КЕШЕГІ АЛАШ ИДЕЯСЫ – БҮГІНГІ ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН
Конкина Г.С, Оразбекова Р.С
филос.ғ.к., АрқМПИ профессоры
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтыАрқалық қаласы
roza_orazbekova@mail.ru
1917 жылы «Алаш» партиясы кұрылу арқылы нақты мемлекеттік идеяның негізін қалаған БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ. Онда алаш қайраткерлерінің барлығының демі мен аңсары бар, ал ол идеяның ұйытқысы, тарихшы Мәмбет Қойгелдиев дәл тауып айтқанындай, қазақ қоғамының Сун Ят Сені мен Махатма Гандиі – Әлихан Бөкейханов болатын [1].
1917 жылы шілде-тамыз айларының өлі арасында Жалпы қазақтық I құрылтай шақырылып. «Алаш» партиясы тарих сахнасына шықты. «Алаш» партиясының ұлттық ұстанымы бес түрлі тұжырымға негізделді.
Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді». Яғни, жер – Отан, aл Отандысатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Сол жер үшін әр қазақтың намысы жыртылып, ол жерге әр қазақтың тері мен қаны төгілген деген тұжырымға саяды.
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын. Яғни, бұл «өз жерінің игілігін әуелі өз елі игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат» деген емеуірінді танытады.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздік пен бірлікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек, яғни, Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «ұлттық мәдениет үстемдігі сақталуы» тиіс болатын.
Бесінші, түпкі мақсат: тәуелсіз ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Яғни, тағы да сол Х.Досмұхамедовтің пайымдауына жүгінсек, «тәуелсіз сот құрылымы болады, тең және туыстық қарым-қатынастарды қамтамасыз ететін одақтық қағидаттap (заң) жасалады» [2].
1990 жылғы «Қазақстанның суверенитеті» туралы мәлімдемеде қамтылған осы бес түрлі ұлттық ұстаным бұтақтала келіп, 2002 жылғы жерді сату туралы заң жобасынан кейін қазақ мемлекеті ұлттық идеядан толық арылып, беймарал мемлекеттің құрылымына көшті.
Яғни, 1917 жылдың 13 желтоқсаны – қазақтың алғашқы заманауи үкіметінің — Алашорданың дүниеге келген күні. Алашорда үкіметінің құрылып, ХХ ғасырдың басында қазақ даласында автономиялық биліктің болуы ұлтазаттық қозғалыс тарихында елеулі кезең болып саналады. Ғұмыры ұзақ болмаса да қазақтың тұңғыш үкіметі құрылып, қазақ халқының мемлекеттікке лайықты ел екені паш етілді. Алаш арыстарының ең басты еңбегі – олар сол қиын уақытта толыққанды саяси партия мен үкімет құрып, өз халқының мүдделерін батыл қорғау жағына шыға алуында. Алаш қозғалысы заманалық маңызы бар құбылыс, оның идеялары мен бағдарламалары ұлттық мемлекеттікті қалыптастыруды мақсат етті.
Өткен мен бүгінді сабақтастыруда мына мәселелерді қаперге алған жөн: Біріншіден, Алаш идеясының өзегі ұлттық мемлекеттік дербестік болғанын, бүгінгі Қазақстан Республикасы — Алаштың бұл арманының іске асуының көрінісі екенін, Алаш көшбасшыларының қазақ қоғамын біртіндеп Еуропалық деңгейдегі өркениеттің озық жетістіктерімен ақылға қонымды ұштастыру негізінде, сол замандағы нақты жағдайларға бейімдеуді өздерінің анық та айқын мақсаты тұтқанын көрсетті.
Екінші, «Алаш» партиясының бағдарламасы, біріншіден, қазақ елін өзінің бөлінбейтін территориясы бар, отарлық тәуелділіктен азат елге айналдыруды, екіншіден, қазақ халқының өмірін жаңа сапаға көтеруді көздеді. Яғни, олар елде пәрменді реформалық шараларды іске асырғылары келді. Кез — келген мемлекеттің тұрақты және тиімді өмірлік қызметі үшін сол елдің экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңызы зор екенін Алаш қайраткерлері жете түсінді. Оны ұлттық басымдылықтардың бірі ретінде қарастырды. Алашордалықтардың көбісі ұлттық буржуазияның өкілдері болғандықтан да жер мәселесін, кәсіпкерлік, жеке меншік мәселелерін ел экономикасынан бөліп қарамаған, оны экономикалық өсудің негізі деп санаған.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміздегі әлеуметтік, сондай-ақ глобальды экономикалық және саяси үдерістер үшін тұжырымдамалық маңызы аса зор Әлеуметтік жаңғырту бағдарламасын ұсынып, ол халқымыздың қолдауына ие болып отырғаны белгілі.
Шын мәнінде, бұл бағдарлама мемлекетіміздің дамуына жаңа талаптар қойып, халқымыздың ұлттық мүдделеріне сай келетін жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастырып отыр. Қазақ қоғамын бірте-бірте өзгертіп, заманға бейімдеуді мақсат еткен «Алаштың» асыл мұраттары біздің еліміздің қазіргі жедел жаңғыру, модернизация бағытымызбен үндес келеді.
Алаш идеясын біржолата ысырып тастауды көздеген кеңестік жүйеде өмір сүрген кездегі ойлау жүйесінен, сол кездегі психологиялық пиғылдан тұтастай арылуға, ұлттық сананы биікке көтеруге күш жұмсаудың қажеттілігі туып отыр. Осы кезге дейін Алаш дегенде басқа ұлттың өкілдері осы қозғалысты ұлтшылдық бағытта деп қана ойлап, оған күдікпен қараушылар бар. Алаш идеясын әрбір қазақстандық үшін елді ажырататын емес, біріктіруші мақсатқа пайдалануымыз керек.
Тұтастай алғанда, «Алаш» көшбасшылары ұстанымдарының ұлтпен бірге өмір сүретін концепциялық мағынасы бар екендігін сезінген сияқты. Әрине, идеялар да заманның өзгеруіне қарай дамып отыратыны түсінікті. Дегенмен де Алаш идеясы сол кезеңдегі тамырын тереңнен алған ұлтымыздың құндылықтар жиынтығы — экономикалық, саяси, философиялық ойлаудың кемелденген үлгісі болғандығы анық.
Тәуелсіздікке қол жеткізген уақыттардан бастап Алаш рухы бойымызға сіңіп жатыр. Сонымен қатар Алаш қозғалысының бостандық пен тәуелсіздік мұраттары үшін күрестегі рөлі мен маңызын одан әрі зерттеуді жаңа серпінмен жалғастырудың қажеттілігі күмән тудырмайды.
Сондықтан да, ұлтшылдықтың әлеуметтік өлшемі туралы айтқанда, міндетті түрде «қоғамдық қозғалыс» ұғымы ойда тұрады, өйткені бұл қозғалыстарға да, идеологиядағы сияқты социумдағы түбірлі өзгерістер тән. Біз қарастырып отырған Алаш қозғалысы да қазақ қоғамының ауқымды бір бөлігін қамтыды және ұлтшылдық идеяға негізделді.
Осылайша ұлтшылдық ұлттық қозғалыстарға идеялық мазмұн беретін идеология ретінде түсіндіріледі. Бұл екі құбылыста негізінен өзара тығыз байланыста, бір-бірін толықтыратын, екінші жағынан, өзіндік ерекшелігі бар құбылыстар ретінде талданады және қандай да болмасын, ұлттық қозғалыстардың жетекшілігінде этностық немесе ұлттық элита тұрады. Олар ұлттық қозғалыстардың идеологиясын ұлтшылдық идеологиясы мазмұнында негіздейді. Біздің жағдайымызда «Алаш» ұлттық идеясы осындай әлеуметтік алғышарттардан туындайды.
Алаш партиясының бағдарламасы бойынша «Үкімет басында Құрылтай жиналысы, оның арасында Құрылтай жиналысы мен Мемлекеттік Дума белгілі мерзімге сайлаған президент тұрады» делінген. Алаш зиялылары Құрылтай жиналысы немесе бүкіл халық сайлап қойған өкілдер жиналысы мемлекет басында тұрады деп есептеді. Бұл идеяның «негізі, халық мемлекеттегі ең жоғары күш, биліктің нағыз қайнар көзі» деген мәні бар.
Сондықтан да Құрылтай жиналысы тұрақты орган емес, ол мезгіл-мезгіл сессия түрінде жұмыс жасайды. Себебі, оның сессиялары арасында билік тұрақты орган Президенттің қол астында болады.
ХХ ғасырдың басында Президенттік басқарудағы мемлекеттердің әлемде санаулы болғандығын ескерсек, Алаш зиялыларының мемлекет басқару ісінде қаншама озық ойлы, тұрпатты, құқықтық мемлекет құрудың алғышарттарын жасағандықтарына көзіміз жетеді.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік тетіктер өркениетті елдердің озық тәжірибелерін пайдалана отырып, өтпелі кезеңнің ерекшеліктері мен саяси, ұлттық жағдайларға байланысты қалыптасып құрылды. Осыған қарай мемлекеттік тетіктің құрамында Президент ерекше орын алды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан халқы Тұңғыш Президентін сайлады. Осыдан келіп қарасақ, Алаш қайраткерлерінің «мемлекеттің басшысы Президент» деп тұжырымдауын өмірдің өзі дәлелдеді.
Осыдан ғасырға жуық уақыт бұрын Алаш қайраткерлерінің Қазақ автономиясын құрып, тәуелсіз мемлекет идеясын туғызған өршіл рухын еліміздің көк туын желбіретуші Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев одан әрі жүзеге асырып отыр деуімізге толық негіз бар.
Алаш арыстарының Лениннің өзіне қол қойдырып, бекіттірген құжаты болғанын білесіздер. Ол: «Алаш арыстары «биыл Қазақстанның мемлекеттік шекарасы бекітілді. Автономиялы мемлекет болып жарияланады. Одақтас республикалардың кез келгені қалаған уақытында мемлекет ретінде бөлініп кетуге құқылы» деп Ленинге қол қойғызған [3].
Осы идеяны орыс, украин, беларусь секілді мемлекеттер қолдаған. Сол статьяны пайдалана отырып, біз 1991 жылы тәуелсіздік алдық.
Бұл аталғандар қазақ елінің азаттығын аңсаған Алаш ардақтыларының қызметінен бірер мысалдары ғана.
Алаш зиялыларының қазақ даласында ұлттық идеяны негіздегені жөнінде Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» кітабының «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында: «XX ғасырдың басында ұлттық бірлікті нығайту идеясын алға тартқан рухани-зерделі игі жақсылар қазақтың ұлттық идеясын жасау міндетін өз мойнына алды. Олар қоғамның түрлі тарабынан шыққандар әрі ең алдымен дәстүрлі дала ақсүйектерінің өкілдері еді. XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» дейді.
Қазақтың елдігі мен тұтастығын аңсаған Алаш қайраткерлерінің идеясы бүгінде іске асты. ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының басында тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасы қаланды. Олардың еліміздің тәуелсіздігін ту етіп, ХХ ғасырда Қазақ елін өз алдына дербес те егемен мемлекет ретінде көргісі келген ізгі де жасампаз ниеттері тек ХХ ғасырдың соңында ғана жүзеге асты.
Бүгінде халқымыздың қажырлы еңбегінің арқасында әлеуметтік әл-ауқатымыз артып, инновациялық даму жолына түстік. Ұлт болып ұйысып алдымызға қойған мақсаттарға жетуде қастерлі тәуелсіздіктің құны жолындағы құрбандарын ұмытпай, оларды үлгі ету арқылы күш-қайратқа және рухани бірлікке ие бола аламыз. Алаш ардақтыларының аманатын ұлықтау мақсатында жұдырықтай жұмылып, түрлі маңызды іс-шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Әрбір ұрпақ қай заманда да өмірді жаңадан бастап кете алмайды, ол өзінен бұрынғыдан қалған мұраның иесі, өзінің тәрбиесімен, қалыптасқан мәдениет, дәстүр, ойлау деңгейімен оған тәуелді.
Алаш қозғалысының, Алашорда жетекшілерінің аса ірі тарихи еңбегі қазақ жерін сақтап қалуымен байланысты. Осы күнгі Қазақстан Республикасы жерінің тұтастығы мен сақталып қалуында Алаш қайраткерлерінің орасан зор еңбегі бар. Олардың кеңес үкіметінің басшыларымен келіссөздері, әсіресе Ахмет Байтұрсынұлының осы бағыттағы қажырлы еңбегі кейін, Қазақ автономиялық советтік социалистік республикасын құру кезінде осы автономияның аумағын белгілеуде шешуші маңызға ие болған.
Қозғалыс көшбасшысы Ахмет Байтұрсынов: «басқалардан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек! Бай болуға – кәсіп керек! Күшті болуға – бірлік керек! Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек!» деген еді. Әлихан Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып тоқылып, киілуі керек. Яғни мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізілуі тиіс болған.
Алаш алыптарының бірі Міржақып Дулатов «Оян, қазақ» деп жар салса, Алаштың тағы бір қайраткері Халел Досмұхамедов «Өз тілін өзі білмеген ел – ел бола алмайды. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» дейді. Уақытынан оза туған Алаш қайраткерлерінің идеялық мұрасын терең зерттеп, бүгінгі күннің қажетіне жаратып, олардың ісін жалғастырған абзал.
Тәуелсіз елдердің басшылары дамудың бірден-бір жолы бірлік екенін түсініп, одақ болмағанымен Достастық қажет екенін түсінді. Осы түсіністік нәтижесінде дүниеге Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы келді. ТМД-ның құрылуы туралы ресми айтылғанымен, шын мәнінде қайта біріктіру мақсатын, интеграцияны немесе халықтарды біріктіруді көздеген жоқ. Достастық жасаушылар экономикалық, мәдени және интеграцияның басқанегіздері туралы мәселе көтерместен жасанды ұйымдастырды. Бұғанқоса, барлық егемен республикалар әлеуметтік-экономикалық дағдарысты бастан кешіріп жатты да, кең ауқымдағы интеграцияның мүмкіндігі шектеулі болды. ТМД қабылдаған 400 ден аса келісім-шарттардың көпшілігі орындалмады. Алайда оның болашағы бұлыңғыр болғанымен, үзілген қарым-қатынастарды орнықтырудың алғы шарттары жасалды. ТМД мемлекеттері арасындағы шиеленістердің талайталай себептері де бар еді. Ол интеграция еді. Бүгінгі заман талабына сай алғаш рет ТМД-ның маңызды әлеуметтік-экономикалық интеграциясы жайлы мәселені Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің
Ұлыбританияға барған сапары барысында көтерген болатын. Еуразия байыптамасы үстіндегі жұмыс осындай жағдайда басталды.
Н.Назарбаев өзінің Еуразия Одағы идеясын алғаш рет М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамының жиналысында сөз еткен болатын. Еуразиялық Одақ идеясын ұсынғаннан бері ол мәселені ілгері жылжыту оңайға түскен жоқ. Көп сындар болды. Әйтседе өмірдің өзі тәуелсіз елдерді Еуразиялық Одаққа жетеледі. Бұл одақ болашақтың интеграциясы. XXI ғасырда интеграциясыз өмір сүру мүмкін емес. Н.Назарбаевтың Еуразиялық Одақ құру туралы ұсынысының мәні ТМД мемлекеттерінің әрқайсысының әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып, интеграциялық процестерді біртіндеп жүзеге асыру. Еуразиялық Одақ идеясы сөз жүзінде емес, іс жүзінде нақтылай іске асыру біздің халықтарымыздың бірлігінің интеграциясын жаңартуға, саяси, экономикалық, қорғаныс міндеттерін шешуге және біздің мемлекеттердің лайықты өмір сүруін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Еуразиялық Одақ құру идеясы ежелден қанаттас жатқан халықтардың береке-бірлігін алдағы уақытта да сақтау мақсатынан туындаған. Еуразиялық интеграциябұл мүмкін болатын геосаяси апаттар мен әлеуметтік-саяси шұғыл өзгерістерден кепілдік
[4].
Әдебиеттер:
1. Әбілдаев А. Алаш идеясының өзектілігі және ХХІ ғасыр қазақ қоғамының жаңғыртылуы. //Ана тілі, 22.12.2012
2. Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы.Көмекші оқу құралы.-Алматы:Санат,
1995. — 368 б.
3. Жұртбай Т.Ә.Бөкейхан және біртұтас Алаш идеясы //Қазақ үні, 12.02.2013
4. Төлепберген Б. Алаш идеясы-ұлттық идея темірқазығы, //Түркістан,
28.11.2013