А. МАЕМИРОВ1, М. АБЗАЛБЕК2
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доктаранты1, Қазақ ұлттық өнер университеті2
«ҚОЗЫ КӨРПЕШ-БАЯН СҰЛУ» ДАСТАНЫНЫҢ САХНАДАҒЫ ИНТЕРПРЕТАЦИЯСЫ
Мақалада Республикамыздың бірнеше театрында сахналанған халық дастандары негізінде жазылған Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» қойылымындағы режиссерлік шешімдер мен актерлік шеберлік жан жақты талданады.
Түйін сөздер: театр, шығармашылық, спектакль, режиссер, актер.
Қазақ халық дастандарының бірі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» режиссерлеріміздің назарынан тыс қалмай, бірнеше театрларымыздың сахнасында түрлі режиссерлік интерпретациямен қойылды. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасына Ғ.Мүсіреповтің
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын Қ.Сүгірбеков «Махаббат дастаны» деген атаумен сахна- лады. Ол бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында аталмыш жырдың 12 нұсқасын оқып, тіпті ұйғыр, алтай тілдеріндегі нұсқаларымен салыстыра зерттегенін айтады.
Қойылым «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырының 1500 жылдығы мен Ғ.Мүсіреповтің 100 жылдығы қатар келген тұста сахналанған болатын. Пьесаның прологы мен эпилогын ақын М. Райымбекұлы жазды. Осылайша режиссер тарихи толғамды өз көзқарасы бойынша жарыққа шығаруды жөн көрді. Алайда, спектакль сыншы Б.Құндақбайұлынан біраз сын ескертпелер естіді:
«…пьесаның ішкі көркемдік мазмұн қасиетіне терең үңілгеннен гөрі сыртқы үлгі – форма қуып кететіні кейде мазмұнды нәтижеге жеткізе алмай жүр. Әлгі аты өзгерген қойылымға дастанның
негізімен келдім дегенімен де, Ғ.Мүсіреповке қиянат жасаған. Ең сорақысы Мүсірепов мәтінін
қысқартып, ақын Маралтай Райымбекұлына тұтас пролог жаздыртып сахнада соны ойнауы. Осы- лай кете берсек, бірер онжылдың ішінде ұлттық классикамыздан жұрнақ та қалмас» [1], – деп қойылымның режиссурасын қарсылықпен тұжырымдады.
Сұлу, әрі батыр қыз – Баян қазақ халқының өжет қыздарының ең үздік прототипіндей көрінді. Кейіптеуші актрисалар оны тек қана батырлық қырынан емес, нәзік жүректі ару бейнесінде де көрсетуді ұмытпады. Сондықтан да орындаушылардың ойынында лирикалық бояу басымдық таны- тып отырды. Д.Жүсіптің тамаша пластикасы, айқын сахналық темпераменті, әр сөздің мағынасын ашудағы сөйлеу мәнерлері Баянды ірі сахналық тұлға қатарына көтерген. Әсіресе, Қозымен кездесетін тұсында асыл сезімдерге толы романтика қанат жайды. Ал, Н.Қарабалинаның Баяны нәзік болғанымен, Қозыға деген көп күттірген махаббатын бере алмады. Актрисаның сахнадағы жүрісі қалаудан тыс жасалғандай әсер берді.
Қозы рөліндегі Е.Біләлда батылдық сезімі басымдық танытып тұрса, А.Сұрапбайдың Қозысында нағыз жас жігітке лайықты албырттық, лирикалық сезімдерді байқауға болады.
«Қойылымның жаңа интерпретациясы театр актерлерінен ішкі сыртқы аппараттарының ерекше дайындығын талап еткен. Актерлер арқаннан арқанға секіріп, күрделі боевиктік арпалыс сахнала- рын мінсіз атқара алуы керек. Спектакльге жастар жағының көп тартылуы да осындай қажеттіліктен туған.
Актерлер құрамы режиссер ұсынған ойын шартын ойдағыдай игеріп кеткен. Бірақ, актерлер ре- жиссер қолындағы марионетка іспетті әсер қалдыратын тұстары да бар. Пьеса мәтінінің қысқарып қалуы, актерлердің кейіпкер ішкі толқыныстарын толыққанды аша алмауына ұрындырған. Соған қарамастан, Қозы Көрпеш пен Баянның (Қозы – Е.Біләлов, Баян – Д.Жүсіп) алғашқы кезесу сәті, олардың жан дүниелерінде өтіп жатқан өзгерістерді актерлер тамаша сездіртеді. Дала еркелерінің махаббат отына күйіп, ғашықтық жалынын сезімдік және түйсіктік дәрежеде қабылдауын Қозы
– Ерлан мен Баян – Дәрия психологиялық дәлдікпен шебер жеткізген» – деп театртанушы М.Жақсылықова қойылымның актерлік құрамына оң баға білдірген [2, 152 б.].
Талантты режиссердің тынымсыз ізденістен тұратын шығармашылық жолына аға буын өкілдері де үнемі ризашылығынын білдіріп отырады. Білікті театр маманы Е.Обаев режиссердің қандай істі қолға алса да, бүгінгі күннің философиялық келбетін жасауға тырысатындығын жоғары бағалады. Сонымен қоса, драматургиялық тұрғыда біраз салмақ салатын туындыларды да сахнаға ыңғайлаудың шебері екендігін айтып отырады. Ал, драматург Қ.Ысқақ: «Әкемтеатрдың сахнасында жаңадан
қойылғалы отырған Қайрат Сүгірбековтың «Махаббат дастаны» режиссердің өзінше қолтаңбасын танытады. Қайрат Болат Атабаев сияқты өзінің режиссерлік фантазиясы, импровизаторлығы бар әдеттерінше, туындының мизансценасын жасайды да, ситуацияның кейбір тұстарын өзгертіп, содан кейін барып автормен ақылдасатын. Оның көне туындыларды жаңғыртып, жаңартып отыратыны – Болат Атабаевтан қалған мектеп» [3], – деп режиссердің өзгелер салған жолды қайталамай, тыңнан сүрлеу соғуға талпынысын, Б.Атабаев мектебімен сабақтастығын қолдайтынын білдірді. Осын- дай түрлі пікірлерге қарамастан «Махаббат дастаны» қойылымы театр сахнасында ұзақ жылдарға тұрақтады. Бұдан, спектакльдегі режиссерлік интерпретацияны, классикалық дүниеге жаңа қадам басу, заманауи тыныс бері ниетінің қолдау тапқанын байқау қиын емес.
Жамбыл облыстық театр сахнасында 2001 жылы режиссер Қ. Қасымовтың режиссурасымен
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі театрдың 65 жылдығы құрметіне арналып қойылды. Режис- сер Қ.Қасымовтың оқылымында спектаклдің негізгі екпіні Жантық бейнесіне түскен. Оқиға желісін де, тартыс ағымын да, қойылымдағы барлық зұлымдықты осы кейіпкер төңірегінде өрбітіп, тіпті финалын да Жантықтың тікелей қатысуымен аяқтайды.
Жас актерлер Қозы роліндегі А. Тәжиев пен Баян роліндегі Қ. Сапарғалиева ойындары режиссер идеясымен қабысып жатыр. Жүрегі шуаққа толы Қозы – А.Тәжиевтің, Баян – Қ.Сапарғалиеваның баянды махаббаты, Қодар – С.Мұқышевтің іс-әрекеті, Қарабай – А.Сәтібеков пен Ж.Әйтпенбетовтің малқұмарлығы мен сараңдығы бәр-бәрі Жантықтың араласуымен, соның бар істі тындырып тара- туымен тығыз байланысты болып, алдыңғы планға шыққан. Демек, режиссер Қасымов бүгінде арам пиғылды, пасық мінезді, іші толған зұлым Жантықтың бейнесін жасап шығаруды нысана еткен. Со- нау көне заманнан бері өмір сүрген зұлымдық әлі күнге дейін өз ықпалын күшейтпесе бәсеңдеткен емес. Адам баласы жер бетінде өмір сүріп тұрғанда жамандық атаулы құрып бітпейді – деген ойды алға тартады. Режиссер тарих пен бүгінгі күннің терең байланысын ескерген. Спектакль суретшісі Р. Сапаралиева жасаған декорация, костюмдер, жарық беру, режиссер құрған мизансцена, музы- камен көркемдеу – барлығы осы идея аясына шоғырланған. Тап бүгінгі таңда Жантық тәріздес, сол типтес адамдардың аз еместігі өкініш, үрей сезімін тудырады. Режиссер өмірдің мұндай тра- егдиясын айтулы зеректікпен жырлауды мақсат тұтқан. Осы күнге дейін қазақ театрлары атал- мыш спектакльде Қозы мен Баянның нағыз нәзік, шынайы да қайғылы махаббатын, мәңгі өлмес сезімді жырлап келсе, бұл театрдың жаңалығы Жантықтың терең сырын ашуында, классикалық шығарманың інжу-маржанын сіңіріп, тыңнан түрен салуында. Және де режиссер қойылым фина- лын мүлдем басқаша шешкен. Мәселен, пьеса бойынша Баян, Қозы моласына кіріп, өзін қанжармен өлтіретін болса, мұнда Жантықтың арам пиғылын сезіп қалған Қодар батыр қанжарды соған қарай бағыттайды. Бірақ, сол мезетте қу Жантық Баянды дереу тоса қалады да Қодардың қолынан бейкүнә бойжеткен мерт болады. Осы көріністе сахна төбесінен іші түгел ыза-өкінішке толы зарлап қалған Қодарды жаба түскен торлар, оның бұл дүниеде жалғыз қалғандығын білдіретін ұтымды табылған шешім. Бұдан біз үйреншікті дөрекі Қодарды емес, өз ісіне шынымен өкінетін, алданып қалған аңғал Қодарды байқаймыз.
Қойылымда Жантық ролін нанымды етіп ойнаған актер Ж. Әлімбеков оның сырты бүтін, іші
түтін мінезін ашады. Ж.Әлімбеков интрепретациясында Жантықтың алдына қойған мақсаты, Қарабайдың тоқсан мың жылқысына ие болу. Сөйтіп, актер жан-жағындағыларға аяусыз зұлымдық уын шашатын, спектакльдегі қайғыға себепкер жағымсыз кейіпкерді кескіндеген. Актер Жантықтың ішкі жан-дүниесіндегі әрбір бұлтарысты аша алатын саналы, пайымды ойынымен қызықтырады.
Қорыта келгенде, режиссер Қ.Қасымов ұлттық классиканың інжу-маржанына айналған «Қозы Көрпеш–Баян сұлу» трагедиясын өзгеше түсінуге деген ұмтылыстарын іске асырып, тыңғылықты да тиянақты жұмыс жасаған. Спектакльді бүгінгілік сипат берген, бұрыннан белгілі стереотипті бұзуға батыл қадам жасалған жаңа режиссерлік трактовка табудағы театрдың ізденісі деп түсіну абзал.
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі 2002 жылы Ж.Шанин атындағы музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Е.Оразымбетовтің режиссерлігімен сахналанды. Белгілі сыншы Ә.Сығай спектакльдегі толассыз қозғалыс үстіндегі кең тынысты, режиссердің кісіні елең еткізетін эффектіні ұйымдастырудағы шеберлігін, әсіресе, сазды әуенді, актерлік және режиссерлік трюк- тарды пайдаланудағы ептілігін үлкен ерекшелік ретінде атап өткен болатын [4, 150 б.]. Сыншының мұндай жоғары пікірі арқылы режиссердің пьесаға тың көзқараспен қарап, үлкен ізденіс жұмыстарын жүргізгенін байқаймыз.
Спектакльдің сәтті шығуына өз кәсібіне үлкен сүйіспеншілікпен қарайтын бір топ актерлер ат салысты. Олар: Қозы – Ұ.Артықбаев, Баян – Мақұлбекова, Қодар – Е.Шымырқұлов, Қарабай –
С.Өтемісова, Жантық – М.Ілиясқаровтар болатын. Әсіресе, Мәжит Ілиясқаров өз кейіпкерінің сом- далуына үлкен мән беріп, оқиғаны шиеленістіріп, Жантық болмысының философиясы мен ішкі пси- хологиясын нанымды жеткізді. Еңбегі бағаланусыз қалмады. Нәтижесінде Қызылжарда өткізілген Ғ.Мүсіреповтың 100 жылдығына арналған театр фестивальінде «Ең үздік актер» жүлдесін жеңіп алды.
Астанадағы Жастар театрының сахасында жүріп жатқан режиссер Н.Жақыпбай сахналаған «Қозы мен Баян» мюзикл жанрында шешіліп, жаңаша трактовкада жүзеге асырылды. Бұл қойылымды режиссер өз студенттерімен Өнер академиясында бастап, кейін Жастар театрының репертуарына енгізді.
Ғашықтардың өміріне құрылған қойылымдағы кейіпкерлерді сомдаушы актерлер де әрқырынан танылды. Д.Серғазиннің Қозысы өзіне тән аңғалдығымен қатар, бала сынды сенгіштіктен де құр алақан емес. Ал, Баян еркекшоралау кейіптегі өжет қыз болумен қатар, Қозыға ғашық майысқан биязы қыз Баян бейнесінде көрінді.
Б.Хаджибаевтың Қодары елін қорғайтын нағыз батыр. Сондықтан да болар, Баянға ғашықтығын жеткізер тұста ішкі түйсігінен махаббат пен мейірім сезімі сезілмеді. Тек жекелеген сахналарда ғана батырдың ішкі күйзелістерін, булыққан сезімін білдіріп отырады. Ал, «Жантекең» болуды көздеген Жантық – Ж.Батай арам пиғылдарын жүзеге асыруда алдына жан салмайтын, қазіргі күнге дейін ортамызда өмір сүріп жүрген көптеген пенделердің тірліктерін көз алдымызға әкеле алды.
«Қойылым жанры мюзикл болғандықтан, оның музыкалық көркемделуіне, әннің мәтініне және сахнада әр сөздің анық айтылуына режиссер көп мән берген. Пластикалық қимыл әрекеттер, му- зыка, жарық, барлығы да спектакльдің мақсат мұддесін, идеясын ашуды көздеді» [5, 478 б.] – деп Б.Нұрпейіс режиссер жұмысының жетістігі туралы айтып кетеді.
Бақытқа ұмтылған қос ғашықтың махаббат жолындағы тартысқа толы тағдыры суреттелетін
«Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық жастар мен жасөспірімдер театрындағы тағдыры режиссер Ж.Хаджиевтың шеберлігіне байланысты өрбіді. Кезінде Хад- жиев бұл қойылымды Жезқазған театрында қойып 1992 жылы Ғ.Мүсіреповтың 90-жылдығына байланысты өткізілген фестивальда 1-орынды жеңіп алған еді. Бұл жөнінде театртанушы ғалым Б.Құндақбайұлы: «Режиссер Жанат Хаджиев пен оның жас актерлері бұл жолы да пьеса үстінде тыңғылықты жұмыс істеудің үлгісін көрсетті. Ескі сүрлеуден бойын мүлде аулақ ұстайтын қоюшы режиссер драматургия дүниесінің табиғатын тануды, жас орындаушылармен рөл үстінде сахналық шығарманың бейнелік үлгісін қарастыруда өзінің ой тұжырым тереңдігін, көркемдік қиял жүйріктігін көрсетті. Тұтас алғанда спектакль бүгінгі республика театрларының көтерілген биігіне, шығармалық деңгейіне көркемдік өлшем болды» – деп режиссердің жұмысын жоғары бағалаған еді [6, 491 б.].Араға жылдар салып, 2011 жылы ТЮЗ дің сахнасына шығарған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы тағы да шынайылық пен іңкәрлік,сенім мен сезім тақырыптарынан сыр- шерткен өнер мен өмірдің, тәрбие мен тағылымның мектебіне айналған қойылым театрдағы басты назар аударар туындылардың қатарына қосылды. Оған себеп Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының ла- уреаты Ж.Хаджиевтің өз ісіне деген талапшылығы мен талғампаздығы. Бұл турасында: «Әлкей Марғұланның «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – қазақ эпосының ең ескі, жойқын түрі» дегені бар. Жырдың ерекшелігі де сол, көне заман кейіпкерлерінің әр жаңа кезеңде сол жаңаның кейіпкеріндей құбылуында. Сараң да қатыгез Қарабай да, жағымпаз да қаскөй Жантық та, аңғал да арамза Қодар да, қос ғашық Қозы менен Баян да, қос зарлы ана Мақпал мен Күнікей де біздің бүгінгі күніміздің кейіпкерлеріндей соншалықты таныс, соншалықты анық. Десе де, белгілі бір алшақтық бар еді. Жанат Хаджиевтің қойылымындағы кейіпкерлер сол алшақтықты жеңуге, сол арақашықтықты қысқартуға ұмтылды. Көрермендер арасынан жаңа заман бозбаласы сахнаға шыға келіп, Қозыны ойнай алатындай, Баян сахнадан түсіп көрермендер арасына жатсынбай, жатырқамай еніп кете ала- тындай әсер қалдырды. Бұл да режиссердің көркемдік шешімінің сәттілігін көрсетсе керек» [7] – деп бағалайды өз кезегінде thenews.kz порталының тілшілері.
Актриса С. Бекзатқызы Баян сұлудың бойынан махаббатына берік, қимыл қозғалысы нәзік, тал
шыбықтай майысқан, сымбатты әрекеті ішкі сұлулығына сай келген. «Оның сахнадағы қимыл әрекеті, үстіндегі киімі, кескін келбеті, барлығы да жас бойжеткеннің нәзіктігін, өмірсүйгіштігін көрсете алды. Өзіне сөз айтып, таласып жатқан жігіттердің арасына барып, олардың ешқайсысында көңілі жоқтығын білдіретін алғашқы сахнада орындаушы Баянның бойында еркелік пен балалықтың басым екенін анық танытып өтеді. Ал құлағында ойнап еркін өскен ерке қыздың көңілі жігіттерде емес, жылқыларды баптауда екенін бірден аңғартады. Ол қояндай секіріп, тез қимылдайтын Баянның әрбір әрекеті дала қыздарына тән ширақтықты танытады» – деп театртанушы Б.Нұрпейіс
жас актрисаның шеберлігін атап өтеді [8]. Сондай ақ, Қозы роліндегі театрдың жас актері Елдар Отарбаев қимылындағы еркіндік пен үйлесімділік, нұрлы жайдары мінезі сахнада тұтастық тапқан. Оның қимыл қозғалысы, бет жүзінің өзгеру сәттері оқиғаның дамуына, Қозының көңіл күйіне сай, нанымды.
Режиссерлік шешім бойынша Қарабай – Сағат Жылкелдиев өзгеше қырынан танылған. Ол әлемдегі ең ізгі құндылығы ретінде малын ғана ойлап, өзінің қасындағы ең жақын адамдарын да дүние үшін ойланбастан сатып жіберуге дайын безбүйрек те қатыгез адам. Ал, Рахман Омардың Жантық бейнесін шығаруында режиссердің біраз еңбектенгені байқалады. Мұнда бұл рөлге актердің дұрыс таңдалғаны да бейненің ашылуына өзіндік септігін тигізіп отыр. Себебі актер Р.Омардың жылпос, екі сөзді адамдарды ойнауда актерлік фактурасының сай келіп тұрғанын қойылым бары- сында оңай аңғаруға болады. Сахнада сынаптай сырғыған оның тынымсыз қимыл әрекетінің бәрі де мазмұнды, белгілі бір мақсатқа құрылған.
Спектакльде Б.Қамарановтың Қодар, Т.Сұлтанбердиеваның Мақпал, Л.Серікованың Күнікей рольдері сәтті шыққан.
Спектакльдің үлкен жетістіктерінің бірі ретінде суретші мен режиссер қиялынан туған сахналық декорацияны алуға болады. Б.Нұрпейіс жоғарыдағы мақаласында: «Режиссер жас суретші Ерлан Тұяқовпен бірлесе отырып, спектакльдің қайталанбас бейнесін жасаған. Шымылдық ашылған кез- де сары алқапқа бөленген дала мен төбеден түсірілген жем дорбалар және сахна ортасындағы мама ағаш көшпенді елдің тұрмыс тіршілігінен бірден мағлұмат береді. Спектакль оқиғаының өрбуіне сай жем дорбаларға жан бітіп мыңғырған жылқыларға, ал спектакль соңында Қозы мен Баянға тұрғызылған мазардың тасына айналып кетуі символдық мағынаға ие философиялық шешім. Сол тәрізді ортадағы мама ағаш жылқылар байланатын орынға, бірде жылқыны ұстайтын құрыққа, енді бірде қосқа айналады» [8] – деп жазған болатын. Расында да бұл режиссер тапқан символдық шешім. Ондағы кейіпкерлер малды құрықтағандай, болып жатқан оқиғаларды өздері жеке тізгіндегісі келді. Алайда, қойылым соңында Қодар есінен ауысып, Қарабай алжып, барлығы олардың қалағанындай бола бермейтініне көздері жетті.
Қорыта айтқанда әр режиссер ұлттық классикаға өзіндік интерпретациясымен келіп, эпос кейіпкерлерінің мінезін, психологиясын, іс-әрекетін замандас келбетіне жақындатуын, жаңа шешімге деген ұмтылысын әр спектакльдің бойынан табуға болады.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Құндақбайұлы Б. Театр туралы толғаныстар. – Алматы: Өнер, 2006. –320б.
2 Жақсылықова М.Қазақ кәсіби актерлік өнерінің даму ерекшеліктері: зерттеулер, мақалалар. – Алматы:
«Каратау КБ» ЖШС, «Дәстүр», 2014. – 384 б.
3 Сүгірбеков Қ. Драматург – композитор, режиссер – аранжировщик. // Ақ жол Қазақстан. – 20.09.2002. 4 Сығай Ә. Ой төрінде театр. – Алматы: Парасат, 2005. – 565 б.
5 Нұрпейіс Б. Қазақ театр режиссурасының қалыптасуы мен даму кезеңдері (1915 – 2005): Монография. – Алматы: «Каратау КБ» ЖШС, «Дәстүр», 2014. – 520 б.
6 Құндақбайұлы Б. Заман және театр өнері. – Алматы: Өнер, 2001. – 517б. 7 thenews.kz
8 Нұрпейіс Б. Әр заманның Қарабайы мен антығы // Қазақ әдебиеті. – 15.04.2011.
REFERENCES
1 Qundaqbayuli B. Teatr twrali tolghani’star. – Almati: Oner, 2006. –320 b.
2 Jaqsiliqova M. Qazaq kasіbi akterlіk onerіnіng damw erekshelіkterі: zerttewler, maqalalar. – Almati: «Karataw KB» JShS, «Dastur», 2014. – 384 b.
3 Sugіrbekov Q. Dramatwrg – kompozitor, rejisser – aranjirovshhik. // Aq jol Qazaqstan. – 20.09.2002. 4 Sighay A. Oy torіnde teatr. – Almati: Parasat, 2005. – 565 b.
5 Nurpeyіs B. Qazaq teatr rejisswrasining qaliptaswi men damw kezengderі (1915 – 2005): Monografiya. – Almati: «Karataw KB» JShS, «Dastur», 2014. – 520 b.
6 Qundaqbayuli B. Zaman jane teatr onerі. – Almati: Oner, 2001. – 517 b. 7 thenews.kz
8 Nurpeyіs B. Ar zamanning Qarabayi men jantighi // Qazaq adebietі. – 15.04.2011.
В статье широко проанализированы (рассмотрены) режиссерские решения и актерское мастерство в спектакле Г. Мусирепова «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», поставленных в нескольких театрах Республики.
Ключевые слова: театр, творчество, спектакль, режиссер, актер.
This article widely analyzed the director’s decisions and acting in performances of Gabit Musirepov «Kozy Kоrpesh-Bayan sulu», which acted in several theaters of the Republic.
Keywords: theater, art, classic, performance, director, actor.