АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ — Батыс Қазақстандаорналасқан облыс. 1938 жылы Гурьев облысы деген атымен құрылған. 1992 жылы қазіргі атауына ие болды. Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысымен, шығысында Ақтөбе облысымен, оңтүстік-шығысында Маңғыстау облысымен және батысында Ресейдің Астрахан облысымен шектеседі. Сондай-ақ оңтүстік шекарасы Каспий теңізіне келіп тіреледі.Облыс орталығы — Атырау қаласы.

Жер бедері. Облыс аймағы Каспий ойпатының солтүстік-шығыс бөлігін, Жем қыраты мен Үстірттің батыс шетін, Каспий теңізінің солтүстік бөлігін алып жатыр. Жері солтүстігінен оңтүстікке қарай аласара түсетін Ойыл, Сағыз, Жем өзендері салаларымен тілімденген.Бұл аймақты Жем қыраты мен Үстірттің батыс сілімдері Доңызтау (214 м), оның бөліктері Желтау (221м), Тамды (175) жоталары алып жатыр. Қайнар мен Жем өзендері араларында Иманқара (199м) Қойқара қыраттары, Қарамұрат жоны, Алабие, Аққұдық, Қабылан жоталары орналасқан. Олар ақшыл ізбес тастан тұрады. Жайық өзенінің сол жақ жағалауында Индер тауы орналасқан. Таудың биіктігі 52 м., ұзындығы 25-30 км, ені 10 км-ге жуық.Каспий маңы ойпатының оңтүстік және оңтүстік батыс бөліктерінде құмды шағылдар көп тараған. Еділ өзенінің сол жағалауы мен Каспий теңізінің жағалықтарын Нарын құмымен Мыңтөбе құмы, Қосдәулет, Ботай құмдары, Ойыл мен Сағыз аралығын Тайсойған, Бүйрек құмдары, облыстың шығысын Каспий маңы Қарақұмы алып жатыр. Бұл құмдардың ең үлкені –Нарын құмы.Атырау аумағында кең тараған жер бедерінің бір түрі- сорлар. Олардың тереңдіктері 5-10 м-ге жетеді. Ресейшекарасының батыс бөлігінен Еділ өзені ағып өтеді. Каспий теңізіне құятын Еділ жəне Жайық өзендерінің аралығының барлық дерлік бөлігін Атырау облысы алып жатыр. Географиялық тұрғыдан облыстың солтүстік-батыс жағы Еуропада, ал бүкіл шығыс жағы Азияда, негізінен шөлейттік аймақта жатыр.Сонымен қатар Атырау аумағында тақырлар кездеседі. Ең үлкен тақыр Намаз тақыры деп аталады. Ол облыстың солтүстік- шығысында орналасқан.

Геологиялық құрылымы. Гееологиялык тұрғыдан алғанда Атырау облысы көне Шығыс Еуропа платформасына ендеп кірген Каспий маңы ойпатының оңтүстік жағалауын алып жатыр.Атырау облысының шегінде ендік бағыты бойынша 500 км-ге созылған, ені 90—140 км Солтүстік Каспий — Биікжал аймағы бар. Оңтүстік жағында Оңтүстік Жем ылдиымен көмкеріледі, мұндагы іргетастың беті 12—13 км тереңдікте жатыр.Іргетастың үстінде шөгінді қорабы бар, ол тұз асты, тұзды, тұз үсті кешендеріне бөлінеді, палеозой және мезокайнозой кезеңдерінде қалыптасқан, жыныстарының жалпы тереңдігі 12—14 км-ден асады. Қаратон—Теңіз аймағында бірыңғай карбонатты кешен қалыптасқан. Геофизикалық зерттеулердің мәліметтері бойынша оның жалпы калыңдығы облыстың Солтүстік Каспий аймағында 1,5—3 км-ге дейін, Каспий маңындағы ойпат ернеуінің оңтүстік-шығысында 8—10 км- ге дейін өзгеріп отырады. Тұз асты кешенінің күмбезі оңтүстігінде Оңтүстік Жем инверсиялык биігінен солтүстіктегі ойпаттың орталығына қарай моноклиналды түрде енеді. Тұз асты кешенінің моноклиналды енуінің аясында 3,5—3,8 км-ден 6,0—6,4 км-ге дейінгі тереңдіктен көптеген жергілікті қатпарлар, көлемі мен аумағы жөнінен әр түрлі, көтерілетін жерлердің жолағын кұрайтын белгілер ерекшеленеді. Ерекшеленген төбешіктердің ұзындығы 6—20 км-ге дейін, ені 100-300 м-ден 2—13 км-ге дейін кұбылып отырады.Юралық-бор шөгінділер жағалаулық-теңіздік және теңіздік-терригенді, терригенді-карбонатты шөгінділер түрінде кездеседі. Бұл шөгінділердің қалыңдығы облыстың солтүстік бөлігінде 0,3—0,5 метрден Прорва аймағында 3 км-ге дейін өзгеріп отырады.Тұтастай алғанда облыстың тектоникалық дамуында жауын суының жиналу жағдайындағы сияқты сабақтастық байқалады. Сабақтастық мезгілі жөнінен геологиялық кезендерге сәйкес келеді. Аймақтың жоғарғы пермьдік-триастық, юра-палеогендік, неоген-төрттік даму кезендері айқын көрінеді.

Климаты. Атырау облысында континенттігі тым басым климат қалыптасқан. Облыс табиғи ылғалдылығы жеткіліксіз, аңызақ желді, шаңды дауылды, жазы ыстық, қуаң, қысы қарсыз (не жұқа қарлы) болып келеді.Ең ыстық айы — шілде, ауасының орташа температурасы 24—25°С, жалпы ыстық 35-40°С, кейде одан да астам болады.Жауын-шашынның жылдық мөлшері 220—230 мм, қуаңшылық жылдары жауын-шашын мөлшері 80 мм-ден аспайды, ал ылғалдың жер, су бетінен ауаға булану мөлшері 1000 мм, кейде одан да астам болады. Жылдың жылы маусымдарында негізінен батыс бағытында (солтүстік-батыс, кейде оңтүстік-батысқа) соғатын желдің үлесі басым; желдің орташа жылдамдығы 5—6 м/сек, теңіз жағалауында 6-7 м/сек, ең күшті желдің қарқындылығы 15 м/сек-қа жетеді.Қыс маусымы ауасының қаңтардағы орташа температурасы —8°С, — 12°С, қиыр оңтүстігінде —5°С, —6°С. Қыста жел негізінен шығыс (оңтүстік-шығыс және солтүстік-шығыс) бағытында соғады, қарқындылығы 6—7 м/сек. Жылдык жауын-шашын мөлшерінің жартысынан астамы қыста түседі.

Пайдалы қазбалары. Облыстың жер қойнауында қалың шөгінді қабаттармен байланысқан әр түрлі пайдалы қазбаларға мол.Олардың ішінде қоры аса бай әрі негізгісі мұнай болып табылады.Мұнай-газдан басқа пайдалы қазындылар ішінен облыс экономикасы үшін маңыздылары ретінде борат және борат тұзды кендерді, ас тұзын, калийлі, магнийлі жыныстарды атауға болады. Құрылыс индустриясы шикізаттарынан бор, бор-мергельді жыныстар,гипс, ангидрит, сазды, кұмды әктастар, сондай-ак битуминозды жыныстар (кирлер) мен тұщы және минералды су көздері бар.Борат кені дүние жүзінің бір-ак жерінен, тек Атырау облысының қойнауынан ғана табылып отыр. Сондай-ақ күкірт, құм-қиыршық тас қосындылары, отқа төзімді керамзит және кірпіштік саздар, ұлутас, шипалы балшық, қоңыр көмір мен минералды бояулар жасауға жарамды саз шөгінділері бар.

Топырағы. Жалпы Каспий маңы ойпатының, сондай-ақ Атырау облысының топырақ жамылғысының құрылымы өзінін түзілу факторлары мен құрамының сан алуандығына байланысты өте күрделі болып келеді.Негізінен мұнда топырақ таралуының ендік белдеулілігі басым қалыптасқан, яғни топырақтың бір түрінің қабаты ендік бағытқа қарай созыла шашыла түзіледі де, теңізге жақындаған сайын келесі түрмен жиі және әлденеше рет ауысып отырады.Шалғынды аллювийлі қуаң топырақ (Жайықтың екі жағындағы кең жайылмаларында ғана тараған, құнарлы қабаты 70 см-ге дейін, негізі — аллювий шөгінділері).Бозғылт- құмды топырақ (Нарын, Тайсойған және Ментеке өңірлері).Батпақты-тұзды саз топырақ (ойпаттың теңіз жағалауына ұласатын бөлігі, гумус қатапшы, шикі шымтезек аралас келеді, аса кепкен жерлерінде бэр төбешіктері қалыптасқан).Автоморфты қоңыр не сұр қоңыр топырақ (Жайықтың екі жағында да, әсіресе сол жағында Тайсойғанға дейінгі өңірді, Ойылдың сағалық бөлігін қамтиды, біршама құнарлы келеді, гипс пен тұз кабаттарының үстінде түзілген, облыс жерінің 20%-ынан астамын алады)Сортаң топырақ -облыс аумағында өте көп тараған. Топырақтың беткі қабатына тұзы шығып жатады. Мұнда тұздың мөлшері 8-10 % -ке дейін жатады.

Өзендері мен көлдері. Атырау облысының жер беті сулары Еділ өзенінің сол жақ тармақтарынан, Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің төменгі ағыстарынан және үлкенді-кішілі көлдерден тұрады.

Өзендері. Өзендердің жинайтын суларының тек 10-20 %-ы ғана өз облыс аумағынан, ал қалған суын басқа аймақтан әкеледі. Жайық өзені кеме арқылы әр түрлі жүк және жолаушы тасымалдауға пайдаланылады, балық ауланады. Ал қалған өзендері егістікке, шабындықты суландыруға және мал суару үшін ғана пайдаланылады. Ірі өзендері Жайық, Жем, Ойыл, Қайнар.Сол сияқты Бақсай, Бүгілөзек, Бағырлысай, Ақсай өзендерінің жергілікті маңызы бар. Облыс аумағында Еділ өзеніндегі салалардың тармақтары –Ахтуба, Бозан, Қиғаш т.б. өзендер бар.

Көлдері. Облыста екі мыңнан астам көлдер бар. Олардың жалпы көлемі 800 шаршы шақырым шамасында. Облыс көлдері тұйық, ағынсыз болып келеді. Облыста Дүние жүзіндегі ірі көл –Каспий теңізі бар. Индер көлінен құрамында бром калийі бар жоғары сапалы тұз өндіріледі. Жалтыр көліне Бағырлысай, Бүгілөзек секілді шағын өзендер құяды. Бұдан басқа екі мыңнан астам шағын көлдер бар. Олар: Қамыскөл, Мешер, Дәулет, Толай-сор. Олардың 65-70%-і жаз кезінде құрғап қалатын уақытша көлдер.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *