Н.Б. МАНСҰРОВ
филол.ғ.к., Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті
ХХ ҒАСЫРДЫҢ ОРТА ТҰСЫНДАҒЫ ӘДЕБИ ТІЛДІҢ ЖҮЙЕЛІГІ
Ұсынылған материал ХХ ғасырдың орта тұсында қолданыс тапқан қазақ әдеби тілінің ерекшеліктеріне негізделген. Негізге алынған мәселелер көркем шығармаларда орын алған кірме сөздер, диалектілер, ауызекі сөйлеу тілдері мен фразеологизмдердің қолдану жайы. Мұнда автор мезгіліне қарай қолданыс тапқан сөздердің мағыналық сипатын және сөз тіркесін жасаудағы басымдықтарын, сондай-ақ олардың қазақ әдеби тілін дамытудағы рөлі мен оны байытуға қосқан үлесін көрсетуді мақсат еткен. Өйткені бұл шығармалардағы тілдік қолданыстар ХХ ғасырдың орта тұсындағы тілдің ерекшеліктерін ашып көрсетіп қана қоймай, қазақ әдеби тілінің қайнар көздерінің бір кезеңі ретінде танылады.
Түйін сөздер: тіл тарихы, көркем шығарма тілі, әдеби тіл, кірме сөздер, сөз тіркестері.
Тіл тарихында әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі бар. Осы ерекшеліктер кез келген ұлт тілінің даму- ына өзіндік әсер етеді. Сөзге арқау болған XX ғасырдың орта тұсында қазақ әдеби тілі жан-жақты дамыған, өзінің қағидалары мен тілдік заңдылықтары нақтыланған, тіл шеберлігінің артып, көркем әдебиеттегі рөлі айқындалған кезең деуге болады.
ХХ ғасырдың орта тұсындағы тілдік қолданыстар негізінен көркем сөз шеберлерінен көрінеді. Бұл көркем сөз шеберлері өздерінің шығармаларында жалпыхалықтық тілдің сөздік қорын пай- даланды. Онда негізінен сөздік құрам, тілдегі мақал-мәтелдер, тұрақты тіркестер мен лексикалық қордағы сөздер, жергілікті жерлердің қолданыстары, диалектілер кең орын алған. Сондықтан мұндай қолданыстар қалай пайдаланылды, пайдаланылса олар лексикалық қорды байыта алды ма, байыта алса қалай байытты, соны тіркестер жасай алды ма, жасай алса қалай жасады деген мәселелер төңірегінде саралау маңызды болмақ.
Кез келген көркем сөз шебері өз ойын, сезімін, әсерін тіл арқылы бейнелейді. Олай болса ол тілдің негізгі сөздік қорын шебер пайдаланып, оны жаңа тіркестер арқылы байытып, дамытып оты- рады. Ал әр қаламгердің өзіндік қолтаңбасының болуы, ол өз сөз қолданысының болуын талап етеді.
Қазақ тіл білімінде көркем әдебиет тілін зерттеу мәселесі осы ХХ ғасырдың орта тұсында, яғни 50-жылдары М.Әуезов, М.Балақаев, Қ.Жұмалиев, т.б. ғалымдар тарапынан бастау алған. Алғашқыда көркем шығармалардың тілдік ерекшеліктері, қолданысы, әдеби тілден алар орны мен оған қосқан үлесі сараланса, кейіннен олардың теориялық мәселері қарастырыла бастады. Бұл тұрғыда Е.Жанпейісов, С.Исаев, Р.Сыздықова, Қ.Өмірәлиев, М.Серғалиев, Б.Шалабаев, т.б. соңғы жылдары әртүрлі бағытта қаралған зерттеу жұмыстарын атауға болады.
Көркем шығарма тілін зерттеудің маңыздылығы тіл ғылымы үшін аса қажет. Себебі көркем шығармалар тілді байытып қана қоймайды, оны толықтырып, дамытып, жаңа арнада пайдалануға болатындығын ашып көрсетеді. Бұл ретте кез келген жазушының шеберлігі танылса, оған қоса оның тілді дамытудағы ұстанымы мен әдеби тілдің жүйелігіндегі алар орнын айқындаудың мәні дәйектеледі. Ол өз кезегінде тілді байытудағы мүмкіншілігін ашуға зор септігін тигізеді.
Көркем әдебиеттің басты құралы – тіл. Әрбір көркем шығарма қолданыстағы тілі арқылы ерекшеленеді. Ал кез келген көркем шығарманың тілі сол өзі дүниеге келген мезгілдің тілдік бол- мысынан, сөздік қорынан, сөзжасамдық және стильдік қызметінен, лексикалық қабаттарынан мәлімет береді. ХХ ғасырдың орта тұсында көркем шығармаларда орыс тілінің рөлі басым болғаны көрінеді. Онда орыс сөздері көп ретте, сол қалпында, яғни түпкі нұсқада қолданылды. Айталық, ай аттары, медициналық, әскери терминдер, ауылшаруашылыққа қатысты сөздер мен техникалық терминдер, т.б. Алайда кейбір орыс тілі сөздерінің фонетикалық өзгеріске ұшырап, қазақша дыбы- стармен бейімдеп қолданылғанын да атап өту керек.
Кірме сөздер – көркем шығармалардың тілдік қолданысынан көрінетін құбылыстың бірі. Сөз етіп отырған кезеңдегі шығармаларда орыс тілінен енген кірме сөздер басым екені анық. Оның себебі тілдік тұрғыда орыс тілінің үстемдігі, тілімізде ол сөздердің баламасы бола тұрса да аударыл- май сол қалпында қолданылуының көрсеткіші.
Тіл саясаты расында, орыс тілінің үстемдігін көрсетті деуге болады. Сол кезде орыс тілін еліміздің 60% меңгергені, ал қазақ тілін орыстардың 1% да аз меңгергенін, қазақ тілі тек тұрмыстық
саламен шектеліп, іс жүргізуде, мемлекеттік, дипломатиялық, әскери өмірде, жоғары мектептерде қолданылмады. Кітаптың 95% орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70% эфирге орыс тілінде шықты. Бұрынғы КСРО-дағы империялық тіл саясаты ең алдымен орыс тілін білмейтін адамдардың әлеуметтік өсу мүмкіндіктерін шұғыл тарылта беру мақсатын көздеді [1,304].
Кез келген саясаттың бір құралы оның тілінен көрініс табады. Егер белгілі бір халық өзінің ұлттық тілінен алшақтаса, онда ол ұлт өз болмысынан да ажырай бастайды. Бұл алшақтық қоғамның барлық саласынан орын алды. Міне орыс тілінің саясаты ХХ ғасырдың орта тұсында осылай болған еді.
Қалай дегенде де аталған мезгілде орыс тілінен енген сөздер қоғамның барлық салаларында, соның ішінде көркем шығармаларда кеңірек қолданыс тапқан. С.Жүнісовтың «Әжем мен Емші және Дәрігер» деген повесінде әскери сөздер солдат, танк, фашист, командир, отпуск сөздері сол кезеңдегі қоғамдық-әлеуметтік жағдаятқа байланысты жиі қолданылған сөздерге жатқызып, одан басқа дәрігерлік (медициналық) сестра, доктор, палата, трапез, операция, т.б. пайдаланғанын атап өту керек [2,34-36].
XX ғасырдың орта тұсы Кеңес өкіметінің әбден жайланған, жан-жақты толысып, жүйелі қалыптасқан, өз үстемдігі мен саясатын еркін жүргізіп отырған кезең болатын. Қазақ қоғамына етене араласқан мұндай ұстаным дәстүр мен салтқа, әдет пен ғұрыпқа да ене бастаған. Сондықтан қазақ ұлты өзінің болмысына тән құндылықтардан біршама алыстаған. Осындай кезеңде сөз жоқ көркем шығармаларда тілдік өзгерістерге жол берілген. Аталған мезгілдегі шығармаларда алдыңғы дәуірлерде тілдік қолданыста жүрген ұлттық сипатқа ие сөздердің біршамасы көнерген сөздер қатарына енгізілген. Ондай сөздер шаңырақ, садақ, сәукеле, дулыға, уық, т.б. Себебі ұлттық бол- мысынан алшақтаған халық үшін мұндай сөздерді пайдаланудың қажеттілігі болмай қалды. Ал діни мазмұндағы сөздердің қолданысы бұл мезгілде аластатылған. Мұндай мазмұндағы сөздерді тек қана ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, наным-сенім, т.б. мазмұнда құрылған мәтіндерде ғана кездестіруге болатын еді.
ХХ ғасырдың орта тұсында әдеби тілдің дамуына өз кезегінде кең орын алған аударма жұмыстарының қосқан үлесін де атап өткен орынды. Тілдің лексикалық қорын дамытуда бір ғана кірме сөздер немесе тілдің ішкі мүмкіндіктеріне қоса ғылым мен технологияның дамуы барысында қалыптасқан термин сөздер де қазақ әдеби тілінің құрамына көптеп енгендігін көреміз. Бұл жөнінде арнайы сөз еткен белгілі ғалым Ш.Сарыбаевтың еңбектерін атауға болады [3].
Ш.Сарыбаев өз зерттеулерінде орыс тілі арқылы қазақ терминология саласының байи түскендігін, сондай-ақ халықтың күнделікті өмір сүру дағдысын да жан-жақты қамтығандығын атай келе көптеген қарапайым сөздердің терминдік ұғымда қалыптасқандығын атап өтеді: «Многие бытовые слова возвысились до уровня терминов и тем самым стали способными выражать фило- софские, экономические и научные понятия. К ним относятся такие слова как ұйым (организация), ақиқат (истина), и ряд других. Благодаря появлению ранее отсутствовавших профессий из русско- го языка заимствованы такие слова, как инженер, маркшейдер, механик, теплотехник, экономист, технолог, монтер, картограф, прачка, морзист, электросварщик, фармацевт, проходчик, крановщик и др.» [3,173].
Шындығында, аталған мезгілде еліміздегі ғылымның барлық саласы терминологиялық сөздермен толыға түсті. Жаңа технология, жаңа қоғамдық леп, әлеуметті-саяси жағдайлардың жаңа бағытта дамуы тілдің лексикалық қорын дамытып, жаңа мағыналы сөздердің қатарын көбейтті. Мұндай құбылыстар көп ретте көркем шығармалардан орын алды.
Қандай көркем шығарма болмасын олардың тілдік қолданысында ерекшеленетін жергілікті жерлердегі сөздердің (диалектілердің) орын алатыны белгілі. Ол қаламгерлердің белгілі бір өңір тұрғыны болғандықтан, оның тілдік қолданысында өзі туып өскен өңірдің тіл ерекшеліктерін пайдаланғандығын аңғаруға болады. Мысалы, О.Бөкейде: Жолға дайындалу керек. Білгендей-ақ тәтеме монша жағып қой деп едім («Қар қызы», 288-бет.). Алтай өңірінде апа, шешеге қарата айты- латын «тәте» сияқты жергілікті тіл ерекшелігін кейіпкер тіліне әдейі салған [2,50].
Ал оңтүстік өңірінің тумасы Д.Исабековтың шығармаларындағы оңтүстік қазақтарының тіліне тән қолданылған дәліз – ауыз үй, сенек, кіре беріс. Кенет дорбаның саудыр етуі мен шалының «шай қой» деуінен кемпірі бұл жолы оның құр қол емес екенін аңғарып, шай қамымен лып етіп дәлізге шығып кетті («Тіршілік», 315-бет.). Дуал – үйдің қабырғасы; қораның қоршауы. Дуалға сүйеп қойған қаптың артын, ошақ жанындағы бүктеліп жатқан алашаның астын, тіпті есік алдына шығып үюлі отынның маңын да сипалап қарап көрді («Тіршілік», 318-бет.). Әпше/әпке – апа. Апа, әпшем
есінен танып құлап қалды, -деді Оспан жылап. Ол жылаған соң өзге балалар да шулап қоя берді («Тіршілік», 356-бет.), т.б. сөздер молынан кездеседі [2,52-53].
Кез келген көркем шығармада ауызекі сөйлеу тілінің орын алатыны заңды құбылыс. Ол қаламгерлер шеберліктерінің бір белгісі. Кейде сөйлеу тілін сол қалпында берсе, енді бірде кейбірі ондай сөздерді мағыналық жағынан дөрекі болған соң басқа бір сөздермен алмастырып, сыпайы түрде келтіреді. Тілдік қолданыстардың бұл түрі тіл білімінде табу, эвфемизм арқылы бейнеленіп, қолданылады. Эвфемизмдердің көркем шығарма тілінде қолданысы көп кезедеседі. Өйткені тілдегі дөрекі, тұрпайы тұлғалы сөздерді сыпайы түрде жеткізу көркем шығарманың тілін шеберлеп, мазмұнын көркем бейнелеуде негізгі рөл атқарады. Ал ол өз кезегінде оқырманның тіліне жеңіл келіп, әрі тартымды, құрылымы жағынан қаламгердің сөз саптау шеберлігін танытады. Сол себепті кез келген қаламгердің туындысында мұндай тілдік қолданыстардың орын алуы кездейсоқ емес.
Сөз етіп отырған кезеңде осы сияқты бірқатар сөздер бар. Олар, бәлкім, осындай тәсіл арқылы қалыптасып, тілдік айналымға енуі мүмкін. Олар «боқтық сөз – ауыр сөз», «буаз – құрсақ көтеру, етегі қайнау, жүкті болып қалу», «қатын алу керек – үйлену керек» деген сөз тіркестері мен өлді жағымсыз сөзінің орнына – дүние салғанда, мерт болып, қайтыс болған, шетіней, көз жұмды деген синонимдік қатарлар қолданылған [2,44-45].
