АҚМОЛА ОБЛЫСЫНА ШАРУАЛАРДЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ӘЛЕУМЕТТІК-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЛДАРЫ

АҚМОЛА ОБЛЫСЫНА ШАРУАЛАРДЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ ЖӘНЕ ОНЫҢ
ӘЛЕУМЕТТІК-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЛДАРЫ

Капбасова Д.С.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ.
Diana-kapbasova@mail.ru

Қазақ даласындағы көшпелілердің XVIII ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап Ресей бодандығына өте бастағаны белгілі. ХІХ ғасырдың басында патша өкіметі Омбы, Петропавл, Семей және т.б. қалаларда жергілікті отырықшы халықты қалыптастыруға тырысты. Осы мақсатпен 1808 жылы жергілікті линиялық казак әскері құрылып, жермен, жалақымен және азық-түлікпен қамтамасыз етілді. Осы кезден бастап қазақ даласын отарлау ісі патша үкіметі тарапынан ең маңызды міндеттердің біріне айналды. Атап айтқанда, халықты қоныстандыру үшін 1824 жылы Көкшетау округі, 1832 жылы Ақмола округі және 1859 жылы Атбасар округі ашылды [1].
Қоныстандыру қозғалысы 1846-1850 жж., Орынбор және Саратов губернияларынан шақыртылған казактар мен шаруаларды дала өлкесіне қоныстандыруға арналған үкімет бұйрығы шыққаннан кейін жүйелі сипат алды. Шақыртылған шаруалар мен казактар, барлығы 3 852 адам, Ақмола облысына ең алғаш қоныстанушылар болды. Олар Көкшетау уезіндегі егіншілікке жарамды ең жақсы жерлерді иеленіп, мұнда бай және халқы көп станцияларды құрды. Осыдан кейін Ақмола және Атбасар уездерінде бір уақытта дерлік екі казак станциясы құрылды және осы уақыттан бастап отарлау ісі жоспарлы түрде әрі жылдам жүргізілді. Ақмола облысының құрылуы қарсаңында оның сол кездегі аумағында халық саны 375 370 адамға, оның ішінде отырықшы халық 101 910 адамға жетті.
1870-ші жылдарға дейін облыс аумағында бірде-бір шаруа қонысы пайда болмаған және отарлаушылар ретінде толығымен казактар ғана рөл атқарды. Бірақ, 1870-ші жылдардан бастап өлкені отарлаушылар рөлі қоныстанушы шаруаларға ауысты.
1861 жылы Ресейде шаруалардың басыбайлық құқығы жойылғаннан кейін қара шаруаны қанап езуге үйреніп қалған помещиктер жұмыс күшіне мұқтаж болып, қара шаруалардың аяғына тұсау салуға түрлі шараларды қолданды. Өкімет те, помещиктер де қара шаруаларды басқа жаққа жіберуге ықыластары болмады. 1860-1890 жылдары Петропавл және Көкшетау уездеріне қоныстанушылардың барлығы 2 140 жанұясы, 13 000-дай адам келгеніне қарап, олардың аса көп келмегенін байқаймыз [2].
Бірақ, Ресейде капитализм өркендеген сайын өкімет қоныстану саясатын күшейтті. ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында Ресейдің еуропалық бөлігінде жер қатынастарының айтарлықтай шиеленісе түсуі ондағы кең көлемдегі аграрлық дағдарысты туындатты. Мемлекеттің белсенді түрде жағдай жасауы арқасында шаруаларды көп қоныстанған оңтүстік-батыс пен орталық губерниялардан империяның шеткі оңтүстік-шығысына қоныстандыру арқылы аграрлық қайшылықтарды экстенсивті жолмен шешіп, патшалық самодержавие өзінің помещиктік жерге қожалық етуін сақтап қалуға тырысты. Қоныстандыру саясатының алдыңғы кезеңінде мемлекеттік билік әр түрлі көтермелеу шаралары арқылы көмек көрсетіп, азды-көпті жағдайы бар, жаңадан көшіп барған жерлерінде егін шаруашылығын оңалта алатын отбасыларды ғана қоныстандырса, ендігі кезекте ХХ ғасырдың басынан қоныс аудару құқығына мүліктік жағдайына қарамастан барлығы дерлік ие болды.
Ақмола облысы өзінің тарихи, географиялық және этнографиялық жағдайы бойынша шаруалардың Сібірге қарай қоныс аударуының бірінші кезеңіңде, ұлан-байтақ Батыс Сібір жазығының отарланушы аудандарының ішінде маңызды рөл атқарды.
Ақмола облысына шаруалардың қоныс аударуы 1870-ші жж. 2-ші жартысында басталғанымен, облыс аумағы ұзақ уақыт бойы қоныстану үшін жабық болып келді. Алайда, 1889 жылы 13 шілдеде «Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы» заң шыққанға дейін-ақ орыс шаруалары көп жағдайда өз еріктерімен келіп қоныстанып отырған [3]. Мәселен, 1866 жылдың өзінде-ақ Көкшетау уезіндегі Саумалкөл маңында Пермь және Тобыл губернияларынан келген шаруалар қоныс тепкен кішігірім елді мекен пайда болып, төрт жылдың ішінде ондағы үй саны 50-ге жетті. Кейін, 1884 жылы өздігінен көшіп келгендер тағы екі қоныс: Петропавл уезінде орналасқан Явленное және Көкшетау уезінде орналасқан Құндықкөл елді мекендерін құрды [2].
Өлкеге өз еркімен алғаш қоныстанушылар көп жағдайда Сібірдің әр түрлі қалаларынан келген мещандар, ал ең бастысы Тобыл губерниясының Ақмола облысымен жапсарлас жатқан Қорған және Есіл уездерінен келген шаруалар болды. Әдетте, Ақмола облысына қоныс аударуды көздегендер мұнда алдымен арнайы адамдарды – ходоктарды жіберетін. Бұл адамдар ыңғайлы жерлерді қарастырып, қазақтардан кішігірім жер телімдерін аздаған ақыға жалға алып отырды немесе олардың рұқсатынсыз-ақ өңдей бастады. Жалға алынған немесе басып алынған жерлерде үй-жайлар салынды, егін егілді. Жердің құнарлығына көздері жеткеннен кейін олар бұл жерлерді ұзақ мерзімге заңдық актілерімен бекітіп алып, жерлестерін немесе басқа да орыс қоныстанушыларын өздеріне шақыра бастады. Бірте-бірте бұл иеліктер орыс шаруаларының бірнеше үйлерден тұратын кішігірім елді мекендеріне айналды. Уақыт өте келе олардан жергілікті қазақтардың қарсылық көрсетуіне қарамастан, тұтас селолар өсіп шықты. Қазақ даласында орыс шаруаларының қоныстарын құруға алғаш ресми рұқсат берілгенге дейін-ақ (1879 жылы) Ақмола облысында өз еркімен қоныстанушылардың 317 жанұясы тұрып жатты.
ХІХ ғасырдың 70-ші жылдарында Қазақ даласын орыс отарлауының жағдайы Батыс Сібір генерал-губернаторы Казнаковтың 1875 жылғы есебінде былай суреттелген: «Дала облыстарының жағдайы ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Қазақтардың орыс бодандығын қабылдаған уақыттан бері олардың азаматтығында жасалған табыстар өте аз. Олардың егіншілікке көшуге әрекеттері қытай үкіметі енгізген деңгейде ғана қалып отыр. Егер қазақтар орыс халқынан алыста, өздерінің бос жатқан кең даласында көшіп-қонуды жалғастыра берсе, олардың Ресей қол астындағы бодандығы тек сөз жүзінде және санақ бойынша ғана қала бермек. Қазақтармен көршілес бекіністер шебінде тұратын казактар саны жағынан аз болғандықтан, бұл істе пайдасы шамалы, олардың өздері қазақша сөйлеуді үйреніп, көшпелі халықтың бірқатар әдеттерін қабылдап алған». Қазақ даласын таза жер өңдеуші элемент — шаруалармен қоныстандыру қажеттілігі жөнінде мәселені көтере отырып, генерал-губернатор Казнаков отарлаудың жаңа кезеңі үшін ауқымды міндеттер қойды және оның негізгі принциптерін айқындап берді. Бұл жөнінде ол: «көшпелі халықты ығыстырмай, абайлап, отырықшы халықты дала өлкесіне ішкерілей енгізу, орыс халқының қазақтармен өзара қарым-қатынастарын жиілету – осынау жартылай жабайы халықтың мінез-құлқын жұмсартудың және әл-ауқатын көтерудің жалғыз тәсілі болып табылады», – деді.
Қазақ өлкесін отарлаудың бұл көзқарасы орталық билік тарапынан қолдауға ие болды. Сондықтан, қазақ жерлерінде негізінен пошта және сауда жолдары бойында орналасатын орыс елді мекендерін құру туралы шешім қабылданды. Өйткені, бұл сауда көліктерінің қозғалысына ыңғайлы, ал жаңадан құрылатын қоныстарда егіншіліктің дамуы астықтың арзандауына және көшпелілердің өмірінің жақсаруына жағдай туғызады деп түсіндірілді. Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін Батыс Сібір басқармасы жанынан дала өлкесін отарлау тәртібі туралы ережені жасап шығаратын ерекше комиссия құрылды.
Ақмола облысы құрылған кездегі отырықшы халықтың санын 28 жыл өткеннен кейінгі кезеңдегі, яғни ХІХ ғ. 80-90 жж. халық санының жағдайымен салыстыратын болсақ, онда отырықшы халықтың 1,8 есеге өсіп, жалпы саны 185 500-ге жуық адамға жетті.
Отырықшы халықтың саны ең алдымен қоныс аударушы шаруалардың есебінен, одан кейін Омбы және Петропавл қалаларында халықтың өсуі есебінен ұлғайды.
Облыс халқының жалпы өсімінің ең көп бөлігі, атап айтқанда 61 537 адам Көкшетау уезінің үлесіне тиді. Оның себебі, Көкшетау уезінің табиғи жағдайы жағынан отарлау үшін қолайлы болуында. Петропавл уезінде де халықтың күрт өскені байқалды, мұны қоныс аударушыларға арналған мекендердің салынып, оларға шаруаларды көшіріп әкелумен түсіндіруге болады.
Қоныс аударушылар толқыны негізінен Көкшетау, Атбасар және Ақмола уездеріне қарай ағылды. Есіл өзені бойындағы жерлер егін шаруашылығы үшін өте қолайлы, шабындығы мен қайыңды ормандары мол, өзен салалары мен көлдерінде балық көп кездесетін жерлер еді. Сондықтан, бұл жерлерге шаруалар көптеп қоныстанып, нәтижесінде Явленное (2 633 тұрғыны бар), Коноваловское (2 393 тұрғын), Мариинское (3 175 тұрғын) сияқты ауқатты селолар пайда болды [4].
Ақмола және Атбасар уездеріне негізінен далалық ішкі губерниялар: Самара, Воронеж, Харьков губернияларынан және Дон облысынан қоныс аударған шаруалар келді. Бұны Ақмола және Атбасар уездерінің далалық губерниялар халқы ғана тіршілік ету үшін бейімделе алатын, орман-тоғайы жоқ дала аймағы болуымен түсіндіруге болады.
Қоныстану шаруаларға алдымен жан басына 30 десятинадан жер телімі берілсе, 1882 жылдан бастап жан басына берілген жер 15 десятинаға дейін қысқартылды. 1882-1884 жылдары Ақмола облысындағы қоныстанушыларға арналған 30 учаскенің 18-іне шаруалар қоныстандырылды.
1889 жылы 13 шілдеде Мемлекеттік Кеңестің маңызды шешімі — «Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркімен қоныс аударуы туралы» заңы қабылданып, соған сәйкес шаруалардың қазақ даласына қоныс аударуының жаңа кезеңі басталды. Бұл заң бойынша Ақмола облысы шаруалардың бос жатқан қазыналық жерлерге өз еркімен қоныстануына рұқсат берілген аймақтардың қатарына енгізілді. Осының нәтижесінде отарлау қозғалысының ауқымы айтарлықтай кеңейе түсті, атап айтқанда, 1889 жылдың басында облыста 8 352 адам тұратын 19 шаруа елді мекендері болса, сол жылдың аяғында облыста 24 шаруа қоныстары, ал олардағы халық саны 11 740 адамға жетті. 1890 жылдың мамыр айында Орынбор арқылы Ақмола облысына 905 жанұя, оның ішінде 810 жанұя Самара губерниясынан, барлығы 5 326 адам келді. 1890 жылы қоныс аударушылар легінің көп болғаны соншалық, күзге қарай Ресейдің еуропалық бөлігінің 32 губерниясынан Ақмола облысына жер алуды көздеп келген 15 000-нан астам шаруалар шоғырланды.
1891 жылы Еуропалық Ресейдің, Орал бойы мен Батыс Сібірдің көп бөлігін қамтыған ауыр қуаңшылықтың салдарынан шаруалардың қалың легі Ақмола облысының жері арқылы Томск губерниясының Барнаул округіне, сондай-ақ Семей облысына қарай жаппай көше бастады. Бірақ, күз мезгілі болуы себепті олардың айтарлықтай бөлігі Көкшетау, Атбасар және Ақмола уездерінде, Перопавл және Омбы қалаларында, жол бойындағы казак станицалары мен поселкелерінде қыстап қалды. Ақмола облысында қыстап қалуға мәжбүр болған қоныс аударушылардың жалпы саны 7 000 адамға дейін жеткен. Аса қажеттіліктен туындаған бұл қоныс аудару 1892 жылы да тоқтамады және қарастырылып отырған кезеңде ешқайда жайластырылмаған 4 390 адамнан тұратын 915 шаруа жанұясы Ақмола облысында қалып қойды. Осыған байланысты, қалып қойған шаруалардың ауыр жағдайы ескеріле отырып, 1892 жылы 26 наурызда және 23 сәуірде олардың Ақмола облысының аумағындағы бос жатқан қазыналық жерлерге орналасуына үкімет тарапынан рұқсат етілді. Сонымен қатар, жерге тұқым сеуіп, үй салулары үшін оларға қоныс аудару қорынан несиелер мен жәрдемақылар берілді [4].
Транссібір темір жолының салынуы (1891-1905 жж.) қоныс аударушыларды жеткізу үшін қажет материалдық инфрақұрылымды жасап берді. Белгілі тарихшы Санжар Асфендияровтың мәлімдеуінше, 1891 жылы Еділ өлкесінде болған ашаршылық және Солтүстік Қазақстанның жерін басып өтетін Сібір темір жолының салынуы патша өкіметінің қоныстандыру саясатын күшейте жүргізуіне үлкен жағдай туғызды [3].
1893 жылы 4 наурызда бекітілген Сібір теміржол комитетінің ережесі бойынша қоныстанушыларға темір жол желісі бойындағы алдын ала бөлініп қойылған жерлерге орналасуға рұқсат етілді. Бос жатқан қазыналық жерлерді есепке алу үшін 1893 жылы 13 маусымда үкіметтің рұқсатымен ерекше уақытша межелік жұмыстармен айналысатын партия құрылды. Бұл межелік партия 1893-1895 жылдар аралығында Петропавл уезінде 37 жер учаскесін, Омбы уезінде 20 жер учаскесін қоныстанушыларды орналастыру үшін бөліп берді. Сондай-ақ, Петропавл уезінде 9, ал Омбы уезінде 10 жер учаскесі қосымша қорға алынды. Қоныстанушыларға арналған жер қорының жалпы ауданы 383 695 десятинаға жетті. Алайда, межелік партияның жұмысы мұнымен аяқталып қалмады. Мәселен, Көкшетау уезінде жаңа келгендерді жайғастыру үшін 1895 жылы жалпы ауданы 42 736 десятина жерді құрайтын 8 қоныс аудару және 1 қосымша учаскесі межеленді.
Дала генерал-губернаторлығының 12 уезінде қазақтардың жерді пайдалануы бойынша құнды материалдарды 1896-1901 жылдары Қоныстану басқармасының белгілі статисті Ф.А.Щербина басқарған экспедиция жинақтады. Соның ішінде Ақмола облысының 5 уезіндегі қазақтардың шаруашылығы зерттелді. Экспедицияның көздеген мақсаттарының бірі — қазақтардың артық жерлерін анықтап, оларды қоныстандыру қорына алу [5].
1894 жылдан 1904 жылға дейінгі кезең аралығында Сібірге қоныс аударушылар мен ходоктардың шамамен 16%-ы Ақмола облысына жіберілді. 1906 жылы облысқа 61 771 адам көшіп келді, бұл жалпы қоныс аударушылардың 30 %-ын құрады. Ал 1908 жылы облысқа аумағына қоныс аударғандардың саны 140 350 адамға жетті [6].
Самодержавиелік өкіметтің қоныстандыру саясатының жаңа бағыты этникалық және әлеуметтік топтардың бірін қалдырмай еркін қоныстануын мойындады, яғни, Дала өлкесінің жергілікті басқару орындарынан қандай да бір рұқсат алудың қажеттілігі туындамады.
Бұл бағыт 1903 жылы 12 наурызда, 1904 жылы 6 маусымда, 1905 жылы 3 қарашада және 1906 жылы 10 наурызда қабылданған «Ауыл тұрғындары мен мещандардың (қалалық ұсақ буржуазияға жататын ұсақ саудагерлер, қолөнершілер) өз еріктерімен қазыналық жерлерге қоныс аударуы» туралы заңдарынан көпшілік-құқықтық көрініс тапты. Олар қоныс аудару құқығын кеңейтумен қатар потенциалды мигранттарды кепілден босатты. Қоныс аударушылар үшін өтеу төлемдері азайтылып, кейіннен мүлдем алынып тасталды және белгілі бір әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктер мен материалдық көмек көрсетілді.
Столыпинның аграрлық реформасының нәтижесінде көшпелі қазақтардан жерлерін тартып алу үрдісі жаппай жүргізілді. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін көшпелі қазақ халқынан 40 млн. десятинадан астам жер тартып алынды, бұл өлкенің жер көлемінің 20 пайызын құрады [7].
Осылайша, Дала өлкесіне шаруалардың қоныс аударуы көшпелі қазақ ауылының экономикасына өз әсерін тигізді. Көшпелі қазақ қоғамына жағымсыз әсер еткен факторлардың қатарына өлкенің байырғы халқынан үлкен көлемде жердің алынуын, олардың жем-шөбі мен су көздері аз аймақтарға ығыстырылуын жатқызамыз. Патша өкіметінің Ресейдің ішкі губернияларынан шаруаларды қазақ даласына, оның ішінде Ақмола облысының аумағына қоныс аударту арқылы отарлау саясаты және осы аймақта өзіне әлеуметтік тірек дайындауды көздеген мақсаты жүзеге асырылды.
ХІХ ғасырдың 2-ші жартысы — ХХ ғасырдың басында шаруалардың жаппай қоныс аударуы салдарынан Дала өлкесі халқы саны жағынан көбейіп, халықтың полиэтникалық және поликонфессионалдық құрамы қалыптасты.

Әдебиеттер:

1. Красовский М. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами Генерального штаба. Область сибирских киргизов. Часть ІІІ.Санкт-Петербург, 1868. -С.152-193.
2. Артықбаев Ж.О. Казахское общество в ХІХ веке: традиции и инновации. Караганда: «Полиграфия», 1993. -330 с.
3. Асфендияров С. Қазақстан тарихының очерктері.-Алматы: «Санат», 1994. 120 б.
4. Памятная книжка Акмолинской области на 1909 год.-Омск: «Типография Акмолинского областного правления», 1909. -С.76-135.
5. Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в XVII — начале XX века.-АлмаАта «Наука», 1971. — 636 с.
6. Кауфман А.А. Переселение и колонизация.-Санкт-Петербург. «Наука»,
1905. — 445 с.
7. Ерофеева И.В. Столыпинская аграрная реформа и массовое переселение славянского и немецкого крестьянства (1900-1907) // В книге: Масанов Н. Э., Абылхожин Ж. Б., Ерофеева И. В., Алексеенко А. Н., Баратова Г. С.
История Казахстана. Народы и культуры.-Алматы: «Дайк-Пресс», 2001. С.245-246.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *