Қытай тележурналистикасы
1. Қытай тележурналистикасы.
2. Аспанасты елінің ақпарат айдыны: бүгіні мен даму үрдісі.
Әлемдік өркениеттер тоғысқан ғасырдың түрлі ауыс-күйістері сапырылысқан шеңбері ішінен қай мемлекеттің болмасын шығып қалуды қаламайтыны анық. Сөйте тұра жаһандану үрдісінде өз мемлекетінің мызғымас идеологиялық тұғырын бекемдеу мақсатында бар күшін аямасы да ақиқат. Бұған келгенде дәл қазіргі кезеңде шағын мемлекеттер ғана емес, алып державалардың өзі етек-жеңін қымтай ұстайтындығын байқаймыз. Ал, ондағы басты құрал -ақпараттық жүйелер.
Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет ретінде жаһандану үдерісінің қайнаған қазанына жеке-дара бел шешіп араласқанына 22 жыл толды. Сол тұстарда алғашқы жүргізген сыртқы саясатымыздың өзі де жақын көршілермен шекарамызды белгілеуден басталды. Міне солардың бірі — Қытай елі. Қытай мен Қазақ мемлекетінің бүгінгі күнгі қарым-қатынастары түрлі салалар бойынша күн санап еселей түсуде. Мұхиттың ар жағында жатқан елдермен де тығыз байланыстар орнатып отырған Қазақстан үшін жақын көршінің әр басқан қадамының маңызы өз алдына бір төбе. Алып елдің кең тыныстауына көмегін тигізіп отырған мемлекеттегі ақпарат құралдарының бүгінгі тыныс-тіршілігін білу, бізге де пайдасы тиер біраз көлденең сұрақтарға жауап болары сөзсіз.
Санғасырлық әлем өркениетінің бедерлі іздерін өз тарихының бөлінбес еншісі ретінде алтын әріппен айшықтап қалдырған, өрелі мәдениеттің бастау көзін бес мың жылдық тарих көшімен жылнамалаған Қытай жұрты өздерін бұл ғасырдың да айдарынан жел ескен жүйрігі санайды. Осылайша сол қағазға хатталған жылнамалар арқылы арғы заман тарихының құнарлы ақпаратын бүгінге жеткізуі адамзат мәдениетіне қосқан қомақты үлесі деп есептелсе, қазіргі заман ақпаратының да замана үрдісінен шет қалып отырғаны жоқ.
Қытайда, ХХ ғасырдың бас кезінде патшалық Маньчжурия үкіметі биліктен аластатылуымен қоғамның әр саласы ауқымды өзгерістерге ұшырады. Сыртқы әлемнің ықпалы және шетелден білім алған зиялы топтың елге келуімен Қытай журналистикасы да өз дамуының алғашқы қадамын жасады. Міне, содан қазірге дейінгі бір ғасырлық уақыт көшіне көз салар болсақ, Қытай журналистикасының талай қақпақылға түсіп, шыңдала жүріп бүгінгі биігіне қол артқанын байқау қиын емес.
Социалистік Қытай Халық Республикасында ақпарат саласына арналған жеке заң әзірше жарыққа шықпаған. Ата Заңының бір тармағында көрсетілгендей, адамдардың қоғамдық-әлеуметтік мәселелерде өз ой-пікірін еркін білдіруіне, бейбіт шеруге шығуына, сондай-ақ саяси көзқарас еркіндігіне жол берілетіндігі айтылған. Қытай еліндегі сөз бостандығының бірден-бір сүйенетін заңдық кепілі де осы. Қытай кезіндегі КСРО сияқты жабық идеологиямен де, батыс елдеріндегідей ашық демократиямен де келіскісі келмейді. 80-жылдардағы Қытай саясаткері Дың-шяу-пиң (Дэн Сяопин) айтқандай, «Біздікі қытайлық ерекшелікке ие социализм жолы. Мысықтың түсінің ақ немесе қара болуы маңызды емес, тышқан аулай алса, болғаны».
Өзіне төнер қауіптен әркез сақтанып жүретін елдің тыныштығы осындай саясат арқылы жүзеге асырылады. Ал заңның 57-тармағына сай, ақпараттық қателік жіберген журналист жазасының ауыр-жеңілдігіне қарай айыппұл тартпақ.
Ел экономикасының қарқынды дамуы мен ауқымды аудиториялық қажеттілік қытай журналистерін әркез шеберлікке ұмтылдырып, сапалы жұмыс істеуіне ынталандырып отырады. Бастауын 1931 жылдан алатын Синьхуа агенттігі — дүние жүзіндегі алдыңғы қатардағы ақпараттық орталық. Құрамында 10 мың тілші қызмет атқарады. Агенттік білікті журналистер мен озық техникалық базаның арқасында оқиға ортасынан жылдам әрі шынайы ақпараттарды әр тілде әлемге таратады. Ақпараттық орталық қосымша шығаратын өздерінің әртүрлі басылымдарымен де танымал. Мемлекеттің ішкі-сыртқы саясатын, экономикасын, мәдениеті мен өнерін, ғылыми жетістіктерін шетел оқырмандарына дәріптейтін, сондай-ақ сыртқы әлемді ел оқырмандарына таныстыратын бұл басылымдардың Қытай мемлекеті үшін маңызы айрықша. Жоғарыда айтқанымыздай, түрлі ақпараттық құралдар арқылы сыртқы әлемді танып-білу, әсіресе, өздеріне жақын көршілерін ішкерлей түсініп, бар мен жоғын түгендеп отыруды көптен мақсат тұтатыны, жалпы Қытай ақпаратына тән ортақ құбылыстай аңғарылады. Мәселен, солардың бізге қатыстысы ретінде «Орта Азия» журналын (қытай, ұйғыр тілдерінде) атауға болар еді. Журналда жарық көретін материалдың басым бөлігі Орталық Азия елдері ішіндегі Қазақстанға тиесілі. Онда әр облыс жеке талданып, қалалары, халқының саны, өндірісі, жер байлығы мен пайдалы қазба игілігінің қоры дәлдік деректермен беріледі екен.
Қуандық Шамақайұлы «20 ғасырдағы әлем журналистикасы» еңбегінде 2001 жылғы мәлімет бойынша 2111 газет жылына 35,106 миллиард данамен таралатынын келтірген. «Оның 210-ы күнделікті, 782-сі провинциялық, 882-сі қалалық, 237-сі аудандық. 304 радио, 354 телеарна бар», -деп жазады. Бұл Қытай журналистикасының ауқымды қызметін көрсетеді.
Солардың ішіндегі біз білетін, әлемге танымал бұқаралық ақпарат құралдарының маңызды деген бірнешеуіне тоқтала кетуді жөн көрдік. Қытайда облыстық, аудандық телеарналар жергілікті хабарларды негіз етсе, Бейжіңдегі орталық телевизияның әрбір арнасы қоғамның әр саласына қарай бөлінуден тыс, адамдардың жас ерекшелігіне қарай балалар, жастар, отбасы арналары болып жіктеліп, өз аудиториясын қажетті ақпаратпен қамдайды. 1958 жылы мамырдың 1-і күні Қытайда тұңғыш телевидение станциясы құрылды. Алғашқы аты «Бейжің телевизиясы» деп аталды. Ол 1978 жылы Қытай «Орталық телевизиясы» болып өзгертіліп, ағылшынша қысқартып CCTV деп аталды. Қазір орталықтың жасанды серік арқылы тарайтын 42 телеарнасы, және ақылы көруге бағытталған цифрлы жүйедегі 12 телеарнасы бар. 2005 жылғы мәліметтер бойынша мұнда 7400-ден астам адам жұмыс істейді. Мемлекет ішіндегі жалпы телеөнім мен түрлі тележарнама рыногының 30 пайызын да еншілеп отыр. 2005 жылғы жалпы қазыналық кіріс пайдасы 1 миллиард 240 миллион юаньге жеткен. Аталмыш мекеме 134 мемлекеттің 208 ақпарат орталықтарымен түрлі әрптестік байланыстар орнатқан. Шетелдерде 70-тен астам тілшілер қосыны жұмыс жасайды.
Қытайдың «Орталық халық радиосы» (CNK) 1940 жылы 30 желтоқсанда құрылған. Қазіргі күні жасанды серік арқылы тарайтын 11 радиоарнасы, 4 цифрлы радиожелісі бар. «Орталық халық радиосының» 8-ші радио толқыны Қытайда тұратын қазақ (Қытайдың Шынжаңындағы қазақ радиосынан бөлек), моңғол, ұйғыр, кәріс тілінде хабар таратуға арналған. Сонымен қатар осы мекемеде «Қытай радио газеті», «Қытай радиосы» журналы, Қытай радио дыбыс-кескін баспасы, радионың жеке сайты жұмыс істейді.
Ал баспасөз саласына келсек, «Жоңко рыбау» (Қытай күнделікті газеті) басылымы өзінің ұзақ тарихы мен де, қазіргі ақпараттық күшті әлеуетімен де басқаларға дес беріп отырған жоқ. Газеттің алғашқы сандары Чиің (Цинь) патшалығының соңғы кезінде, яғни, 1900 жылдары жарық көрген. Бүгінгі күні «Рыбау» әлемдегі 150-ден астам мемлекеттер мен аймақтарға таратылады. Бейжің, Шанхай, Гонконг, Нью-Йорк, Еуропа елдерінде газеттің баспа орталықтары орналасқан. Таралымы 2 миллион данадан астам болып, оның үштен бірі мемлекет аумағынан сырт жерлерге шығарылып отырады. Елдегі іргелі басылымның тағы бірі -Қытайдың мемлекеттік билік партиясының орталық газеті саналатын «Жэньминь жибао» (People Daily). Бұл газет («Жэньминь жибао» қытай тілінде «Рін мин ры бау» деп дыбысталып, қазақшаға аударылғанда «Халық газеті» деп аталады) 1948 жылдан бері жарық көріп келеді. Мемлекеттің тыныс-тіршілігін, қоғамның түрлі салаларын ақпарат көзі ете отырып, билік партиясының саясатын халыққа үгіттеу міндетін де тыңғылықты атқарып отыр. Бұл газет те «Жоңко рыбау» сияқты әлеуеті мығым, елдегі ең ірі газеттердің санатына жатады. 1997 жылы газеттің сайт нұсқасы жасалып, ғаламтор арқылы әлемге жаңалықтарын тарата бастады. 2000 жылы сайт нұсқасы атауын «Жэньминь уаң» («Рін мин уаң» — «Халық сайты») деп өзгертті. Қазіргі кезде аталмыш газеттің сайты жапон, ағылшын, орыс, француз, араб, испан, корей тілдерімен қатар қазақ тіліндегі (төте жазумен) нұсқасын да шығарып отыр.
Қытайдағы көш бастаған бұл ақпарат құралдарынан басқа да ақпарат тарататын орталықтарының жалпы ауқымы бір, әрқайсысы өз ерекшелігімен аудиториясының қолдауын тапқан. Таралым мен жарнамадан түсетін қаражат негізіндегі экономикалық жоғары деңгейдегі ынталандыру журналистің алаңсыз жұмыс істеп, сапалы қызмет көрсетуіне үлкен қолдау. Журналистері де халық алдындағы жауапкершілікті сезіне, қоғамдағы түйткілді түйіндерді сергек, ширақ қимылмен жариялауға құлшына кірісіп отырады. Кейде қылмыстың бетін ашуда тәртіп сақшылары мен әділет органдарының өзін шапшаңдығымен шаңына ілестірмей жататыны жиі кездеседі. 2001 жылы Қытай экономикалық газетінің екі тілшісі жарна билеті арқылы елді алдаумен ақша тапқан Ланжу қаласындағы белгілі фирма басшысының ісін әшкереледі. Қылмыстың бұлтартпас дәлелдерін қолға түсірген тілшілер өздеріне ұсынылған 5 миллион қытай юанінен бас тартады. Осының нәтижесінде 26 қылмыстық топтың ұясы талқандалды. 168 басбұзар атаман қылмыстық жауапқа тартылды. Мұндай мысал мыңның бірі ғана. Қазірде осы қылмыстық топтың әрекеті шынайы дерекке құрылған фильмнен өріс тапты. Мемлекеттің сенімін ақтай алмаған лауазым иесінің ақыр аяғында бәрінен жұрдай болып, заң құрығына іліккен аянышты халі мен өкініші арқылы өз ортасына тәрбие беріп, ескерту жасауда.
Қытайдың әлемдік деңгейде дамып отырған ақпарат тарату әлуетін, мол мүмкіндіктерін, жемісті тәжірибесін Қазақ елі өз саласында пайдаға асырып жатса жаман болмас еді. Осы тұрғыда көрші елмен болған түрлі салалардағы әлдеқашан қалыптасқан байланыстар ізімен Қытай мен Қазақстанның ақпарат құралдары да өзара серіктестік қарым-қатынас орнатып үлгіргенін атап өтеміз. Бүгінде «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі Қытайдың беделді ақпарат құралдары саналатын «Синьхуа» агенттігі, «Жэньминь Жибао» газеті, «Жэньминьван», «Тяньшаньнет» ақпараттық сайттарымен серіктестік байланыстарды жолға қойған. Атап айтсақ, 2012 жылы 29 ақпан күні Бейжіңде «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ мен Қытайдың «Жэньминьван» сайты арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою рәсімі өтті. Бұл іс-шараға «ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Дәурен Дияров қатысқан болатын. Ал 2013 жылғы қазанда «ҚазАқпарат» агенттігі директорының орынбасары Қаламқас Әбуованың қатысуымен «ҚазАқпарат» пен «Тяньшаньнет» ынтымақтастық туралы келісімге Үрімжіде қол қойылды. «Тяньшаньнет» — ҚХР ШҰАӨ Халықтық үкіметі жанындағы жетекші және ірі ақпараттық интернет-ресурсы.
2014 жылдың басында халықаралық мәртебе алған «ҚазАқпарат» агенттігі наурыз айында сайттың қытай тіліндегі нұсқасын қосты. Бұл сайттың ҚХР Сиань қаласындағы таныстырылымы кезінде гонконгтық күнделікті шығатын «Вэнь Вэйпо» газетінде (жыл сайынғы тиражы — 2 млн. астам, қытай және жапон тілдеріндегі нұсқалары бар, АҚШ-та, Канадада, Еуропада, Малайзияда, Үндістанда, Филиппинде, Кореяда және басқа да елдерде шығарылады) «ҚазАқпарат» туралы мақала жарық көрді.