АТЫРАУ — ірі өзендердің көлге немесе теңізге құяр жерінде өзен шөгінділерінен пайда болатын, тарамдар мен тармақтарға тілімденген ойпат. Ол өзен ағыны, теңіз толқуы, желқума-желбөгет ағысы, судың толығуы мен қайтуы, т.б. құбылыстардың өзара күрделі әрекеттесуінің нәтижесінде қалыптасады. Атыраудың беті негізінен тегіс, ортасы дөңестеу болып келеді. Оның өсу жылдамдығы әр өзенде әр түрлі болады және жылына бірнеше метрден жүздеген метрге жетеді. Атырау пішіні үш бұрышты (Ніл, Іле өзендері), қалақ (Миссисипи өзені), доға (Лена өзені), құстұмсық (Тибра өзені) болады, кейде бөлініп (Камчатка өзені) не ілгері (Еділ, Жайық өзендері) шығып тұрады. Амазонка, Ганг өзендерінің атырауы 100000 км², Еділ өзенінде13000 км², Іленің атырауы 5,0 мың км²-ге жетеді.