КӨКШЕ АЙМАҒЫНЫҢ МӘДЕНИ ДАМУ ТАРИХЫ

КӨКШЕ АЙМАҒЫНЫҢ МӘДЕНИ ДАМУ ТАРИХЫ
(ХХ ғасырдың 40-50 жылдары)

Киккаринов Е.Б., Шарипов А.А.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ.
8702-123456789@mail.ru

Ұлы Отан соғысындағы кеңес халқының ауыр жеңісі халықтың жағдайын жақсартқан жоқ. Кеңестік насихат бұл жеңісте И.Сталиннің жеке дара басшылығы мен көрегендігін және ұлы орыс халқының соғыстағы ерлік ролін, басқа халықтарға қамқорлығын, Шығыс Еуропа елдерін жаудан азат етуде Кеңес әскерінің бостандық әперуші ролін асыра бағалап көрсетті. Елде И.Сталиннің жеке басына табыну күшейді, Ұлы Отан соғысындағы оның ролі, тұлғасы аса зор бағаланды. Қандай да болсын ірі табыстар мен жеңістер оның дана басшылығының арқасында, ал кемшіліктер мен қиыншылықтар қолдан жасалған «халық жауларының тіміскі әрекеттері» деп айтылды. Сол кездегі әр жиналыстың аяғында көсемге хат жолданатын. Хатта жұмысшылар мен колхозшылар көсемнің тапсырмаларын тез орындайтығына уәде берді [1,68 б].
Бейбіт өмірге оралған кеңес адамдары елде өзгерістер болады деген үмітте болды. Жұмысшылар 20 минутқа кешіккені үшін қылмысқа тартылатын соғыстан бұрынғы қатал заңдар жойылады деп үміттенді. Шаруалар жеке шаруашылықта көбірек жұмыс істеуге мүмкіндік болады деп армандады. Интеллегенция шығармашылықпен еркін айналысып, идеологиялық қысымның пікіріне қарамастан жұмыс істегісі келді. Соғыс адамдардың тағдырында ауыр із қалдырды. Миллиондаған адамдар туғандарынан айырылды, жалғыз басты болып қалды. Ұлы Отан соғысы аяқталысымен қарулы күштер қатарынан қайтару басталды. Жергілікті жерлерде жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру жөнінде арнайы комиссиялар құрылды.
Осы қарама қайшылықты жылдары тауарды карточкамен беру жүйесі жойылып, ақша реформасы жасалды (1947 ж. желтоқсан). Бірақ сонымен қатар, осы мезгілде карточкалық жүйенің жойылуымен бірге азық-түлік бағасы қымбаттады. Соғыс жылдарында жүзеге асырылған бағаларды көтеру, бағаның 1948 жылы жалпы деңгейі 1940 жылмен салыстырғанда үш есе артық болды. Бағалардың бастапқы деңгейінің осынша жоғары болуы, кейін бағаны мемлекеттің түсіруіне әкелді. Бұл мемлекеттің халықтың әл-ауқатын жақсартуға қамқорлық жасап отырғаны деп үгіт-насихат машинасы түсіндірді. 1947-1954 жж. жеті жыл ішінде баға үш есе төмендеді [2,137 б]. Негізінен нан, ұннан жасалған өнімдер, еттің бағалары азайды. Кооперативтік сауданың дамуы нәтижесінде базар бағасы төмендеді. Халықтан мемлекеттік займ түрінде мәжбүрлеу жолымен ақша жинау және жалақы мөлшерінің мүлде төмен деңгейі арқасында қазынаны толтыру жүзеге асырылды. Жұмысшылар мен шаруаларға кем дегенде айлық жалақы көлемінде облигация алуға тура келді.
Мәдениетті дамытуда ілгерушіліктер болды. 1946 жылы Көкшетау облыстық кітапханасы құрылды, туберкулезге қарсы диспансер ашылды. 1949 ж 25 қаңтарда В.В. Куйбышев мұражайы ашылды. 1952 жылы қалалық СЭС құрылды. 1953 жылы Ана мен баланың денсаулығын қорғайтын перинаталды орталық ашылды. 1956 жылы Көкшетауда облыстық филармония құрылды. Көкшетау облысында мәдени орындар салынып, облыс орталығындағы кинотеатрда Қытай, Корея, Шығыс Еуропадағы социалистік елдердің кинотуындылары көрсетіле бастады [3]. 1963 жылы «Дружба» кинотеатры салынды. Осы жылдары Көкшетау қаласында екі облыстық газет – қазақ тілінде «Көкшетау правдасы», орыс тілінде 1944 жылы «Сталинское знамя», (1956 жылы оның атауы «Кокчетавская правда», ал 1963 жылы «Степной Маяк» болып өзгерді) шығып отырды. ХХ ғасырдың 50-інші жылдардың аяғында Көкшетау қаласының бас жоспарына сәйкес кооперативті техникум ғимараты, Теміржолшылар сарайы, Мехзауыт мәдениет үйі, 3 этажды аурухана ғимараты, дүкендер және т.б. салынды. Көшелерде көпқабатты (негізінен 3 қабатты) үйлер салына бастады, орталықтағы К.Маркс көшесіне асфальт төселді. Қала мен вокзал аралығы жасыл желекке оранды. 1957 жылы Кеңестер Үйі салынды.
Бейбіт өмірдің жаңа міндеттерін шешуде коммунистік партия өзінің гегемон ролін нығайтты. Кеңестік мемлекеттік аппарат жаңа өмір жағдайларына бейімделу үшін қайта құрыла бастады. Материалдықтехникалық ресурстарды басқа бағыттарға жұмылдыру күн тәртібіне қойылды. Соғыстан кейінгі жоқшылықты көрген қарапайым халық коммунизм құру бағдарламасына сенімсіздікпен қарады [4,60-66 б]. Алайда молшылық пен әділет қоғамын орнатудың жарқын идеясы адамдарды бір жағынан қызықтырды да, оның үстіне Коммунистік партия өзінің үгіт-насихат жұмысын шеберлікпен жүргізе білді. Халыққа түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдарының барлық салалары: газет, радио, кино іске қосылды, барлық жерде партия мен комсомол жиналыстары өткізілді, партия оқуының қалыптасқан жүйесі жұмыс істеді. Қала мен ауыл көшелері съезд шешімдерін және онда Кеңес мемлекеті басшыларының сөйлеген сөзін уағыздаған плакаттарға толып кетті. Елдегі өзгерістер баяу жүріп жатты. Облыстағы барлық аудандарда көсемдердің аттарымен ұжымшарлар, кәсіпорындар аталды [5, 29 б]. Ұлы Отан соғысының зардабы халыққа, оның мәдениет саласына ауыр тиді. Мәдениет саласы тек бір жақты, Сталиннің дана қолбасшылығын, оның жеке басын дәріптеді. Ол туралы фильмдер түсіріліп, пьессалар қойылып жатты. Тіпті балалар әдебиетінде ұлы көсемнің бейнесі көрініс тапты [6,364 б]. Аталған кезеңде дүниеге келген шығармаларда тек майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер мен ауыл еңбеккерлерінің өмірі бейнеленді. Интеллигенция өкілдері, мәдениет қайраткерлерінің соғысқа алынуы, мәдени мекемелер, оқу орындары мен мектептердің санының азаюы елдің мәдени дамуына кедергі келтірді. Жергілікті жерлерде басқарушы идеологиялық қызметкерлер «жоғарыдағылардың» пікірін дер кезінде сезінуге, олардың нұсқауларын, талғамдарын жүзеге асыруға тырысты. Ресми нұсқаулар өнерден алдымен «қалпына келтіру шабытын» дәріптеуді, қоғамдық дамудың тек қана жарқын көріністерін көрсетуді талап етті.
40-50 жылдары ғылым мен мәдениетті идеологияландыруға барынша күш жұмсалды. Шығармашылық ахуалды сауықтыру жалауы астында, оны буржуазия ықпалынан, формализм мен космополитизнен тазарту науқаны жүріп жатты. Коммунистік партия мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арқылы халыққа білім беруді, мәдени-ағарту жұмыстарын, әдебиет пен өнерді бағыттап және бақылап отырды, еңбекшілерді маркстік-лениндік идеология рухында, идеялық-саяси тұрғыда тәрбиелеу жұмысын жүргізді. Соғыстан кейінгі кезеңдегі қоғамдық-саяси дамудың ондағы басты сипаты идеология рөлінің ерекше күшеюі болып табылды. Партияның идеологиялық қызметі еңбекшілерді саяси үгіттеу және саяси тәрбиенің кешенді шараларымен ғана шектелмеді, ол біртіндеп бүкіл рухани мәдениет билігін өз қолына алды. Кеңес мәдениетінің идеологиялық негізін бекітуге, оның ішінде әдебиет пен өнердің идеялық-саяси деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінді. Мәдениетке іс жүзінде осылайша басшылық жасауда, мемлекет және партия органдары оның кейбір жекелеген өкілдері тарапынан дөрекі, көпшілік жағдайда надандық мінез таныту мәдениетті дамытудың табиғи үрдісіне жатқызылды. Соғыстан кейінгі жылдары қолға алынған «формализммен» күрес амалы одан әрі жалғасты. Ол әдебиет, музыка, бейнелеу өнерін қамтыды. Ұлттық интеллигенция арасында қолдан жасалған буржуазиялық ұлтшылдық айдары тарап кетті. Осының бәрі елдің қоғамдық-саяси өміріне теріс әсер етті. Кеңестік режим барлық халықтарға және бүкіл мәдениет атаулыға өмір сүрудің баршаға ортақ: «мәдениеттің мазмұны социалистік, формасы ұлттық болуға тиіс» деген үлгісі мен қалыбын таңды. Қуғындау жүйесі барша жеке ерекшілікті, барлық өзгешілікті, қарсылық көрсеткендердің барлығын басып-жаныштады. Конституциялық заңдылық бұзылып, өкімет билігін теріс пайдалану жиілеп кетті. Коммунистік партияның басшылық ролі олардың қоғам өмірінің барлық жақтарына бағыт берушілік және басшылық араласуы деп түсіндірілді. Партия билігі атқарушы мемлекеттік органдарының өкілеттігіне жататын шаруашылық мәселелерді шеше отырып, оларды дербестігінен айырды. Барлық шаруашылық, әлеуметтік, мәдени және ғылыми мәселелер коммунистік партияның араласуымен және оның әміршіл нұсқауымен шешіліп отырды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс халықтың көңіл-күйі мен оның басшылыққа деген сенімін жақсартқанмен, соғыс жылдарындағы ауыртпалық пен қиыншылық бірден жойылмады. Адамдардың саяси ойы мен сөз бостаңдығы тұншықтырылды. Бүкіл баспасөз, оқу-білім, әдебиет, ғылым және өнер қатаң цензура бақылауында болды. Әсіресе, қоғамдық ғылымдар, соның ішінде тарих ғылымы коммунистік партияның бақылауында болды. Қоғамдық ғылымдардың осы жылдардағы дамуына партия Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы 1946 жылғы 14 тамыздағы аты шулы қаулысы кері әсер етті. Ол партия саясатына қарсы ойлайтындарды қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Озық ойлы, парасатты азаматтарды қудалау оқиғалары елде жиі болып тұрды, оған қалың көпшілікті қатыстыру жағы да ескеріліп отырды. Ондай шаралар барлық деңгейде жүргізілді, ауылдан бастап Қазақстан астанасына келіп аяқталды. Шындығына келгенде, бұл шаралар мінсіз деп саналатын, коммунистік қоғам туралы басқаша ойлайтындарға қарсы бағытталды. Сол кезде Көкшетау облысында да таралған «домалақ арыздыр» жазу кеңестік қоғамның бір көрінісі еді.
Идеологиялық жұмыстың бір тармағы үгіт-насихат түрлері көбейді. Лекциялар оқу маңызды роль атқарды. Соғыстан кейінгі қоғамның өмірі партиялық органдар тарапынан жіті бақыланды. Қазақстан КП(б) ОК 1946 жылы «О состоянии лекционной работы в Казахской ССР» атты қаулыны қабылдады. Арнайы дайындықтан өткен лекторлар тобы құрылды. 1948 жылдан бастап, Саяси және ғылыми білімдерді тарататын қоғам (общество «Знание») жұмыс істей бастады. Облыста лекциялар қазақ, орыс, шешен, ингуш тілдерінде оқытылды [8, 50-51б]. Қоғамдағы жеке басқа табыну, «халықтар көсемінің» бейнесі осы лекциялар арқылы жасалды.
Міне, осы жылдары Көкше аймағында социалистік интернационализм, жарқын коммунизм түсінігі үстем идеологияға айналды. Ұлттық мәселелердің барлығы тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы шешіледі деген түсінік негізінде ұлыдержавалық шовинизм жатты. Ұлттық салт-сана орнына кеңінен насихатталған кеңестік салт-сана үстемдікке ие болды. Кеңестік тәртіптің бұл қылмысының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарылып, тіпті ұлтымызға қауіп төнген жағдайлар орын алды.

Әдебиеттер:

1. Кунаев Д.А. О моем времени. Алматы: РГЖИ «Дауір», МП «Ынтымак»,
1992. – 307 б.
2. Ф. Чуев «Окружение Сталина» «Мужество» ежемесячный литературнохудожественный и исторический журнал № 4, апрель, 1991 г. 180 б.
3. «Көкшетау правдасы», 13.08.1957. №147.
4. Сомов В.А. Вера в жизнеспособность социалистического строя получила значительный ущерб // Отечественные архивы. – 2005. №3. 61-66 б.
5. Ақмола облыстық мұрағаты. 1451-қор (730), 2-тізбе, 3-іс, 29 б.
6. Осеева В.Васек Трубачев и его товарищи. Москва: 1953. 364 б.
7. Замятина Г.Ф. Система лекционной работы в Казахстане (1946-1955 гг.) // Социально-политическая история Приишимья. Целиноград: издательство Целиноградского обкома Компартии Казахстана, –1990. 50-52 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *