ӘБУЕВ ҚАДЫРЖАН- ТУҒАН ӨЛКЕ ТАРИХЫН ЗЕРТТЕУШІ ҒАЛЫМ
С.Қасымов «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры президенті, Астана.
Біздің туған жеріміз – атамекеніміз – Қазақстан елі мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағанша қазақ халқының шынайы тарихы туралы айту әрі жазудың еш мүмкіндігі болмағаны баршаға белгілі. Өйткені, біздің тарихымыз қазақ халқының бірнеше ғасырға созылған ұлт-азаттық күресіне тікелей қатысты болды. Бұл туралы Сіздер – Сұлу Көкше – Көкшетау өңірінің зиялы қауымы жақсы білесіздер.
Әсіресе, Қазақстанның бостандығы, тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы жолындағы күрескерлердің ерлігін шынайы көрсету, қоғамдық-саяси қызметіне шындық тұрғысында әрі объективті түрде баға беруге болмайтын еді.
Бұрынғы патшалық Ресейдің және кеңестік жүйенің басшылығы елі үшін жанын аямаған күрескерлерді – қазақ халқының қаһармандарын «бандылар», «қылмыскерлер», «орыс және кеңес халықтарының дұшпандары», шет елдердің «шпиондары», «ұлтшыл буржуазияшылдар» және тағы басқа аттармен атап, қудалауға салды, жер аударды, соттады.
Мұндай жағдайда қоғамтанушы ғалымдарға,бірінші кезекте тарихшыларға өте қиын болғаны анық. Олар ғалым ретінде қалыптасуы үшін екі түрлі стандарттарды басшылыққа алып, жұмыс істеуі тиіс болды. Ар-ождан, адамгершілік тұрғысында да екітүрлі көзқарасты ұстануға мәжбүр болды. Империялық-колониялық, одан кейін кеңестік-большевиктік (диктаторлық) билік бір жағынан өзінің отаршылдық саясаты мен идеологиясын мінсіз жүзеге асыруды талап етті. Ол үшін әрине, әртүрлі шен тағып, ғылыми атақ пен дәреже, марапат пен жеңілдіктер бергені рас. Қазақ халқының ұлт-азаттық күресі туралы ашық жазған ғалымдар әртүрлі қуғын-сүргінге ұшырады. Оған 25 жылға бас бостандығынан айырылған Ермұқан Бекмахановтың тағдыры мысал бола алады.
Өз халқының бұрмаланған тарихы мен қаһармандарының тағдыры, екінші жағынан қазақ халқының ұлттық мүддесі, халықтың жадынан өшпеген ауыр жарақаттар, халық патриоттарының ерлікке толы күресі, олардың трагедиялы тағдыры, қарапайым адамға тән ар-намыс пен ғылыми ақиқатішкі мәдениеті жоғары ғалымнан ойлануды және жан-тәнімен сезінуді талап етті.
Қазақстанның мемлекеттік дамуына аса қажет болып табылатын жәнеМемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» аса маңызды бағдарламаларын одан әрі дамыту барысында, сондайақ,қоғамдық сана менәлеуметтік ғылымдарды жаңғырту жәнеотарлық көзқарастан арылту аясында,менің ойымша, көптеген жұмыстар қолға алынатын болады. Отарлық кезеңде де таза ғылыми шындық пен объективті көзқараста қалған және сол үшін күресе алған Қазақстанның ғылыми саласыда, ғалымдар да осы екі құбылысқа лайықты бағасын беретін болады.
Тоталитарлық идеология мен әлеуметтік ғылымдарды қайта қарау басталған кездерде 1988 жылдан бастап мен Қазақстанның Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің идеологиялық бөлімінде жұмыс істепжүргенде бұрынғы ғылыми тұжырымдардың керексіз әрі іске алғысыз болып қалғаны көз алдымда өтті. Бір-біріне қарама қайшы екі ғылыми көзқарастың, екі саяси жүйе мен ғылыми дүниетанымның өзара күресіне куә болдым.
Бүгін біз кеңестік идеологияның, марксистік — лениндік ғылыми доктриналары үстемдік құрған шақта білім алып, тәрбиесін көрген, әйтсе де, ғылыми шындық құндылықтарын қастерлеген және оған опасыздық жасамаған тарихшы ғалымдардың бірі, бүгін 80 жасқа толып отырған Қадыржан Қабиденұлы Әбуевтің мерейтойына келіп отырмыз.
Профессор әрі патриот, ұлтжанды азамат Қадыржан Әбуев Қазақстанның тәуелсіздігін асыға күтті, өйткені ол өлкетанушы, ғалым, тарихшы ретінде көптеген тарихи тақырыптарды, Көкше өңіріндегі жаңадан ашуды және шынайы зерделеуді талап ететін тарихи ұлы қайраткерлердің тағдырларын жақсы білетін. Сондықтан ол аумалы-төкпелі әрі күрделі өтпелі кезеңде әр қиырдың басын шалмай, ғылыми ізденістер саласында басымдықтарды дәл әрі нақты белгіледі. Мүмкіндік туған сәтте кеңес уақытында тыйым салынған тақырыптарға тыңнан түрен салды. Ол біздің шынайы тарихымызды қалпына келтіруді, сондай-ақ біздің тәуелсіздігіміз үшін жүздеген жылдар бойы күрескен, алайда бүгінгі күні ұмыт болған асыл ерлердің атын халық жадына қайтару міндетін алға қойды.
Ол ең алдымен Абылай хан, Кеңесары Қасымов, Шыңғыс Уәлихановтарға, олардың тоталитарлық жүйе кезінде тыйым салынған мемлекеттік және қоғамдық-саяси қызметін объективті түрде зерттеуге ғылыми тұрғыда назар аударды. Оның еңбектерінде кейінірек Абылайханның үзеңгілестері, Андықожа батыр, ту ұстаушы әрі мыңбасы, әскери қолбасшы Жәпек батыр есімдері пайда болды. Одан кейін Кенесары ханның үзеңгілестері мен батырлары: Наурызбай батыр, әскербасы апамыз, тарихта өзінің жарқын ізін қалдырған, Кенесары ханның қарындасы әрі жолын қуған Бопай ханшайым Қасымқызы, Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күресте Қарқаралы өңіріндегі көтеріліске белсенді қатысушы, Кенесары әскерінің қолбасшысы Ағыбай батырдың өмірі мен ерліктері туралы жазылды.
Ұмыт болған есімдердің қатарында полковник шеніне ие болған алғашқы қазақтардың бірі Ғазы (Қазы) Болатұлы Уәлиханов та болды. Тарихшыөлкетанушы Қ.Әбуов Ғазы Уәлихановты мүлде басқа қырынан –қазақтар делегациясының Петербургке сапарлап баруының бастамашысы әрі қазақтарды өз жерінен жер аударып, ең жақсы жайылымдарды Ресейдің түкпір-түкпірінен көшіп келушілерге тартып әперген шенеуніктер үстінен патшаға арызданған хат әзірлеген қоғам қайраткері, өз халқының патриоты әрі мүддесін қорғаушы ретінде көрсетеді.
Қ.Әбуов Науан Хазірет есімімен танылған қазақ даласының ағартушысы, патшалық билік бүлдіргіш молда ретінде санаған және құрбан болған Наурызбай Таласовтың өмірін де зертеді.
Қ. Әбуов бүгінде халық жадынан шығып кеткен, патшалық замандағы озбырлық пен зорлық-зомбылыққа, отаршылдық саясатына қарсы күрескен жерлестері Мәмбетәлі Сердалин, Айдархан Тұрлыбаев, Шәймерден Қосшығұлов және басқа да асыл азаматтардың есімдерін жарыққа шығаруға зор үлес қосты. Қ.Әбуов олар өз халқының мүддесін табандылықпен қорғай отырып, қазақ халқының ерекшеліктері мен қазақ қоғамының келешек дамуын парасаттылықпен бағалағанын, ұлттық өктемдік пен томаға-тұйықтықтан ада болғанын атап өтеді.
Мерейтой иесінің ғылыми қызметі мен көптеген ғылыми (200-ден астам) еңбектері туралы бүгінгі конференцияда жан-жақты айтылады және лайықты бағасы беріледі, деп ойлаймын.
Мен бір мәселеге ғана тоқталғым келеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтаумен айналысқан кезде Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы тарихшы ғалымдардың еңбектері мен жарық көрген материалдарын мұқият зерттеуге, талдауға және салыстыруға тура келді. Сонымен қатар, облыстың бас тарихшысы, профессор Әбуевтің жетекшілігімен жүзеге асқан, Көкше тарихшыларының осы тақырып бойынша жүйелі ғылыми зерттеулері жанжақтылығымен және тереңдігімен ерекшеленген болатын.
Көп жылдар бойы Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің тарих кафедрасын басқарған профессор Қ.Әбуев жоғары білікті ғалымдар ортасын қалыптастырып қана қоймай, тарихшылар мектебін құрды, оның жетекшілігімен Қазақстанның солтүстік аймақтарының тарихына зерттеу жүргізілді, оған қоса өзінің туған жерінде болған ұлттық-азаттық күрестердіңмәселелерімен де айналысты. Сондықтан, ғалым ұстаз бастаған жұмыстарды оның шәкірттері мен ізбасарлары жалғастыратыны күмәнсіз.
Қадыржан Қабиденұлын 80 жылдық туған күнін лайықты қарсы алуымен шын жүректен құттықтаймын!
Құрметті конференцияға қатысушылар! Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, кеше облыстың зиялықауымымен кездесу өткізгенімді айтқым келеді. Онда Қазақстандықтарды ақтау және есте қалдыружөніндегі «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының жетекшісі ретінде біздің Отанымыздың еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен, алайда еліміздің аймақтарындағы әлі ақталмағанкүрескерлер туралы, Қордың мақсаттары мен міндеттері туралы айтып бердім. Біз Қордың Ақмола облысындағы филиалын ұйымдастыру мәселесін де талқыладық. Халқымыздың көрнекті әрі даңқты қаһарманы Кенесары Қасымовтың жұртында да Қордың филалы болуы тиіс.
Енді құрметті Қадыржан Қабиденұлына Қордың атынан Алғыс хат табыс етуге рұқсат етіңіздер.