Расында, фразеологиялық тіркестер көркем шығарма тілін бейнелеп, көркемдігін арттырып, жандандыру тәсілінің бірі. Олардың шығармалардағы бейнелеу реңктері жайын қарастыру ар- найы жұмысты талап етеді. Ал біз сөз етіп отырған кезеңдегі қызметі қаламгерлердің өз ойларын көркемдеп жеткізуде тиімді пайдаланғандарын көруге болады. Мысалы, А.Сейдімбек «Аққыз» повесінде мағынаны әсерлеу, суреттеу, көркемдеу қызметінде шебер, ұтымды, өнімді пайдаланған. Әкесі Сүтемген осыдан үш жыл бұрын дүние салғанда дөңгелек дәулетінің иелігі – соңынан ерген жалғыз тұяғы Наймантайға тиген («Аққыз», 62-бет.).
Д.Исабековте: Дәулетбай ұзақ түнге кірпік ілмей шықты. Жатса да, тұрса да ойынан қаңғытып жіберген қызы кетпей қойды («Тіршілік», 373-бет).
О.Бөкейде: Бірақ кейінгі кезде орныққан ақыл меңдеді ме әлде ежелгі дәрменсіздігім тұсау бол- ды ма – көкірегім қарс айырылып, өкінгенім болмаса, батылым жетпеді («Қар қызы», 339-бет.) [2,56-58].
XX ғасырдың орта тұсында тіл білімінде көркем шығармалардағы сөз тіркестерінің қолданысы жайлы еңбектер мен ғылыми зерттеу жұмыстары көбірек қолға алынды. Себебі көркем әдебиет тілі өзінің даму барысында біршама жетістіктерге қол жеткізді. Жаңа тіркестер, жаңа қолданыстар мен бір-бірімен үйлеспейтін сөздер арқылы жасалған тіркестер қалыптасты. Айталық, белгілі ғалым, тіл маманы Қ.Жұбанов өзінің Абай жайлы жазған мақаласында «сөз төсегі» тіркесін қолданады: «Өлеңнің ырғағы да, ұйқасы да, буыны да, әні де, тақырыбы да, сөз төсегі де, суреті де Абайдың қолынан өткенде, бұрын көрмеген жаңа нәрсе болып шығады». Мұны А.Ысқақов өзінің
«Абай және қазақтың әдеби тілі» деген еңбегінде келтіреді. Мұндағы «сөз» бен «төсек» сөздері бір- біріне мағыналық жағынан үйлеспейтін, яғни мағынасы басқа-басқа сөздер. Алайда олар ғалымның қолданысында бір ұғымда қолданылып, жаңа тіркес қалыптастырып тұр.
«Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген халық даналығы. Олай болса осы қолданған тіркесті сөз етіп отырған тілші-ғалым А.Ысқақов та пайдаланады. Ол өзінің жоғарыда келтірілген мақаласында
«… өзінің шығармаларын жазуға ана тілінің негізгі сөздік қорын арқау етті де, грамматикалық құрылысын төсек етті және оның стилистикалық мүмкіншіліктерін дәнекер етті» деген сөйлем келтіреді [4,5].
Қолданыстағы «сөз төсегі» тіркесі жаңаша үлгіде «төсек ету» тіркесін пайдаға асыруға жағдай жасады. Бұл мағыналық жағынан бір-біріне үйлеспейтін сөздерден құралған. Аталған ғалымдардың зерттеулерін негізге алумен қатар, олардың сөз орамдарын қажеттілікке пайдаланып, соны тіркестерді жасауға ықпалын тигізді деп білу керек. Ал бастауын бастаған орамды тіркестердің жалпыхалықтық қолданысқа енетіні қашанда белгілі жайттың бірі. Сондықтан жалпыхалықтық ұғымда ол айналымға енсе, онда мұндай тіркес көркем шығармада, тілдік саралауда қолданыс ая- сын кеңейтеді. Бұл өз кезегінде тіркестердің стилистикалық қызметін арттырады.
Көркем әдебиет тілін әдеби тілдің бір саласы деп қарағанда, онда қолданылатын барлық сөздерді, фонетикалық, грамматикалық құбылыстарды түгелдей әдеби тілге ғана тән деп қарауға болмай- ды дейді Ш.Мажитаева. Ол көркем әдебиетте әдеби нормамен қатар ауызекі тіл элементтері де, диалектизмдер де, жаңа қолданыстар мен варваризмдер де кездесуі заңды дегенді айтады [5,13]. Міне, көріп тұрғанымыздай, ХХ ғасырдың орта тұсында көркем шығармаларда тілдік қолданыста
Ш.Мажитаева айтқандай сөздердің барлық үлгілері орын алғандығын кездестіреміз. Бұл аталған мезгілдегі қазақ әдеби тілінің болмысын сипаттайды.
Сөзімізді түйіндей келгенде, ХХ ғасырдың орта тұсындағы кезеңде барлық көркем шығармалардың тілін толығымен сипаттауды мақсат еткен жоқпыз, ол мүмкін де емес. Жеке жазушының шығармалары тілін де талдауды негізге алмадық, ол да арнайы қарастыруды талап ететін жұмыс. Біздің ұстанымымыз – осы кезеңдегі көркем шығармалардың стильдік дамуын, лексикалық қолданысын, сөзжасам қызметін, лексикалық қабаттар мен диалектілердің қолданысына назар аударып, кейбір көркем туындылар арқылы мысалдармен дәйектеуді негіз ету. Сондай-ақ осы кезеңдегі көркем туындыларға зерттеу жасаған ғылыми еңбектерге сүйене келе, олардың әдеби тілді дамытудағы рөлі мен байытуға қосқан үлесін және әдеби тілдің жүйелігін көрсету.
Әрине, бұл кезеңде жазушылардың саны біршама басым болса, сәйкесінше, олардың қаламынан туындаған шығармаларының саны да көп. Сондықтан біз келтірген мысалдар сөз етіп отырған кезеңнің тілдік қолданыстарындағы белгілері мен қолдану жүйелігін ашып көрсетуде негізгі қайнар көздердің бірі болады деп білеміз.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Қазақстан тарихы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
2 Хамзина Г.С. 1960-80 жылдардағы повестер тілінің лексика-стилистикалық және танымдық сипа- ты (С.Жүнісов, Д.Исабеков, А.Сейдімбеков, О.Бөкей, Б.Нұржекеев шығармалары бойынша): Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Астана, 2010. – 128 б.
3 Сарыбаев Ш. Развитие лексики казахского языка в советскую эпоху. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 б.
4 Ысқақов А. Абай тілі сөздігі. Абай және қазақтың әдеби тілі. Алматы: Ғылым, 1968. – 734 б.
5 Мажитаева Ш. XX ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ әдеби тілі. Фил.ғыл.док. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған дисс. Автор. – Алматы, 2000. – 58 б.
REFERENCES
1 Qazaqstan tarihi. – Almati: Zang adebietі, 2009. – 376 b.
2 Hamzina G.S. 1960-80 jildardaghi povester tіlіnіng leksika-stilistikaliq jane tanimdiq sipati (S.Junіsov, D.Isabekov, A.Seydіmbekov, O.Bokey, B.Nurjekeev shigharmalari boyinsha): Filologiya ghilimdarining kandidati ghilimi darejesіn alw ushіn dayindalghan dissertaciya. – Astana, 2010. – 128 b.
3 Saribaev Sh. Razvitie leksiki kazahskogo yazika v sovetskwyu epohw. Qazaq tіl bіlіmіnіng maselelerі. – Almati:
«Abzal-Ay» baspasi, 2014. – 640 b.
4 Isqaqov A. Abay tіlі sozdіgі. Abay jane qazaqting adebi tіlі. Almati: Ghilim, 1968. – 734 b.
5 Majitaeva Sh. XX ghasirding bіrіnshі jartisindaghi qazaq adebi tіlі. Fil.ghil.dok. ghilimi darejesіn alw ushіn dayindalghan diss. Avtor. – Almati, 2000. – 58 b.
В статье проанализированы языковые средства, использованные в произведениях середины ХХ века. Выявлена содержательная характеристика слов, словосочетаний, а также обозначена роль, данных упо- треблении в развитии и обогащении казахского литературного языка. Так как, использованные языковые средства в указанных произведениях, являются показателем системности казахского литературного языка, источником необходимых сведений и непосредственным отражением особенностей середины ХХ века.
Ключевые слова: история языка, язык художественной литературы, литературный язык, заимство- ванные слова, словосочетания.
The article analyzes the linguistic means used in the works of the mid — twentieth century. Substantial characteristics of words, phrases, and designated role of data used in the development and enrichment of the Kazakh language are revealed. Since the used language tools in these works indicates the systemic Kazakh literary language, the source of the necessary information and direct reflection of the mid-twentieth century.
Keywords: history of language, the language of literature, literary language, loanwords speech, phrases.