Ғали Бегалиевтің ғылыми-теориялық еңбектері

 

Әдістеме ғылымының дамуына өзіндік үлес қосқан ғалымдардың бірі – Ғали Бегалиев.
Ғали Бегалиев 1887 жылы Батыс Қазақстан облысы, Қазталов ауданында дүниеге келген. 1907 жылы Қазандағы Мухамедия медресесінде оқиды. 1907-1909 жылдары Торғай облысында мұғалімдік қызметте болады. 1910-1912 жылдары Орынборда орысша курсты бітіріп, Батыс Қазақстан облысының Ақбұлақ стансасындағы қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. 1918 жылы Орал қаласында бірыңғай еңбек мектептерінде мұғалімдер даярлайтын курс ұйымдастыруға қатысып, онда негізгі пәндерден дәрістер оқиды.1922-1924 жылдары Орда қаласындағы педагогикалық техникумда мұғалімдік қызметте болады. Ал 1924-1930 жылдары Орал қаласындағы «Қызыл Ту» газетінде, Алматыдағы «Еңбекші қазақ» газеттерінде істейді. Осы жылдары КазПИ-де қазақ тілінен және қазақ тілінің оқыту әдістемесі пәндерінен сабақ береді. Қазақ ССР оқу министрлігінде инспектор болып жұмыс та істейді. 1931-1933 жылдары ол Мәскеудің әдіскер – тілшілер даярлайтын педагогикалық ғылыми зерттеу институтының аспирантурасында оқып, филология ғылымының кандидаты атағын алады.
Ғали Бегалиевтің әдістеме жөніндегі алғашқы мақалалары 1930 жылдары жарық көреді де, онда негізінен өзі жақсы меңгерген бастауыш мектептердегі қазақ тілін оқытудың қыр сырын ашуға талаптанады. Ауыл мектептерінде сабақ беріп жүрген мұғалім-ұстаздарға көмек болатын әдістемелік кеңестер жазады. Әдіскер-ғалымның «Бастауыш мектептегі қазақ тілінің методикасы»(1940), «Әріп, дыбыс, буын», «Бастауыш мектепке бірнеше класты бір уақытта оқыту туралы»(1950), «Грамматика таблицалаларына нұсқау», «Қазақ мктептерінің 4 класы үшін мұғалімдерге көмекші құрал» (1959) сияқты әдістемелік еңбектерінің өз кезеңінде қазақ тілін оқыту жүйесі үшін маңызы зор болғанын атап өту қажет.
Өзге де замандас қаламдастары сияқты Ғ.Бегалиев қазақ мектептерінде орыс тілін оқыту мәселесіне, алфавиттік жүйе мен байланысты өз пікірін білдіріп отырған. Әдіскер ғалымның «Бастауыш мектепте қазақ тілінің методикасының мәселелері» мен «Бастауыш мектепте бірнеше класты бір уақытта оқыту туралы» деген еңбектері 1950 жылы жарық көреді. Бастауыш мектеп пен орта мектептерде қазақ тілі сабағын оқытудың тиімді жолдарын ұсынып, құнды ойлар айтады. Бастауыш мектептерде қазақ тілі бойынша өтілетін әр сабақтың әдістемесін жасап, әрбір тақырыпты қалай оқыту, әдіс тәсілді қалай дұрыс қолданудың өзі дұрыс деп таныған жолдары мен тәсілдерін ұсынады. Сабақтың өту процесін терең меңгерген ғалым тақырыпты оқыту барысында мұғалімнің алдынан шығатын қиындықтарды алдын-ала шамалап, одан шығудың жолдарын да көрсетіп береді.
Әдістемелік еңбектерінде бастауыш сыныпта өтілетін негізгі тақырыптарды қарапайым да тетең талдай отырып, мұғалім ұстануға тиісті негізгі тәсілдерді белгілеп береді. Грамматикалық жеке тақырыптарды оқытудың әдістемесін жасайды. Әрбір жеке тақырыптың әдістемесін жазудағы мақсатын ғылымның өзі былайша түсіндіреді: «Бұлайша жазуымыздың себебі мектеп мұғалімдері тілден өткізетін сабақтарға оқулық бойынша әзірленгенде, сол сабақты оқыту методикасына да қоса әзірленсін дегендік. Тіл мұғалімі әрі грамматиаклық тақырыпты, әрі оны оқытудың методикасын бір уақытта әзірлесе, оқыту жұмысы сапалы болып шықпақ» (Бегалиев Ғ. «Бастауыш мектепте қазақ тілінің методикасы, Алматы 1940, 57 –бет.»)
Ғ. Бегалиев есімі қазақ тілін оқыту әдістемесі пәнінің дамуына, әсіресе бастауыш мектептердегі қазақ тілін оқытудың сапалы өтуіне өз үлесін қосқан әдіскер ғалым ретінде танылады.
Ғ. Бегалиевтің негізгі ғылыми — әдістемелік еңбектері:
Бастауыш мектепте қазақ тілінің методикасы. Алматы, 1940.
Құрмалас сөйлем. Алматы, 1941.
Қазақ тілінің грамматикасы. Педучилище оқушылары мен бастауыш мектептердің мұғалімдеріне арналған оқу құралы. Алматы, 1944.
Әріп, дыбыс, буын.Алматы, 1935.
Қазақ тілі граматикасы . ІІ бөлім. Синтаксис. Орта мектептің 6-7 кластарына арналған оқу құралы. Алматы, 1948.
Бастауыш мектепте қазақ тілі методикасының мәселелері. Алматы,1950.
Қазақ тілі. Орыс мектептерінің 5-7 кластарында оқитын қазақ оқушыларына арналған оқулық. Алматы, 1957.
Қазақ тілін оқыту әдістемесі ғылымының әдістемесі ғылымының негізін салушылар А.Байтұрсынұлы, С.Жиенбаев, Ш.Х Сарыбаев, Ғ.Бегалиев, Х.Басымовтардың ізімен оқыту ісінің қыр – сырын терең меңгеріп, енді оның тек жалпы бағыттарын ғана емес, тіл білімінің белгілі саласы бойынша теориялық білім мен тәжірибелік дағдыны беру мақсатында зерттеулерін жазған ғалымдар легі жалғасын тапты. Әдістеме ғылымының пән ретінде дамуына үлес қосқвн И.Ұйықбаев, Х.Арғынов, Ы.Маманов, Ж.Шакенов, Б.Кәтембаева т.б. сынды ғылымдар әдістеме ғылымын теориялық тұрғыдан байытты.
Ұйықбаев Иманбай Қабышұлы 1922 жылы Павлодар облысы, Қашыр ауданында туған. 1948 жылы КазПИ – ді бітіріп, 1952 жылы аспирантураны тәмамдайды. 1952-1954 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. 1954 жылы «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктердің көріністері» атты тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Автордың «Мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері», «Қазақ тілі методикасының очерктері» әдістемелік еңбектері мен орта мектептің 8,9 сыныптарына арналған оқулықтары бар.
Әдіскер ғалымның еңбектерінде әр сөздің ұғымы мен мағынасын оқушыларға түсіндірудің қыры мен сыры ашылады. Мектеп грамматикаларында сөздердің мағыналары олардың лексика-семантикалық сипаты арқылы емес, грамматикалық жүйедегі қай сөз табына жататынына байланысты анықталады. И.Ұйқыбаевтың еңбектерінде де негізгі мәселелер осы құрылымдық бағытта жазылды.Сондықтан да автор былай деп ой түйіндейді: «Сөз таптарының морфологиялық белгісі — әр сөз табының сөз тудыру тәсілі мен түрленуіне, ол формалардың грамматикалық ерекшелігіне қатысты» (Мектепте қазақ тілін оқыту мәселелері,Алматы, 1957).
Автор мектеп мұғалімдерінің бағдарламаны қалай жасауға болатынын, оны пйдаланудың жолдарын саралап көрсетеді, 3,4,5 сыныптарда сөз табына қатысты мәселені балаға жеткізудің жолдарын анықтайды. Есім және етістік сөз таптарын мектепте қалай өтуге болатынын жіктеп талдайды. Әрбір сабақтың өзіндік ерекшелігіне, теориялық білімді меңгертуде жаттығудың маңызды орын бар екеніне жақсы тоқталады. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту барысында түсіндірмелі диктанттар мен бақылау диктанттарын жиі алып отыру қажеттігін ескертеді.
Әдіскер – ғалым бастауыш мектептерде грамматикалық талдау жұмыстарын жүргізуге де ерекше көңіл бөледі. Мұның өзі балалардың сауттылығын күшейтуге көмектеседі деп ой түйіндейді.
Грамматикалық талдау грамматика мен емлені меңгеруге көмекші құрал болатындықтан, оны өтілген тақырыпқа сәйкес үнемі жүргізіп отыру қажет. Грамматикалық талдау үшін алынған сөйлемдер жеңіл, түсінікті болуы керек деп жазады.
Лексика саласын оқыту да оқушылардың тілін дамытуға мол мүмкіндік барын айта келіп, автор синоним, антоним, омоним, термин сөзде, көнерген сөздерді т.б. оқытуда иек артуға болатын негізгі тәсілдер мен жолдарды көрсетіп береді.
И.Ұйықбаев диктанттың түсіндірмелі, терме, өздік, шығармашылық, сөздік және бақылау сияқты түрлерін ұсынған.
И.Ұйықбаев құрастырған « Қазақ тілі методикасының библиографиялық көрсеткіші» атты еңбектің де әдістеме ғылымы үшін берері мол. Құрастырушы бұл шағын кітапшада Қ.Басымов, С.Жиенбаев, Ш:Х.Сарыбаевтардың өмірі мен шығармашылық жолы туралы құнды деректер бере отырып, олардың шығарған, жазған зерттеу жұмыстарының тізбесін берген. Автордың көрсетілген үш ғалым жөнінде айтқан пікірлері аса құнды.
Мұның өзінің кейінгі ғылыми ізденіспен жүрген ізденушілерге тигізер пайдасы орасан.
Сонымен қазақ тілін оқыту әдістемесі тарихында И.Ұйықбаев есімінің де өзіндік орны бар. Автордың қаламынан шыққан қазақ тілін оқыту жүйесіне байланысты еңбектердің маңызы күні бүгін де жойылған жоқ.
И.Ұйықбаевтың негізгі ғылыми — әдістемелік еңбектері:
Категория глагольного вида в современном казахском языке. АКД,Алматы, 1954.
Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің көріністері.Алматы, 1958.
Қазақ тілі методикасының очерктері.Алматы, 1962.
Тіл мәдениетінің кейбір мәселелері. Алматы,1969.
Қазіргі қазақ тіліндегі сөз варианттарының проблемасы.Алматы, 1976.
Қазақ тілі методикасының библиографиялық көрсеткіші. Алматы, 1961.
Қазақ тілі.8 сыныпқа арналған оқулық.1997.
Қазақ тілі, 9-сыныпқа арналған оқулық.1997.


1. Ұйықбаев И. Зат есімді оқыту // Қазақ тілі методикасының мәселелері. – алматы, 1969. – 228 б.
2. Х.Арғынов. Қазак тілі методикасы. А.,1974
3. З.Бейсембайқызы. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. – Алматы, 2002
4. З.Бейсембайқызы. Қазақ тілін модуль негізінде оқыту. А., 2001
5. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы /Қазақстан жоғары мектебі №1, 2004. 5-20-66.
6. Қазақ тілін оқыту методикасы. Жалпы редакциясын басқарған Б.Құлмағамбетова -Ал.:«Мектеп», 1988
7. С.Қазыбайұлы.Мектепте қазақ тілін оқыту тәсілдері.-Алматы 1997
8. Д.Әлімжанов, Ы.Маманов. Қазақ тілін оқыту методикасы- А., 1965

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *