ЖИЕМБЕТ БОРТОҒАШҰЛЫ (ХҮІІ)

ЖИЕМБЕТ БОРТОҒАШҰЛЫ (ХҮІІ)
Асыл сөз иесі-17 ғасырдың аса көрнекті ақыны, ірі ойшыл, қырағы сардар Жиембет. М.Мағауин Жиембет жырау шығармаларын «Алдаспан» жинағында жан-жақты талдай келіп: «Бортоғашұлы Жиембет жырау көшпенділер аристократиясынан шыққан. Халық аңыздарының және шежірелердің айтуынша, Жиембеттің арғы атасы – Ноғайлының қорғаны Алау батыр. Алау 17 ғасырдың бірінші жартысында жасаған тарихқа белгілі адам. Жыраудың қай жылы туып, қай жылы өлгендігі жайлы мәлімет жоқ. Тек біздің заманымызға жеткен шығармаларындағы кейбір сәттерден, халық жолында сақталған әңгіме, жырлардан ескі шежірелерден жырау жайында біраз мәлімет ала аламыз. Жиембет — Есім ханның әскербасы батырлардың бірі, әрі жорықшы жырауы десе бұл жағдай үлкен жыраудың өзінің өлең толғауларында айтылған. Жыраудың барлық саналы ғұмыры Еңсегей бойлы Ер Есім ханның қасында өтіпті. Ол ұлы ханмен тең сөйлесіп, керек жерінде үзенгі қағыстыруға дейін баратын сияқты… Кейде тіпті ханның жалғыз, қарашаның көптігін айтып, Есім ханның алдында иілмейтіндей сыңай да танытқан. Ақын өзгенің де, өзінің де қадір — қасиетін терең сезінетінін аңғартып, еш нәрседен сескенбей, хан алдында қаймықпай қасқая толғайды. Соншама айбатты, соншама қайратты, арғы-бергіні толғай, жақсы-жаманды толғай білетін, данышпан да даңқты ел ағасына биіктен сөйлеу дегеннің қашама ауыр екенін түсіну де, түсіндіру де қиын. Олай дейтін себебіміз, бірде Бұқар жырау Абылай ханға қатты реніш үстінде: «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, кеше Еңсегей бойлы Ер Есім ханға да жолдас болдым, сен оның бір түстігіне де жармайсың»-депті. Ер Есімнің бағасын бұдан артық жеткізу мүмкін емес сияқты. Ал бүкіл қазақ «Еңсегей бойлы Ер Есім» деп ардақтап алқаныны салса, Алтай мен Атыраудың арасын қалмақтан босатқан асқан жауынгер ханға Жиембеттің назы оңайға түсті деуге қиын. Жиембеттің Есім ханға шалыс келуі бір себептен Асан қайғыдан тамыр тартқан дәстүр жалғастығы сияқты. Ол — Асанның Әз-Жәнібекке айтты деген толғамы, терең пәлсапылық дүниесі. Жиембет Асан қайғының сол толғауларының түрі мен мән-мазмұнын дамыта түскен. Жиембеттің жоғарыда сөз еткен «Еңсегей бойлы Ер Есім» толғауы хан мен екеуінің арасындағы келіспеушіліктен туған. Бір жағынан ханға мен көппін, сен жалғызсың, «көп қорқытады, терең батырады» деген, сен де артыңды ойла дегендей сыңай танытады. Тіпті қыза — қыза ақын ханға дөң айбат та көрсетіп қояды. Жыраудың осы өлеңде қолданған теңеу-эпитеттері жарасымды, қазақы пиғыл, қазақы психология. Ол өзінің ішкі — сыртқы портретін айнытпай салып тұр… Бір жағынан Есім ханға ешкімнен сескенбейтін жаужүрек екенін, тіпті тырысатын жерінде «жолбарыс пенен аюдай» ерлігі бар екенін ескерте кетеді. Енді осы өлеңнің туу себебіне сәл тоқтала кетсек, Еңсегей бойлы Ер Есім – ақынның інісі Жолымбеттің ерсі қылығына наразы екен, енді Есім хан Жиембетке де қыр көрсетіп, өштесе бастайды. Жырау өзінің талай-талай қанды шайқаста көзсіз ерлік көрсеткенін, жайшылықта жанына жалау, қолтығына демеу болып, бір туып, біте қайнасқанында жырлайды. Ол мен көрген ізгілігімді жақсылықпен қайтаратын адаммын сенде бір кездері менен мол сыбаға алып едің, соны ұмыта көрме дей келіп, ары қарау сонау бір алыстағы, ұмыт болып кеткен ескі «жараның» аузын ашып, ханның сасып, қарашаның қашқан, жаудың мысының басқан кезін нақты, шебер суреттейді.Жырау қаншама күш көрсете сөйлегенмен, Есім ханды биік бағалап, оның ерлік істері мен парасатты ел басшысы екенін мойындап тұрғандй. Қалай дегенмен де ханның арғы – бергі, жақсы – жаманы жүріс – тұрысы мен көңілге қона бермйтінін кейбір қыңыр қылықтарын есіне салып, құдай тәубасын аузына келтіргендей. Бұл толғау осындай ерекше қасиетімен құнды, шындықты ірікпей – бүкпей, тура қасқая қарап бетке айтумен қымбат. Сонау арғы ғасырлардан бері ұмтылмай ел есінде сақталып келуі де жұрттың көкірегіндегі көкейкесті айта алмай жүрген сөздерін жеткізуінен болса керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *