Ұстаз алдындағы басты мақсат – сапалы білім мен саналы тәрбие беру, тұлғаның заман талабы мен ағымына сай қалыптасуына ықпал ету екендігін бәріміз білеміз. Сол мақсатқа жету үшін сұрақтар туындайды.
Сабақты қалай пайдалы, қызықты етіп өткізуге болады? Мектептен шыққан оқушы бүгін алған білімнің пайдасы, жаңалығы туралы айта алатын дәрежеде оқыту үрдісін қалай ұйымдастыруға болады? Оқушы болашақ маман ретінде бүгінгі күн талабына сәйкес болып, жаңа кәсіби міндеттерді шешуге дайын болу үшін не істеу керек?
Осы сұрақтарды шешудің бір жолы – оқытуда инновацияны қолдану, яғни мұғалімнің жаңа қаруы ретінде инновациялық әдіс–тәсілдерді кеңінен пайдалану. Инновация дегеніміздің өзі жаңалықты енгізу, жаңалық әкелу, жаңа әдістеме мен жаңа технология.
Қытай даналығына сүйенсек: «Ауызша айтылғанды ұмытамын. Көрсетсең, мүмкін есімде сақтармын. Қатысушы болсам, мен түсінемін» делінген. Осы сөздерден инновациялық оқытудың мәні өз көрінісін табады.
Жаңа инновациялық әдістерді пайдаланудың әдістері неде?
1) қазіргі уақыт жаңалық пен инновация уақыты. Күнделікті өмірде жаңа білім мен жаңалықтармен кездесеміз. Бұған оқыту үрдісі де сәйкес болу керек.
2) жаңалықты пайдалану оқушының ойлау қабілетін жаңалыққа икемдеп, алдын ала болжам жасауға үйретеді.
3) инновациялық әдістер бұл белсенді оқыту әдістері. Ақпаратты белсенді түрде сіңірген оқушы жадында өздері айтқанның 80% сақталса, өздері істегеннің 90% қалады.
Жаңа оқыту технологиясының түрлері көп. Кейбіреуін атап айтатын болсақ, оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту (оқушылардың белсенділігі жоғарылап, өздерінің күштеріне деген сенімдері арта бастайды), М.М.Жанпейісованың «Модульдік оқыту технологиясы» (оқушылардың интеллектуалды және шығармашылық потенциалын дамытуға бағытталған), Ж.Қараев пен Ж.Кобдикованың «Үш өлшемді әдістемелік жүйесі» (деңгейлік тапсырмалар беру арқылы дамыта оқыту идеясы жүзеге асырылады).
Сонымен қатар, деңгейлеп саралап оқытуға тоқталып өтсем, әдетте сабақты жақсы оқитын, жалпы әзірлігі жеткілікті, ізденімпаз оқушылар әр сыныптың 30-40% құрайды, олар тапсырманы жүйе-жүйесімен дәйекті түрде белгіленген уақыт ішінде орындап шығады, ал үлгерімі орташа немесе төмен оқушылар қосымша тапсырмаларды ысырып қойып, әуелі негізгі элементтерді орындайды да, оларды әбден меңгерген соң барып, қосымша тапсырмаларға қайта айналып соғады. Оқушылар тапсырманың негізгі бөлігін белгіленген уақытта, яғни 15-17 минутта орындап шығуы үшін мен тапсырманың саны мен күрделілігін мұқият іріктеп аламын. Сабақ кезінде интерактивті тақтамен жұмыс істеуді дұрыс ұйымдастыру, оқытудың әр деңгейлі әдісін қолдануға жағдай жасайды. Бұл әдіс тапсырманың мазмұны мен күрделілік дәрежесін өзгерту арқылы оқушылардың материалды игеру қарқынының мүмкіндіктерін ескере отырып, оларға әр түрлі көмек көрсетуге жол ашады.
Осы мақсатпен Ж.А.Қараевтың деңгейлеп саралап оқыту технологиясын пайдаланамыз.
Ол оқушылардың оқу материалын меңгеру деңгейін 4 түрге бөледі.
1.Репродуктивтік деңгей. Жалпыға бірдей стандартты білім негізіндегі тапсырмалар беріледі. Мұнда оқушылар алдыңғы сабақтарда алған білімдеріне және оқулықта бар мәселелерге байланысты құрылады.
2.Алгоритмдік деңгей. Мұнда оқушы мұғалімнің түсіндіруімен қабылдаған жаңа ақпаратты пайдалана отырып, тапсырманы орындайды.
3.Эвристикалық деңгей. Оқушы өзі ізденіп, қосымша әдебиеттерді пайдалана отырып, жауап береді. Бұл тапсырмаларды орындауда оқушының ой белсенділігі негізгі қызмет атқарады.
4.Шығармашылық деңгей. Оқушы таза өзіндік дағдысын, білім сапасының дамуын қамтамасыз етеді.
Қазіргі кезеңде әр мұғалім үшін көмек болатын «ақпараттық-коммуникативтік технологиялар (АКТ)» деп айта аламыз.
Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президентінің: «Ұлттық бәсекелестік білімділік деңгейімен айқындалады. Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиямен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет»-деген бағдарлы сөзі ұстаздардың алдына қойылар міндеттерді де саралайды. Бәсекеге барынша қабілетті қоғамға ену мақсатын алға қойып отырған еліміздің білім беру саласында нәтижелі ізденістер бастау алуда. «Білім туралы заңда» оқытудың жаңа технологияларын ендіру, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу міндеті айқын көрсетілген.
Ақпараттық технологияның жедел қарқынмен дамуына байланысты түрлерінің қызметі де өзгеруде. Орта білім беру жүйесін ақпараттандырудың мемлекеттік бағдарламасының негізгі мақсаты әлемдік ақпараттық кеңістікке ену. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін интернет желісіне қосылу және пайдалану қажет.
Қазір компьютерлер біздің өміріміздің барлық салаларына, оның ішінде білім беру салаларына да енді. Бұған дәлел 1997 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Орта білім беру жүйесін ақпараттандыру» мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі: компьютер техникасымен қамтамасыз етудің әлемдік көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін орта білім беру ұйымдарын Интернет желісіне қосу.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарына арналған Мемлекеттiк бағдарламасының басым бағыттарының бірі — бiлiм беру ұйымдарына электрондық оқыту жүйесін енгiзу болып табылады.
Мақсаты: Білім беру процесінің барлық қатысушыларының үздік білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету.
• Білім беру ұйымдарында электрондық оқыту жүйесі қолданылады (2015- 50%; 2020 -90%)
• Интернет желісіне қосылу көзделіп отыр.
Пайдаланылған әдебиеттер
1. Қазақстан Республикасы білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан -2030» жолдауы.
3. Қабдиева С. //Бастауыш мектеп – 2004 — №2 – 21б.
4. Қазанғапова Л. //Бастауыш мектеп – 2001 — №2 – 9б.
5. Сеңкібаев С. //Ұлт тағылымы – 2001 — №2 – 14-19 б.
6. Тоқаев Қ. //Қазақстан мұғалімі – 2000 – 19 қаңтар 1-3б.
Битуова Т. //Мектеп – 2006 — №10 – 1б