Қазақ әдебиетіне жиырмасыншы жылдардың соңғы жылдарында келген,
қазақ поэзиясының қалыптасып-дамуына, өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қосқан ақынның бірі-Ғали Орманов.
Ғали Орманов 1907жылы бұрынғы Талдықорған облысы, Қапал ауданы, «Ешкіөлмес» тауы етегінде дүниеге келген. Ол он жасында әке-шешесінен айрылып, жетім қалады да, туысқандарының қолында тәрбиеленеді. Ғали бала кезінде жыршылардан өлең-жыр, қисса-дастандар үйреніп, өзінің әдебиетке құмарлығын байқатады. «Мұңлық-Зарлық», «Шәкір-Шәкірат», «Алпамыс» сияқты қисса дастандарды, «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже», «Бақтыбай мен Мәйке баланың» айтыстарын жаттап алып, домбыраға қосып жиын-тойларда айтып жүрген ол жастайынан жыршы бала атанады.
1920 жылы Талдықорғандағы, кейін Алматыдағы Абай атындағы балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда білім алады.
1923-28 жылдары Алматыдағы Қазақтың халық ағарту институтында оқиды. Институтта оқып жүргенде Ғали қазақ, орыс әдебиеттерінің үлгілерімен танысады. 1925 жылдан бастап оқушылардың қабырға газетіне, 1927-28 жылдары өлкелік газетте өлеңдер жазады. Осы жылдары «Тілші» газетінде «Ешкіөлмсс», «Қора», «Оқушыларға», «Диханбайға» сияқты өлеңдері басылады. Осы өлеңдерінде Ғали ақындық талантын біршама танытып үлгереді.
1929-30 жылдары Іле ауданы оқу бөлімінің меңгерушісі болып істеп жүрген кезінде оның өлеңдері «Еңбекші қазақ» газеті мен «Әйел теңдігі» журналында жиі жарияланып, көп ұзамай-ақ республикадағы белгілі ақындардың санатына кіреді.
1930 жылы май айында Түркістан-Сібір темір жолы салынып бітті. Бұл бүкіл Кеңес елі, соның ішінде қазақ елінің тарихындағы ірі табыс болатын. Осы ұлы мерекеге шашу ретінде Ғали ақын «Шеңбер» атты ұзақ өлеңін жазды.
Абай атындағы педагогика институтын бітірген соң, ол біраз жыл мұғалім болып істейді. Одан кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында журналистік қызмет атқарады. 1939 жылдан 1945 жылға дейін ақын Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары «Майдан» деген альманахтың редакторы,кейін«Әдебиет және искусства» журналының жауапты редакторы, Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасында Бас редактор, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметін атқара жүріп, шығармашылық саласында өнімді еңбек етті.
1934 жылы Ғалидың екі кітабы «Шеңбер» деген атпен 1927-1933 жылдар арасында жазған өлеңдерінің жинағы, «Шәуілдір» поэмасы басылды.1935 жылы «Көтерме» деген атпен әңгімелер мен очерктерінің жинағы жарық көрді.1936 жылы «Абысын сыры» жинағы, Мопасаннан аударған қысқа әңгімелерінің жинағы басылып шықты.
1943-44 жылдары Ғали Орманов мәдениет пен өнер қызметкерлері тобында майданға барып қайтады.Ұлы Отан соғысы кезінде жазған өлеңдерін 1941 жылы «Халық қаһарман», 1944 жылы «Емен» атты өлеңдер мен
поэмалар жинағы түрінде ұсынады. «Өмір дастаны» (1948), «Бөбек жүрегі» (1949) атты жинағымен қатар ақынның шұрайлы өлеңдері оның 1950,1957, 1976, 1982-84 жылдары шыққан «Таңдамалы шығармалар» жинақтарына енді.
Ғали Орманов-үздіксіз жазып, өнімді еңбек еткен ақын. Оның таңдамалы шығармалары қазақ әдебиеті тарихында көрнекті орынға ие.
Ғали ақын шығармашылық қызметін бастаған жиырмасыншы жылдар ел өміріндегі ірілі-ұсақты оқиғаларға толы болатын.Ірі байларды конфискелеу, коллективтік шаруашылықта ұйымдастыру ауыл шаруашылығын, соның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын өркендетуге ұмтылу ірі өндіріс орындарының іске қосылуы, алғашқы бесжылдықтың орындалуы сынды іргелі мәселелерді қоғам дамуы алға қойды. Әдебиет те бұл тақырыптардан бетін аулақ сала алмады. Ғали да осыларға қосылып, әр алуан жайларға көңіл аударды, сол негізде елінің кешегісі мен бүгінгісін, өзгерген, жаңарған өмірді заманадастарының тұрмыс-тіршілігін жырға қосты. Заман талабына сәйкес ол да кедейлерді алға ұстап, оның теңдік алуын құптады, қанаушыларды жиіркенішпен еске алды. «Есіркептің естегісі» өлеңінде кешегісін ойлай отырып, Есіркеп кедей әкесінің өмірін еске түсіреді. Тақыр кедей өзі кеткенде арты тып-типыл болып қалған. Бір төмпешік болған қабірінің өзін жел үріп, сел жуып кеткен.
Саудырап тұр сағанақ,
Құс түткендей туырлық.
Жоқшылық жүр жағалап
Түрі суық, бір сұмдық,-
деп, әке артында қалған лирикалық кейіпкер жоқшылықтың, жетімдіктің тақсіретін тартып өседі. Ақынның «Қыр сабағы», «Боран күні» сияқты туындыларында да кедей адамның тіршілігіне аяушылық білдіру басым. Қыстың боранды күндерінде жұлығынан шұлғауы шығып, қарға омбығып қой соңында жүрген қойшы бала көктемнің шуақты, жаздың аптап ыстығында да өз міндетін орындап жүргенін көреміз. Арқадан Сырға жалғасқан көштің күйін жыр ететін «Көштер күйі», «Қиын жол» өлеңдерінде дәулетті көш пен қара құрым көш салыстыра суреттеледі. «Ескілік суреті», «Екідай» өлеңдерінде ақын жарлы мен байдың арасы қашан да аспан мен жердей алшақ болатынын, сырт көзге тату достай көрінгенмен, іштей қағысып жататындықтан олардың мәңгі қосыла алмайтындығын көрсеткен. Қараша үйлердің жел соқса, құлап кететіндей жабырқау жұпыны күйіне жаны күйзелген ақын осынша қорлыққа үйренген елге таң қалады. Ескінің жұрнағындай болған сол бір күйден құтылу үшін тірлік жасамай, бұйығы күйде, күннің өткеніне «тәуба» жасаған елге жаны ашығандық білдіреді. Ақын өлеңдерінің лирикалық кейіпкері осы ортадан өсіп шығады. Ол- ізденіс пен еңбектің адамы. «Ұяда»өлеңінде:
Өзімді байлап арқанға,
Ұяға батып мен түстім.
Сабалап бұршақ арқама,
Дауылмен ойнап бұлт құштым, деп, ол
шаншыла біткен зеңгір құздың басына қыран балапанын алуға шығады.«Асылған ұядағы» балапанды көргенде:«Менің де кенет кеудемде, Сілкініп кетті бір бүркіт»,–деп, өз бойындағы жаңа өмірге деген сілкінісін байқатады. Сол лирикалық кейіпкер «Алғашқы адым» өлеңінде жұпыны, жүдеу өмірден оқу-білім алуға қалаға аттанады:
Аттандым ауыл-анадан,
Оқуға кеттім қалаға.
Жабыла маған қараған,
Жалтаңдай кеттім далаға.
Жарбиған жаман тон, тымақ,
Жабысып кетті үстімде.
Жанайын деген бір шырақ,
Жалтылдап кетті ішімде– дейді .
Ақын осы өлеңімен-ақ бейнелі сөзбен картина жасаудың шебері ретінде көрінеді. Дала біткеннің жабыла қарауы, лирикалық кейіпкердің жалтаңдап аттануы Ғали ақынның образ жасаудағы қадамдарын нақтылай, даралай түседі. Лирикалық кейіпкердің «жалтаңдауымен», біріншіден, ауылдан ұзап шықпаған жас балаға тән ұяңдық, жасқаншақтық, екіншіден, бұрын-соңды көрмеген үлкен әрі бейтаныс қалаға бара жатқандағы қобалжуды, оның ішкі жан тебіренісін ақын шынайылықпен көркем жеткізе білді. Бала үстіндегі «жарбиған жаман тон, тымағы» лирикалық кейіпкердің жұпыны жерден шыққан жүдеулігін танытса, оқу-білімге ұмтылған жас ішіндегі жалтылдаған от ұшқынын ақынның аңғаруы да орынды. «Қараймын да асығам…» өлеңінде сол лирикалық кейіпкер Алматыға жол тартады:
Сағыныштай сарғайып,
Сары белден таң атты.
Сахарада шалқайып,
Сарғая бір жол жатты – деп, атқан таң – жаңа өмір, жаңа заман таңы. Ал, «сахарада шалқайып» жатқан жол– оқу-білім жолы. Осы жол жөнінде академик С.Қирабаев: «Ғали геройының осы жолы – тек Ешкіөлмес бауырынан Алматыға аттанған болашақ ақын баланың жолы емес, жаңа, жарық дүние іздеген бүкіл қазақ жасының, Ғали ақын ұрпағының жолы еді»,–дейді. «Сахара» сөзінің өзінен екі түрлі ой қылаң береді. Ол біріншіден, құлазыған түз дала деген ойды аңғартса, екіншіден, оқу-білімнен кенже қалған, оқымаған, қараңғылықтағы ел тұрмысын меңзегендей. Сары таймен тепеңдеп жеті күндей жол жүрген Ғали ақынның лирикалық кейіпкері шаршауды білмейді. Ол қара жолдың ұшына қарап асыққанда: «Қарсы алдымнан келешек, Қара үзбеді қол бұлғап!» – деп, оқу-білім іздеп, болашаққа зор үмітпен ұмтыла қол созады.Оқу-білім іздеп қалаға келген осы лирикалық кейіпкермен «Кітап», «Тай жарыс», «Ұстаз», «Қуаныш», «Сенім» өлеңдерінде қайта кездесеміз. «Мойынға астым қапшықты, салдым теріп кітапты»,–деп, оқуға кіріскен ол кітаптан тапқан талшығының таңдайына тым тәтті болып тигеніне қуанады. «Топқа түсер шын жүйрік, Тай күнінен танылар», – деп, тай күнінен жарысқа түсіп (ақындар бәйгесіне) бағын сынайды. «Қуаныш», «Сенім» өлеңдері қой бағып, «Надандық топас, дүлей күштің» уысынан шығып, білімнің арқасында дүииенің әсем көркін көрген албырт жастың ризашылық сезіміне толы. «Өнерімнің сәулесін, Өреніне шашайын», – деп, ол өз білімін болашақ ұрпаққа беруге әзір екенін аңғартса, Абай атындағы педагогикалық институтты бітіріп келген соң, біраз жыл мұғалім болып, балаларға дәріс бергенін білеміз.
Осы мысалдардың өзі-ақ алғашқы өлеңдерінен Ғали ақынның қаламына тән ерекшеліктерді айқындай түсті. Ол сыршыл лириканың шебері екенін әрбір өлеңінде нақтылай, дәлелдей білді. Ғ.Орманов лирикасының ерекшелігі –аз сөзге көп мағына сыйғызу, жансызға жан бітіру (кейіптеу), жалт еткен көрініске ерекше назар аудару. Ақын өмір шындығын лирикалық кейіпкердің толғаныс, тебіреністері арқылы бейнелеп отырады. Оның жанды да, нақты сурет жасаудың шебері екенін әдебиетші ғалымдар өз зерттеулерінде дәлелдеп, айтып келеді.
Өзін өзі тексеру сұрақтары:
1. Ғали Ормановтың алғашқы шығармалар жинағы қай жылы жарыққа шықты?
2. «Шәуілдір» поэмасының тақырыбы не?
3. Ғали Ормановтың тағы қандай поэмалары бар?
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 Ғ. Орманов. Төрт томдық шығармалар жинағы. 4т., А., 1984, 146 б..
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Қ. Жұмалиев. Стиль-өнер ерекшелігі. А., 1966, 98-99 бб.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.