Ақтамберді жырау

Ақтамберді жаугершілік заманның әрқилы кезеңдерін басынан көп өткерген. Егер «Алдаспанға» сүйенсек, 93 жыл өмір сүріпті, яғни 1675-1768 жылдарда дәуір кешкен. «Ақындық даңқы жас кезінде шыққанына» қарағанда, бізге мұрасы молырақ жетсе керек еді, әзірше қолда бары шағындау.
Ақтамберді қазақтың көне жыраулық эпосының белді өкілдерінің бірі, аты әр жерде айтылғанымен, арнайы зерттелмеген авторлар санатында. Егер ол «он екіде аттанып, қылыш ілдім білекке » десе,өмірінің тең жарымының көбісі басқыншылармен күресте өткен кісі.Ақтамберді жарлылық пен жалғыздықтың тауқыметін көп көргенге ұқсайды, адамдыққа, адалдыққа, әділетке жүгінеді. Ауыз толтырып айтар байлығы болмағанын өзі жасырмайды. Тұрмыстың қыр-сырын, отбасы, елдік, жерлік мәселелерін жырларында жақсы көрсетеді. Жырау ақиқатты айтудан тайсалмайды, шындық туралы шымыр шешендік сөздерді түйдек-түйдегімен тастайды. Бәрі де сол тұстың ауыр тұрмысынан, күрес шындығынан алынған тартымды тирадалар. Ақтамберді, асылы,қысқа нақлият сөздерінің шебері болса керек. Көңіліне түйгенін, піскен ойын шашыратпай, шиыршық атқан күйінде айтып кете берген. «Ақтамберді жырау (1675-1768)эпикалық жанрдың ақыны болған. Өзінің жырларында ол батырлардың ересен ерліктерін асқақ береді».
Ақын өзінің замандас жас ұрпағын табандылыққа, ерлікке шақырады. Ақтамбердінің бүкіл шығармасынан жауынгерлікке, ерлікке үндеу,жауға батыл аттану және оның алдында тізе бүкпеуге үндеу сарыны ерекше естіледі. Жырау жырлары қарапайым қауымның ой, арманын, мінезін, өрісін айқындайды. Әзілмен, айтыспен, сынау-мінеумен, келелі кеңеспен жыраулар ел, жер, құн дауын шешуде зор рөл атқарады.
Өзге жырауларға қарағанда Ақтамбердіде қаратпа тіркеспен басталатын өлеңдер жоқтың қасы. Жаугершілік заманда өмір сүріп, ел батырларымен үзеңгілес бола жүріп, оларға арнау, толғау айтпауы қалай деген сауал туады. Жырау-өз уақытының көрегені. Тарихи деректердің ар жағында не нәрселер жатқанын біз кейде бажайлап біле бермейміз. Хандардың ішіндегі қаныпезер, ел тонағыш, өз пайдасы үшін қарапайым халық өкілдерін құрбандыққа шалатын әділетсіздерін жыраулар аяусыз мінеп-шенеген. Олар тақта отырған хандардан тайсалмаған.
Ақтамбердіден қалған мұра әзірше 300 жолдан аспайды. Ерліктің қалың ортасында жүрсе де, жырау қарапайым халық тұрмысын бейнелеуге көбірек бұрылған, тіршілікке көңілі толмай, мол армандағанын, жалғыздықтан, қолдың қысылғанынан жапа-зәбір шеккенін шығармаларынан танимыз. Ақтамберді жырау табиғатқа, адамдарға бір табан жақын. Шарықтап аспанға да шығып кетпейді, жерден, елден қуат алады, мұңын да, сырын да тыңдаушысынан жасырмайды, бастан кешкен ғұмырлық тәжірбиесін қорытады, қиындық пен ауыртпалықтың момын халықтың иығына түскеніне күйінеді,ерлік пен өжеттігін және жасырмайды.
Тегі, Ақтамберді ерлікті де, шешендік өнерді де жастайынан аңсаған адам. Ауыз әдебиетінің озақ үлгілерінен өнеге алғанын жыраудың көркем тілі айтып танытады. «Кәрі ақсайды ақылдан, ер ақсайды жақыннан» десе, ащы шындықты аңғарамыз. « Жауласарға жау емес, дауласарға дау емес, жақынға қылман зорлықты» десе, адам қарым — қатынастарының күрделі, астарлы екенін шебер тілмен түйеді.
Ақтамберді жырларында жекеше көрініп тұратын бір желі бар. Ол — мал туралы жолдары. Ақтамберді жырау ағынан жарылып айтқан ажарлы шумақтарында үлкен-кішілі алдында қойған мақсаттарын да тізе кетеді. Ең ірісі- туған халқын сыртқы басқыншы жаудан қорғау,от басында көңірсіп отырған елінің көзінен егілген жас көрмей, қуанышына ғана куә болу. Жұрты үшін туған жауынгер жырау екенін нық сезіммен сездіреді. Қарсы келген жауыннан сескенбей, қарсы шапқанын қайратты сөздерді де паш етеді. Ақтамберді, тегінде әділдікті «жақсылардың кеңес құрғанын», «білімді қуған жақсылардың, аз да болса көппен тең» болғанын ұнатқан кісі.Салауатты сөздеріне қарағанда, әр нәрседен ойы болғанға ұқсайды. Өз ортасын қайырымдылыққа, ізгілікке үндейді. Халқының тозбас жағын ойлайды.
Жыраудың от басы жөніндегі қанатты пікірлері өзінің маңызын әлі күнге дейін жойған жоқ деуге болады.
Енді бір мәселе:Ақтамберді Сарыұлы мен Махамбет Өтемісұлының бірқатар өлеңдерінің мазмұндас, ұқсастығы. Ақтамберді Махамбеттен шамамен алғанда жүз жылдай бұрын болған адам. Бірі Шығыста бірі Батыста өмір сүрді. Соған қарамастан, екі ақынның арасынан ішкі мазмұн ұқсастығы байқалады. Ақтамберді «Күмбір-күмбір кісінетіп» толғауында жүйрік ат мінуді, сұлуды сүюді, кіреуке тон, сауыт киіп, «қоңыр салқын төске алып» қол қашыруды, жауын бытыратып атуды, жеңіспен оралғаннан кейін «Тобылғы сапты қамшы алып, Тұмар мойын ат мініп», қоныс қарауды, жайлауда жазылып отырып кеңес құруды армандайды.Жеті кейде тоғыз буынға баратын толғау жолдарында жауынгер жырадың негізгі мақсаттары сараланып берілген.
Ақтамбердінің ақырғы өлеңдерінің бірі «Балаларыма өсиет» дегенжолмен басталады. Балаларына тірліктегі бірлікке, талапқа, татулыққа, мерейлі мұратқа ие болыңдар дейді. Жас ұрпақтың ақылды, бірауыз болуы елді мақсатына жеткізерін ескертеді

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *