АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІНІҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ КӨЗҚАРАСТАРЫ
Сейтқасымов А.А., Жетенова А.Б.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ.
XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Ресей империясының отаршыл саясаты қазақ халқының тәуелсіз мемлекет құру идеясын орындалмас қиялға айналдыруға бар күш-жігерін жұмсады. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Сырым Датов, Кенесары Қасымов және басқалар бастаған көтерілістер қазақтың ұлттық рухын орнықтыруға, ортақ жау — Ресей патшалығына қарсы күресте қазақтардың барлық күшін біріктіруге талпынған әрекеттер еді», — деп көрсетуі тарихи шындыққа толық сәйкес [1].
Алаш идеясының қалыптасуы және дамуы тікелей Көкшетау жерімен байланысты, дінмен сабақтас. 1892 жылы патша мен патриархат «1902 жылдан бастап жаппай қазақты шоқындыру туралы» заң шығарған, оның бағыттары көп. 1901 жылы Көкшетауға 1000 інжіл әкелінген. Сол кезде Науан хазірет пен Шәймерден Қосшығұлов қарсы шыққан. Патша үкіметі онда 10 000 адамның қолын жинап әкел деген талап қойған. Сонда Шәймерден Қосшығұлов біресе дәруіштің, біресе қайыршының, біресе жаяудың, біресе аттылының кебін киіп, бірнеше рет түрмеге қамалып, 10 000 қолды жинаған. Сондағы ұстаным – тәуелсіздіктің негізгі принциптері болып табылады. 1905 жылы Мұхамеджан Тынышбаев Шәймерден Қосшығұловты Петербургқа шақырады. Сол кезден бастап қарсылық петициясын жер-жерге жеткізу жүргізіледі, Әлихан Бөкейхан шоқындыру саясатына қарсылық білдірсін деп Шәймерденді Түркияға жібереді. Ол сонда бір жыл болып, кейін қажылыққа барғандармен қайтып келеді. Сондай жанкешті рухтан басталған ұлы қозғалыс міне, өзінің бүгінгі ел мұратына айналып отыр», – деді өз сөзінде жазушы Тұрсын Жұртбай. Патшалық Ресей қазақтың кең жазира даласын мемлекет меншігі деп жариялап, «пайдаланылмайтын бос жер» деген желеңмен озбырлықпен тартып алып, қоныс аударушыларға бөліп беру орын алды. Әлеуметтік-саяси жағынан алғанда, бұл кезең патшалық Ресей империясының қазақ даласындағы отарлау саясатының күшеюімен ерекшеленді. Кез келген әрекет өзінің қарсы әрекетін туғазатын табиғат заңдылығы бұл жерде де өзінің айнымастығын дәлелдеді. Отарлау саясаты өрістеген сайын, қазақ халқының ұлт азаттық күресі, ұлттық мемлекеттілік құру идеясы да құрыштай шыңдалып, дами берді. Самодержавиеге, отаршылдыққа, жергілікті шенеуніктердің озбырлығына қарсы халық наразылығы өршіді. Осылайша, қазақтардың жаңаша саяси санасы қалыптаса бастады. Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалысы дін тазалығын, тіл тазалығын қорғаудан, оқу-ағарту, ұлттық салт-дәстүрлерді қолдаудан басталып, біртіндеп жер дауы, ел дауына ұласты. Яғни, академик М.Қозыбаев көрсеткендей, «Алаштың ұлт азаттық қозғалысы идеологиясының өзегі – отаршылдық наразылық, отаршылдыққа қарсы ұлтшылдық. Олар заңмен шектелген праволық қоғам, конституцияда анықталған кейбір саяси бостандықтар, ғылым мен мәдени даму көлемінде күресіп бақты» [2].
Қазақ халқы ұлт ретінде өмір сүру қасиетін сақтап қалу үшін тырысты: аймақтардағы наразылық бас көтерулерден бастап, Мемлекеттік Думадағы депутаттық орынға дейін саяси күрес ісіне тартылып, азаттық қозғалысының арналы ағысына ілесті. Қазақтар өлке өміріндегі өзгерістерге, отаршылдық әкімшілік ойлағандай, сырттай бақылаушы ғана болып қалмай, оған белсене араласты. Олар болыс сайлау, партияға жіктелу, дауыс жинау, кандидаттыққа ұсыну, лауазымды қызмет атқару, Думаға сайлану т.б. қоғамдық-саяси істерге белсене араласты. Жергілікті мемлекеттік басқару отарлау әкімшілігінің басқаруымен, ал сайлаулар шалағайлықпен жүзеге асса да, кең байтақ қазақ даласындағы саяси процестерге халқымыз қызу қатысып отырды. Саяси қатысу қазақы дала өлкесінде өзгеше мәнге ие болды. Мұндай әділетсіздік сол кезеңдегі көзі ашық, ұлттық сана-сезімі оянған қазақтың зиялы азаматтарына серпіліс берді.
1905-1907 жылдардағы I-ші орыс төңкерісі өз кезегінде қазақ жеріндегі ұлттық қозғалыстың өсуіне де әсерін тигізді. 1905 жылғы 25 шілде күні Қарқаралы маңындағы Қоянды жәрмеңкесінде қазақ зиялыларының ұйымдастыруымен митинг өтіп, ол өзіндік қазақ съезі іспетті болды. Жиын нәтижесінде Ресей Министрлер кеңесінің төрағасына арналған әйгілі «Қарқаралы петициясы» қабылданды. Онда қойылған талаптар 11 тармақтан тұрды: қазақтарға ар-ождан бостандығын беру, тұрғылықты халықты ана тілінде оқытуды ұйымдастыру, қоныстандыру саясатынан бас тарту, жер қорын байырғы қазақ ұлтының үлесіне құқықтық түрде тиесілі ететін арнайы заңды қабылдау, азаматтық және сот іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге құқық беру, аудармашылыққа қазақ тілін білетін және қазақша сауатты адамдарды алу, қазақтар өз құқықтарына нұқсан келсе, арызды ана тілінде бере алуы, судьялардың қазақ тілін білуін шарт ету және қазақ даласына присяжной сот жүйесін енгізу, отарлаушы аппараттың шенеуніктер санын қысқарту, генералгубернаторларды орталықтан тағайындау тәжірибесін тоқтатып, басшылыққа жергілікті жерден лайықты тұлғаны сайлау, крестьян бастықтары мен урядник қызметін жою, қылмыс жасағандар тек сот алдында ғана жауап беретіндей тәртіп орнату, биліктің жоғары сатыларынан бодандық шеткері аймақтардан өкілдер сайлануына квота беру сияқты көкейкесті мәселелерді қамтыды.
Ал петицияға қол қойған адамдар саны жөнінде ортақ пікір жоқ. Мысалы,
Қазақстан энциклопедиялық сөздігі мен Қазақстан тарихы оқулықтарында оған 14 500 адам қол қойған деп көрсетіледі. Ал зерттеуші З.Тайшыбайдың келтірген деректеріне сүйенсек, Қарқаралы петициясына 12 767 адам қол қояды [4].
Алаш қайраткерлері туралы жазған еңбегінде профессор М.Қойгелдиев ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласында болған саяси оқиғаларға шолу жасай келіп, патша үкіметінің басқару органына жолдаған Қарқаралы петициясы ерекше екендігін атап өтеді: «нақты Қарқаралы петициясының тарихи орнына келсек, ол құжат авторларының сапалы жаңа даму сатысына аяқ басқан қазақ азаттық қозғалысының ең негізгі талап-тілектерін тұңғыш рет тұжырымдап, қалыпқа салып, патшалық билік алдына қойып, сол арқылы қазақ елінің өз еркіндігі үшін күрес жолына түскендігін ашық-анық білдіруінде еді. Бұл, әрине, сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамы үшін қатардағы оқиға емес-тін. Деректік материалдардың көрсетуіне қарағанда, Қарқаралы петициясын дайындауда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Ақбаев және басқа сол кезеңдегі белсенді қазақ интеллигенттері жетекшілік рөл атқарған [5].
Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, Ж. Ақпаев, А. Байтұрсынов сияқты зиялы қауым өкілдерінің біріккен іс-қимылы нәтижесінде жазылған петиция Қазақ конституциялық-демократиялық партиясының құрылуына серпін берді. 1905 жылдың аяғында «Қарақаралы петициясының» авторлары қазақ өлкесінің бес облысының өкілетті өкілдерінің съезін өткізуге бастамашы болды.
Қазақ халқы Ә. Бөкейхановты ұлттың лидері ретінде ұсынып, ол Мәскеуде 1905 жылы қараша айында өткен Ресей жергілікті және қалалық қайраткерлерінің съезіне қатысады. Съезге Ресей империясының құрамына кіретін барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері қатысады. Күн тәртібіндегі мәселелер: барлық ұлттардың теңдігі, тең сайлау құқығы, ана тілін қолдануда бостандықтың болуы. Съезде Ә.Бөкейханов баяндама жасап, өзін 4 млн. қазақ халқының өкілі екенін, қазақ жері Оралдан Алтайға дейінгі, Сібір темір жолынан Омбыға дейінгі, бір шеті Ресей, бір шеті Қытай, бір шеті Каспий теңізіне дейінгі атырапты алып жатқанын айтады. Съезд делегаттарына қазақтардың мұқтаж болып отырған бір мәселесі – ана тілін қолдану аясы екенін көрсетіп, жергілікті тілдерді қолдануға қойылатын шектеулерді жою туралы ұсыныстарды толық қолдайтынын жеткізеді.
Көп ұзамай Ә. Бөкейханов 1906 жылы наурызда І Ресей мемлекеттік Думасына Семей қазақтары атынан депутат болып сайланады. Осы кезде «Семипалатинский листок» газеті «Ә.Бөкейханов Мемлекеттік Думада ұлт мүддесін қорғай алатын, қазақтың жоғын жоқтап, тілегін жеткізетін бірден-бір адам екеніне халқы сенсе керек» – деп жазды. Ол депутат ретінде Еуропадағы, Ресейдегі сайлау ерекшеліктерін, олардағы заңдылықтарды, әділеттілік пен түрлі партиялардың саяси күресін талдай келе, мынадай ой түйеді: «…қазақ ішіндегі сайлау параға, малға сатылған, арамдықпен өтетіні айқын. Сайланған адам әділет, бірлік, адалдық жолында күрессе ғана шын мақсат орындалмақ»
[6].
Депутат ретінде Ә.Бөкейханов ұлттық мүддеге қатысты ойларын жалпы мемлекеттік деңгейде айтуға мүмкіндік алды. Оның Мемлекеттік Думадағы баяндамалары қоныстандыру саясатына, жер мәселесіне қатысты болатын, сонымен қатар далалы аймақтарда білім беру және әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне де көп көңіл аударды. Орыс шаруаларына су жағалауындағы құнарлы жерден 15 десятинадан жер бөлу, ал қазақтарға тура сондай көлемдегі жерді сусыз тақырдан берудің әділетсіз шешім екенін айтып шырылдады. Яғни, Ә.Бөкейханов сол кездегі өзге де қоғамдық қайраткерлер сияқты патша өкіметінің саясатын сынады. «Қазақ « газетінің 1913 ж. 30 қыркүйектегі 28-санында жарияланған «Жауап хат» атты мақалаларында «Степное положениенің» 120-бабына қосымшасында: «Қазақтан артық жерді алмақ. Бұлай болғанда, әуелі қазақты орнықтыру керек емес пе? «15-тен алсаң, жер белгілеймін, қазақ болып отырсаң, жерден күнде көшіремін», — деп, қазақты күнде көшіріп отыр. Осылай жұртты билеген патшалық бар ма екен? Біздің қазақ жерінен күнде көшіретін не жазып еді?» – деп қынжылып тұрып сынайды [7].
Ақпан төңкерісінен кейін Алаш қайраткерлерінің саяси белсенділігі арта түсті. 1917 жылы 20 наурызда Уақытша үкімет ресейлік азаматтардың қандай да бір дінге, ұлтқа қатысты шектеулерін жою туралы саяси шешім шығарды. Сол жылы 7 сәуірде бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығын басқаратын Түркістан комитетін құру туралы қаулы шығарды. Комиет құрамына Ә.Бөкейханов, Н.Н.Щепкина, М.Тынышпаев, А.А.Даулетшина т.б. кірді. Осылайша, алғаш рет эсерлік-кадеттер партиялық блогына кіретін, көзқарастары үндес қазақ зиялы қауымының өкілдері Қазақстанды басқару органының құрамына кірді. Ә.Бөкейханов, М.Дулатов және М.Шоқаев бірігіп, Петроградтан 1917 жылдың 12 сәуірінде жазған «Алаш ұлына» (Қазақ газеті, 1917. № 87) мақаласында ақпан революциясының идеяларын қолдап, жаңа өзгерістерге сай қазақ халқына пайдасы тиетін нақты саяси қадамдар жасау қажеттілігін көтереді.
«Алаш» партиясы бағдарламасы жобасының негізгі мақсаты – Ресей федеративтік демократиялық республикасының құрамындағы қазақ автономиясын құру болды. Себебі сол кезеңдегі қалыптасқан жағдай бойынша Қазақстанның тәуелсіз ел болуы үшін қажетті шарттар әлі қалыптаспаған еді.
Мәні жағынан «Алаш» реакциялық ұлтшыл емес, эволюциялық отаншыл партия еді, ол қазақ қоғамын бірте-бірте өзгерту жолын ұстанды. Ал дін саясаттан ажыратылып, мемлекет зайырлы принципке сүйенетін болуы тиіс деген саяси ұстаным негізделді.
Бағдарлама жобасына қысқаша тоқталатын болсақ, оның бірінші бөлімі «Мемлекет қалпы» деп аталды. Онда Ресей демократиялық, федеративті республика болуы тиіс деп атап көрсетіледі және демократия мен федерация ұғымдарына түсінік беріледі. Демократия — халық билігі, ал федерация өзара тең мемлекеттерге бірлесу. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді. Яғни, өзінөзі басқаратын тең құқықты мемлекеттер одағы. «Алаш» партиясы ұсынған бұл идеяда іргесі бөлек, ынтымағы бір дербес басқарылатын автономиялардан тұратын федеративті әрі демократиялық Ресей туралы қағида енгізілді.
1917 жылы желтоқсанның 5-13 аралығында Орынборда екінші Жалпықазақ съезі өтті. Онда бірауыздан мақұлдау нәтижесінде жаңа ұлттықтерриториялық бірлік – «Алаш» құрылатындығы жарияланып, оның құрамына Бөкей ордасы, Орал, Торғай, Ақмола, Семей, Жетісу, Әмудария, Каспий облыстары мен Алтай губерниясы кіретін болды. Алаш Орданың үкіметі құрылып, оның Орталық комитетін Ә.Бөкейханов басқаратыны бірауыздан мақұлданды. Екінші Жалпықазақ съезінің басты қорытындысы Уақытша халық кеңесі құрылып, оның құрамындағы 25 адамның 10-ы қазақ емес ұлт өкілдерінен сайланатын болып келісіледі. Кеңес бүкіл қазақ қоғамындағы атқару билігін қолына алатын болды. Арнайы тармақ бойынша съезд қаулы қабылдап, онда қазақтардың арасында тұратын басқа ұлт өкілдеріне азшылық құқығы берілетіндігі бекітілді. Алаштың барлық мекемелерінде барлық ұлттар мен ұлыстардың өкілдері пропорционалды түрде қызмет ететіндігі жарияланады. «Алаш» мемлекетінің «Алаш Орда» мемлекеті заң шығарушы билік тармағына тәуелді болды.
Алайда автономияның декларациясын қабылдау мәселесіне келгенде зиялы қауымның көзқарасында екі бағыт туындады. Бірі Жаһанша және Халел Досмұхамедовтер бастаған топ автономияны бірден жариялау қажеттігін ұсынды. Ал Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, А. Байтұрсынов бастаған топ қазақы емес тұрғылықты халықтың пікірін анықтамайынша автономия жариялауды қоя тұру керектігін көрсетеді. Сонымен қатар, олардың ойынша, автономияны жариялау құқығы автономияның құрылтай жиналысында болып табылады. Осы мәселелер бойынша дауыс беруде қалыс қалғандар да болды, солардың бірі — М.Шоқай еді. Орын алған пікірталастың нәтижесінде Батыс және Шығыс Алаш
Орда туындап, сәйкесінше олардың басында Ж.Досмұхамедов пен Ә.Бөкейханов тұрды.
1917 жылдың соңында Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына казақ қоғамынан депутаттар ұсыну сәтінде «Үш жүз» атты социалистік партия туындады. М.Қойгелдиевтің зертеулеріне сүйенсек, ол өзінің негізгі қарсыласы «Алашты» саяси аренадан ығыстыру үшін түрік-татар кауымдастығына, мұсылман қозғалысына сүйенген Ш.Әлжанов, М.Әйтпенов, К.Тоғысов сияқты қазақ азаматтарының құрған саяси ұйымы. Партияны құрушылардың бірі М.Әйтпенов: «Белгілі кадет Бөкейханов ашқан Алаш» партиясының программасына қанағаттанбай қазақтар өз алдына «Үш жүз» атты социалист партиясын ашты. Партияның мақсаты федерацияны жақтау һәм түрік-татар қауымдарын біріктіру, Учредительное собраниеге жеке список кіргізу» деп газеттерге жеделхат жіберген екен [8].
Түрік-татар қауымдастығы мен мұсылман козғалысы басшылығынан қолдау таба алмаған «Үш жүз» енді «Алаштың» шын мәніндегі бақталасы большевиктер жағына шығады. 1918 жылғы 21 сәуірде В.И.Ленин мен И.В.Сталин атына жолдаған жеделхатында К. Тоғысов Батыс Сібір мен Дала өлкесінде «Совет үкіметінің платформасында тұрған және онымен қол ұстасып келе жатқан» «Үш жүз» деген қазақ социал-партиясы барын және оның Кадет Бөкейханов басқаратын буржуазиялық «Алаш» партиясына қарсы екендігін білдіреді. К.Тоғысов жеделхаттың артын ала Сталинмен телеграф арқылы сөйлесіп, «Алашпен» күресте өздерін қолдауды өтінген.
Таптық емес, ұлттық негізде мемлекет құру ниетіндегі «Алаш» партиясына қарсы И.Сталинді К.Тоғысов ұсынысы қызықтырады. И.Сталин тез арада Ә.Жанелдинмен телефон арқылы сөйлесіп, «Үш жүз» партиясына қолдау жасауды тапсырады. Алайда, Құрылтай сайлауына қатысқан кезде ешбір әлеуметтік негізі жоқ, бағдарламасы халыққа түсініксіз, социалистік идеологияға бас ұрған «Үш жүз» партиясы халықтың дауысына ие бола алмай, ойсырай жеңіледі. Бұл саяси тартысқа тоқталып отырған себебіміз, сол кезеңдегі қазақ зиялыларының ұлттық мемлекет құру ісінде екіге жарылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алмауын көрсету, өткен тарихтан сабақ ала білу. Идеологиялар мен түрлі ағымдар көп, ал ұлт мұраты, тәуелсіз ел болу мақсаты біреу ғана.
1917 жылдың күзіне қарай Батыс майдан, Балтық флоты, Қазан, Сібір және Түркістан әскери округының әскерлері большевиктердің ықпалына ұшырайды, сонымен бірге «жер — шаруаларға, завод-фабрикалар — жұмысшыларға, езілген халықтарға — ұлттық теңдік» сарынындағы лениндік төңкерісшіл ұрандарға халық қапыдай сенді, Уақытша үкіметтің жергілікті әкімдеріне бағынудан, алым-салық төлеуден бас тартты. Олар билікті Кеңестердің қолына беруді талап етіп, ұлттық мемлекет құру үшін күресіп жүрген алаш зиялыларына да алабөтен қарай бастады.
Ал автономияны Түркістанмен қосылуға қарсы болуын ол: «Автономия болу өз алды мемлекет болу.Мемлекет болып іс атқару оңай емес. Біздің қазақ іс атқаратын азаматқа жұтап отырған болса, біздің жалпы қазақ қараңғы соқыр болса, Түркістан халқының қараңғылық һәм жәбір адамы жоқтығы бізден он есе артық. Қазақ Түркістанмен бірге автономия болса, автономия арбасына түйемен есекті пар жеккен болады. Бұл арбаға мініп, біз қайда барамыз?» [8].
1917 жылғы 7-15 желтоқсан аралығында Томскіде төтенше жалпы сібірлік съезд өтіп, онда Сібір үкіметі Г.Н.Потанин басқарған Сібір облыстық советі құрылды. Облыстық совет екінші жалпықазақ съезінің Алашорданы құру туралы шешімін қолдап, Совет өкіметін мойындамау жөнінде қаулы қабылдайды. Бірақ Сібір думасының өмірі ұзаққа созылмады. 1918 жылғы 26 қаңтарда Томск советі Президиумының жарлығымен Сібір думасы таратылып, оның басшылығының бір бөлігі тұтқындалады.
Өз кезегінде Ә. Бөкейханов Қазан төңкерісі нәтижесінде билік басына келген, Азамат соғысына түрткі болған большевиктер партиясының саясатын, В.И. Лениннің саяси курсын қабылдамайтындығын ашық айтты. Осындай қайтпас қайсар мінезі мен берік саяси ұстанымы үшін оның өзі де, ұлттық мемлекет идеясын ту еткен қасындағы жанындағы үзеңгілес серіктері де Кеңестік билік тарапынан саяси қуғын-сүргінге ұшырайды.
Профессор К.Нұрпейісов өзінің зерттеуінде Совет өкіметінің де Алашорда жетекшілерімен келіссөз жүргізу барысында екіжүзділік танытқанын көрсетеді: «бұған оның атынан Далалық Қазақ өлкесінің төтенше комиссары болып тағайындалған Ә.Жанкелдинге 1918 жылы мамырдың 14-інде ұлт істері жөніндегі халық комиссариатының таптық негіздегі Қазақ автономиясын құру мақсатымен Бүкілқазақстандық советтер съезін шақыру міндетін жүктеуі дәлел. Қазан төңкерісі қарсаңында большевиктер атынан «Ұлттардың өзін өзі билеу құқын» уағыздап келген Лениннің пролетариат диктатурасы орнаған соң бұрынғы айтқанынан бас тартып, оны «Еңбекшілердің өзін өзі билеуі» ұранымен алмастырғанының, басқа сөзбен айтқанда ұлттық-мемлекеттік құрылыста таптық принципті бірінші кезекке қойғандығының көрінісі болды. Сондықтан да Орталық Совет үкіметі қазақ халқының ұзақ жылдарға созылған ұлт-азаттық күресінің нәтижесінде дүниеге келген Алаш автономиясы мен Алашорда үкіметін іс жүзінде мойындамады, сол сияқты Орта Азияның жергілікті халықтарының заңды мемлекеттігі болған, 1917жылы желтоқсанның 10-да Қоқан қаласында өткен төртінші жалпымұсылмандық құрылтайда жарияланған Түркістан (Қоқан) автономиясын 1918 жылдың ақпанында қарулы күш жұмсап талқандады [9].
Түркістандағы саяси билік пен әскери күш Кеңес үкіметінің қолына шоғырландырылды. Қарулы күшпен талқандалған Түркістан автономиясы өлкедегі ең өзекті мәселе – жергілікті халықтардың өзін-өзі билеу құқығын алға қойып, шешуге тырысқан саяси түзілім еді. Яғни, М.Шоқаев сынды саяси қайраткердің бастауымен жүргізіліп, бағы баянсыз болған Түркістандағы қазақ жұртының саяси тәуелсіздікке ұмтылуының жарқын көрінісі болды.
Қорыта айтсақ, Ә.Бөкейханов, М. Дулатов,А. Байтұрсынов бастаған қазақ ұлтының бетке ұстар саяси тұлғаларының қоғамдық қызметінсіз Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің өмірге келуі мүмкін емес те еді. Алаш қозғалысы жетекшілерінің өзгелермен терезесі тең автономия туралы идеялары тар таптық саяси шеңбермен шектелген жоқ, олар ұлттық мемлекет құру мұратын әйгілі 1905 жылғы патша самодержавиесіне қарсы петицияны ұйымдастырудан бастап, Алаштың Жалпықазақтық съездеріне дейінгі аралықта қазақ жерін талаған ресейлік отаршылдық жүйені құрту, патшалық самодержавиені жою, монархиялық басқаруды республикамен алмастыру, Ресей құрамында болса да өзгелермен терезесі тең автономияға ие болу арқылы саяси жүйені түбірімен өзгертуге бағытталған асқақ саяси идеяны ұстанды. Сол кезеңдегі қоғамдық санада ақиқат жол болып көрінген тап күресін мүмкіндігінше қантөгіссіз, бейбіт жүзеге асыруды ұсынды.
Алаш партиясы ұлттық саяси күш ретінде Алашорда үкіметін құрып және Алаш автономиясын жариялап, тәуелсіз қазақ мемлекетін құруды көкседі. Тағдырлары қайғылы аяқталғанына қарамастан, Алаш қайраткерлері елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын жеп, оның жарқын болашағы үшін күресті. Олардың идеялық мұрасы саяси санасы толыққан, тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат, атқарған ерен істері өнегелі өсиет, ал ардақты Алаш азаматтарының есімдері халқымыздың жадында мәңгі сақталады.
Әдебиеттер:
1. Назарбаев Н. Тарих толқынында. -Алматы: Атамұра, 1999. -296 б.
2. Қозыбаев М. Ақтаңдақтар ақиқаты. –Алматы, 1992. –Б. 18.
3. Құл-Мұхаммед М. Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы. -Алматы: Ата мұра, 1998. -360 б. –Б. 33.
4. Тайшыбай З. «Қарқаралы петициясы» туралы ақиқат // Ақиқат. -2003. -№
8. –Б. 80-82.
5. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. (Көмекші оқу құралы). Алматы: Санат, 1995. -368 б. –Б. 98-99.
6. Н.Әшкеева. Әлихан Бөкейханов саясат сардары // Саясат. 2002. № 3-4.
7. Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б.
Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 132133 8. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы(Көмекші оқу құралы). А: Санат, 1995. 368б.
9. Алаш қозғалысы.Құжаттар мен материалдар жинағы. Сәуір 1901 ж. — желтоқсан 1917 ж.Құрастырушылар:Қ.С. Алдажұманов, А.С. Зұлқашева, М.Қ. Қойгелдиев, К. Нұрпейіс, С.К. Рүстемов, Е. Сайлаубай, Ш.Б. Тілеубаев, Е.В. Чиликова. -Алматы: «Алаш», 2004. -Т. 1. -552 бет. -Б. 468469.