АУА РАЙЫНЫҢ ЖЕРГІЛІКТІ БЕЛГІЛЕРІ – жергілікті метеорологиялық бақылауларға сүйеніп, ауа райының жуық арада (бірнеше сағат ішінде) өзгеруін болжауға мүмкіндік беретін атмосфералыққұбылыстар. Олар жай көзбен (бұлттың қоюлығы, жылжу бағыты және оның аспан күмбезіндегі мөлшері, ашық түнде жер бетіне шықтың түсуі, т.б.) және аспаппен байқалатын метеорол. құбылыстар болып бөлінеді. Қолайлы ауа райы ұзақ уақыт өзгермейтін болса, онда сол аймақтағы атмосф. қысым көтеріліп, түнде тымық, күндіз жұмсақ жел еседі, ауа температурасы күндіз жоғарылап, түнде төмендейді, кейде кешке қарай болмашы жауын-шашын себелейді. Мұндай ауа райы антициклонның ықпалы тиетін аймақтарға тән. Атмосф. қысымның төмендеп, желдің жылдамдығы мен ауа температурасының бір қалыпта болуы, аспанды түгелдей бұлт торлап, жауын-шашын толассыз, ұзақ жаууы қолайсыз ауа райының белгілеріне жатады. Ондай ауа райы циклон тараған аудандарда басым келеді.