АУКСИНДЕР (көне грекше: αὔξω – «өсемін») -өсімдік жасушаларында түзілетін физиологиялық маңызы зор, өсу процестеріне демеу болатын өсімдіктер гормондары, индол туындылары. А. жасанды және табиғи жолмен түзіледі. Жасанды А. – өсімдік өсіру тәжірибесінде қолданылатын кристалды заттардан (мыс., индолил май қышқылы, нафтил-сірке қышқылы, т.б.) алынады. Табиғи А. барлық жоғ. және төм. сатыдағы өсімдіктердің көпшілігінде, сондай-ақ бактерияларда түзіледі. Олар өсіп келе жатқан өркендердің ұштарында, тұқымда, тұқымжарнақта пайда болып, жасушалардың созылуын, сабақтың, жапырақтардың, тамыр кесінділерінің өсуін, олардың иілгіштік қасиеттерінің пайда болуын тудырады, қалемшелердің тамырлану қарқынын тездетеді. А. әсерінен қышқылданған клетка қабығы жұмсарып, оның құрамындағы целлюлоза және пектиндік полимерлері үзіліп, қасиеті өзгереді. Бұл ішкі (тургорлық) қысымның әсерінен өсіп келе жатқан жасушаның созылуын жеңілдетеді. А. қоректік ортада өскен өсімдік ұлпасында (каллус) және қалемшелерде қосалқы тамырлардың пайда болуына ықпал ететіндіктен көбеюі жеделдейді. А. мен өсімдік гормондары (цитокининдердің) біріккен үйлесімді әсері жасанды ортада өскен жасуша ұлпаларының жіктелуін және тамыр түзілуін қамтамасыз етеді. А. ш-нда А. қалемшелерді тамырландыру, түйіндер мен жемістердің ерте үзіліп түспеуі үшін және гербицид ретінде қолданылады.