АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ОҚУ-АҒАРТУ ІСІ (20-ШЫ ЖЫЛДАР
МЫСАЛЫНДА)

АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ ЖӘНЕ ОҚУ-АҒАРТУ ІСІ (20-ШЫ ЖЫЛДАР
МЫСАЛЫНДА).

Ахметов Қ.Ә. Еуразия гуманитарлық институты, Астана қ., eagi@list.ru

Алаш қозғалысының көсемдерiнiң бiрi болған Ахмет Байтұрсынов өз халқына қызмет етуден жаңа орнаған Кеңес өкiметi кезеңiнде де бас тартпады, ымыраға келiп, қызмет етуге келiстi. Екiншi жағынан, Кеңес өкiметiне де өз саясатын жүргiзу үшiн Ахаң сияқты халық алдында зор беделi бар, бiлiмдi адам керек едi. Сондықтан да, болар, өлкедегi Төтенше комиссар Әлiби Жангельдин Ахмет Байтұрсыновтың кеңес өкiметiне қызмет етуге келiскенi туралы және онымен бiрге басқа да қазақ интеллигенция өкiлдерiнiң кеңестер жағына шыққандығын тура Ленинге хабарлайды. Жангельдинмен бiрге А.Байтұрсынов Ленин қабылдауында болып, мандат алады 1.
Осылайша, А.Байтұрсынов жаңа өкiметпен келiсiмге келiп, алдымен Қазақ өлкесiн басқару жөнiндегi әскери-революциялық комитетiнiң мүшесi ретiнде оның жұмысына араласады. Комитеттiң бiр отырысында оның қазақ жұртшылығының Кеңес өкiметiне қатынасы туралы пiкiрi тыңдалған. Онда мынадай нақты ұсыныстар жасаған екен:
1) Қазақтарды Кеңес өкiметiнiң халыққа жалған емес, шын мәнiнде өзiн-өзi басқару құқығын бергенiне сендiру үшiн Қазақ ревкомына дербес қимыл жасауына мүмкiндiк беру керек; 2) Кеңес өкiметiне қарсы болған барлық қазақтарға, оның iшiнде «Алашорданың» торғайлық және оралдық топтарына, олар Кеңес өкiметiнiң жағына шыққан жағдайда кешiрiм жариялау қажет; 3) Кеңес өкiметi халықтың сенiмiне кiруi үшiн көңiлге қонымды шаралар қарастыру керек, тек сол арқылы ғана Кеңес өкiметiне қарсыларды өз жағына тартуды қамтамасыз етуге болады. Бұл отырыста Куйбышев, Рудзутак, Бройдо сияқты орталықтың өкiлдерi қатынасқан 2. Осы мәжiлiсте ВЦИК-тiң (Бүкiл Ресейлiк Атқару Комитетi) Кеңес Өкiметiне қарсы қимыл жасаған барлық қазақтарға толық кешiрiм беру туралы шешiмi айқындалған.
А.Байтұрсынов Қазақ ревкомының құрамында бiр жылдан астам ғана уақыт қызмет еткен. Осы уақыттың iшiнде оның белсендi қызметiнiң арқасында «Алаш» қозғалысының белсендi мүшелерi Кеңес өкiметi тарапынан қудаланбай, өз мамандықтары бойынша халқына қызмет етуге мүмкiндiк алды.
А.Байтұрсыновтың өзi 1920 жылы Қазақ АССР-i Халық Ағарту комиссары, әрi Бүкiл Ресейлiк Атқару Комитетiнiң мүшесi болды. Ол Кеңес өкiметiнiң алғашқы жылдарында елдегi ағарту iсiн ұйымдастырып, Халық Ағарту Комиссариатының негiзiн салушы болды. Бұл орында екi-ақ жыл қызмет етсе де, көп iс тындырды.
А.Байтұрсыновтың қызмет еткен кезi елдiң ауыр әлеуметтiк-экономикалық жағдайына сай келген едi. Оған қарамастан оқу-ағарту iсiн жолға қоюда бiршама iстер қолға алынды. Мәселен, 1920 жылы маусым айында өткен халық ағарту қызметкерлерiнiң съезiнде А.Байтұрсынов алға нақты мiндеттер қойып, оны iске асыру тетiктерiн нақтылап берген. Ол алдымен мұғалiмдер кадрларын дайындауға күш салады, оның екi жолын, көрсеткен: бiрi қысқа курстар арқылы ауыл мұғалiмдерiн дайындау болса, екiншiсi педагогикалық арнаулы оқу орындарының рөлiн күшейту. 1921 жылы республика бойынша 52 қысқа мерзiмдi мұғалiмдер дайындайтын курстар ашуды бюджет тарапынан белгiленгендiгiн осы съезде хабарлаған 3. 1920 жылы Қазақстанда 14 педтехникум, 6 ауыл шаруашылық техникумы, 2 орман шаруашылығы техникумы, 1 ветзоотехникум (Орынборда), 1 медтехникум (Орынборда), 1 өнеркәсiп-экономикалық техникум (Семейде), институттар: 1. КИНО (Казахский институт народного образования) Қызылорда қаласында, Сырдария губерниясы; 2. ПИНО (Практический институт народного образования) Орынбор қаласында; 3. Инпрос (Институт народного просвещения) Алматы қаласында, Жетiсу губерниясы; 4. Пединститут Ташкент қаласында орналасқан
4.
А.Байтұрсынов баяндамасында ағарту саласындағы қиындықтар жөнiнде де ашып айтып отырған.
Мәселен, мектеп iсiндегi мынадай кемшiлiктердi атап көрсеткен: көптеген мектептер үймен қамтамасыз етiлмеген, етiлгендердiң өздерiнiң көптеген жетiспеушiлiктерi бар, мысалы, үйге байланысты, жылу жүйесi, оқулықтардың жетiспеушiлiгi т.б. Жақсы мектеп үйлерi барлық жерлерде әскери мекемелерге берiлген, босатылғандарының өздерi қолдануға келмейтiн жағдайда. Мектеп қызметкерлерiнiң жағдайы төмен, оларды ешқандай материалдық жағынан қамтамасыз етпеген. Жалақылары аз, паек алмайды, аз жалақының өзiн мұғалiмдер мерзiмiмен ала алмайды. Мұғалiмдердiң материалдық жағдайының болмауынан мектептер жабылуда деп көрсеткен 5.
Ол Халық Ағарту комиссариатының қызметiне ұлт зиялыларын тартты. Мәселен, Е.Омарұлы, Т.Шонанұлы т.б. қайраткерлерге комиссариаттың секторларын басқаруды тапсырған.
А.Байтұрсынов 1921 жылы құрылған Академиялық орталықтың жанынан халық поэзиясының, музыкасының үлгiлерiн және этнографиялық мәлiметтердi жинау жөнiнде арнаулы комиссия құрады. Бұл iсте үлкен үлес қосқан Қазақстанды зерттеу Қоғамы (ОИК) болды. Осы аталған iстерге сол кездегi республикадағы белгiлi тарихшылар, музыка мен фольклордың бiлгiрлерi,
Ә.Диваев, А.П.Чулошников, А.В.Затаевич, А.Д.Кастальский, Н.Н.Миронов, А.Л.Мелков, Н.В.Мелкова, А.А.Четыркина сияқты т.б. оқыған зиялы қауым тартылды. Бұл iстердi ұйымдастыруда да А.Байтұрсынов елеулi рөл атқарған.
Ахмет Байтұрсыновтың өзi де шығармашылық қызметтен қол үзбей 20-шы жылдары бiрқатар қазақ ғылымына, әдебиетiне, публицистикасына айтулы үлес қосты. Ол алдымен өзi жасаған қазақ әлiппесiне, араб жазуына жасаған реформасына, қазақ тiлi бiлiмiнiң негiздерiне толықтырулар жасап, зерттеулерiн жалғастырды.
Осы iстердi үлкен ұйымдастырушылық жұмыстармен қатар жүргiздi. Ол
1922 жылы қазақ жазушыларының басын қосып съез шақыру – идеясын қолға алып көп жұмыс жүргiзген. Бұл бастамаға ынтасыздық бiлдiрген қазақ жазушыларының ниетiне көңiлi толмай «Қалам қайраткерлерiнiң жайынан» деген мақала жазады. Бұл мақалада туған халқына шын жанашыр ұлы тұлғаның жүрекжарды жанайқайы былай берiлген: «Қазақ баласын ұлтым, жұртым, бауырым деп үйренiп қалған қазақтың бауырмал қалам қайраткерлерi Қазан өзгерiсi болғанда бiрден интернационал (бейбауырмал) болып өзгере алмады. Бауырмалдық жолында қаламмен қайрат етуiн бейбауырмалдық үкiмет хош көрмейтiн болды. Сөйтiп, қазақ қайраткерлерiнiң халiнде дағдарыс болып, өзгерiстен бұрынғы қарқындары қайтып, тартыңқырап қалды. Айтқанды тыңдамайтын, «жасасын бейбауырмалдық» дейтiндер ауызға қағып сөйлетпейтiн болды, омырау қағып, күш көрсететiн болды.
Жалғыз қалам қайраткерлерi емес, қазаққа жаны ашитын басқа азаматтар да қазақтың басқалардан көрген кемшiлiгiн айтпай тұра алмайды. Қазақтың сөзiн қаймықпай сөйлеу керек. Бауырмал десiн, қазақшыл десiн, ұлтшыл десiн, оған құлақ асып, ауыр алмасқа керек. Қазақ қасындағы жұрттардың қатарына жетiп, теңелуiне керектi iсiмiздi қолға алайық … Қазақ азаматтары мәдениет жiгiн жою жолындағы жұмысқа күшiн, iсiн сарп етуi керек. Басқалармен мәдениетi теңелiп, жарыса, жармаса күнелтуге қазақ жеткен күнi қазақты қасындағылар қаңсылатуын қояды, қазақ азаматтарының қазақ үшiн айрықша қайғыруы, қан қызуы жоғалады. Бас өзгередi, бастық өзгередi, төбе өзгердi, төре өзгердi, басқасы әлi қарап тұр. Қазақ көрген қорлық пен зорлық көбеймесе, кемiген жоқ. Жеуге жеңiл тұрғанды жеу табиғи iс. Қазақты бұрын жегендер әлi де зорлық қылып отыр. Қазақ мәдениетi орыстан кем болған соң жем болатыны сөзсiз. Қазақ жем болудан түбiнде декрет қуатымен құтылмайды, мәдениет қуатымен құтылады» 6. Кезiнде әркiм әртүрлi қабылдап, үлкен дау туғызған, «ұлтшылдықтың манифесi» деп аталған осы мақалада айтылған ойлар бүгiнгi күнде де өзектiлiгiн еш жоғалтқан жоқ деп ойлаймыз.
1921 жылы А.Байтұрсынов большевиктер партиясынан шықты. Кейiн, ол Халық Ағарту Комиссарының орынбасары болып тағайындалды, әрi Академиялық орталыққа жетекшiлiк еттi.
1922 жылдан бастап А.Байтұрсынов саясаттан алшақтап, тек ғылымипедагогикалық қызметпен ғана айналысты. Ғылыми бағыттағы iстерi туралы ол өз қолымен жазған «Өмiрбаянында» (1929, 8 март) былайша баяндайды: «Орынборға келгеннен кейiн, бiрiншiден, қазақ тiлiн фонетикалық, морфологиялық және синтаксистiк тұрғыдан зерттеумен, екiншiден, қазақ алфавитiн (шрифiн емес), орфографиясын жеңiлдету және реттеу үшiн реформа жасаумен; үшiншiден, қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалымен тазартумен, ақыры, ең соңында, төртiншiден, проза (iс-қағаз, публицистика, ғылыми жазба тiл) тiлiн кiтаби тiл арнасына стилистикалық өңдеу, қазақ сөздерiнен термин жасау арқылы халықтың жанды тiлiнiң арнасына көшiру iстерiмен айналыса бастадым. Бұлар өзiм жасаған оқулықтар және өзiм редакциялаған «Қазақ» газетi арқылы iске асты» 7.
А.Байтұрсыновтың өз қолымен 1929 жылы жазып қалдырған «Газет және журналдарда жарияланған басқа, ғылыми, ғылыми-методикалық еңбектердiң тiзiмi» деген құжат ҚазПИ-дiң архивiнде сақталған екен. Онда төмендегiдей ғылыми, ғылыми-методикалық т.б. еңбектерiнiң берiлген: «1. «Тiл құрал», 1бөлiм. Фонетика. 2. «Тiл құрал», 2-бөлiм. Морфология. 3. «Тiл құрал», 3-бөлiм. Синтаксис. 4. «Әдебиет танытқыш». 5. «Баяншы». Методикалық жазбалар. 6. «Тiл жұмсар», 1-бөлiм. Практикалық грамматика. 7. «Тiл жұмсар», 2-бөлiм. Практикалық грамматика. 8. «Оқу құрал». Балалар әлiппесi. 9. Әлiппе. 10. «Сауат ашқыш». Ересектер әлiппесi. 11. «Әлiппе – астар». Әлiппеге методикалық нұсқау. 12. «Қырық мысал» – Крылов мысалдары аудармасының жинағы. 13. «Маса» төлтума және аударма өлеңдер. Өлеңдер жинағы. 14. «Оқу құрал». Хрестоматия (нұсқалық, Шонановпен бiрлесiп жазылған) 8 — еңбектерi көрсетiлген.
Байқап отырсақ, еңбектерiнiң көпшiлiгi тiл ғылымына байланысты жазылған. Ол заңды да. Ахмет Байтұрсынов араб таңбаларын қазақ тiлiнiң фонетикалық табиғатына лайықтап қазақтың ұлттық графикасы ретiнде реформалау iсiн 1910 жылдардан бастаған және оны әрi қарай жетiлдiре түседi.
Ақыры, араб әрiптерi негiзiнде лайықталған қазақ графикасы 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен Ағарту саласы қызметкерлерiнiң тұңғыш съезiнде талқыланады. Съезде Ахмет Байтұрсынов «Әлiпби тақырыпты» деген атпен баяндама жасайды. Ол түркi жұрттарының қолданып келе жатқан жазуы бар екенiн, оны өзгертiп, басқа графикаға көшу оңай емес деген пiкiрдi осы съезде бiлдiредi 9.
А.Байтұрсынов реформалаған араб жазуы өз кезiнде қазақ халқының өмiрiнде үлкен рөл атқарған, қалың көпшiлiктi жаппай сауаттандыру iсiне, жазба әдебиеттiң, баспасөздiң, басқа жұмысының жандануына игi әсер еткен, прогрессивтiк құбылыс болды. А.Байтұрсыновтың бұл тәжiрибесiн сол кезде өзге түркi халықтары, мәселен, өзбектер мен татарлар үлгi етiп алып, олар да өз жазуларына реформалар жасай бастаған еді.

Әдебиеттер:

1. ҚР ОМА, 1023 қ., 1 т., 1 iс, 110-111 пп.; Алиби Джангельдин: Документы и материалы. -Алма-Ата: Казгосиздат, 1961. –235 с. (64,66,121,124).
2. Қараңыз: Алаш-Орда: Сб. Документов (Сост.: Н.Мартыненко). Алма-Ата, 1992. 170 с.
3. ҚР ОМА, 81 қ., 1 т., 8 iс, 15,16 пп.
4. Сонда, 28,30 пп.
5. ҚР ОМА, 81 қ., 1 т., 56 iс, 6 п.
6. Еңбекшi қазақ, 1922, 8 шiлде.
7. Байтұрсынов А. Ақ жол, -Алматы, 1990. –10-11 бб.
8. ҚР ОМА, 10 п.
9. Сыздықова Р. Ахмет Байтұрсынов, -Алматы, 1990. -25 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *