М. Қ. ЕСКЕЕВА
филол.ғ.д. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ түркология кафедрасының професоры, Астана, Қазақстан
САЛЫСТЫРМАЛЫ ТҮРКІ ТІЛ БІЛІМІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Мақалада түркі тілдерін зерттеу мәселесі түркітілдес мемлекеттер аралық рухани-мәдени ынтымақтастық пен өзара ықпалдастықты арттырудың негізгі тетігі тұрғысынан өзектеледі. Қолданыс аясы шектеулі, ассимиляциялық үдерістегі шағын түркі этностары тілдерін зерттеудің маңыздылығы жалпытүркілік деңгейде қарастырылады. Түркі тілдерінің глоттохронологиялық классификациясын жа- сауда айрықша орын алатын сарыұйғыр тілінің базистик лексикасының ерекшеліктері көне түркі, ескі қыпшақ және қазіргі қыпшақ тобындағы тілдермен салыстырмалы тұрғыдан талданады.
Түйін сөздер: агглютинативті құрылым, түркі тілдері, көне түркі жазба ескерткіштері, сары ұйғыр тілі, фономорфология, фоносемантика, глотто-хронологиялық классификация.
Түркологиялық бағыттағы ғылыми-зерттеулерді жүйелі түрде жүргізу түркі халықтарының өткені мен бүгінін қамтитын тарихы мен мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне, басқа да рухани- мәдени және материалдық құндылықтар жүйесіне қатысты кешенді ғылыми білім жүйесін қалыптастырумен ұштасып, этно-лингво-мәдени тегі бір түркі әлемінің өзара ынтымақтастығы мен рухани тұтастығын қамтамасыздандыруға бағытталған жалпытүркілік идеологияның негізін құрайды. Кез келген мәдениетті танып білу ең алдымен сол мәдениет иесінің тілін зерттеуден ба- сталады.
ХІ ғасырдан басталған түркі тілдерінің зерттелу тарихында лингвистиканың барлық зерттеу па- радигмасы бой көрсетті деуге болады. Көне түркі жазба ескерткіштері, орта ғасырлардағы жазба мұралары тіл мен тарихтың, тіл мен әдебиеттің, тіл мен әлеуметтік мәселелердің ара-қатысында қарастырылды. Олардың жалпы ескерткіш ретіндегі мәні алдымен грамматологиялық және тарихи — салыстырмалы негізде тіл білімініңаясында зерттелуі түркітанудағы лингвистиканың басымдылығын сипаттайды. Заманауи түркі тіл білімінде тілді тіл иесінің дүниетанымымен, мәдениетімен, жалпы болмысымен сабақтастыра қарастыратын антропоөзектік зерттеу парадигмасы кеңінен қолданылуда. Түркі жазба ескерткіштерін, ауыз әдебиеті үлгілерін, көркем әдебиетті, жалпытүркілік тілдік жүйені құрайтын басқа да жанрлық, стильдік қолданыстарды салыстырмалы-лингвофилософиялық, салыстырмалы-этнолингвистикалық, салыстырмалы-лингвомәдениеттанымдық, салыстырма- лы-лингвокогнитоло гиялық, салыстырмалы-лингвопсихологиялық тұрғыдан зерделеп, тіл иесі
– халықтың дүниетанымын, мәдениетін, жалпы болмысын сипаттайтын концептілер жүйесін са- ралау; дүние бейнесінің тілдік репрезентанттарының этно-мәдени мазмұнын ашу; концептілердің құрылымдық түзіліміндегі тілдік және мәдени кодтарды анықтау; түркі тілдері дамуының әрбір кезеңіндегі тілдік тұлғалардың сапалық мазмұнын талдау мәселелері өзектелуде.
ХХ ғасырдың соңғы жылдары мен ХХІ ғасырда руникалық түркі жазба мұраларының оқылымдары мен аударылымдарының қайта қаралуы, араб, көне ұйғыр, армян, көне латын т.б. графикалары- мен хатқа түскен орта ғасыр түркі жазбалары тіліне аналитикалық зерттеулердің жүргізілуі, жаңа ескерткіштердің ғылыми аналымға енгізілуі; жаңадан белгілі болған, бұрын зерттелмеген немесе
тым аз зерттелген түркі (афшар, айналлу, боджнурди, лобнор, кашкай, салар, сарыұйғыр, сонкор, фуй-қырғыз, халадж, шұлым-түркі т.б.) тілдері мен диалектілерінің грамматикалық сипаттамалары бойынша жүргізілген ізденістердің нәтижелері лингвистикалық түркітанудың мүмкіндігін кеңейтіп, материалдық-базалық әлеуетін арттыра түсті. Бұл лингвистикалық түркітанудың теориялық- методологиялық аппаратының жаңа сатыға көтерілуіне, түркі тілдерін салыстырмалы-тарихи неме- се салыстырмалы-генетикалық әдіс арқылы зерттеудің жаңа қырларын айқындап, ғылыми зерттеу парадигмасының жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашты.
Әлем тілдерінің грамматикалық құрылымы мен олардың тарихи даму жолының жан-жақты зерттелуі компаративті, контрастивті, контактологиялық, универсальды-типологиялық, ареалдық- географиялық т.б. тұрғыдан зерттеу нысанына алынатын тілдердің ауқымын кеңейтті. Генетикалық тегі бір түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін, әдебиеті мен тілін зерттеуде, түркі тілдеріне глоттогенеалогиялық, глоттохронологиялық классификациялар жасау барысында, өз ішінде ғана шектелмей, дәстүрлі шегарадан шығып, басқа халықтардың мәдениеті мен тіліндегі ортақ типологиялық индикаторларды кеңінен қолдану қажет. Бұл еуроцентристік бағыттағы дәстүрлі түркология шектеп тастаған түркі халықтарының тарихи тамырын тереңдетуге ықпал етеді. Осыған орай ХХІ ғасыр түркологиясына салыстырмалы ізденістердің шеңберінен шығып, салғастырмалы- типологиялық зерттеулерге де сүйенуіне тура келеді.
Лингвистикалық түркітанудың өзегі – салыстырмалы-диахрониялық, салыстырмалы- синхрониялық зерттеулер. Себебі, бұл кез келген құбылысты хронологиялық және локальдық си- патына қарай тектес құбылыстардан қашан, қайда, қалай жіктелгенін, тарихи және құрылымдық жүйесінің қалыптасу жолдарын қарастырады және тектес құбылыстарды құрылымдық-мазмұндық белгілері мен заңдылықтарына қарай топтастырып отырады. Мұндай салыстырмалы зерттеулер түркі халықтарында кеңінен таралып кеткен ортақ тарихи, мәдени және тілдік құбылыстарды тұтас қамту үшін ғана емес, олардың себеп-салдарын, пайда болу, даму, өзгеру жолдарын анықтау үшін де кажет. Салыстыра зерттеуді қамтамасыз ететін бастапқы ортақ белгілерді жинақтау белгілі бір заңдылықтар мен жүйелілікке негізделеді. Салғастырмалы-типологиялық зерттеулердің нәтижелі болуы да салыстырмалы-диахрониялық, салыстырмалы-синхрониялық зерттеулердің толыққандылығына байланысты жүзеге асады. Өз жүйесінде толық зерттелмеген тілдік семьяны басқа жүйедегі тілдік семьямен салғастыра зерттеу оң нәтиже бермейді. Салыстырмалы-тарихи әдістің нәтижесінде тілдердің өзара туыстық деңгейін анықтауға, салыстырылып отырған тілдердің фонетикалық, морфологиялық, лексикалық, синтаксистік деңгейлеріндегі сәйкестіктер мен өзгешеліктерді айқындауға, сол тілдердің қалыптасуына негіз болған тектілдің тілдік бірліктерінің архиформаларын реконструкциялауға, тілдік заңдылықтардың қалыптасу кезеңін шамалауға, тілдердің генеалогиялық және тарихи-хронологиялық классификациясын жасауға мүмкіндік туады. Түркі тілдерінің шынайы глотто-хронологиялық классификациясын жасауға барлық түркі тілдері толықтай зерттелгенде ғана қол жеткізуге болады. Өкінішке орай, түркі тілдері жүйесінде әлі де зертелмеген немесе жеткіліксіз деңгейде зерттелген тілдер бар.
Этномәдени кеңістіктің ұлғаюы немесе ықшамдалуы, этностардың өз ата-мекенінен
ығыстырылуы, ассимиляцияға ұшырауы, тіпті тұтастай жойылып кетуі де тарихи-эволюциялық үрдіс. Мұндай тарихи оқиғалардан түркі халықтары да тыс қалмады. Көне замандардан бері дер- бес тайпалық одақтар мен хандықтарға бөлінсе де, өзара ұласып-сабақтасып жататын тұтастығын қамтамасыз етіп келген түркі дүниесі тарихи жағдайларға байланысты бөлшектеуге түсті. Әрбір түркі тілі, әрбір түркі диалектісі – жалпытүркілік құндылық. Ал тілдің өлуі немесе тілдегі ассимиляциялық құбылыстар этностың жоғалуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан қазіргі түркі тілдерінің ішіндегі қолданыс аясы тым шағын тілдерді зерттеп, жойылып бара жатқан, ассимиляцияға ұшыраған эт- ностар тілдерінің статикалық қалып-күйін саралау, лингвоэкологиялық талдаулар жүргізу, сол тілдер бойынша эмпирикалық материалдарды мүмкіндігінше толық жинақтау да түркі тіл білімінің көкейкесті мәселесінің бірі. Шағын санды түркі тілдері жан-жақты зерттелмей түркі тілдерінің шы- найы сипаттамасын жасау да мүмкін емес.
Түркі тілдері жүйесінде айрықша орын алатын шағын тілдердің бірі йоғур (сары үйғыр) тілі. Тарихи-әлеуметтік және мәдени-лингвистикалық факторларға байланысты функционалдық қолданыс аясы тарылып, қарқынды лингвоконтактологиялық үдеріс нәтижелерін бойына сіңірген сары ұйғыр тілінің о бастағы төл табиғатын сипаттайтын «таза түркілік қабаты» түркі тілдері жүйесіндегі ерекше құбылыс.
Түркі тілдерінің тарихи дамуының хун дәуіріндегі (б.д. д. Ү ғ.) z~š тілді шығыс хун тілдерінің z~š, d/t тілді ұйғыр-оғыз тобы мен z~š, d/t тілді қырғыз-қыпшақ тобынан; орта түркі дәуірінде
(б.д. Х-ХҮ ғғ.) z/s ~j тілді хакас тобынан дамыған z/s ~j тілді хакас диалектілері мен алтай тілінің солтүстік диалектілерінен таратылатын сары ұйғыр тілінің көне түркі дәуіріндегі (б.д. Ү-Х ғғ.) негіз-тілі белгісіз, ата-бабалары кезінде Орхон бойын мекендеген йоғурларлардың (сары ұйғырлар) тілі дәстүрлі классификация бойынша d/t тілді көне оғыз тілі саналатын Орхон ескерткіштерінің тілінен тыс қарастырылады [1, 354. ]. Бұл түркі тілдерінің тарихи даму жолын анықтау, тарихи- генеалогиялық жіктемесін жасау мәселелерінің түбегейлі шешімін таппағанын көрсетеді. Сондықтан сары ұйғыр тіліндегі түбір морфемалардың құрылымдық-семантикалық даму жолын көне түркі жазба ескерткіштері тілімен, өзге түркі тілдерімен салыстырмалы тұрғыдан саралау агглютинативті тіл табиғатын терең танытуға мүмкіндік береді әрі сары ұйғыр тілінің көне түркі дәуіріне қатысты қалып-күйінің (сары ұйғыр тілі тарайтын тілдің) айқындалмауына байланысты туындаған түркі тілдерінің даму тарихының жүйелілік сапасына кері әсер ететін проблемалардың шешімін табуға септігін тигізеді.
Агглютинативті құрылымға сәйкес түркі тілдеріндегі лексикалық байлықтың өзегiн құрайтын түбір сөздер адамзат өмiрiндегi тiлдiң маңызын айқындайтын, сан қырлы рухани-функционалдық сапаны қамтамасыз ететiн лингво-онтологиялық құрылым. Үнемi даму үстiнде болатын тiлдiк жүйенiң өзгермелi, икемдi табиғаты бір буынды сөздердің семантикалық деривациясымен, құрылымдық модельдерiнiң даму бағытымен, оның құрамындағы фоно-корреляттардың өзара сәйкестiк түзу мүмкiндiгiмен, таралу аясымен, фономорфологиялық, фоносемантикалық, идеосегменттiк қырларымен сипатталады.
Лингвистикалық түркітану ғылымында тілдің негізін құрайтын бір буынды сөздердің табиғаты жайлы түрлі көзқарастардың айтылуы алғашқы дыбыстық тілдің сұлбасы байқала бастаған кез- ден бастау алатын моносиллабтардың бірнеше сатылы даму жолы мен қайшылыққа толы қат-қабат күрделі табиғатына байланысты. Түркі сөздері тұлғасының қарапайымнан күрделіге қарай дамуы басты ерекшелік болғанымен фонетика-фонологиялық, фоно-морфологиялық, фоно-семантикалық заңдылықтарға орай кезең-кезеңімен кері процестерді де басынан өткізуі, одан қайта күрделенуі тәрізді мәселелер түбір морфемалардың табиғатын айқындауда көзқарастар қайшылығын ту- дырып келді. Түркі сөздерінің шынайы болмысын танып-білу, даму жолының бағыт-бағдарын мүмкіндігінше нақтылау «көнетүркілік кезеңге дейінгі тілдік белгілерді сақтаған»* йоғур тіліндегі моносиллабтар жүйесін көне түркі, орта түркі және қазіргі түркі тілдерімен салыстырмалы тұрғыдан зерттеу аса маңызды.
Сары ұйғыр тілінде түркі тілдеріне тән түбір морфемалардың 6 құрылымдық моделінің бәрі де қолданылады, олардың бір тобы дербес лексемалық деңгейде қолданылса, келесі тобын морфемдік талдау әдісі арқылы ғана анықтауға болатын моносиллабтар құрайды, мысалы:
V моделі – с.ұйғ. е `заттың, құбылыстың, қимылдың, іс-әрекеттің болуы` етістігі негізінен болымсыздық мәнін беретін -me аффиксімен тіркесіп жұмсалады: e+me+s `емес`, xorγaγan jaγ emes
`қайырған май емес, қуырған май емес`~к.түр. е `быть` Тал.III, ДТД, 86. Талас ескерткiштерi тiлiнен тiркелген е етiстiгi қазiргi қыпшақ тiлдерiнде көмекшi етiстiк қызметiнде өткен шақ мәнiн бiлдiредi, болымсыздық формасында да өте жиі қолданылады. Ауызекi тiлде шақ формалары түсiрiлiп, тiкелей жiктiк жалғауларымен тiркесiп те қолданылады. Мысалы, қазақ тiлiнде: e → edim → em, e → ediŋ → eŋ; e → edi → et және e → ken. Әдетте е етістігі жалпытүркiлiк er/*är/*ip моносилабынан таратыла- ды. Орхон ескерткiштерiнде er тұлғасы кеңiнен қолданылады: tabγač budun sablï süčik, aγïsï jumčaq ermis КТк. 5 «табғач халқы сөзi тәттi, қазынасы асыл едi» Айд.І,169. е, er тұлғаларының бiр дәуiрде қатар қолданылуына байланысты архитұлғасын анықтау әлi де тереңiрек қарастыратын мәселе. γï
VC моделі – с.ұйғ. az`аз, көп емес`: qoj azγaqtro `қой азайды`~ к.түр. az ДТД,41: az budunïγ üküš qïltïm КТк.10 `Аз халықты көп қылдым` Айд.І,170 ~ е. қып. az (Құрыш. 78) ~ құм., башқ., ноғ., ққалп., қар., тат., қаз. az. az моносиллабы ar → aršï `тазалау`, ar → arïq `жүдеу`, az → azuw
`арықтау` тұлғаларымен төркiндес. Сары ұйғыр тілінде az моносиллабының жалпытүркілік `азу, азғындау, күнәға бату` мәні де қолданылады: с.ұйғ. az `адасу, жолдан таю (азғындау)`~ к.түр. az Он. II,3 `азғындау, күнәға бату` ДТД, 41 ~ е. қып. az Құрыш.78, башқ., тат., ноғ., ққалп., қар., қаз. az; с.ұйғ. aq `ақ(түс )`: aq at `ақ ат`: ~ к.түр. aq`ақ` СДЕ, 207: Alp šalčï aq atïn binip oplaju tegdi КТү. 42
«Алып Шалшы ақ атын мiнiп шабуылға шықты» Айд.І, 170 ~ ққалп., құм., ноғ., башқ., қаз. aq; қар. ax. Ескi қыпшақ жазбаларынан да aq моносиллабы тiркелген Құрыш.81; с.ұйғ. al`ал, алу`: kelïn altï
`үйленді; ұлын, інісін үйлендірді` ~ к.түр. al «алу, қабылдау» ДТС, 32: Bilig bilmez kisi ol sabïγ alur КТк. 7 «Бiлiк бiлмес кiсi сол сөздi алып» Айд.І, 169 ~ е. қып. al→alγïl Құрыш.83; қар., құм., ққалп., тат., башқ., ноғ., қырғ., қаз. al.
VCC моделі – с.ұйғ. ört/ort ` өрт`: ort poltï`өрт болды` ~ к.түр. ört Тон. 40: Örtče qïzïp kelti
«Өртше қызып келдi» Айд.ІІ,111 ~ қаз., ққалп., ноғ. ört; тат., башқ. ürt. Монғол тiлiнде örnüün
`қызу` МҚС, 395. Зерттеушiлер ört лексемасы түркi-монғол тiлдерiне ортақ *ör `өрт, от, жалын`,
`жағу,түтату,өртену, жалындау` синкреттi моносиллабынан таратады ЭСТЯ I, 551. Қыпшақ тiлдерi бойынша rt дауыссыздар тiркесiнiң тұрақты болып келуi, *ö тұлғасының жалпы түркi тiлдерi қалыптасуы кезеңiндегi мағыналық аясының аса кең болғанын, ört сөзiнiң дараланып шығуының өзi де өте ежелгi кезеңдерден басталатынын көрсетедi.
CV моделі – с.ұйғ. sï `сын, сыну`: men sïbadïp tro `мен сынырдым` ~ к.түр. sï «бұзу, сындыру» ДТД, 66: Ol tegdükte Bajurqunïŋ aq adγïrïγ udlïqïn sïju urtï КТү. 36 «Ол айқаста өкшелей қуғанында Байырғуның ақ айғыры мертiктi» Айд.І, 179 ~ қаз., ққалп., ноғ., қар., тат. sïn; башқ. hïn; с.ұйғ.ji ` есть, кушать`: et jiti `ет жеді` ~ к.түр. je/ji `же, жеу`: Kejük jijü tabïsγan jijü olurur ertimiz Тон. 7 `Киiк жеп, қоян жеп отыратын едiк` Айд.ІІ, 105~ қаз., ққалп. že, тат. žÿ; башқ., құм., ноғ. ē.
CVC моделі – с.ұйғ. pas`бас, басу`: aγïrïqïn pas tro `ауруын басты` ~ к.түр. bas «басу, таптау, жеңу» ДТД, 33: Qïrq azïγ uqa basdïmïz Тон. 27 `Қырық азды ұйқыда бастық` Айд.ІІ,109 ~ қаз., ққалп., қырғ., тат., қар., башқ., ноғ., құм. bas; с.ұйғ. baš/paš`бас (адамның т.б.), бір заттың жоғары жағы (таудың, өзеннің т.б.)`: taγ paši`таудың басы` ~ к.түр. paš/baš `бас, басшы, бастау` ДТД, 34: Anta jerüki suq baslïγ… Тон.46 «Сонда Суқ бастаған…» Айд.ІІ, 112~ қаз., ққалп., қырғ. bas; тат., башқ. baš. bas/baš моносиллабын Э.В.Севортян bāš түрiнде ЭСТЯ II,87, А.М.Щербак *paš түрiнде рекон- струкциялайды [2,195]; с.ұйғ. pat`жоғалу, жоқ болу, жасырыну`, `бат, бату (күн батты, суға батты)`: atïŋ pati `твое имя обесчестилось` (букв. утонуло, погрузилось в воду) ЯЖУ, 89 ~ к.түр. bat «погру- жаться, заходить (о солнце)» ДТД, 34: qurïγaru kün batsïqïŋa КТк. 2 «кейiн күн батыста…» Айд.І, 168
~ қаз., қырғ., ноғ., құм., ққалп., башқ., тат. bat. Bat моносиллабы түркi тiлдерiндегi batpaq, batqaq, bataq, batmaq, putxax «болота, топь» сөздерiнiң жасалуына да негiз болғанын ескерткiштер тiлiндегi batïm «терең, тереңдiк» лексемасының қолданысы арқылы түсiндiруге болады. Bat моносиллабы таза түркiлiк лексема, тунгус-маньчжур, монғол тiлдерiндегi bat «вмещаться» сөзiн зерттеушiлер якут тiлi арқылы енген элемент ретiнде қарастырады [3, 137].
CVCC моделі – с.ұйғ. turt/ tört/durt`төрт`: turt kise`төрт кісі` ~ к.түр. tört `төрт` ДТД, 73, Е. 28; КЧ. 11; МЧ. II, 15; Он. I, 1; КТү. 2: tört buluŋ qop jaγï ermis `Төрт бұрыштың бәрi жау едi` Айд.І, 171~ қаз., ққалп., қырғ. tört; қар., құм., ноғ. dört, тат., башқ. dürt. А.М.Щербак tört лексемасының архетұлғасын созылыңқы дауысты арқылы бередi. tōrt [2, 197]. Қарлұқ тобындағы ұйғыр тiлi диалектiлерiнде tört сан есiмiнiң құрамындағы r, t дыбыстарының элизиясы да кездеседi: töt, tö «четыре» [4, 161].
Түркі тілдеріндегі түбірдің монсиллабтық концепциясы негізделгенімен морфемалардың құрылымдық модельдерінің қайсысы алғашқы екені жайлы көзқарастар қайшылығы бар екені белгілі. Академик Ә.Т.Қайдар түбір құрылымы туралы бұрын-соңды айтылған пікірлер мен тұжырымдарға талдау жасай отырып: «Тюркский корень есть наидревнейшая и историческая ре- альная единица языка, сохраняющая свою суть несмотря на постоянные фоно-морфо-семантиче- ские изменения, происходящие в процессе агглютинативного развития строя тюркских языков. Он может структурно совпадать с первообразным словам, если оно не превышает одного слога. Во- всех остальных случаях тюркский корень выступает как производная единица языка, где корень отражает в себе состояние статики, а слова – динамики» [5, 25] деген тұжырымға келуі моносил- лаб теориясы аясындағы бір буындылардың екінші немесе үшінші дәрежелі бірлік болу мүмкіндігі жайлы концепцияның толықтай орнығуына ықпал етті. Архаикалық сапасын сақтаған сары ұйғыр тілі деректері де ғалым идеясының негізділігін дәйектейді. Сары ұйғыр тіліндегі *az≈*aγ≈*ar мо- носиллабтары арқылы жасалған лексемалардың семантикалық мазмұны арқылы архитүбірдің тұлғалық және семантикалық даму жолын аңғаруға болады:
с.ұйғ azïr`айрылу, ажырау`, azïrïl `ажыра, айырыл`: et soŋuktan azïrïlïp tro: `ет сүйектен ажыра-
ды` ~ к.түр. *ad→adiril «ажырау, айрылу» ДТД, 32: Qara Čur esiz …özüge ujalarïna adïrïlmiš Тал.2
«Қайран Қара Чур өз ұяларынан, туыстарынан айырылды» Аманж., 44 ~ е. қып. aj→ajrïl Құрыш. 81, башқ., ноғ., қар., ққалп., қаз. ajïrïl, тат. ajerïl. Қазақ тілінде *až→ažïra нұсқасы да қолданылады, *ad моносиллабы қазақ тiлiндегi adïra qal тiркесiнiң, adïr (адыр-адыр жер) лексемасының құрамында сақталған;
с.ұйғ. aγït `қуу, ажырату, босату, жіберу`:poqani inekten aγïtïp tro `бұқаны сиырдан ажыратты`~ к.түр. *aγ→aγït `ағыту, босату, айдау, қуу` ДТС, 20: Oza kelmis süsin Kültegin aγïtïp, Toŋra bir oγuš alpaγu on erig Toŋatigin joγïnta egirip ölürtimiz КТү.47 «Оза келген әскердi Күлтегiн қуып, Тоңра ру- ынан шыққан он ердi Тоңатегiндi жерлегенде өлтiрдiк» Айд.І, 181. *aγ моносиллабы қазақ тiлiнде
«босату, жiберу» мәнiн беретiн aγït етiстiгiнiң құрамында сақталған: құлынды, бұзауды ағыт, түймеңдi ағыт; суды ағыт т.б.; қырғ., ққалп. aγït. Көне түркiлiк aγït сөзiнiң «айыр, ағыт, босат, жiбер» мағыналары көрсетiледi Айд.І,206;
с.ұйғ. arï `алыс, арыдағы`: arï uruγ `алыс туыс`~қаз. arï/äri. Е.Қажыбек *ar моносиллабын жалпыалтайлық лексикалық қабатқа жатқыза отырып, «ажырау, айырылу» семасын беретiн aj мо- носиллабымен жақындығын көрсетедi [6, 246]. аr моносиллабын қазақ тiлiндегi aršï, aruwla, aruw, arïq «бұлақ» сөздерiнiң құрамынан да ажыратуға болады. «Арылу, тазару, ажырау, аралық» сема- сын беретiн *ar моносиллабы мен «көбейту, арттыру, жүктi тиеу, керуен» сөздерiне негiз болған
*ar моносиллабтарының ортақ мазмұнынан антиномиялық қатынастың iзi байқалады. Мұндай мысалдар түркi тiлдерiндегi түбiр табиғатының сыры тым тереңде жатқанын, тiл онтологиясымен сабақтастыра қарастыруды қажет ететiн мәселе екенiн көрсетедi.
с.ұйғ *az→azγïr `айғыр`: arïγ azγïr `асыл тұқымды айғыр` ~ к.түр *ad→adγïr `айғыр` ДТД, 40: Kultegin Bajïrqunïŋ aq adγïrïγ bïnïp oplaju tеgdi КТү. 35 `Күлтегiн Байырғының ақ айғырын мiнiп шабуылға шықты` Айд.І, 179 ~ е. қып. *aj→ajγïr, *az→azγïr Құрыш.80; баш., ноғ., тат., құм., ққалп., қаз. ajγïr. Түркі тілдерінде adγïr/azγïr/ajγïr/atγïr лексемаларымен түбірлес azman/ azban сөзі де қолданыста: к.түр *az→azman `кличка лошади` ДТС, 73: Kültegin azman aqïγ binip op laju tegdi КТү. 45 `Күлтегiн Азбан ағын мiнiп шабуылға шықты` Айд.І, 181~ қаз. az(ban); ққалп. az(man)
«жеребец». Түркi-монғол тiлдерiне ортақ adγïr лексемасы жалпы алтай тiлдерi бойынша *ad ≈ *az
≈ *až ≈ *at ≈ *as ≈ *ax ≈ *aj ≈ *oj ≈ *öj түбiрлес моносиллабтар кешенiн құрайды. Сондықтан түркі тілдеріндегі *aγ «ажырау, бөліну», *ad «бөлiну, ажырау», *ad/at/az/aj «айақ», *až *aš *ač *at *ad
«айғыр», *az «азбан» моносиллабтары «қозғалу, қимыл, бөлiну» идеясын сақтаған жалпытүркiлiк aq ≈ аγ ≈ at ≈ ad ≈ az ≈ až ≈ aj ≈ aw т.б. гомогендi моносиллабтар кешенiне кiретiн туынды тұлғалар, гипотезалық iлкi түбiрiн *a/ï тұлғалы V моделi ретінде жаңғыртуға болады. Салыстырыңыз: қазақ тілінде: ïdïraw.
Жалпытүркілік *u/*ü≈*о/*ö≈*е дыбыстарының фоносемантикалық идеясындағы `көбею, өсу, өну` семасының тұлғалық, мазмұндық дамуын көрсететін тілдік бірліктер сары ұйғыр тілінде де кездеседі: un`выходить, вырастать`, urγïlat `размножать` ЯЖУ, 129,130, монғол тілінде urgulax `та- рату, өсіру, асырау` МҚС 760, с.ұйғ. uruγ urug uruq `родство, родственная`, uruq` родственная линия, родня`, uruq` подниматься, раздуваться`, ün/un `восходить, подниматься`: taŋγar kun ungen tugete qoqqaš maina `завтра утром после восхода солнца, вставши от сна отправимся в путь`, unduruw `на восток`, ur`верх, верху`: uri tegip, qozï tegip `он скакал по холмам и низинам`, urï `верх,верху`: mangïs urï, kep tro `мангыс поднялся ото сна и явился`, emïγ `грудь`, emïz` кормить грудью ` emïsïq`соска из кожи для младенца`, enek `корова`, eneka `старуха` ЯЖУ, 25]; с.ұйғ. еr `ер адам, әйелдің күйеуі`: bul er `бұл ер`~қаз. er~түр. erkek, koсa[koǯa] `ер адам, күйеу`~көне т.еr `ер/батыр, еркек, күйеу` СДЕ, 245: bujruqï jeme bilge ermis erinč, alïp ermis erinč КТү. 3 `бұйрықтары да бiлгiр ер едi, өздерi де алып ер болған екен` Айд.І, 171]. Сары үйғыр тілінде eren `муж, мужчина`: eren joq säždïq `женщи- на без мужа`, erl`e `подниматься`, erl`et`возвышать`, erl`ig`высокий` ЯЖУ, 26,26. Қазiргi түркi тiлдерiнде er≈ ir≈ijr ≈эr ≈ar ≈är тұлғалары қолданылады. Сары ұйғыр тілінде осы түбірден тараған еrkek `еркек` лексемасы да қолданыста: еrkek kise `ер адам`, еrkek qoj `еркек қой`, еrkek at `еркек ат` ~ қаз. еrkek~түр. erkek.
Шығыс хун тілдерінің оғыздық белгілері (z~š, d/t тілді ұйғыр-оғыз тобы) мен қыпшақтық
белгілерін ( z~š, d/t тілді қырғыз-қыпшақ тобы) қатар сақтаған сары ұйғыр тілі мен батыс хун тілдері қыпшақ тобындағы тілдерімен салыстыра қарастырып, түбір сөздер құрамындағы фоно-морфо-семантикалық құбылыстар негізінде тіларалық лингводифференцияциялық және лингвоинтеграциялық индикаторларды анықтау түркі тілдерін генеалогиялық тұрғыдан жіктеу мәселесіндегі кейбір қайшылықтарды ретке келтіруге септігін тигізеді.
Қарқынды лингвоконтактологиялық үдерістер аясындағы тарихи-әлеуметтік факторларға сәйкес функционалдық ауқымының тарылуына байланысты фонетика-фонологиялық жүйесі мен грамматикалық құрылымын «архаикалық сапада» сақтап қалған қазiргi сары ұйғыр тілін түркі тілдері дамуының көнетүркілік дәуірін (ҮІ-ІХ ғғ.) сипаттайтын Орхон, Енисей, Талас ескерткіштері тілімен, «мемлекеттік тіл» дәрежесіне ие, үнемі даму үстіндегі қазіргі қазақ, қырғыз тілдерімен және басқа да қыпшақ тобындағы тілдермен салыстыру арқылы анықталған жалпытүркілік базалық лексика құрамындағы фонетика-фонологиялық құбылыстар, дыбыс сәйкестiктерiнiң табиғаты жалпытүркілік тектілдің шарттылық сипатын бiршама бәсеңдетiп, нақтылай түседi, бұл жалпытүркiлiк лексикалық қабаттың нақтылана түсуiне де ықпал етедi.
ӘДЕБИЕТТЕР
1 Баскаков Н.А. Введение в изучение тюркских языков. – Москва: Наука, 1969. -384 с.
2 Щербак А.М. Сравнительная фонетика тюркских языков. –Ленинград: Наука, 1970. -201 с.
3 Дмитриева Л.В. Этимология географических аппелятивов в тюркских и других алтайских языках // Ал- тайские этимологии. – Ленинград: Наука, 1984. -С. 130-140.
4 Малов С.Е. Уйгурские наречия Синьзяна. – Москва: Изд-во АН СССР, 1961. -161 с.
5 Кайдаров А.Т. Структура односложных корней и основ в казахском языке. –Алма-Ата: Наука, 1986. -368 с.
6 Кажыбеков Е. З. Глагольно-именная корреляция гомогенных корней в тюркских языках. –Алма-Ата: На- ука, 1986. -270 с.
Шартты қысқартулар
Ескерткiштер
БҚ Бiлгеқаған
Е. Енисей жазбалары КТү. Күлтегiн, үлкен жазба КТк. Күлтегiн, кiшi жазба КЧ Кули Чор ескерткіші МЧ Мойун Чур ескерткіші Он. Онгин ескерткіші Орх. Орхон жазбалары Тал. Талас жазбалары Тон. Тониқук ескерткіші
Сөздіктер мен әдебиеттер
Айд.І Айдаров Ғ. Күлтегiн ескерткiшi. –Алматы: Ана тiлi, 1995. –232 б.
Айд.ІІ Айдаров Ғ. Тоникуқ ескерткiшiнiң (ҮIII ғасыр) тiлi. –Алматы: Қазақстан, 2000. -120 б. Аманж. Аманжолов А. История и теория древнетюркского письма. –Алматы:Мектеп, 2003. -366 с.
ДТД Древние тюркские диалекты и их отражение в современных языках. Под ред. И.А.Батманова.–Фрун- зе: Илим,1971. -194 с.
ДТС Древнетюркский словарь. Под ред. В.М.Наделяева, Д.М.Насилова, Э.Р. Тенишева, А.М.Щербака. – Ленинград: Наука, 1969. -676 с.
Құрыш. Курышжанов А.К. Исследование по лексике старокыпчакского письменного памятника ХII в.
«Тюркско-арабского слoваря».–Алма-Ата: Наука,1970. -232 с.
МҚС Базылхан Б. Монғолша-қазақша сөздiк. –Улаанбаатар-Өлгий, 1987. -885 б.
СДЕ Батманов И.А., Арагачи З.Б., Бабушкин Г.Ф. и др. Современная и древняя Енисейка. Фрунзе: АН КиргССР, 1962. -248 с.
ЭСТЯ Севортян Э.В. Этимологический словарь тюркских языков. –Москва: Наука, I-III т. 1974, 1978, 1980 (IҮ т. соавт. Левитская Л.С.), 1989. -767, 349, 395, 292.
ЯЖУ Малов С.Е. Язык желтых уйгуров. Словарь и грамматика. –Алма-Ата: Издательство АН Казахской ССР, 1957. -197 с.
REFERENCES
1 Baskakov N.A. Vvedenie v izuchenie tiurkskih iazykov. – Moskva: Nauka, 1969. -384 s.
2 Sherbak А.М. Sravnitelnaia fonetika tiurkskih iazykov. – Leningrad: Naukа,, 1970. -201 s.
3 Dmitrieva L.V. Etimologia geograficheskih appeliativov v tiurkskih i drugih altaiskih iazykah//Altaiskie etimologii. – Leningrad: Nauka, 1984. -130-140 b.
4 Malov S.E. Uigurskie narechia Sinziana. – Moskva:Izd-vo AN SSSR, 1961. – 161 s.
5 Kaidarov A.T. Struktura odnoslozhnyh kornei I osnov v kazahskom iazyke. – Alma-ata: Naukа, 1986. –368 s. 6 Kazhybekov E.Z. Glagolno-imennaia korelliatsia gomogennyh kornei v tiurkskih iazykah. – Alma-ata: Naukа,
1986. –270 s.
7 Kazhybekov E.Z. Fono-semanticheskaia harakteristika pratiurkskogo kornia//Problemy etimologii tiurkskih iazykov. – Alma-ata: Naukа, 1990. -S. 95-102.
ABBREVIATIONS
Monuments
BKh Bilgekhan monument Е. Enisei inscription KTu Kultegin, big writing
KTk. Kultegin, small writing KCh Kuli Chor monument МCh Моiun Chur monument Оn. Оngin monument
Оrh. Оrhоn inscription Таl. Таlаs inscription Тоn. Тоnikuk monument
languages and references
Аid.І Аidarov Gh. Kultegin, еskertkishi. –Аlmaty: Аnа tili, 1995. –232 b.
Аid.ІІ Аidarov Gh. Тоникуқ еskertkishininh (ҮIII ghasyr) tili. –Аlmaty: Kazakhstan, 2000. -120 b. Аmanzh. Аmanzholov А. Istoria I teoria drevnetiurkskogo pisma. – Аlmaty: Меktep, 2003. — 366 s.
DTD Drevnie tiurkskie dialekty I ih otrazhenie v sovremennyh iazykah. Pоd rеd. I.А.Batmanova.–Frunze: Ilim,1971.-194 s.
DTS Drevnetiurkskii slovar. Pоd rеd. V.M.Nadeliaevа, D.М.Nasilovа, E.R. Tenishеvа, А.M.Sherbaka. – Leningrad: Naukа, 1969. -676 s.
Kurysh. Kuryshzhanov А.K. Issledovanie pо leksikе starokypchakskogo pismnnogo pаmiatnika ХII v. «Тiurkso- аrаbskogo slovaria».–Аlmа-Аtа: Naukа,1970.-232 s.
МKhS Bazylhan B. Моngholsha-khazakhsha sozdik. –Ulаанbааtаr-Olgii, 1987. -885 b.
SDЕ Batmanov I.А., Аragachi Z.B., Bаbushkin G.F. i dr. Sovremennaia I drevniaia Еniseika. –Frunzе: АN KirgSSR, 1962. -248 s.
ESTIA Sevortian E.V. Etimologicheskii slovar tiurkskih iazykov. – Moskva: Nauka, I-III t. 1974, 1978, 1980 (IҮ t. sooavt. Levitskaia L.S.), 1989. -767, 349, 395, 292 s.
IAZhU Malov S.E. Iazyk zheltyh uigurov. Slovar I grammatika. –Аlmа-Аtа: Izdatelstvo АN Каzаhskoi SSR, 1957. -197 s.
Ескеева М.К. Актуальные проблемы сравнительного тюркского языкознания
В статье обсуждаются проблема актуализацииисследования тюркских языков как основных механиз- мов духовно-культурной солидарности и приращения взаимовляния тюркоязычных государств. В общетюрк- ском континууме рассмативается значимость исследования языков малых тюркских этносов, находящихся в процесе ассимиляции и ограниченных сферой своего употребления. Осуществлен сравнительный анализ особенностей базисной лексики сарыюгурского языка,занимающего особую роль в глоттохронологической классификации тюркских языков и древнетюрского, старокыпчакского и современных языков кыпчакской группы.
Ключевые слова: агглютинативный строй, тюркские языки, древнетюркские письменные памятники, сарыюгурский язык, фономорфология, фоносемантика, глотто-хронологическая классификация.
Yeskeyeva M. Topical issues of Comparative studies of Turkic languages
This article deals with the problems of studying the Turkic languages,in terms of its role as a means ofstrengthening mutual integrationand cultural solidarity of Turkic speaking countries.The importance of researching the endangered languages of small Turkic ethnics in assimilation process and at risk of falling out of use is considered. The features of basic word stock of Yellow Uighur languages, which takes an important role in glottochronlogical classification of Turkic languages, are studied compared to Old Turkic, Old Kipchak and Modern Turkic languages of Kipchak group. Key words: agglutinative structure, turkic languages, old Turkic, inscriptions, yellow Uighur language,
phonomorphology, phonosemantics, glotto-chronological classification.