Редакторлық талдаудың ерекшелігі

Редакторлық талдау – шығармашылық процесс. Ал әр процестің өзіне ғана тән ерекшелігі бар екенін бәрі бірдей біледі.
Редакторлық талдауды неден бастаған абзал дегенде, бұл редактордың өзіне ғана тән кәсіби ерекшелігімен анықталады. Ең алдымен редактор мәтіндегі тілдік қателерді таңдай бастайды, оларды түзеп, өзінің дұрыс деп тапқан түзетулерін ұсынады.
Алайда, бұл тек жұмыстың бастапқы кезеңі. Мәтінге толыққанды үңілген сайын онда күрделі құрылымдық қателер қылаң бере бастайды. Осыған орай редактордың жұмысы күрделеніп алдында жасалған түзетулерді қайтадан бірнеше мәрте қарастырып, қайта түзетіп шығуға тура келеді.
Редакторлық талдау ерекшелігі осындай күрмеулі мәселелердің күрделілігімен анықталады. Әдеби шығарманың құрылымына қатысты Цицерон ең алдымен өз ойын қағаз бетіне дөп түсіре білуді, яғни мәтіннің құрылымын бірінші орынға қойған.
Яғни мәтін бүтіндігі ежелден –ақ жоғары бағаланған. Құрылымның құрылымы сюжеттен тұрады. Сюжеттің негізінде негізгі ой, образ жатады. Редактор тек сюжетті ғана қарастырумен шектеліп қалмау керек.
Материал құрылымына жасалған талдауда бірнеше бөліктерге бөліп қарастыру туралы жоғарыда айтқан болатынбыз. Газет тәжірибесінде әдеби шығармаларды ықшамдап алу жиі кездеседі. Осындай жағдайда редактор мәтіннің айтар ойын сол күйінде сақтап қалу керек.
Баспасөз беттерінде жекелеген құрылымдық бірліктерді айдарлар, шапкалар, бағаналар әйгілейді. Ал кейбір үлкен мақалалар бірнеше тақырыпшалармен белгіленіп, бірнеше бағаналарға бөлшектенуі мүмкін.
Мәтін жоспарын талдауда редактор екі тапсырманы орындайды. Қолжазбадағы жоспар бойынша құру және редактор өзі ұсынған екінші жоспары.
Дәстүрлі журналистік жанрлар да кей-кейде түзетуді қажетсінеді. Мысалы, репортаж жанры ақпараттан сараптамаға көшеді. Яғни біріншіден, ақпаратты, болып жатқан оқиғаны сол күйінде жеткізсе де, бұл жанрда талдамалы сарын да байқалады.
Редактор сондай-ақ, автор мәтінге қойған атауға да назар аударады. Аты айғайлап тұрса да, ішіндегі мәтін заты атына сай болмай шықса, ондай мәтін өз құндылығын жоғалтады.
Сонымен қоса автор кіріспесімен де жете танысуы керек. Тақырып пен кіріспедегі байланыс басты назарда екені даусыз. Мәтін кіріспесі көп жағдайда табиғатты суреттеуден, белгілі бір уақытты атаудан басталады. Кіріспеде көбіне-көп автор ойы тұрады. Оқырман оқуды кіріспеден бастағандықтан ол оқырман үшін қызықты, көңілін бірден арбап алатын деңгейде болу керек.
Мазмұнына қарай мәтіннің үш түрі бар. Олар баяндау, суреттеу және талдау. Редакторлық талдау осы түрлерді анықтаудан басталады.
Баяндау дегенде, оқиғалар рет-ретімен баяндалады. Бір оқиғадан екінші оқиға өріледі.
Суреттеу – мұнда оқиғаларды суреттеу басым келеді.
Талдау- мәтіннің бұл түрінде түрлі пайымдаулар, түсініктемелер, анықтамалар , талдаулар орын алады.
Ежелгі көсемдердің айтуынша, баяндау қозғалысты, суреттеу құбылысты, талдау құбылыс пен қозғалыс арасындағы байланысты анықтайды.
Баяндауда адамның есте қалған оқиғалары қағаз бетінде көрініс тапса, суретеуде ішкі қөзқарасы көрініс табады. Ал талдауда ойы мен білімі, сезім түйсігі суреттеледі.
Бұл түрлер жеке күйінде сирек кездеседі. Мәтінде олар үшеуі де көрініс табады. Үшеуі де бір-бірімен тығыз байланысты. Баяндай отыра, автор оқиғаны суреттейді, суреттегенде, автор ойлау мен пайымдауларға көңіл бөледі.
Редакторлық талдаудың ерекшелігі – редактордың кәсіби ерекшелігімен, оның өзіндік тәжірибесімен өлшенеді.
Жалпы сөз өнерінде редакциялау қызметінің ерекше маңыздылығын атап өту шарт. Қандай шығарма болмасын ол редакциялауды қажет етеді.
Тіпті ұлы жазушы ғұламалардың еңбектері де сондай редакциялаудан сан мәрте өткен. Осы орайда жазушы апамыз Фариза Оңғарсынованың естеліктерін айтып өтуге болар еді. Оның алғашқы шығармалары редакциялау атты түзетуден өтіп, қызыл түске боялғанын ақын апамыз жасырмайды. Қызыл түске боялды деп отырғанымыз редактор түзетулерді осылайша қызыл түсті қаламмен белгілеген екен.
Сондай-ақ, танымал ақын-жазушыларымыз өз еңбектерін бірнеше мәрте түзеткендігі жайлы да кітап, баспасөз беттерінен оқып жататынымыз шындық. Айтпағымыз – қандай да шығарма болмасын, ол сырт көздің сынынан өтуі қажет. Сонда ғана шығарма ерекше құндылыққа ие болады.
Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарындағы редактор — маңызды мамандық иесі екендігі шүбәсіз. Өйткені бүгінде 4 билік өкілдері саналатын бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқалаған функциялар да шаш етектен.
Оқырман, көрермен, тыңдарман – бір сөзбен айтқанда тұтынушы мен ақпарат арасындағы байланысты жасауда редактордың елеулі еңбегі бар.
Редактор жұмысы кадр сыртында қалғанымен де, тұтынушылар қабылдаған өнімнің жарыққа шығуына да редактор барынша үлес қосады.
Ешқандай да мәтін редактордың сүзгісінен өтпейінше көрерменнің назарына ұсыныла алмайды. Өйткені ол «дайындалмаған» материал. Сондықтан да, мәтінді дүниеге әкелуде барынша үлес қосатын редактор шығармашылық процеске толықтай жауапты болады.
Редакциялау ол тікелей редактордың қызметі, бұл дегеніміз – материалдың мазмұны мен жазылуына талдау жасау арқылы материалды түзету, тәртіпке келтіру.
Редакторға тән қасиеттерді тізіп шықсақ, редактор білімді, логикалық ойлауы зор, тілдік нормаларды жетік меңгерген, ұйымшыл, өндірістік-техникалық процесті жетік білген болуы тиіс.


Ұсынылатын әдебиеттер:
1. Накорякова К.М. Литературное редактирование материалов массовой ниформаций. М., 1994.
2. Сихорский Н.М. Теория и практика редактирования. М., 1972.
3. Лазутина Г. В. Основы творческой деятельности журналиста. М., 2001.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *