilim. 1966 – 210 b. 22 Qazaq emshіlіgі. -Almati:Qaynar.-1995. -288 b.
23 Kazahi: istoriko-etnograficheskoe issledovanie. -Almati: Kazahstan, 1995. -352 s.
24 Ojegov S.I. Slovar rwsskogo yazika. – M:Rwsskiy yazik. -1982; Slovar sovremennogo rws.lit.yaz. –L:Nawkayu 1965.17 t.
25 Levshin A.I. Opisanie kirgiz-kazackih ili kirgiz-kaysackih ord i stepey. -Almati: Sanat, 1966. -655 s. 26 Feofrast. Issledovanie o rasteniyah. – Moskva: ANSSR, 1951. – 590 s.
27 Merkwlov V.A. Ocherki po rwsskoy nomenklatwre rasteniy. – Moskva: Nawka, 1967. – 267 s. 28 Qojabekov M. Darіlіk osіmdіkter. -Almati: Qazaqstan, 1975.-172b.
Сейітова Ш.Б., д.филол.н., Казахский гуманитарно-юридический инновационный университет, Се- мей
В данной статье рассматривается устойчивые словосочетания, содержащих в своей структуре наи- менования растений. Выявляется мотивированность выбора данных образов в устойчивых выражениях, определяются как универсальные, так и национально-специфические структурные и семантические особен- ности.
Ключевые слова: устойчивые выражения, фразеологизм, образность, пословица.
Seitova Sh.B., Doctor of Philology, Kazakh Humanitarian Juridical Innovative University, Semey
Ethno-linguistic description of set expressions formed by the names of the plants in the Kazakh language. Plants are so closely related to humans, that the nature of people, their worldviews, beliefs, customs and traditions are freely described by plants through language and they soaked into the consciousness of the people. Because important data about the names of different substances, phenomena, their description, social relations, traditions and customs, came to current generation only through linguistic means, i. e through words and set expressions,
phrases, collocations and proverbs, fairy tales and legends.
Key words: through words and set expressions, phrases, collocations and proverbs.