Асан Қайғы (шын аты-жөні Хасан Сәбитұлы) – қазақ жыраулық поэзиясының атасы, дана ойшыл, сәуегей, батагөй қарт. Асан Қайғы ХІУ ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген. (Кейбір деректерде 1361-1370ж.ж.туған).Ата тегі жайлы нақты деректер жоқ. «Тауарих хамсада» Шыңғыс ханның замандасы Майқы бидің алтыншы ұрпағы делінеді. Асанның өмірінің мбіраз уақыты Қазанда хандық құрған Алтын Орда әміршілерінің бірі – Ұлұғ Мұхаммед тұсында өткен. Кейін қазақ ханы Жәнібек бастаған қазақ хандығының ақылшы биі болған. Ол өзінің іргелі ойларымен, көсем сөздерімен қазақ хандығының іргесін нығайтып, қалыптастыруға қызмет етеді. Ш.Уәлиханов ақынның зираты Ыстықкөл маңында деп жазады.
Асан халық арасында әулие ретінде құрмет тұтылады. Халық аңызы Асанды халық қамқоры, сол үшін қайғы шеккен, желмаясына мініп, жерұйық іздеген дана қария. «Ежен хан мен Асан», «Жерұйық» атты аңыздар Асан Қайғыны нағыз халық қамқоры ретінде сипаттайды. Ол малы мен жаны кемтарлық көрмейтін «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» жайлы қоныс іздеген сапарында талай жерлерге сын айтады. Асан айтты деген жер сындары күні бүгінге дейін халық арасында кеңінен танымал. Мысалы: Шымкент, Сайрамды көргенде «Екі басса бір базар, малда береке болмайтұғын, екі басса бір мазар жанда береке болмайтұғын, базары жақын – байымас, мазары жақын – көбеймес» депті-міс.
Шоқан Уәлиханов оны «көшпенді қазақ, ноғай ұлысының философы» деп атаған.
Асан Қайғының төл толғаулары аз сақталған. Оның шығармалары өз заманының айнасы. Асанның Әз Жәнібек ханға арнап айтылған толғаулары арқылы жыраудың өткір тілді, бірбет, тура сөйлейтін ақын екенін көреміз.