Әдеби редакциялаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері

Әдеби редакциялаудың дәстүрлі әдіс-тәсілдері


Терең оқудың арқасында тақырыпқа терең бойлап, мәнін түсінгеннен кейін ғана мәтінді түзету үдерісі басталады. Редактор міндетінің осындай тәртіпте орындалуын әдеби редакциялау пәні теориясы міндеттейді. Қандай да бір туындыны баспаға шығаруға дайындаудың динамикалық әдістемесінде редакторға мәтінмен танысу сәтінен кейін өзінің қаперінде шығарма жөнінде өзіндік қорытынды шығаруы тиіс делінген. Ал түзетулерді терең оқу кезеңінде енгізуі шарт. Содан кейін теруге жіберер алдында қорытынды ретінде тағы қайтара оқуы сенімділікке жетелейді.
Мәтінді түзету сияқты кең көлемді үдеріс мәтіннің біртұтастығына және оның жүйелілігіне теріс әсер етпейді, керісінше, дұрыс әрі шебер жасалған трансформация, құрылымындағы қажетсіз элементтердің алып тасталуы шығармадағы автордың ойын, идеясын одан сайын айшықтай түседі. Әдеби процестің қиын жүретінін және автор психологиясын ескере отырып, редактор мәтіннің барлығын түзетуден өткізу өзінің міндеті деп санамау керек. Түзетілген материалдардың көлемі оның сапалы жұмысының көрсеткіші бола алмасы анық. Қазір де кейбір редакция қызметкерлері «пайда келтіріп жатқанның» кебін киіп автордың шығармасын бастан аяқ өзгертіп, қайта жазып шығуды міндет санайды. Ол жасырын жайт емес. Бірақ бұндай басылымның мақалалары бір-бірінен айырмашылығы жоқ, бір сарынды, стилдерінде ерекшелік байқалмайтын, жібі түзу болады. Бір беткей басылымға деген оқырмандардың қызығушылығы жоғалады.
Н. П. Колесников журналисттік мәтінді түзетудің бірнеше басты мақсаттарын көрсетеді:
1. Автордың назарынан өтіп кеткен кішігірім кемшіліктерді анықтау үшін.
2. Ойдың нақты, түсінікті жазылуын қамтамасыз ету, шашыраңқылықты болдырмау.
3. Материалды тексеріп, нақты емес тұстарынан арылу.
4. Мәтіннің тілі мен стиліндегі кемшіліктерді көрсетіп, олардың алдын алу.
5. Қолжазбаны техникалық өңдеуден өткізу үшін.
Практикалық редакцияда, көп жылдар бойы жинақталған тәжірибенің негізінде қалыптасқан түзетудің жүйесі бар. Әдеби редакция саласының көрнекті маманы, профессор К. И. Былинский соның негізгі төрт түрін ұсынады:
Оқып-түзету редакторлық қызметтің ажырамас міндеттерінің бірі. Оны дүниені баспаға жіберер алдында орындалатын корректорлық түзетумен шатастыруға болмайды. Корректордың мақсаты — техникалық қателердің орын алған жағдайда түзету, барлық қысқартулар мен белгілерді ескере отырып, ескертулер мен ұсыныстарды бір жүйеге келтіру.
Редактор әрбір түзетудің мақсатын білуі шарт. Оқып-түзету кезінде мәтіндегі кішігірім қателер редакциядан өтеді. Оқып-түзетуші маман шығармадағы мағыналық, композициялық, стилистикалық келіспеушіліктерді, ондағы географиялық атаулардың, адамдардың есімдерін, цитаталардың, сандар мен даталардың нақтылығын, өлшемдердің дұрыстығына назарын салады. Оның міндетіне қойылған тақырыптың мәтінге сәйкестілігіне және фото немесе суреттердің астындағы жазулардың мазмұнға сай екендігіне көз жеткізу жатады.
Әдетте оқып-түзетуді тәжірибелі редакциялық қызметкерлерге тапсырады. Бірақ олар редактордың құзырына ие еместігін ұмытпай, мәтіннің түбегейлі өзгертілуіне қаламын жұмсамағаны абзал. Оның міндеті — даусыз әріптік қателерден бөлек туындының кемшіліктерін аңғарып көрсету ғана. Қызметкер қандай тәжірибелі маман болса да, бас редактор бұл процессте қатысуы шарт.
Қысқартып-түзету — материал көлемді, артық ақпаратқа толы, қажетсіз қайталаулардан тұратын болса немесе белгілі бір себептерге байланысты мәтін шағындылығы қажетсінгенде қолданылады. Осы әдістің мақсаты мәтіндегі ой мен идеяны қысқа әрі нұсқа жеткізу. Бұл әдіс ақпараттық жанрлармен жұмыс жасағанда редактормен жиі пайдаланылады. Кей кездері редактор мақаланы газет бетіндегі жолдардың аздығына байланысты қысқартуға барады.
Оқып-түзетуге қарағанда қысқартып-түзету мәтінге тікелей араласу болып табылады. Сондықтан іске кірісерде шығарманың мазмұндық, идеялық, синтаксистік құрылымын ескерген дұрыс. Мәтінді қысқарту кезінде болатын өзгерулерге қарап, түзетудің бұл түрін екі топқа жіктеуге болады. Біріншісі, мәтін бөліктерін қысқарту. Екіншісі, мәтін ішіндегіні (внутритекстовой) қысқарту. Мәтін бірнеше бөліктерден құралады. Әрбір бөліктің өзінің мазмұны болады. Алғашқы түріндегі процесс мәтінді құрайтын сол мазмұндық буындарды қысқартудың негізінде жүреді. Ұқсас мысалдардардан, фактілерден, бір типті толықтырулардан арылу редакторға түк қиындық әкелмейді. Егер жасалған қысқарту дұрыс бағытта болса, шығарма мазмұны мен автордың мәнеріне ешбір қол сұғылмаса, мәтіннің қалған бөліктерін қабыстыру оңайға соғады. Қабыстыру қалған бөліктердің байланысын қамтамасыз етуге, соның негізінде мәтін тұтастығына, жүйелілігіне жету үшін керек. Қысқарту кезінде мәтіннің басқа тұстарында қысқартуға ұшыраған фактілердің еске түсіруі болмауын қадағалауды да ескерген дұрыс.
Мәтіндегі мазмұндық бөліктерді қысқарту шығарма мәніне теріс ықпал әкелетін болса, онда қысқартудың мәтін ішіндегі түріне жүгінеді. Мәтін ішіндегі қысқарту туындыға терең араласуды талап еткендіктен, өңдеп-түзету әдісіне жүгінуге тура келеді.
Қысқартуды әдетте энциклопедияларға, мектеп оқулықтары мен хрестоматияларға белгілі бір шығарманы басу қажет болғанда қолданады.
Өңдеп-түзету — автордың әдеби қарым-қабілеті жоқ, бірақ белгілі бір білімге ие болғанда, мәтіннің композициялық құрылымында, ойды дәл жеткізуде арқау болғанда қолданады.
Түзетудің бұл түрі практикада көп кездеседі. Осыдан кейін, редакторлық анализде барлық ескертулер мен түзетулер қамтылғаннан соң, мәтіннің баспаға дайын түрі шығады деп айтуға келеді.
Осы әдістің аясында редакторға тиісті міндеттер мен операциялар кешені орындалады: фактілер тексерістен өтеді, композициялық құрылымының кем тұстары ескеріледі, логикалық сәйкессіздік алынып тасталады, мәтіннің формалық және тілдік жағы жетілдіруден өтеді және т.б. жұмыстар. Барлық маңызды өзгертулер редактор автормен ақылдаса отырып, жасауы тиіс. Кей сәттерде әдеби қызметкер стильдің, мәнердің бұзылмауы мақсатында ойды дәл әрі шебер жеткізуге кедергі етіп тұрған тұстарды өзі өңдейді.
Мәтінді өңдеу кезінде еңгізілетін өзгертулердің мазмұны әр түрлі болады: сан алуан қысқартулар, жеке тұрған бөлшектерді жалғастыру, сөз бен тіркестерді ауыстыру, синтаксистік құрылымдарды өзгерту, композициясын ұштау. Өңдеу барысында автордың стилі мен ойды беру ерекшелігі бұзылмауы шарт.
Автордың ұсынған материалы негізінде мәтіннің жаңа нұсқасын құру, газет жанрына сай келмеген материалды түзету — өзгертіп-түзетудің мақсаты болып табылады. Газет редакциясында бұл әдіс оқырман хаттарымен жұмыс жасағанда жиі пайдаланылады. Немесе қоғамдық мәні зор, бірақ жазылуы ешбір сын көтермейтін дүниеге қолданады. Журналист ондағы фактілердің, хабарлардың маңыздылығына қарай отырып, оны әдеби формаға келтіреді. Мақаланың қолданылу мақсаты мен жанрының өзгертілуі талап етілгенде де түзетудің осы бір түріне жүгінуге болады. Редактор өзгертудің белгілі бір шегін белгілеп, іштей оның өлшемін білуі керек. Авторға өзінің стилін, түсінігі мен танымын, тілін, позициясын таңу, ілу редактордың абырой әпермесі анық. Редактор түзетілуі тиіс тұстарды, әлбетте, өзгертуге салуы керек, бірақ автордың қатысуымен.
Өкінішке орай, практикада автор материалын редактордың өзі қайта жазып шығу оқиғалары кездесіп жатады. Бірақ мұндай тәжірибе газет мақалаларындағы ерекшеліктердің жоғалуына әкеліп, басылымның тартымдылығы болмайды.
Осылайша, мәтінді түзетудің төрт түрі бізге белгілі болды. Оқып-түзету кезінде мәтіндегі кішігірім қателер редакциядан өтеді. Сонымен қатар, мағыналық, композициялық, стилистикалық келіспеушіліктер, ондағы географиялық атаулар, адамдардың есімдері, цитаталар, сандар мен даталар нақтылығы, өлшемдердің дұрыстығы назарға алынады. Қойылған тақырыптың мәтінге сәйкестілігі және фото немесе суреттердің астындағы жазулардың мазмұнға сай келіп-келмеуі аңғарымнан тыс қалмауы тиіс.
Қысқартып-түзету — материал көлемді, артық ақпаратқа толы, қажетсіз қайталаулардан тұратын болса немесе белгілі бір себептерге байланысты мәтін шағындылығы қажетсінгенде және энциклопедияларға, мектеп оқулықтары мен хрестоматияларға белгілі бір шығарманы басу қажет болғанда қолданылады. Осы әдістің мақсаты мәтіндегі ой мен идеяны, мазмұнды қысқа әрі нұсқа жеткізу.
Өңдеп-түзету — автордың әдеби қарым-қабілеті жоқ, бірақ белгілі бір білімге ие болғанда, мәтіннің композициялық құрылымында, ойды дәл жеткізуде ақау болғанда қолданады. Осы тәсілдің барысында фактілер тексерістен өтеді, композициялық құрылымының кем тұстары ескеріледі, логикалық сәйкессіздік алынып тасталады, мәтіннің формалық және тілдік жағы жетілдіруден өтеді және сан алуан қысқартулар, жеке тұрған бөлшектерді жалғастыру, сөз бен тіркестерді ауыстыру, синтаксистік құрылымдарды өзгерту, композициясын ұштау.т.б. жұмыстар атқарылады.
Газет жанрына сай келмеген материалды түзету — өзгертіп-түзетуге жатады. Газет редакциясында бұл әдіс оқырман хаттарымен жұмыс жасағанда немесе қоғамдық мәні зор, бірақ жазылуы ешбір сын көтермейтін дүниеге қолданылады.
Редактор өзгертудің белгілі бір шегін белгілеп, іштей оның өлшемін білуі керек. Авторға өзінің стилін, түсінігі мен танымын, тілін, позициясын таңбау керек.
Жоғарыдағы түзету түрлерінде композицияның құрылымына қатысты бірер мәселелер көтерілген болатын. Редактор композициямен жұмыс жасағанда үш міндетті шешеді. Біріншіден, композициялық құрылымның шебер құрылуы арқасында тақырыптың санамен тез қорытылуына қол жеткізеді. Екіншіден, материалдың логикалық желісін жүйеге келтіреді. Осылайша, әрбір мазмұндық буындар бір-бірімен қабыса, жымдаса байланысып тұрады. Үшіншіден, құрылымның орналасу тәртібіндегі тәсілдерді қоғамдық санаға эмоциялық-көркемдік деңгейде әсер етуге бағыттай алады.
Жалпы сөз өнерінде редакциялау қызметінің ерекше маңыздылығын атап өту шарт. Қандай шығарма болмасын ол редакциялауды қажет етеді.
Тіпті ұлы жазушы ғұламалардың еңбектері де сондай редакциялаудан сан мәрте өткен. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарындағы редактор — маңызды мамандық иесі екендігі шүбәсіз. Өйткені бүгінде 4-ші билік өкілдері саналатын бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір қалыптастыруға айтарлықтай әсер етеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқалаған функциялар да шаш етектен.
Оқырман, көрермен, тыңдарман – бір сөзбен айтқанда тұтынушы мен ақпарат арасындағы байланысты жасауда редактордың елеулі еңбегі бар. Редакторға тән қасиеттерді тізіп шықсақ, редактор білімді, логикалық ойлауы зор, тілдік нормаларды жетік меңгерген, ұйымшыл, өндірістік-техникалық процесті жетік білген болуы тиіс.
Оқырман редактордың материалды өңдеп-түзету үстіндегі қиналысын көріп-білмейді. Ендеше ол редактордың шығармашылығын, оның әдеби еңбегінің ерекшелігін жарияланған дүниесіне қарап бағалайды. Редактордың ескіше ойлауға, ескіше қолтаңба қалыптастыруына хақы жоқ. Кешегі шығармашылық табыс бүгінгі өлшем емес. Ендеше редактор әркез жаңа қырынан танылып отыруы тиіс. Ол заманнан артта қалмайды. Ол әркез алғы шепте жүретін тұлға. Бүгінгі таңда журналистика шын мәніндегі пікір мен идеялар трибунасына, халықтық арнаға айналуда. Телеарна, радио, газет-журнал материалдарында аналитикалық талдаулар , авторлық бағдарламалар, қаулап өсті. Оқырман, көрермен мен тыңдарман үшін өзінің рухани сұранысына сай таңдау жасаудың мол мүмкіншілігі туды. Сонымен бірге журналистер мен редакторлардың ең орталық тұлға ретіндегі жауапкершілігі артты.
Біз редактордың міндеттеріне кіретін мәтінді талдаудың әдістеріне және оның редакторлық қызметтегі орны мен рөліне тоқталдық. Әдеби редакцияға жалпы түсініктеме бере отырып, редактордың басты міндеттерін айқындауға тырыстық. Филологиялық әдістердің ішіндегі редакторлық анализдің мәні мен мамұнын ашу, сонымен қатар практикалық редакцияда алатын орнын анықтаудың негізінде оқырманның танымына жалпы аяны түсіндірдік деп санаймыз. Редакторлық оқу түрлері жайлы ақпарат беру арқылы мәтінді түзетудің әдістерімен таныстыруға қалам тарттық. Мәтін әзірлеу, автормен бірлескен жұмыс, дайындық кезеңі мен автормен жұмыс жасаудың қырлары талданып, болашақ журналист маманына қажетті мол мағлұматтар мен мәліметтер қамтылып үлгерді. Атап өтетін бір жайт, аталған еңбектің мазмұны, фактілері мен практикалық тәжірибелерден жинақталған кеңестер көп жылдар бойғы іздену мен талаптың негізінде туған болып отыр. Нақтырақ айтсақ, жиырмасыншы ғасырдың орта тұсында әдеби редакция майталмандары К. И. Былинский, А. В. Абрамович және Э. А Лазаревич, Д. Э. Розенталь, Н. М. Сикорский, А. Э. Мильчин, М. П. Сенкевичтер, Л. В. Щерба, А. М. Пешковский, Ф. И. Буслаев сияқты ғалымдардың, сонымен қатар біздің замандасымыз К. Накорякованың ғылыми ой-толғамдары мен жеке тәжірибелерінен жинақталған материалдардан құралған еңбек бұл.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *