ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ

ЗАМАНАУИ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАРИХ ҒЫЛЫМЫ

Бүркітбай Аяған
тарих ғылымдарының докторы, профессор, Білім беру Академиясының академигі

Құндызай Ерімбетова
тарих ғылымдарының кандидаты, Тарих және қоғамдық ғылымдар
Академиясының академигі

ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты. Астана қ.,

Тарихи сананы жаңғырту. 1990-шы жылдардың басындағы Қазақстанның дамуының ерекшелігі, оның түрлі тарихи оқиғаларға толы болуында. Ел экономикасын реттеуде заманауи уақыт талабына сай жұмыстар қолға алынды және дәл осы жылдар Қазақстан үшін тарихтың жаңа беттерін айқындаған кезең болды. Әлеуметтік-экономикалық қатынастарды қайта құру және оған сәйкес қоғамдық жүйені қалыптастыру, әлемдік үдерістерге сүйенетін шаруашылықты жүргізудің жаңа сапалық үлгісін жасауды қажет етті. Қолға алынған кең көлемдегі реформалар аясында, материалдықтехникалық база деңгейі мен сипаты, қоғамдық үдерістердің тарихи және геосаяси жағдайы, елдің ұлттық және әлеуметтік-мәдени ерекшеліктері, әлеуметтік-саяси күштердің әсері сияқты көптеген факторларға байланыстырыла қаралып, ескерілуі қажет болды. Қазақстандағы нарықты экономиканың қалыптасуы — дәстүрлі шаруашылықтың әлсіреуі, ақшаның құнсыздануы, яғни жалпы экономикалық дағдарыс жағдайында бастау алды. Нарықтық талаптарға сай экономикалық жүйе үшін Қазақстанға өзіндік әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси даму басымдылықтарын анықтау қажет болды. Нарықты, мемлекеттік және жеке секторларды қайта үйлестіру; меншік қатынастарын қайта құрылымдау; экономиканың әлеуметтік бейімделуі — қазақстандық экономика үлгісінің негіздері болып айқындалды.
Қазақстанның өркениетті ел қатарына қосылуының басты талаптарының бірі, демократиялық даму екендігі түсінікті болды. Қоғамдық жүйенің өзгеріске ұшырауы, мемлекеттіліктің қайта түлеуі және қалыптаса бастауы, басқарудың жаңа жүйесі, әлеуметтік құрылымдық өзгерістердің күнделікті өмірдегі үйреншікті сипаты болды. Осындай жағдайда рухани-мәдени және саяси дағдарыстарды болдырмау тетіктері қарастырылып, реформа қарқынды жүргізіле бастады. Кеңестік империяның тарих сахнасынан кетуі, қоғамдық қатынастар мен адам болмысына әсерін тигізбей қоймады. 1990-шы жылдардың басында Қазақстанда 200-ден астам ғылыми мекеме жұмыс істеді. Бүкіл зерттеу жұмыстарын Қазақстан Республикасының Ғылым академиясы үйлестірді. Қаржыландырудың қысқаруы мен экономикалық дағдарысқа қарамастан, мемлекет іргелі ғылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлді. 1992 жылы ғылым салаларын басқару функциялары берілген, Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылды.
Үкіметтің 1992 жылдың 23 шілдесінде қабылданған «Жоғары аттестациялық комиссия туралы» қаулысы қазақстандық ғылыми кадрлар даярлау жүйесіндегі маңызды қадам болды. Ізденушілер тұңғыш рет Қазақстан Республикасында өздеріне, ғылыми мәртебе берілгені (ғылым докторлары мен кандидаттары) жөнінде дипломдар ала бастады. Аспирантурада жаңа мамандықтарға оқыту қолға алынды.
1993 жылдың қаңтар айындағы Мемлекет басшысының жаңа Жарлығына сәйкес қазақстандық ғылыми құрылымдар республиканың жоғары ғылыми мекемесі мәртебесіне ие болған, Ұлттық Ғылым академиясына біріктірілді. Ғылыми-техникалық бағыттар бойынша ұлттық ғылыми орталықтар құрыла бастады. Тарих ғылымы бұрынғы идеологиялық догмалардан және бағыттардан арыла бастады. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі оқырмандар назарына ұсынылған алғашқы іргелі ғылыми зерттеу қорытындысы ретінде, «Көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы» атты тарихи очерк баспадан шықты. Кітапты шығаруға «Қазақстан» даму Қоры жәрдемін тигізді. Авторлар ұжымымен қолға алынған бұл еңбек, Қазақстан тарихын толық баяндауды мақсат тұтқан жоқ. Жаңа кезеңдегі халықтың тарихи санасын оятуға қатысты мәселелерді ғылыми тұрғыда объективті зерттеуге ден қойылды. Қазақстанның әлемдік өркениеттегі орны мен рөлін айқындаудың алғашқы талпынысы жасалды. Бұл кітапта күрделі де қайшылығы мол оқиғалар желісін көпшіліктің дұрыс түсінуі үшін, бұрын құпия болып келген оқиғаларға қатысты фактілерге жаңаша пайым жасалды және отарлық тәртіп пен ұлттық тәуелсіздікті сақтау жолында батылдық көрсеткен күрескерлер, тоталитарлық тәртіптің құрбаны болған қазақ мәдениеті мен ғылымының көрнекті қайраткерлерінің даңқты есімдерін тарих сахнасына қайтарғандығымен де құнды.
Авторлардың жекелеген пайымдары мен оқиғаларға берген бағалары, тіпті кейбір концептуалды мәселелер бойынша авторлардың жеке көзқарастары өзгеріссіз берілді. Ғалымдар ғылыми ізденістердің жалғасы болатын, жаңа фактілердің, жаңа методологиялық көзқарастардың қажеттігін ескерді. Кітапта өткізілген ғылыми — теориялық конференциялардағы ғалымдардың пікірталастары негізінде жасалған қорытындылар да ескерілді. Бұл ғылыми басылымның ерекшелігі неде, деген мәселеге тоқталсақ. Мысалы, кітаптың бірінші және екінші бөлімінде бұрын қазақ тарихының ақтаңдақ беттері болып келген, халқтың шығу тегі мен антропологиялық мәселелері жаңаша көзқараста сараланса, Қазақстан аумағындағы этникалық процестер мен қазақ халқының қалыптасуы парсы, араб, орыс деректері бойынша жан-жақты зерделенді. Әсіресе тарихи кезеңді археологиялық артефактілермен дәйектеуде, ежелгі және орта ғасырлық, оның ішінде тас ғасыры дәуірі, қола ғасырына және Қазақстан территориясындағы тайпалық одақтар мен ертедегі мемлекеттер, кейінгі орта ғасырлық қала мәдениетінің ашылуы, тарихта көмескілеу болып келген түйіткілдердің бетін ашты. Араб деректері негізінде Қазақстанның орта ғасырлық кезеңіндегі ерте және дамыған орта ғасырдағы мемлекеттер (VIXIIIғғ.) тарихы жазылды. Бұрыннан пікірталасқа толы тақырыптардың бірі — «Қазақстан Ресей империясы құрамында» тарауы бойынша Қазақстанның Ресейге қосылуы, жаулап алуы, ұлт-азаттық күрес, оның ішінде 1837-1847жж.
Кенесары ханның басшылығымен Сырым Датов, Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов, Жанқожа Нұрмұхамедов бастаған көтерілістер, XIX ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық қатынастарға қатысты ұлттық мүдде және әлемдік тарихтағы оқиғалардың алатын орны тұрғысында жан-жақты тұжырымдалды. Күрделі кезеңдердің бірі, XVIII ғасыр мен XIX ғасыр ортасындағы қазақ қоғамының әлеуметтікэкономикалық дамуының ерекшеліктеріне қатысты мұрағат қорларындағы жаңа деректер жүйеленді. Әрине осы кезеңдегі Қазақстан мәдениетінің рөлі мен сипаты баяндалды.
Кітапта ХХ ғасырдың басындағы оқиғалар легі жеке берілді. Әлеуметтікэкономикалық жағдай, 1905-1907 жж. ресейлік революцияға қатысу, бірінші дүниежүзілік соғыс жағдайында, Қазақстандағы ақпан революциясыазаматтық қарсылық кезеңі, қоғамдық-саяси өмір, тоталитарлық жүйенің қалыптасуы, Қазақстандағы ұжымдасу, ауыл шаруашылығын жүргізудегі келеңсіздіктер мен билік тарапынан жасалынған бассыздықтар туралы тарихи деректер алғаш ғылыми айналымға енді. Сол сияқты бұрынғы іргелі ғылыми зерттеу жұмыстарына қатысты ғалымдардың, Ұлы Отан соғысы дәуірі, Қазақстанның 1956-1970 жылдардағы қоғамдық-саяси өмір, өнеркәсіптің дамуы, шаруашылық реформасы, транспорт жүйесі, әлеуметтік құрылымдағы өзгерістер, 1970-1980 жылдардағы Қазақстанның даму тенденциясы, 1917-1992 жж. Қазақстанның мәдени өмірі, әлеуметтік-демографиялық процестер жөніндегі қорытындылары берілді.
Тарихи очеркте «Қазақстан – егемен тәуелсіз мемлекет» тақырыбы қазіргі заманғы нақты оқиғалар негізінде тұжырымдалды. Қазақстанда алғаш рет Демография ғылымы саласы бойынша ғалымдар халықаралық форумдарда баяндама жасап, халық саны мен сапасына қатысты мәселелерге ден қоя бастады. Қазақстан тұрғындарының демографиялық ахуалы салыстырмалы сараланды және оның келешегіне болжамдар жасалды. Зерттеушілердің жаңа буыны өсіп жетілді және тың тақырыптарда мұрағаттық деректерге негізделген ғылыми монографиялар жарық көрді. Шетелдегі қазақтар өмірі, көші-қон тарихнамасы, әлеуметтік-демографиялық құрылым, репатриация, этникалық саясат бойынша отандық және шетелдік архив мұрағаттары деректері ғылыми айналымға енгізілді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан Қазақстанда, тағы да бір ерекше қоғамдық ғылымдардың саласы — Әлеуметтану ғылымы қалыптасу және даму сатысынан өтті. Әлеуметтанушылардың пайымынша, қоғам – әрқашан өзгертуге мүмкіншілік бар, адам ақыл-ойының жемісі. Сондықтан да қазақстандық әлеуметтану ғылымы саласы ғалымдарының еңбектерінде, қазіргі қоғамның түрлі мәселелері қозғалды. Кеңес дәуірінде бұл салаға мән берілмеді. Қоғамда тек жұмысшы және шаруа табы үстемдік етеді деген, жалған пайымға негізделді. Жаңа ғасырдағы Әлеуметтану ғылымы түрлі ғылымдармен біте қайнаса дамыды. Қоғамдағы әлеуметтің үлкен әлеует екенін негіздеді. Сондықтан да тарихи кезеңдегі әлеуметтік топтар мен құрылымның мемлекет дамуындағы рөлі ерекше орын алады. Әлеуметтік топтың әлеуетінің көтерілуімен, біртұтас ел әлеуеті нығая түседі. Алғашқы зерттеу жұмыстарының қатарына әлеуметтік құрылым және әлеуметтік стратификация (профессор М.С.Әженов), Қазақстандағы социология ғылымының қалыптасуы мен дамуы (профессор Н.Аитов) әлеуметтік мәселелерді зерттеудегі этноаймақтық мәдени байланыстар (профессор М.Тәжин) және басқа да тың тақырыптар аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде монографиялық еңбектер жарық көрді. Бұл еңбектерде әлеуметтік құрылым мен топтардың мазмұны және туындаған мәселені шешу тәсілдері, алғаш қарастырылды. Аймақтарда тілдік саясатты қайта құруға байланысты басым ойлар да болды. Себебі бұл мәдени және саяси қатынастарда аймақтық тепетеңдікті қалыптастырудың маңызды бағыты болатын.
Осы уақыттан бастап Әлеуметтану, Еңбек социологиясы бойынша сөздіканықтамалар, қолданбалы социологияға қатысты кітаптар (профессор К.Габдуллинаның редакциясымен) жарық көрді. Әсіресе нарық жағдайында шаруашылық басшыларының әлеуметтік топтармен қарым-қатынасына қажетті дүние, олардың саяси мәдениеті (профессор К.Биекенов), Қазақстандағы партиялардың қалыптасуы (С.Сейдуманов), экономикадағы әлеуметтану саласын қалай дамыту қажеттігі (Е. Раисов) және басқа да әлеуметтік сала мәселелері туралы тақырыптар зерделенді. Өтпелі кезеңдегі жұмысшылар еңбегіне қатысты маңызды факторлар айқындалды. Осылайша, Әлеуметтану ғылымының салалары бойынша, әлеуметтану ғылымдарының докторлары Б.Алдашов, О.Нұсқабаев, М.Садырова, Ш.Джаманбалаева, З.Шаукенова, М.Абишев және басқа да ғалымдар ғылыми-зерттеудің тиімді тәсілдеріне мән берді.
Саясаттану ғылымының да даму бағыттары айқындала түсті. XXI ғасыр тарихы жаһандық саяси ойын алаңдары және геосаяси өзгерістерге толы болғандықтан, қоғамдық ғылымдар зерттеулерінде саяси жүйелер тарихын үнемі ескеру қажеттігі артты. Саяси білімнің геосаясат, хроносаясат, саяси психология, саяси семиология және басқа салалары бар. Демократиялық өтпелі кезеңдегі қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, биліктің бөлінуі және басқару тиімділігі, экономикалық дағдарыс пен әлеуметтік мемлекет жөнінде, саяси күштердің қақтығысы мен консенсусы туралы, саяси элита және демократияның әлеуметтік негізі туралы, демократиялық құрылымның заңдылығы туралы мәселелер електен өткізіліп, жаһанданудың жалпы әлемдік үдерістер аясында оның жүйелі шешімін табу бағытында түрлі мәселе бойынша біраз ғылыми ізденістер жүргізіліп, саяси ауысулардың әртүрлі тәсілдері мен сипаттары сияқты аймақтық, электоральды және медиасаяси тәртіп, қауіпсіздік, ішкі және халықаралық саясат, саяси ауысу және жаңғыру, саяси жүйе мен көппартиялық, демократия және азаматтық қоғам айшықталды.
1989-1990 жылдары республиканың жоғары оқу орындарында жаңа пән, ХХ ғасырдың саяси тарихы оқытыла бастады, «Қазіргі замандағы социализм теориясы», кейінірек «Әлеуметтік-саяси қатынастар теориясы» пәні енгізілді. Саясаттану кафедралары құрыла бастады. Мысалы, ҚазМУ-де профессор Т.Мұстафиннің басшылығымен алғашқы Саясаттану кафедрасы ашылды. Алматы қаласы ғана емес, республиканың аймақтарындағы оқытушылардың методикалық және мазмұн жағынан біліктілігін арттырып, оларды жаңа даярлықтан өткізу мақсатында Әл-Фараби атындағы ҚазМУ жанынан Қоғамдық ғылымдар оқытушыларының біліктілігін көтеру Институты ашылды. Оның басшылығына профессор М. Аженова тағайындалды. Мұнда дәріс берген профессорлар: А.Тұрсынбаев, С.Ковальский, А.Соловьев, Т.Мұстафин, В.Козьменко, А.Ишмухамедов, Г.Козлов, Н.Масанов, Ж.Абылхожин және басқалар. Негізінен осы курстан өткендердің басым көпшілігі кейін саясаттану ғылымы саласынан докторлық диссертация қорғады. Оқу құралдары мен анықтамалар жарық көре бастады. Саяси әлемге негізделген тұжырымдар, қоғамның әрі мемлекеттік органдардың сұранысын қанағаттандыра бастады. 1990 жылдың ортасынан бастап Қазақстандағы саяси ғылымның дамуына Ғылыми-талдау орталықтары да белсенді араласа бастады. Президент
Әкімшілігі жанындағы Ақпараттық-талдау орталығы (М.Тәжин), Жоғары Кеңесте (М.Аренов), Қазақстанның Старатегиялық зерттеу институты (Ө.Қасенов), Қазақстанның Әлеуметтік даму институты (Е.Арын), Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжам жасау институты
(С. Жүсіпов). Мұнан кейін саяси зерттеулердің Орталық Азиялық агенттігі (Е.Қарин, Д.Сатпаев) құрылды.
Іргелі ғылыми зерттеулер жұмысын Философия және саясаттану институтының (А.Нысанбаев) қызметкерлері орындады. Қаржылық көмектер «Еуразия», «Сорос-Казахстан», Ф.Эберт атындағы қорлар тарапынан көрсетілді. Кәсіби белгісіне қарай, қоғамдық Бірлестіктер құрылды. Олардың қатарына Қазақстанның саяси ғылымдарының Академиясын, Алматы қаласының Әлеуметтану және саясаттану академиясын (Б.Бектұрғанова), Саясаттану пәні оқытушыларының бірлестігін жатқызуға болады.
«Мысль», «Саясат», «Евразийское сообщество», «КонтиненТ», «Евразия», «Аналитик», «Қоғам және дәуір» және басқа да журналдарда өзекті ғылыми мақалалар жариялана бастады. 1998 жылы профессор Т.Мұстафиннің редакциясымен «Қазақстанның саяси энциклопедиясы» жарық көрді. 2001 жылы тұңғыш рет Қазақстанның саясаттанушыларының Бірінші конгресі өтті және Қазақстанның Саяси ғылымдар Ассоциациясы құрылды. Қоғамда саяси публицистикалық жанр (С.Дуванов, Н.Кузьмин, С.Кұттықадам, А.Омарова, Э.Полетаев, Н.Ерімбетов, Д.Көшім, А.Сарым, А.Тойғанбаев, А.Хан және басқалар) таныла бастады. 2001-2009 жылдары қоғамдық білім жүйесіндегі, Саясаттанудың орнын айқындау мақсаты тұрды. 2009 жылы Қазақстан саясаттанушыларының II-Конгресі өткізілді және Дүниежүзі саясаттанушылар қауымдастығымен етене араласа бастады. 2011 жылы Қазақстанда саясаттанушылардың I-Еуразиялық Конгресі өткізіліп, кейін Конгресс жұмысы дәстүрлі түрде жалғасып отырды. 2014 жылдың 21 қаңтарында Қазақстанның Саясаттанушылар қауымдастығын біріктіру мақсатында, Қоғамдық бірлестік – Саясаттанушылар Конгресі құрылды. Республика аймақтарында ұйымның тармақтары мен филиалдары бар. Оның жанында Қазақстан саясаттанушыларының Сараптамалық клубы, Астана саяси мектебі жұмыс атқарады.
Тарихи сана тұжырымдамасы. Елдің мемлекеттік егемендігі және осыған байланысты жаңа әлеуметтік-саяси жағдай, қоғамдық және өзіндік санаға әсер етті. Тұмшаланған шекараның ашылуы және жаңа ақпараттар легі әлемге, оның халқы мен тарихына деген көзқарастарды өзгертті. Қазақстан тарихын КСРО-ның біртұтас тарихының бір бөлшегі ретінде емес, әлемдік тарих, Еуразия, көшпелі өркениет, түркі халықтары, Орталық Азия елдері дамуының контексінде қарастыру қажеттілігі туындады. 1995 жылдың маусымында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңес, жаңа «Қазақстан Республикасындағы тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасын» қабылдады. Тұжырымдамада тарихты оқытудың өзекті мәселелері – тарихи ой-сананың басымдықтары, тарих ғылымының кейбір мәселелері мен тарих ілімінің перспективалары қарастырылды. Мақсатты қимылдарды іске асыруға байланысты міндеттер қойылды. Ең бастысы, тарихи білімнің негізгі бағдарларын анықтау; өтпелі кезеңдегі тарих ғылымының басты мәселелері мен оны шешудің мүмкін болатын бағыттарын айқындау; тарихи білім мен оқу-ағартуды реформалау жолдарын белгілеу болатын. Бұл тарихи кезеңдегі ғалымдардың, оқытушылардың, инженерлердің өз борыштарына адал, теңдессіз игіліктер – білім мен жарқын болашаққа сенгендігін және оны сақтай білгені жөнінде, Президент Н.Назарбаев «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегінде үлкен толғаныспен баяндайды.
Отан тарихы ғылымында кешенді зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер көтерілді. Ол «қазақ» этнонимінің пайда болуы, қазақ халқының этногенезі, қазақ мемлекеттілігінің құрылуы, көшпелі қоғам эволюциясы. Сол сияқты Қазақстан тарихын кезеңдеудің, мамандардың басым бөлігі мойындаған нұсқасы қажет болды. Қазақ этносының қалыптасу және даму тарихы, Ресей империясы құрамына қазақ хандықтарының қосылу тарихы, КСРО құрамындағы Қазақстанның дамуы, Қазақстанға жер аударылған халықтардың қоныстануы мен күштеп көшірілуі және олардың орналасу тарихына байланысты мәселелерді зерттеу күн тәртібіне қойылды.
Тұжырымдамада Қазақстан тарихын қарастырғанда оның еуразиялық мәдениет пен тарихқа қатыстылығы туралы идеяның маңыздылығы аталып өтті. Мемлекеттілікті құраушы төл этностың үздіксіз даму үрдістерімен қатар, әртүрлі тарихи кезеңдерде Қазақстанға қоныстанған тұрғындар тарихы мен мәдениетінің сабақтастығы ескерілді. Қазақ мемлекеттілігі ірі көшпелі империялар мен Қазақстан территориясында ертеде өмір сүрген жеке хандықтар мемлекеттілігінің жалғасы ретінде қарастырылды. Яғни тарихи білімнің негізгі басымдылықтары, тарих ғылымының проблемалары, тарихи білім мен ағартушылықтың перспективалары тұжырымдалды. Тарихшылар арасында Қазақстан
Республикасы тарихшыларының аймақтық бөлімдері мен Ассоциациясын құру туралы ұсыныс айтылды. Қазақстан тарихы, Орталық Азия елдері, жалпы тарих бойынша ғылыми әдебиеттер шығаратын арнайы Мемлекеттік бағдарлама даярлау, ғылыми, ғылыми-көпшілік мәндегі тарихи журналдарды, мұрағат әлеуетін пайдалану және ол мекемелерде өздерінің жеке басылымдарын шығаруды ұйымдастырған дұрыс деп шешілді. Тәуелсіздік жылдары толымды ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынды. Атап айтқанда: Қазақстанның ғылыми мұрасын жұртшылыққа таныстыруда Ш.Ш.Уәлиханов шығармаларының 8 томы, Әлкей Марғұланның көптомдығы, Мұстафа Шоқайдың 12 томының басылымы және басқалар баспадан жарық көрді. Ұзақ жылдар бойы Қазақ хандығы, Қазақстан мен Орталық Азияның орта ғасырлық тарихы мен мәдениетіне қатысты жазба деректері, Қазақстанның саны аз халықтары жөнінде зерттеу жұмыстары жүргізілді. Тарихнамалық және архив деректері негізінде Шығыс елдерінің әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани өмірі, әлеуметтік өтпелі кезеңнің түрлі тұжырымдамалары сараланды. «Халық тарих толқынында» және «Ғылыми қазына» бағдарламалары аясында 16 кітап және монографиялық еңбектер жарық көрді. Шетелдік қорлардан айқындалған Қазақстан және Орталық Азия тарихы мен мәдениеті бойынша артефактылар, жазба, ауызша және эпиграфиялық деректердің электрондысандық Жинағының каталогын қалыптастыру бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Халықаралық қызмет аясында Ынтымақтастық туралы шетелдік серіктестермен (Қытай, Ресей, Шығыс Еуропа, Орталық Азия елдері, Үндістан және басқалармен) 40 аса Меморандумға қол қойылды. Бүгінгі күні тарихи сана тұжырымдамасы, жалпыұлттық мемлекеттік «Рухани сананы жаңғырту» бағдарламасымен жалғасын табуда.
Ататарих жаңғырығы. Қазақстан Республикасы жаңғырған мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңінде отандық ғалымдар ғана емес, сол сияқты таяу және алыс шетелдегі тарихшы қауым да белсенділік көрсетті. Біріншіден, олар өз ісінің кәсіби мамандары болатын. Екіншіден, ғасырлар бойы армандаған халықтың рухани жаңғыруына оның ақиқат беттерінің ашылуы ауадай қажет екенін түйсінді және азаматтық парыздарын орындауға бел байлады. Адамзат дәстүрінде мұндай жандарды – зиялылар деп атайды. Ендеше, олардың бір парасының еңбегіне қысқаша тоқталып өтсек.
1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының кеңестік жүйеге қарсы көтерілісі туралы тек батыс дүниесі ғана емес, сол сияқты күллі әлемге Азаттық радиосы алғашқы болып жар салған болатын. Сонау ХХ ғасырдың 60-шы жылдары қазақтың Мағжанын тірілткен, 70-ші жылдары Алаш қайраткерлерін ұлағаттап, қазақтың ұлт-азаттық қозғалысына шолу жасаған, бірегей тарихшы — Хасен Оралтай (1933 — 2010) есімі жадымызда мәңгі қалары сөзсіз. Ол қазақ, түрік, ағылшын, неміс тілдерінде шығармашылығын әлем жұртшылығына паш еткен, елінің тәуелсіздік туының желбірегенін көріп кеткен, бақытты да дара тұлға.
ХХ ғасырдың 40-шы жылдары көрші қытай елі оқырмандарына қазақ халқының тарихы мен мәдениетін «Қазақ тарихының дерегі» (1947ж.) еңбегі арқылы танытқан аудармашы, тарихшы-әдебиетші, «қазақтану ғылымының атасы» атанған ірі тұлғалардың бірі — Нығмет Мыңжанұлы. Ерекшелігі отанынан жырақта жүріп Шәкерім, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек, Ілияс, Сәкен, Бейімбет, Ахметтен нәр алған, «Мәншүк», «Әлия», «Қыз жібек», «Шұға», «Ертарғын» және басқа қазақтың батырлық дастандарын қытай оқырмандарына таныстырған жан. Оған қоса, «Хорчин даласында» романын, Лушүннің «Есалаңның естелігі», «Айқай-сүрен» сияқты әңгімелерін, басқа да ғылыми мақалаларды ханзу тілінен қазақ оқырмандарына жеткізген. Нығмет Мыңжанұлы Қазақстан және Қытайдың рухани аралық көпірі рөлін атқарған, бірегей тұлға.
Түркия еліндегі Мимар Синан университетінде жұмыс атқаратын тарихшы-түрколог, Мұстафа Шоқайтанушы ғалым – Әбдіуақап Қара алғашқылардың бірі болып, «1986 жылғы Желтоқсан оқиғаларына» қатысты зерттеу жұмысына кірісті. Ол ХХ ғасырдағы алаш арыстарының тарихына да бей-жәй қарай алмады, нәтижесінде «Мұстафа Шоқайдың өмірі мен күресі» тақырыбында докторлық диссертация жұмысын қорғап шықты.
Ширек ғасыр бойы аталынған тақырып аясында жан-жақты ізденістерін жалғастырып, Қазақстан және Түркия арасындағы мәдени-ғылыми байланыстар ауқымын кеңейтуге үлес қосып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстан тарихы бойынша оқу құралдары мен хрестоматиясы бойынша авторлық құрамда жұмыс атқарып, XVII-XIX ғғ. Қазақстан тарихының кезеңдеріне қатысты авторлық ұжымдық құрамында белсенділік көрсеткендер ішінде, Ресей Федерациясы Ресей Тарихы институтының (бұдан әрі, -РФ РТИ) профессоры, тарих ғылымдарының докторы Найля Ермұханқызы Бекмаханова болатын. Ғалым соңғы ширек ғасырда өзекті тақырыптарда өткізілетін халықаралық шараларға қатысты және оның Қазақстан мен Орта Азия тарихына қатысты құжаттар жинағы, тарихи-географиялық ізденістері, 1812 жылғы Отан соғысына қатысқан қазақтар жөніндегі еңбегі ғылыми ортада қызығушылық тудырды.
Ортағасырлардағы еуразиялық даладағы түріктер (VII-Xғғ.) тарихы, 1916 жылғы Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалыстардың сипаты мен ерекшелігі, Орта Азия тарихына қатысты мәселелер ауқымында іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен танылған, РФ Шығыстану институтының профессоры
Александр Шайдатұлы Қадырбаевты атап өту абзал. Сол сияқты ХХ ғасырдағы Қазақстан тарихының «ақтаңдақ» беттеріндегі Алаш және Алашорда қозғалысы тарихы тақырыбы аясында іргелі зерттеумен айналысып жүрген, РФ РТИ-дың профессоры Дина Ахметжанқызы Аманжолованың еңбегін атаған жөн. Айта кету керек, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей ғалымдары арасында өзара ғылыми-интеллектуалдық ортаны қалыпты жағдайда дамыту үрдістері жаңаша бағытта жаңғырып келеді.
Қазақстанның қазіргі заман тарихы. Ширек ғасыр ішінде Қазақстан тарихы ғылымы өзінің қалыптасу жолынан өтті. Көптеген тарихи зерттеулер жарық көрді. Қазіргі заман тарихы – тарихи зерттеу нысанының маңызды бағытына айналды. Қазіргі замандағы Қазақстан мемлекеті тарихын теориялық негіздеу және жазу, мемлекеттік және тарихи сананы қалыптастыру процесін ғылыми-талдаумен қамтамасыз ету мақсатында, Мемлекет басшысының қолдауымен Астана қаласында Мемлекет тарихы институты ашылды. Институт ғалымдары қазақстандық қоғамда тарихи танымды қалыптастыру, халықтың тарихи-мәдени мұрасын талдау, жаңа жағдайдағы Отан тарихының теориялықметодологиялық принциптерін қалыптастыру бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Қазақстан Республикасының қазіргі заман тарихының іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстары жолға қойылып, оның нәтижесі бойынша баспадан көптеген іргелі ғылыми еңбектер жарық көрді. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу тарихын республика аймақтарының мектептерінде оқыту мәселелеріне арналған, алғашқы методологиялық семинар жұмыстары жүргізілді.
2008 жылдың қараша айында «Ұлттық тарихты кезеңдеу: жаңа методологиялық көзқарас» бойынша методологиялық семинар жүргізіліп, «Тәуелсіз Қазақстан тарихы» оқулығын даярлау жұмыстары басталды. Қазақстанның қазіргі заман тарихының өзекті мәселелерін талдау және ғылыми-методологиялық материалдарды жүйелеу, оны ЖОО-ның оқу бағдарламасына енгізуге қатысты, «Тәуелсіз Қазақстан тарихын зерттеудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Тарих ғылымы өзіндік ерекшелігіне қарай саяси саладан тыс дами алмайтындығы белгілі. Сондықтан да тарих ғылымын жетілдіруде ғалымдар елдегі нақты үрдістерге сүйенеді. Бұл тарихты саясиландыру деген сөз емес. Тек тарихи оқиғалар мен саясат арасындағы өзара ынтымақтастық, пайдалы өзара іс-қимылдар назарға алынуы шарт. Тарих ғылымы өткен оқиғалар легімен бірге, қазіргі заман тарихын біртұтас және жан-жақты қарастырады. Келешектегі ұлттық-мемлекеттік міндеттерге және әлемдік тарих ғылымы әлеуетіне сәйкес, Қазақстанның тарих ғылымына жаңа серпін қажет болатын.
Осы мақсатта мемлекеттік деңгейде мақсатты, бағытталған даярлық жұмыстары жүргізілді.
2009 жылдың 24 ақпаны күні республиканың танымал тарихшыларының қатысуымен, «Қазақстанның жаңа тарихы және Тұңғыш Президент Н.Ә. Назарбаевтың тарихи рөлі» тақырыбы сараланды. Ғылыми шарада тарихтың объективті жазылуына, әсіресе тәуелсіздік тарихын жазудағы теориялықметодологиялық, деректік ерекшеліктермен қатар, жеке ғалымдардың ұсыныстары тыңдалды. Тарихшылар қауымына ғылыми методологиялық орталықтың қажеттілігі, сол сияқты тарихты бұрмаламай тарихи тұлғаларды салыстырмалы түрде тарихи сабақтастықпен жаза отырып, Президент тұлғасына, яғни «Назарбаев феноменіне» зер салу мәселесі көтерілді. Уақыт талабына сай, Н.Ә. Назарбаевтың «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласында көрсетілген дағдарыстың себебі, одан шығудың жүйелі жолдары, тарихшыларға да елеулі ой тастағаны, түбегейлі жаңару кезеңі келіп жеткендігі, бүкіл ойлау жүйесін жаңарту қажеттілігі баса айтылды. -«Ол үшін не істеу керек?», — деген сұраққа жауап табуға ұмтылыс жасалды. Тарихты, оның методологиясын түбегейлі өзгерту қажеттігі, тарихи процестегі өзекті мәселелерді айырып, сезіне білу керектігі туралы сөз болды. Тәуелсіздік кезең тарихын зерттеуде мемлекеттік шекараны бекіту жөніндегі келісім мәселесін орта ғасырдағы, кеңестік дәуірдегі оқиғалармен сабақтастыру, Елбасы — тәуелсіздік идеясының бастамашысы ретінде және Еуразиялық, қауіпсіздік, халықаралық, рухани мәселелерді жеке қарастыру қажеттігі ортаға салынды және тақырыптық жеке жинақтар шығару туралы ұсыныстар түсті. Ғалымдардың келесі тобы қазақ ұлтының ерекшелігін, тәуелсіздіктен кейінгі қоғам өміріндегі өзгерістер, Қазақстан туралы шетелдіктердің көзқарасы мен ақпараттық мәліметтер қаперге алынуы тиіс деген пайым жасады. Тарихи оқиғалар өтпей жатып, оған сын көзбен қараудың күрделілігін, бірақ тәуелсіздікке қол жеткелі Қазақстандай жетістікке жеткен мемлекеттер санының көп еместігін және тарихта баламалы шешім қажеттілігі де атап өтілді.
2009 жылдың 25 ақпаны күні тәуелсіз Қазақстанның жаңа заман жағдайындағы ғылымының даму болашағы, елдегі өзгерістерді талқылау мақсатында, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы К.Саудабаев танымал тарихшы ғалымдармен кездесті. Расында, тәуелсіздік жылдары
Қазақстан егеменді мемлекет ретінде әлемге мойындалған, халықаралық деңгейде бедел жинаған елге айналды.
2010 жылы Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқылардың бірі болып, құрамында елу алты ел бар, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі Ұйымға төрағалық етті. Осы жылы Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Қазақстан тарихының (көне заманнан бүгінге дейін) төртінші және бесінші томдарының жазылып аяқталуына байланысты, «Атамұра» баспасынан Қазақстан тарихының толық бес томдығының академиялық басылымын шығарды. Мұның алғашқы үш томы 1996-2000 жылдары жарық көрген болатын. Оның редакциялық алқасы құрамында ұзақ жылдар іргелі ғылымизерттеу жұмыстарымен айналысқан танымал ғалымдар жұмыс жасады. Бұл тәуелсіздік кезеңінің, алғашқы 5 томдық академиялық ғылыми басылымы болатын. Әсіресе, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен дамуы, қазақ хандығы тарихы, XIX-XX ғғ. көші-қон саясаты және тұрғындарды Қазақстанға күштеп қоныстандыруға, елдің мәдени дамуы мен саяси партиялардың қалыптасуындағы ерекшеліктерге, сол сияқты алаш қайраткерлерінің тағдырларына қатысты тың тарихи деректер ғылыми айналымға енгізілді. Төртінші және бесінші томдары бойынша жүргізілген іргелі зерттеуде, Қазақстанның кеңестік дәуірі мен тәуелсіздік кезеңінің алғашқы он жылындағы археологиялық, этникалық-этнографиялық, демографиялық, әлеуметтікэкономикалық, саяси, рухани-мәдени салаларының даму тарихы бойынша жаңа дерек көздері айқындалып, жаңаша көзқарастар тұжырымдалды. Осындай іргелі зерттеу жұмыстарының нәтижелері, қоғамдағы тарихи сананы жаңғыртуға қатысты түрлі сала ғалымдарының жаңаша пайымдар жасауына ықпал етті.
ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты құрылған алғашқы жылдардың өзінде, ғалымдар түрлі тақырып аясында зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізе бастады. Ең бастысы ғалымдар, дәуірдің объективті зерттеушілері болу, құлдық сана қалыбын бұзу, тарихи оқиғаларға нақты қарау және оны жауапкершілікпен жазу сияқты алдарына нақты мақсаттар қоя білді. Қазақ мемлекеттігінің құрамындағы субэтникалық топтар мен дәстүрлі қазақ мемлекетінің тарихнамалық және методологиялық мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізілді. Заманауи тақырыптарда тәуелсіздік пен еркіндік, компьютерлік технологияның даму жағдайындағы интеллигенция, қазіргі заман тарихының өзекті мәселелері зерделенді. Атап айтқанда, Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тәуелсіз мемлекетті қалыптастырудағы тарихи рөлі, жаңа бастамалары мен Еуразиялық Одақ идеясы төңірегіндегі нақты іс- қимылдар, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы заманауи Қазақстанның тарихы, мемлекет және мемлекеттік сана-сезімнің тарихи қайнар көздері және басқа да тақырыптар. Жоғарыда аталған жобалар негізінде ғалымдардың алғашқы моногрфиялары, биографиялық энциклопедия, мектеп және ЖОО-на арналған оқулықтар мен хрестоматия, анықтамалар, терминдер мен ұғымдар сөздігі, әдістемелік құралдар, баяндамалар жинақтары және басқа еңбектері жарық көрді.
2009 жылы «Қазақтар және түркі әлемі: мемлекеттіліктің бастаулары» сияқты Тұран кеңістігіндегі мемлекеттілік бастауының түркі халықтарының, оның ішінде қазақ тарихы мен мәдениетіндегі орны, іздері жан-жақты ашылған отандық ғалымдардың еңбектері жарық көрді. Мұндай тың шығармалар қоғамдық сананы өзгертуге ықпал етті. Әсіресе, мемлекет құраушы ұлтқа қатысты тарихи әділеттілікті қалпына келтіру, сол сияқты 100-ден аса этнос пен 17 конфессия өкілдері тұратын Қазақстанның Еуразиялық ауқымда мәдениеттер үйлесімділігінің үлгісіне айналуы, жаңа Елорданың қанат жаюы, оқу мен білімге құштарлық, ғаламдық бастамаларға қол жеткізу, жан-жақты ғылыми-көпшілік ақпараттармен қоса жүргізілді. Тікелей жаңалыққа ұмтылыс және заманға қарай бейімделу нәтижесінде, Қазақстанда әлем қауымдастығы мойындаған реформалар іске асырылды және ол қуатты мемлекетке айналды. Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдықтарында шетелдік деректердің қол жетімді болуы, зерттеуші ғалымдарға үлкен серпін берді. Тұңғыш рет қазақ этногенезі мен мемлекеттілігінің қалыптасуы және дамуына байланысты іргелі ғылыми зерттеу еңбектері жарық көрді.
Қандай заман болмасын, елдік мүдде — қазақтың ұлттық мемлекеттік бітімі, біртұтастық үрдісі болғандығы айқындалды. Ата-баба жолы – ата дәстүрі, елін және жерін қорғау дәстүрінің сабақтастығы сараланды. Тарихқа деген қызығушылық артты. Рухани салада түбегейлі өзгерістер қалыптаса түсті. «Тарихи сана тұжырымдамасы» аясында, қазақстандықтар өз рухтарының – өрі де, тұғыры да – төрде болуы жолында, еңбек етті және алға ұмтылыс жасалды. Келешек ұрпақтың жаңа дүниетанымдық моделін жобалау, басты құндылықтар мен бағдарларды айқындау қажеттігі туындаған тұста, 2013 жылдың 5 маусымында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомоствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген алқалы жиыны болып өтті. Жиынға ҚР
Мемлекеттік хатшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің өкілдері, үкімет мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, жергілікті атқарушы билік басшыларының орынбасарлары, республиканың танымал жетекші тарихшылары қатысты. ҚР Мемлекеттік хатшысы М. Тәжин баяндамасында: «Қалыптасқан мемлекет ретінде, Қазақстанда мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңі басталғанын, Мемлекет басшысының ұсынған «Қазақстан-2050» Стратегиясының қоғамның жаңа даму кезеңіндегі, басты: қайда бара жатырмыз және 2050 жылы қандай деңгейде болғымыз келеді? — деген сұрақтарға жауап беретіндігін атап өтті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Марат Мұхамбетқазыұлы Тәжиннің басшылығымен өтіп, баяндама жасады және ол «бүгінгі күні тарихи ғылымға мүлде жаңа талаптар қойылып отырғанын, ал әлемдік тарихнамада таным тәсілдеріне қатысты сыни қайта бағалау жасалынып отырғанын ерекше атады. Бұл өзгерістер ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы француз тарихи мектебі, ең алдымен, «Люсьен Февр мен Марк Блоктың есімдерімен байланысты мектептер ықпалын және заманауи тарих, пәнаралық ғылымға айналғанын, ал тарихи зерттеулер тек қана жазбаша дереккөздерді зерттеуге, мұрағатта жұмыс істеумен ғана шектелмейтінін» атап өтті. Қазіргі заманғы тарих ғылымы көптеген байланысты ғылыми пәндер әдістерін пайдаланады — саяси ғылым, әлеуметтану, антропология, заң, мәдениеттану және т.б. Ғалымның рөлі де өзгерді4. Енді тарихшы фактілерді жазатын және сипаттайтын қарапайым тіркеуші емес. Ғалым белгілі бір қоғамның құндылықтары, ережелері мен моральдерін «түсінуге» тиіс. Сонымен қатар, ол «ұлттық тарихты қандай да бір әмбебап заңдардың қатаң негізіне қысып, оның тірі, бірегей ағзасы қалай дамитындығын» түсінуге шақырды. Тақырыпты логикалық түрде жалғастыра келе, М.М.Тәжин тарихшыларға сыни талдауларсыз «еврокортрицизмге ұшыраған» дереккөздерді қабылдауға және барлық көздерді қайта қарастыруға кеңес берді. Әрине, отандық тарихнама өзінің әдістемелік және тілдік құралдарын айтарлықтай өзгертуі керек. Қазақстанның тарих ғылымы нақты қиындықтарға тап болып отыр, алайда оның жауабының табылатынына үміт зор. Сол сияқты баяндамашы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт тарихына ұзақ жылдар бойы үнемі мән беретіндігін атап өтіп, оның «Халық тарих толқынында» атты арнайы тарихи зерттеу Бағдарламасын жасау туралы басты мақсаттағы ұсынысын тарихшылар қауымына жеткізді. Қазақстандық тарих ғылымын алдыңғы қатарлы методология мен тәсілдер негізінде сапалы дамытуға жол ашу, қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін кеңейту, ұлттың жаңа тарихи дүниетанымын қалыптастыру, Қазақстанның қазіргі заман тарихының екі он жылдығын електен өткізу сияқты нақты мақсаттар қойылды.
Расында, Мемлекет басшысы «жалпы қазақстандық бірегейлік — ұлттың тарихи санасының тұтқасы болуы қажеттігін» баса назарға алып келеді. Заманға сай жаңа құндылықтарды бекіту, жаһандану әлемінде олардың ұлттық бірегейлігін нығайту арқылы ұлттың мәдени кодын, яғни тіл, рухани, дәстүр, мәдениетін сақтауды қамтамасыз ету қажеттілігі де күн тәртібінде болатын. Ендеше, ұлттық бірегейлікті үйлестірудегі тарих ғылымының маңызы ерекше екені белгілі. Тарих ғылымының даму Тұжырымдамасына да өзгерістер енгізу қажеттілігі артты. Танымдық түсініктер тәсілдері бойынша да дүниежүзі елдері тарихнамасында сындарлы қайта қарастыру жүріп жатқан тұста, қазақстандық тарих ғылымына да қойылатын талап артты. Осыған орай, бұл тарихи отырыста Мемлекеттік хатшы ғалымдардың назарын екі мәселеге аударды.
Біріншіден, қазіргі заман тарихының пәнаралық ғылымға айналуымен, тарихи зерттеулердің архивтердегі жазбаша деректер негізінде ғана зерттеумен шектелу жеткіліксіздігін, әлеуметтану, әлеуметтік психология және география, этнография, антропология, мәдениеттану, құқықтық тарих сияқты пәнаралық ғылыми зерттеу тәсілдерін пайдалану қажеттігін алға тартты. Екіншіден, қазіргі таңда тарихшы оқиғаларды «тіркеуші» ғана емес, ғалым нақты қоғамның құндылықтарын, ережелерін, нормаларын «түйсінуі» керек. Яғни ұлттық тарих өзінің күрделілігімен қоса, ерекшелігімен де халықтың нағыз тіршілігі болуы тиіс. Мұндағы тарихшының міндеті, сол өзіндік тіршіліктің қалай дамығандығын түсінуінде. Тарих ғылымының жаңа міндеттері де айқындала түсті. Олар: мұрағат құжаттары мен жазбаларды сыни көзқараспен сүзгіден өткізу, зерттеу тәсілдері мен тілдік құралдарды өзгерту, жүйелі зерттеу, толыққанды ұлттық тарихи көріністі жасау, елдің көпэтникалық құрамының қалыптасу процесін объективті тұрғыда зерттеу.
2013-2016 жылдары қабылданған шешімдерге сәйкес келесі жұмыс жүргізілді. Шет елдерге экспедициялардың нәтижелері бойынша материалдар жинақталып, электронды ресурстарға орналастырылды: Ұлттық кітапхана, «Мәдени мұра» порталы, «Қазконтент» АҚ, Электронды каталог (www.ncai.kz).
2013-2014 оқу жылының басында барлық мемлекеттік университеттерде Қазақстан тарихы кафедралары ашылды, жоғары оқу орнынан кейінгі «Тарих» мамандығы бойынша кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс, сондай-ақ PhD докторлар саны өсті.
Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктерін көрсететін оқу жоспарларына өзгерістер енгізілді, департаменттердің материалдықтехникалық жабдықталуы, кітапхана қорын толықтыру мәселелері талқыланды. ЖОО мен ғылыми-зерттеу институттарының бірқатар веб-сайттары жаңартылды. Ғалымдар тобымен ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі ұлттық тарих бойынша негізгі оқулықтарды дайындау бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. 2014-2016 жылдардағы «Халық тарих толқынында» ғылыми зерделеу бағдарламасы аясында ұлттық тарих тұжырымдамасының жаңаша сипаты айқындалды. Ұлттық Конгресс тарихи ғылымды жаңғыртуда үлкен жұмыс жасады.
2014 жылы ғалымдар, университеттердің, әкімдіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан алты аймақта тарихшылардың кездесулері өтті. «Нұр Отан» партиясының мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жастар конгресі, Жас тарихшылар қауымдастығы және басқа да қоғамдық және ғылыми ұйымдар көптеген тақырыптық іс-шараларға қатысты. ҮЕҰ мемлекеттік тапсырыс бойынша 16 арнайы жобаны ұсынды, олар қажетті сараптамалардан өтті. Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып, шетелдік ғалымдардың Қазақстанға келуі және археологиялық экспедицияларға қатысуы, сондай-ақ шетелдік рейтингтік ғылыми журналдарда Қазақстан тарихына арналған материалдарды аудару және жариялау туралы мақалалар дайындау жұмыстары басталды. 2014 жылы қазақстандық ғалымдар тарапынан шетелдік он елдің мұрағат қорларына ғылыми сапарлар ұйымдастырылды: Иран, Үндістан, Қытай, Египет, Түркия, Моңғолия, Ұлыбритания, Германия, Өзбекстан, Ресей. Түркі қағанатының қалыптасуы мен даму тарихы туралы түркі тастан-жазбаша және қолжазба дереккөздерін анықтау, суретке түсіру және көшіру жұмыстары жүргізілді, Шыңғыс хан дәуіріне дейін түркі тайпаларының тарихи бірізділігі мен біртұтас этно-географиялық байланыстары туралы мәліметтер анықталды. Моңғолиядан, Қытайдан және Германиядан шыққан түркітілдес (әсіресе қазақ) халықтар тарихының прото-, ежелгі және ортағасырлық кезеңдерін түсіндіруге мүмкіндік беретін ежелгі, түрік руна хемо-жазба, ежелгі үнді, қытай көздерінің негізінде ерте көшпенділердің тарихына тарихи деректердің көшірмелері әкелінді. Ғылымды одан әрі дамытуға үлкен серпіліс берген Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге байланысты еді (2015).
2014-2016 жылдарға арналған «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында көне, ортағасырлық, жаңа, қазіргі заман және тәуелсіздік кезеңіндегі Қазақстан тарихы мен мәдениетіне арналған ғылыми жобаларының іргелі және қолданбалы зерттеу жұмыстарының бағдарламасы дайындалды. Айта кету керек, қазақстандықтар бойына жоғары руханилықты қалыптастыруда, қоғамда тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтап, нығайтуға мемлекеттік қоғамдық-мәдени және діни ұйымдардың бірлескен ұжымдық жұмысы қажеттілігін алға тартқан шығыстанушы-исламтанушы ғалым, ата сөздің шешені — Әбсаттар қажы Дербісәлі. Ол Иран, Орталық Азия және Ресей, араб елдері кітапханалары қорларында сақталған араб және парсы қолжазбаларын ғылыми айналымға енгізіп, X-XVIII ғасырлардағы ғылымның көптеген салаларын дамытуға үлес қосқан 50-ден аса ойшылдар мен оқымыстылар есімімен толықтырып, отандық ғылымның дәрежесін көтерді. Бір ғана Отрардың ислам ғылымы мен мәдениетіне үлес қосқан 18 Отрарлық-Фарабилер жөнінде тың мәліметтер жариялады.Оған қоса, әрбір дерекке ғылыми дәлелдер және қорытындылармен тұжырым жасады. Ғалым ортағасырлық қазақ тарихшысы, дипломат және ақын Мұхаммед Қайдар Дулаттың жерленген жерін анықтап, ондағы құлпытас эпитафиясының мағынасын шешті, оның шығармашылығының жаңа қырларын ашты. Тәу еткен тәуелсіз Қазақстан тарихының асқар белестерінің бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Душанбе, Ташкенттің қолжазба нұсқалары және Теһранда жарық көрген А. Ғаффарифәрд тексологиясы еңбегі негізінде парсы тілінен қазақшаға аударылған, құнды дерек көзі — Мұхаммед Қайдар Дулаттың «Тарих-и Рашиди» шығармасының жаңа басылымын қазақтың қажырлы азаматы, шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменей тарихсүйер қауымға тосын сый ретінде ұсынды. Кітап «Тарихи сананың жаңғыруы» атты алғысөзбен жарық көрді.
Мемлекет тарихы институты «Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында Салааралық жұмысшы тобының кеңейтілген отырысының хаттамасына сәйкес, тапсырмаларды қолға алынып, 2014-2016 жылдар аралығында жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Батыс Еуропа елдеріндегі екінші дүниежүзілік соғысқа қазақтардың қатысуы; Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қызметі, оның қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастыру және оны нығайтудағы рөлі; Қазақстан тарихы (ерте кезеңнен тәуелсіздікке дейін) оқулығы мен хрестоматиясын, базалық Қазақстан тарихы оқулықтарын оқу процесіне енгізу (жобасы қолға алынды); «Қазіргі заман тарихы» оқулығы мен хрестоматиясын жасау және баспадан шығару; Қазақстан Республикасы дүниежүзілік және аймақтық интеграциялық процестерде; Алаш интеллигенциясының тарихи ойы, тұлғалар және қазіргі кезең; Қазақстандағы этностар мен мәдениеттер т.б.
Астана – тәуелсіздіктің тұмары болғандықтан да аймақтардағы рухы биік тарихшылар қауымы, әрбір ғылыми шарада шығармашылық белсенділігін көрсете білді. Мемлекет тарихы институты тек мемлекеттік органдар мен қорлар ғана емес, сол сияқты аймақтағы ЖОО-дағы тарихшылармен тұрақты байланыс орнатқан. Республика бойынша аға буынның жолын жалғастырған танымал тарихшы, археолог, антрополог, этнограф, демографтар және басқа қоғамдық білім және ғылым салаларының мамандары өсіп жетілді. Мемлекет тарихы институты ғалымдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеу жобаларына іске асыруда белсенді, отандық және шетелдік кітапханалардан материалдар қарастырылып, мұрағаттық құжаттармен жұмыс жүргізілуде.
Заманауи кезеңде, Мемлекет басшысының Қазақстанның жаңғыру кезеңдері мен жаңа мемлекеттілікті қалыптастыру және оның даму стратегиясына, адам капиталының сапасына негізделген — «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегінде жан-жақты қарастырылған пайымдар — методикалық нұсқауға айналып отыр.
2018 жылы 19 қаңтар күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Н.Ә. Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі және отандық тарих ғылымының міндеттері» тақырыбында өткізілген Қазақстан тарихшыларының V Ұлттық Конгресінде басты идеялар — қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттың рухани жаңғыру мәселелері талқыланып, арнайы Қарар қабылданды. Мемлекет басшысының барлық идеялары мен бастамалары, рухани даму және жаңғыру негіздерін қалыптастыру сияқты ұсыныстары үлкен қолдауға ие болды. Ал, «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында тұжырымдалған тәуелсіздік кезеңдері, негізге алынды.

Әдебиеттер:

1. Салғараұлы Қ. Түрік әлемі. Тарихты қайтапайымдау.-Астана: Елорда, 2000.-476б.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. Алматы, 7 қазан 1996 жыл.// Елбасы жолдауы – елі қолдады. 1 том.-Астана: Күлтегін, 2008.-312б.
3. Қасым-Жомарт Тоқаев. Беласу. Алматы. –ЖШСРПБК «Дәуір»,
2008.-464-465. 4. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін (Очерк).-Алматы: Дәуір баспасы, 1994.-446 б.; Смешанное общество: мировой опыт и Казахстан/ Отв.ред. Кошанов А.К.-Алматы, Институт экономики МН-АН РК,1998.-221с.
5. «XIX ғасырдағы ұлт-азаттық қозғалысар мәселелері»; «1916 жылғы көтерілістің сипаты»; 1930-жылдар басындағы күштеп ұжымдастыру және аштық мәселелері; «Тоталитарлық жүйенің Қазақстандағы мемлекттік қуғынсүргін саясаты» жөнінде және басқа
6. Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017.-83 бет.
7. Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. – Астана, 2017.-83 бет.
8. О модернизации национальной истории «На новом рубеже исторической науки ХХI века» — Алматы, ТОО «Литера — М», 2013, с.25-30.
9. Мемлекет тарихы институтының жылдық есебі. Іс № 01-02-08. Том
№ 1, Том № 2.; Народ в потоке истории.// Казахстанская правда.-2013. Июнь-
6.
10. О модернизации национальной истории «На новом рубеже исторической науки ХХI века» — Алматы, ТОО «Литера — М», 2013, с.317.
11. Аяган Б., Ауанасова А. Нурсултан Назарбаев: человек у власти.-
Алматы: Литера-М, 2015.-376 с.;
12. «Назарбаев Нурсултан Абишевич – основатель независимого государства». Биографическая энциклопедия / Руководитель проекта: д.и.н., профессор Аяған Б. Консультант проекта: д.полит.н., профессор Касымбеков
М.; Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2009.-248c.;
13. Мир о Нурсултане Назарбаеве / Под ред. профессора Аягана Б.Г. – Астана, 2010. – 230 с.;
14. NursultanNazarbayev: founder of the independent state (The Chronicles of a leader). – Almaty: Rarity, 2010. – 200 p.;
15. «Абырой мен парыз» (Еуропа елдеріндегі Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы) – «Честь и долг» (Участие казахстанцев во Второй мировой и Великой Отечественной войне в странах
Европы. Монография – Алматы: Литера-М. ЖШС, 2015. – 528 с.;
16. «Рассветы и сумерки казахской степи». Алматы: 2014.-264с. және басқалар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *