АУЕСКИ АУРУЫ

АУЕСКИ АУРУЫ (Morbus Aujeszky), жалған құтыру — мал індеті. Мұнымен, көбінесе, сиыр, қой-ешкі, жылқы, шошқа ауырады. Негізінен орталық ми жүйесі мен тыныс алу жолдары зақымданады. Аурудың қоздырғышы — герпес вирусы. Вирус мал қиында, жем-шөп құрамында 40 — 60 күн, ал тышқан өлекселерінде 185 күнге дейін сақталады. Биотермиялық өңдеуден өткен мал қиында вирус 8 — 15 күннің ішінде, формальдегид, күйдіргіш натрий ерітінділерінде 5 — 20 минутта өледі. Індет негізінен ауру мал арқылы тарайды, әсіресе, оның маңқасы, зәрі өте қауіпті. Аурудан жазылған мал 2 — 3 жылға дейін вирус таратқыш болып қала береді. Табиғи жағдайда ауру залалданған жем-шөп, су, кеміргіштер арқылы тарайды. Ауру алғашқы 5 — 10 күнде білінбейді, кейіннен малда жөтел пайда болып, пысқырады, аузы-мұрнынан маңқа ағады. Тыныс алуы қиындап, жұтқыншағы түйіледі, теңселіп бір орнында айнала бастайды. Денесі тырысады, басы желкесіне қарай тартылып кетеді. Ауру жылқы үркек келеді, қызуы 400С-қа жетіп, үсті қышиды, дірілдеп, кейде шойырылып қалады. Қой мен сиыр бұған қосымша қылғынып, жұтына алмайды, ауру 2 — 3 күнге созылады. Індетті белгілері бойынша қарап және бактериол. зерттеулермен анықтайды. Індетке шалдыққан малды бөлек бағады, мал қорасы залалсыздандырылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *