Расул Ғамзатов ,,Менің Дағыстаным,,
Бір күні үстел басында жұмыс істеп отыр едім. Үйімнің қасына бір салт атты жас жігіт кеп, атының басын тіреді.
— Ассалаумағалейкум!
-Уағалейкумсалам!
— Мен саған келдім, Расул, бір азырақ шаруаларым бар еді.
— Кел, үйге кір де шаруаңды үстелге сал.
Жігіт қалтасына қолын салып, бірнеше қағаз алып шықты да, шынында үстел үстіне жая бастады. Бірінші хат, әкемнің бір жақсы досы болушы еді, ол маған да жиі жиі келіп кетіп тұратын. ,,Қымбатты Расул,, деп жазыпты біздің үйдің әлгі досы. ,,Мына бала біздің жақын туысымыз және жақсы жігіт. Осы баланың өзің сияқты атақты ақын болуына жәрдемдесіп жіберші.,,
Қалған қағаздары: ауыл советінен алынған анықтама, колхоздан анықтама, партия ұйымынан анықтама мен мінездеме екен.
Ауыл советінен анықтамада: ,,Осы қағазды ұсынып отырған пәленбай шынында да Кахаб Росо аулындағы атақты Махмуд ақынның жиені болып табылады. Және сонымен қатар ауыл советі оны Дағыстанның атақты ақыны болуы үшін лайықты кандидат деп санайды,, делініпті.
Басқа анықтамаларда, Махмудтың жиенінің жасы жиырма бесте екені жазылыпты. Оның тоғыз клас бітіргені және дені сау екені айтылыпты.
-Ал, жарайды-дедім мен оған. Кәне, енді сенің жазғандарыңды көрейік, мүмкін, сен расында да дарынды жігіт шығарсың. Қолымнан келген көмегімді көрсетіп, екеуміз де құрметтейтін адамның тілегін орындауға дайынмын. Қуаныштымын да.
— Не дейсің? Мені саған жібергенде жыр жазуды сен үйретеді -деді ғой. Сол үшін жіберді ғой мені. Мен әлі ешқашан жыр жазып көрген емеспін.
— Не істейсің өзің?
— Колхозда істеймін. Бірақ түк пайдасы жоқ оның. Ал отбасымыз болса, үлкен. Ақындыққа бел байлағаным да содан. Махмуд нағашымның ақшаны аз таппағанын білуші ем. Расул, сен өзіңді де ақшаны күреп жатыр деседі ғой жұрт.
— Мен қанша тырыссам да, сенен ақын шықпайды ғой деймін.
— Қалайша? Мен Махмудтың жиені емеспін бе?Қағазда бәрі айтылған ғой, ауылдық совет те, партия да ұсынып отыр.
— Махмудтың жиені емес, туған баласы болсаң да! Жұртқа мәлім. Оның әкесі ағаштан көмір күйдіруді кәсіп еткен адам.
Біз оған Махмудтың жиені болғаны үшін Литфондтан азын аулақ ақша беріп көмектессек те, менің сұрауым бойынша Дағэлектромаш заводының директоры оны жұмысқа да алды.
Бірақ атақты ақын болуға әбден дәмеленіп қалған жігітіміз риза болмаған көрінеді, оны мен кейін білдім. Көп кешікпей, оның әкесі маған ашуланып тұрып хат жазыпты:
,,Сенің әкең Ғамзат менің тілегімнің бәрін орындаушы еді. Ол менің бетімді қайтарған емес. Ал сен болсаң, Ғамзаттың баласы бола тұра, ұлымды ақындыққа орналастыру сықылды түкке тұрмайтын тілегімді орындаудан бас тарттың. Тегінде, сен Расул, дандайсып кеткен көрінесің, әкеңе де тартпапсың. Қош!»