Ұлы Отан соғысы жылдарында ұлттық әскери әдебиеттің дамуына үлес қосқан жауынгер жазушы Баубек Бұлқышев еді.
Ұлы Отан соғысының шындықтары, өмір мұраты мен адам қайраты, Отанды, елді, жерді аялау мен бағалаудың мол мүмкіндіктері, елдік пен ерліктің үлгі өнегелері, жастық пен достық, махаббаттың өлшем өрнектері, қысқасы ұлттық дәстүрге адалдықтың, атамекенге, ата анаға, бауыр туысқа, отбасына шынайы берілгендіктің сыр сипаттары Баубек Бұлқышевтың ақындық қуаты бай, жазушылық қарымы кең, журналистік мүмкіндігі мол дарын даралығы мен талант табиғатынан терең танылады.
Әдебиетте жарқ етіп көрініп, тез сөнген, жастай кеткен Баубек Бұлқышевтың шағын өмірі әрі аянышты, әрі қызықты. Оның өмірі нағыз кеңес жасының өмірін елестетеді. Ол Қарағанды облысының Ұлытау өңірінде, қазіргі «Амангелді» кеңшарында 1916 жылы туған. Балалық дәуірдің балғын бесігінен жаңа аттаған шағында Баубек әуелі шешесінен, артынан әкесінен айырылып, жетім қалады. Алғашқыда ауыл мектебінен оқып сауатын ашады.Бұдан былайғы оқуына жақын туысы Сейтжан Смайлов деген мұғалім көп ықпал жасайды. Баубек жастайынан алғыр, өжет боп өсті. Сейтжан ағасының көмегімен 1932 жылы Қарсақбай заводындағы фабрика завод училищесіне келіп оқуға түседі. ФЗУ–ды бітіргеннен кейін Баубек 1933-1934 жылдары «Ұлытау» совхозында түрлі шағын қызметте болады. Осы уақыттан бастап ол көркем әдебиетті құмарта оқиды.
1935 жылы тамыздың орта кезінде Баубек оқу іздеп Алматыға келеді. Институтқа түсерлік тиісті білімі болмағандықтан техникумдардың бірін қалауға тура келеді. Өзімен бірге келген ересек жолдастарымен есеп экономика техникумының даярлық курсына түседі.
Оның оқуға, өмірге деген құштарлығын мына өзі жазған хатарының біреуінен байқауға да болады «Менің он тоғыз жасымда бар ойым оқуда, қызмет жайында және несін жасырайын, атақ жайында болатын. Мен толып жатқан өнер жайын ойлаушы едім Алдымен ақын болғым келетін. Пушкин мен Лермонтовты, Гете мен Гейнені, Байрон мен Шиллерді оқығанда біржола сүңгіп кетуші едім. Бұл ақындар маған қатты ұнайтын да, күні түні басымды көтермей оқитынмын. Мен күйші де болғым келетін. Чайковский мен Глинканы, Бетховен мен Шопенді ерекше құмартып тыңдаушы ем. Мен өзімшіл екем, әрі ақын, әрі күйші болғым келетін.
Жоқ, шынын айтсам, маған ол аз еді. Менен гөрі ересек жолдастарым мен бірге туған ағаларым институт бітіріп, біреуі инженер, біреуі тарихшы болып шыққанда, осы мамандықтар түгелімен менде де болса деуші едім.
Әдебиетпен шындап айналысқан Баубек техникумның екінші курсында есеп қызметкері болу мамандығынан мүлде суып, оған селсоқ қарайтын болды. Уақытының бәрін әдебиетке арнап, соның қызығына түседі. Қызға арнап өлеңдер шығарады. «Балалық шақ» деген поэма, «Ауылдан Алматыға» деген ұзақ әңгіме жазады. Бірақ бұл екі әңгімесін де «нашар нәрселер» деп жыртып тастаған. Баубек бұл жылдары әлеуметтік тақырыптарға да өлеңдер жазып жүрді. Бұл жазғандарын «Лениншіл жас» газеті, «Қазақ әдебиеті» журналы сияқты баспасөз орындарына ұсынған.
1938 жылы техникумның екінші курсын бітіріп, жазғы каникулда елге бармастан қазақтың мемлекеттік баспасында іс атқарушы болып уақытша қызмет істейді. Осында жүріп «Айсұлу» поэмасын бітіреді. Сол кездегі баспаның директоры Ә.Сәрсенбаевтың ұсынуымен Баубек Қазақстан Жазушылар ұйымының жанынан ашылған жас ақын жазушылардың екі айлық курсына алынады. Бұл курсқа алынған соң, ол техникумнан арыз беріп босанады. Курсты сол жылы аяқтап Жазушылар ұйымының жолдамасымен «Лениншіл жас» газетіне әдеби қызметкер болып орналасады. Мұнда біраз істеген соң «Октябрь балалары» газетінің бөлім меңгерушісі болып жоғарылайды. Газеттің күнделікті тынысына еріп бірде мақала, очерк, рецензия жанрларымен айналысса, бірде әңгіме, новелла, өлең жазды. Алматыға келген күнінен бастап оның өмір жолы — жанталасқан оқу, іздену, үйрену жолы болды. Алматы оған шығармашылық қанат бітірді, «Пай, пай, Алматы ай!..- деп жазды ол, — поэзия қаласысың сен! Жүрегімді мың бұрап, ойлы, әсерлі, әсем қиялға бөлеген ғажап қаласың! Сен туралы, сенің батыр ұлдарың туралы жазбақпын. «Алматылықтар»деп атаймын оны» –деп жазды Баубек.
Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарылған газет, журналдардың қай қайсысы болсын дәуір келбетінің толыққанды тынысын, күн тәртібінде тұрған тарихи оқиғаларды мейлінше кең суреттеуді мақсат етті. Қоғамдық пікірдің жаршысы саналатын әрбір қаламгер қоғамдық — әлеуметтік маңызы бар, Отандық мәні, халықтық нәрі бар келелі мәселелерді көтеруге құлшынды. Осы бір асқаралы міндеттерді шешуде жедел дамыған оқиғаларға сарт сұрт қатынасып, найзағай отындай жарқ етіп шыға келетін жауынгер жанры әскери публицистиканың маңызы айтарлықтай болды. Қысталаң кезеңдегі қоғамдық дамудың жеделдігі мен халық энтузиазмының өршіл рухының диалектикалық бірлікте жымдаса өріліп, шынайы шындық бізімен кестеленгендігінде. Баубек өз публицистикалық шығармаларын хат түрінде, елімен, жерімен, дос жарандарымен тілдесу, сырласу түрінде жазған.
«Жауыздық пен махаббат» шығармасында қан майданда өзімен бірге болған құрдасы жайында, оның үйін іздеп, туған селосына барғанын сөз етеді. Бұл құрдасы қан майданда табысқан, мақсаты бір жанашыр досы еді. Егіздің сыңарындай екі құрдастың бірі бұлбұлы сайраған Курск жерінде, орыс отбасында дүниеге келген де, екіншісі Сарыарқа самалы жанын тербеткен қазақ даласында туған. Одан әрі екеуінің өмірі бір арнаға түсіп, бірлесе ағады. Бұрын соңды бірін бірі етене жақын білмеген екі жас окоп үйдің ішінде тұңғыш рет танысады, ойлары орайлас, мақсаты мығым екі досқа айналады.
Бұл қысқа мерзімнің аясында өмірге келген достық болса, бірақ ғұмырға бергісіз шын жүрекпен жалғасқан аяулы адал достық еді. Окопта жатып екеуі де жараланады, жандарына батқан жараларын кезектесіп таңады. Осындай уақытты Баубектің өзі: «…Екеуміз бір бірімізді сүйемелдеп, кейінірек түсіп жатуға орнымыздан қозғалғанымызда көзіміз өзіміздің жаралы денеден төгілген қанымызға түсті. Жас адамның қаны қып қызыл бола ма, әлде бізге солай көрінді ме, өрттей қып– қызыл қан окоптың екі жақ жаны арқылы ағып келіп ұштасып, бір жерге құйылып жатыр екен. Әлі де тоқталып бітпеген жас дененің қаны тыйылмады. Кейде менің, кейде оның денесінен бинтке сыймай кезекпе кезек тамшылаған жас қан жаңағы жерде көз алдымызда қосылып ақты да тұрды».
Баубек публицистиканың нәрі мен дәні өзекті мәселелерді өткірлікпен көтеріп жүрек таразысының өлшемімен өрнектеуі сезім сығындысын, ой асылын ғана тап тұйнақтай шымыр қалпында оқырманға ұсынуы.
« Мен өмір сүргім келеді» туындысы – жанрлық жағынан эпистолярлық сипат – сырлары мол туынды. Майдан даласындағы аз ғана тыныштықта алыс ауыл, жақын – жуық , дос – құрбылар ойға оралады. Балалық жастық кезең көзалдыңнан өтеді. Өмірге құштарлық, өнерге сүйіспеншілік сезімі бойды билейді. Жанна қызбен – сүйген сұлумен сырласады. Өмір мұраты, еңбек өнегесі, еркіндік тынысы өзіндік өзгешеліктерімен қиялды қанаттандырып, көңілге түрлі ой салады.
«Мен өмір сүргім келеді» дейтін мақаласында фашистердің бет пердесін әшкерелей отырып, Баубек өз кейіпкерлерінің оларға қарсы күрес үстінде туған кекті мінезін, қайсарлығын, табандылығын былай суреттейді: «Менің өмір сүргім келеді. Бірақ фашистік неміспен бірге өмір сүре алмаймын. Фашисі бар дүние тар мен үшін. Адам мен аң бір бөлмеде тұра алмайды. Бір жердің үстінде фашистік неміспен жасай алмаймын мен. Біз Шиллерді, Гетені сүйеміз, біз оларды қазір де жақсы көреміз. Біз қанқұмар емеспіз. Бірақ мен Германия жастарының арасында Вертер сияқты біреуін де таба алмадым. Оларда жүрек жоқ. Немістер тіпті солдат та емес. Суворов: «Солдат талаушы емес» депті. Мен мұны азырақ қана ауыстырып, «талаушы солдат емес» дер едім ».
Міне ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап, халқының рухын көтеріп, отты сөзін өмір өзегінен алған жалынды публицистің жауыздарға деген идеялық нысанасы, жүрекжарды үкімі осындай еді.
«Өмір мен өлім туралы» атты туындысында автор кейіпкер зердесі мен өмір жайлы толғанысын білдіреді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырын мәңгілік нұрға бөлер ақ сәуле, ой мұрасынан өшпес із қалдыруды арман етеді.
«Шығыс ұлына хат» ел басына күн туғанда ер намысын жоғары ұстап ерлікке шақырған, халақ рухын биікке көтерген, қызуы мол публицисттикалық туынды. Жауынгердің Отанға деген зор сүйіспеншілігін, елдің нұрлы келешегін қорғаудағы ерен ерлігін автор тарихи философиялық тұрғыда былай тұжырымдайды: «Біз ерліктің екі бірдей мектебінен тәлім алдық. Біз Шығыстың Қобыланды, Тарғын сияқты батырларынан ерлікті бір үйренсек, орыс халқының батырлары Суворов, Кутузовтардан екінші үйрендік. Біз Исатай мен Махамбеттің, Абай мен Амангелдінің балаларымыз. Біздің қылышымыз фашистік немістің қанымен суарылуы керек. Серт осы болсын!».
«Заман біздікі» — ел – жер жайлы толғаныстарға толы. Перзеттік парыз бен қарыздың, шынайы шындықтарға суарылған сырлы сезімнің қуат – күші жоғары. Азаматтық пен бостандықтың өлшемі, татулық пен туысқандықтың таңбасы айқын. Бейбіт өмірге құштарлық пен балалық шаққа саяхат, жастық пен достық сырлары шындық жайттарды арқау етуімен де мәнді. Ең бастысы, әрине өмір мен өлі өлшемі, соғыс пен бейбітшіліктің бағасы – адам мұраты, арман – аңсары, еңбек тынысы негізінен кең өріс алады.Шығарма мұратынан: ел – жер, тарих пен тағдыр, жастық пен достық жырлары былай беріледі. «Біз жастар, тағдырымыз сенімен байланысты екенін білеміз. Туған жер. Біз сенің топырағыңда ғана бақытқа бөленбекпіз. Өмірдің биік шыңына қол созамыз, адам дүниесінің сан — саласына ой жүгіртеміз. Біз бақытты жастар едік. Сенің үстіңде қуанышқа кенеліп, той тойлаған күндер есте. Бүгін сенің үстіңде өстік, керек болса сенің үстіңде өлеміз де.
Әдебиеттер:
1 Қазақ әдебиетінің тарихы 8 том,Кеңес дәуірі (1941-1956) Алматы,2004.
2 Б.Бұлқышев.Адамзатқа хат.Шығармалар жинағы, А:Жалын, 1977ж
3 Тоқсамбаева А. Ұлы Отан соғысы және соғыстан кейінгі қазақ әдебиеті(1941-1960).Оқулық; Семей, 2012ж; «Интеллект». –314 бет.
4 Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы. 2- кітап.А,«Қазақ университеті» 2002.
–455бет.
5 Жанғара Дәдебаев.Қазіргі қазақ әдебиеті. А,«Қазақ университеті»
2002.– 311 бет.
6 Серік Негимов.Әдебиет әлемі. А, «Ана тілі», 2008ж. –256 бет.
7 Серік Қирабаев. Кеңес дәуіріндегі қазақ әдебиеті. А, «Білім»,2003ж.
–198бет.
8 Тұрсынбек Кәкішұлы. Жанр жайлауы 1- кітап.А,«Қазақ университеті»
2007ж. –462 бет.
9 С. Қирабаев. Әдебиетіміздің ақтаңдақ беттері. А.,1995, 173 б.
10 Зинол-Ғабиден Бисенғали,Жамал Манкеева Қазақ филологиясы:
егіз негіз(Ғылыми мақалалар жинағы) –А: «Арыс».,2010.–352бет
11 С.Қирабаев.Ұлт тәуелсіздігі және әдебиеті.А., 2001, 195-196 бб.