С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы

 

Туранова Жадира Турсунбаевна


С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы

Ғылыми жұмыстың сипаттамасы:
1. Ғылыми жұмыстың мақсаты: Ғылыми жұмыста С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы мен сын жанырын жандандырудағы үлесінің дәріптелуі көзделген.
2. Қолданылған әдістер: Тақырыптың теориялық-әдістемелік негіздемесі ғылыми жұмыс ретінде арнайы қарастырылады. Зерттеу барысында материалдарды жинақтау және оларды талдау, индукция мен дедукция, тарихи-салыстырмалы таным сияқты жалпы ғылыми, әлеуметтанушылық, тарихи зерттеу тәсілдері қолданылды.
3. Ғылыми жұмыстың негізгі нәтижелері (ғылыми, практикалық): Сағат өз шығармашылығының мазмұн байлығына, эстетикалық талдауларына, әдебиетке тигізер пайдасына қарасаңыз небәрі алты әріптен тұратын «азамат» сөзін биік ұстап, өзінің қатарластарымен қоса өзінен кейінгілерді де сол биікке, ақиқатқа араша түсуге, шындықты қорғауға, парасатқа тағзым етуге, ізгілікті дәріптеуге, әділдік пен адалдықтың сойылын соғуға, жетелеп өзі де соған ұмтылған жан екеніне көз жеткізуге және сынның қай жағдайда тұрғанынан хабар алуға болады.
4. Ғылыми жоба жұмысының практикалық базасы – С.Әшімбаевтың көп томдық шығармалар жинағы мен С.Әшімбаев жайлы ой-пікірлер, бейнероликтер болып табылады.

 

 

 

 

 

 

 

 

Мазмұны
КІРІСПЕ (жұмыстың жалпы сипаттамасы)………………………………..
I — тарау
1. С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы…………………………………….
2. «Қарыз бен парыз»………………………………………………………………….
II –тарау
1. Сыншылдық-шыншылдық……………………………………………………….
2. Ойы ұшқыр — Сағат!………………………………………………………………..
Қорытынды…………………………………………………………………………………………..
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ…………………………………….

 

 

 


КІРІСПЕ

(ЖҰМЫСТЫҢ ЖАЛПЫ СИПАТТАМАСЫ)
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, талантты әдебиет сыншысы, жалынды публицист, қаламы мен ойы ұшқыр журналист бола білген Сағат Әшімбаев арамызда тірі жүргенде биыл 73 жасқа толған болар еді. Басқа да талантты ағаларымызда айтпағанның өзінде, Бердібек пен Мұқағалидай қазақ әдебиетінің алыптарын жаратқан қасиетті Нарынқол топырағына Сағаттың да кіндік қаны тамған. Осы тұста белгілі қаламгер, журналистиканың шын жүйріктерінің бірі, Сағаттың жерлесі Жанболат Әлиханұлының «Бір туарлар» деген кітабында «Жұлдыздар із тастап ағады» атты мақаласынан үзінді ұсынғанды жөн көрдік. «Оны айғақтайтын нақты мысалмен мен 1992 жылы бетпе-бет кездестімғой деп ойлаймын. Ауылда еңбек демалысында жүргенмін. Ескі әдет қой, арасында ауыл кітапханасына бас сұғып қайтамын. Сондай күндердің бірінде кітапханашы әпкеміз Орал Қасымбайқызының «Бұлар біздің оқырмандарымыз» деген тақырыпта стенд жасап жатқанын көзім шалып қалды. Сұр матамен қапталған тақтадағы тізімде біраз адамның аты-жөні бар екен. Селоның қарт тұрғыны Г.Строгонов, ұстаз Т. Сақалов, зейнеткер С.Мейірбеков……. Бір мезетте «С.Әшімбаев» деген фамиляға көзім түспесі бар ма?! «Сіздерден Сағат аға да кітап алып оқып па еді?» — дедім алғашында ештеңеге түсінбей. «Жоқ, — деді Орал тәте , — ол кісінің орт а мектепте оқып жүрген қалған оқырман карточкасы бізде әлі сақтаулы. Сенбейсің бе ? Жүр көрсетейін».
Кітапханашы әпкеміз берген парақшаға қараймыз, шекесінде «№764» деген цифр тұр. Карточка 1964 жылдың 12 қазанында И.Буниннің екі томдық жинағымен ашылыпты да 1966 жылдың 4 шілдесінде П.Мерименің «Маттео Фальконе» кітабымен аяқталыпты. Парақшаға У.Фолкнердің «Таңдамалысы», Э.Хемингуэйдің «Қош бол, майдан!», В.Шкловскийдің «Лев Толстой» секілді шығармалары бар барлығы 36 автор тізілген. Демек, оқушы жіне студент Сағат жыл жарымға жуық уақыт ішінде бұл жерден осыншама кітапты оқып таусытқаны ғой! Мені таң қалдырғаны Сәкеңнің Э.Хемингуэй мен Дж.Лондонға деген үйірсектігі болды. Ол аталмыш авторлардың «Шал мен теңіз» және «Өмірге құштарлық» атты дүниелерін кітапханадан бір емес екі рет алып оқып шыққан….»
Алғашқы еңбек жолын 1969 жылы «Жас алаш» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған Сағат Әшімбаев кейін «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, «Жас алашта» бас редактордың орынбасары, «Жалын» баспасында редактор, Бүкілодақтық авторлар құқыған қорғау жөніндегі Мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары, осы комитет төрағасы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарған.

I тарау
«С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы»
С.Әшімбаев еңбек жолын 1969 жылы «Жас Алаш» газетінде әдебиет және өнер бөлімінің қызметкері болып бастады. Кейіннен «Жұлдыз», «Жалын» баспаларында қызмет атқарып, тәжірибиесін молайтты. Осы уақыттарда қаншама жас буынға қол ұшын беріп, шығармашылықтарын газет беттеріне басып шығарып, жариялап отырды. Тұрлыбек Мамасейітов, Құлбек Ергөбек, Тұрар Сүлейменов, Жанғара Дәдебаев сынды т.б жастарды әдебиет әлеміне жетектеді. Жастарды көзі ашық, көкірегі ояу нағыз азамат болуға, құны төмендеген, екінің біріне айтылатын «азамат» сөзін биктен көруге шақырды. Көбінесе жастарды жақтап, жол көрсететін.
Телевизия саласына толықтай аяқ басқан соң, жалғасы ретінде «Қарыз бен парыз» атты авторлық бағдарламаны дүниеге әкелді, оны бірнеше жыл тұрақты жүргізді. Қарымды телепублицистың бұл хабары қоғамдық сананың қалыптасып, ұйқыдағы ойдың оянуына, ұлттық сана-сезімнің сілкініске келуі еді. Ұзын саны он екі шығарылым. Бүгінде алтын қорымызда сақталып тұр екен. Зиялыларымыздың жарқын бейнесі сақталған бұл таспалар әлі талай азық болары сөзсіз. Бұл хабар шығып жүрген кез Совет өкіметінің саясы кете қоймаған уақыттар болатын. Біраз адамдар «ұлтшыл» деген атаққа қалармыз деп, бұл хабарға қатысудан да бас тартқан. Себебі, бұл хабарда: тіл,дін,діл туралы, еліміздегі белеңсіздіктер жайлы сөз қозғалған болатын. Солай бола тұра ол хабарға әр саланың жүзге арта қаймақтары қатысып, жақсылыққа жаршы бола білген. Көпшілік қауым іздеп жүріп көретін хабар болды. Еліміздегі өзекті мәселелерді осы хабарда С.Әшімбаев ашып айта білді. Жасымады, жасқанбады. Бұл хабарда қозғалған тақырыптарының өзі сана-сезімді адамға ой салады: «Азаматтық парыз», «Интеллигент деп кімді айтамыз?», «Демократия мен бюрократия», «Жариялық жайлы ойлар», «Қайта құру және интеллигенция», «Ұлттық сана және рухани бірлік», «Ұлт тілінің тағдыры» [1, 355]. Мен айтпай – ақ қандай ержүректік екенін біліп отырған боларсыздар. Бұған дейін алған орнын Сағат осы хабары арқылы биіктете түсті. Сағатханның ұлт алдындағы жанашырлығының, азаматтық асқарлығының тағы бір айқын көрінісін осы телевизия саласында жүрген уақыттарынан байқауға болады. Ол кісі болмаса, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасын көз алдымызға елестету мүмкін болар ма еді?! Кім білсін, Сағат жасырын оператор жіберіп түсірмесе, мұндай оқиға тарихта болмады деуден де бас тартпайтындар баршылық. Бүгінде шала-шарпы болса да көк жәшіктен көріп жүрген Желтоқсан оқиғасын астыртын түсіріп алу, оны сақтап қалу, қан жұтып отырған уақыттарда ерен ерліктің айғағы. Жастарымызды ақтап алуда керек боларын алдын ала білген Сағаттың көрегенділігі. Билік басында отырған ағаларға, желтоқсаншыларды қаралау жайлы жарлық шығып, қол қойғызарда, Сағат: «Қол қоймаңдар, ертең қара бет боласыңдар»,-[2, 345]деген болатын. Қол қойып қара бет болғандары да жоқ емес екен. Өз баласы Дәуренді де Желтоқсанның ызғарлы лебі айналып өтпегенін қазір көбіміз біле бермейміз-ау, сірә! Сол сұмдық оқиғаға шыдай алмай, Разумов, Мирошкин, Устыновқа тіке барып: «Бұл не деген бассыздық? Жастарымызды шаштан сүйреп, қорлайтындай не жазды? Дереу тоқтау салыңыздар»,- [«Өмір жолы» роликтен алынды] деп батылдық танытқаны тағы бар. Осыдан кейін Сағатханның кім екені анықталып, оған «ұлтшыл», «қазақ тілінің жанашыры» деп айып тағылып, қудалау үшін топ құрылып, ізіне түседі. Сол кезде журналистика саласында қызмет атқарып жүрген көзіқарақты ағаларымыз Сағатты арашалап қалуға бет те бұрмаған. Бұл жағдай бір рет емес бірнеше рет орын алған. Бірінде, орыс журналист әріптестері: «Сағат «ұлтшыл» емес «интернационалист», жұмысына адал, еңбекқор жігіт», — деп қорғап қалса, енді бірінде Ө.Жәнібек аман алып қалған. Бұл ерліктерін білетін жұрт аз. Өз күнделіктерінде: «17-18 желтоқсан! 1986 жыл! Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытамын. Ал, оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы!»,- [«Өмір жолы» роликтен алынды] деп жазған. Сағаттың азаматтығын айқындаған тағы бір күш – әйгілі Желтоқсан оқиғасы болды-ау, шамасы!

«Қарыз бен парыз»
С.Әшімбаевтың тағы бір қыры – сыншылық. Сыншылық ауқымы кең де кемерлі азамат – Сағат. С.Әшімбаев А.В. Луначарскийдің: «Ең тамаша сыншы сол, кім жазушыға бар ынта-ықлас, сүйіспешілігімен қарай білсе» [1, 153] сөзін ұстаным ете білді. С.Әшімбаев: «Жалпы алғанда, сынның тууы – адамзат көркемдік ой-санасының бір адым ілгерілегендігінің айғағы» [1, 350]. Сағат өз шығармашылығының мазмұн байлығына, эстетикалық талдауларына, әдебиетке тигізер пайдасына аса мән бергені еңбектерінен көрініп тұрады. Қысқа ғана ғұмырында, шығарманың сыртын алтындай бермей, ішін алтындау керектігін, сын – жазушы мен оқушыны қатар ойланту, ол аз десеңіз екеуін де сол ойдың құдіреті арқылы сынға табынту екенін түсіндірумен болды. Тағы айтар мәселе, қазір де сол кезде де «шыбық тимес шыңқ етер» демекші, «сын көтермес сығайлардың» бой көрсетуі толастамаған. «Аш пәледен қаш пәле» деп әйтеуір «болдыма, болды» кітаптар қатары өте көп. Қанша мақтасаңда көтерер, кішігірім сын айтсаң, шыңқ етерлер көп. Сын айтпақ түгіл, бетіне беттей де алмайсың. Ондайларды көріп те жүрміз. Ал, әдебиет мүддесін қорғап жатқан кім бар?! Нағыз әдебиетке бет бұрған адам сынына да төзе білу керек. Жазу керек екен деп жаза беру есалаңның тірлігі. Тақырыбын таппаған жазушы қалай тұл болса, сыншысын таппау да соған парапар. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетіне: «Сіздің творчествоңызға сынның тигізген ықпалы бар ма?» — деген сұрақ қойылыпты. Жауап бергендер қатарында: Ә.Тарази, Д.Исабеков, Д.Досжан, М.Қаназовтар бар. Ә.Тарази: «Ешбір сынның ықпалын көргеміз жоқ, себебі бізде сынның өзі жоқ», — деп[1, 236] жауап береді. С.Әшімбаев осыған Ә. Нұрпеісовтың: «Бізде сын бар. Ендігі жерде бізді тек бетінен оты шыққан жалынды, өткір шыншыл сын жайы қатты ойландырады», — деген [1, 236] жауабымен қатар: «Ә.Нұрпейісов айтпақшы, бізде сын бар! Ал, бар нәрседе кемшіліктің болмауы мүмкін емес қой, жоқ нәрседе кемшілік қайдан болсын?», — деп [1, 236] өзі де қатты жауап қайырады. Қазіргі таңда да сынды жоқ деушілер қатары тоқтаған жоқ. Сонда, сын саласында ізденіп жүргендер қатарында С.Әшімбаевпен қатар А.Нұрқатов, Ғ.Тоғжанов, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Т.Нұртазин, Р.Нұрғалиев, С.Қирабаев, Р.Бердібаев, Т.Кәкішев, Ә.Қоңыратбаев, Б.Сахариев, М.Базарбаев, М.Қаратаев, Қ.Ергөбек, Д.Ысқақов т.б көптеген зиялыларымыздың еңбегі еш кеткені ме? Керісінше олар қалдырған мұраны дамыту бізге борыш деп білуіміз қажет. Сағат Әшімбаев Абайды, Мұхтарды, Ғабитті пір тұтқан. «XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы сана — сезімі оянуының бұрқ еткен ең айқын көрінісі – Абай поэзиясы. Ұлттық сана – сезім оянуының басы Абай …» — дейді. Өте дұрыс құптарлық ой. Ал, кемеңгер Әуезов туралы: «Кезінде Белинский Пушкинді Байронмен, ең соңғысын алдынғысымен салыстыру рабайсыз деген ғой. Сондықтан да Погодиннің: «Әуезов – қазақтар үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы» — деген сөздері орынсыз-ақ. Мұнда пәлендей ой жатқан жоқ. Шындығына келгенде, Әуезов пен Шолохов творчествосы екі бөлек ұлан ғайыр дүниелер. Шығармашылық лабораториясы ұқсамаған жазушыларды бір — бірімен салыстыру қалай десек те көңілге қонбайды. Екіншіден Әуезов Абай жетпеген биікке көтерілді. Абай айтпаған кең тынысты ойлар айтты, яғни ұстаздан шәкірті озды. Әуезов өз ұстазын қайталамағандықтан ғана ұлы. Және Әуезов Шығыстың Шолоховы еместігін, Шығыстың ұлы екендігін дәлелдеп берді, өзі соның жарқ еткен жарқын көрінісі бола білді. Олай болса, кейде жоғарыдағыдай бір жақты пікірлерге мәз болу жарамсыз-ақ» [4, 7]. Не деген көрегенділік десеңізші. Қаншама жұрт осы сөздерді мақтан етті, мақтан да етіп жүргендер баршылық. Әуезов шыққан шыңға тұман ілінгенін көрмеппіз. Сыншы сол тұманды өз парасаттылығымен, ойлылығымен ысырып тастады. Осының өзінен Сағаттың кең құлашты, кемел ойлы кісі екенін көруге болады.
Егер С.Әшімбаев сексеннің сегіріне шығардай өмір сүрсе, бірнеше ғасырға азық боларлық дүние қалдырып кетері тайға таңба басқандай анық. Қысқа ғана ғұмырында қалдырған дүниелері аз емес, солардың бірі «Шындыққа сүйіспеншілік». Сыншы осы кітабында өз әріптесі Р.Бердібаев жайлы: «Рахманқұл Бердібаевтың «Гүлістанның бұлбұлдары» атты кітабында негізінен шығыстың ұлы ақындарының өмірі мен творчествосы жайлы сөз болады. Атап айтатын жайт, мұндай еңбектердің оқушы қауымының танымын тәрбиелеуге пайдалы екендігі. Шығыс ақындарын жұртшылыққа кеңірек таныстыра түсуде елеулі мәні бар. Себебі, қазақ поэзиясының дамуында Шығыс поэзиясының тигізген ықпалы орасан зор екені даусыз»[1, 365]. Меніңше де, Абай мен оның алдындағы және кейінгі ақындардың қай-қайсысы да осы бір шалқар дариядан рухани сусындағаны мәлім. Сондықтан сыншының осы екі арадағы эволюциялық байланысты арнайы зерттеуге ұмтылуы қуанарлық һәм құптарлық. Бұл кітаптың құндылығы осындай қажетті тақырыпты сөз еткендігінде деп білеміз. М.Қаратаев: «Кеше ғана емес, бұдан ширек ғасыр бұрын ҚазМу-да оқып жүрген кезінде жүздеген студенттің ішінде ерекше көзге түскен, алабөтен көңіл аудартқан жас қыран іспетті жиырмадағы осы Сағат болатын. Ол үздік оқуының үстінде айрықша адамгершілік мінез-құлқымен, қажыр-қайратымен, қайсарлығымен, таудай талабымен таңдандыратын. Қыршын кеткен жас сыншы Сағаттың соңғы он шақты жылы тоқырау мен қайта құру кезеңіне тап келіп, сын саласында тосқауылдап, әрқилы үгіт-насихат, ұйымдастыру жұмысына ден қоюға тура келгені көрінеді. Дегенмен әдебиетке деген жанашырлығын доғарған жоқ, әдебиет сынының өрбуіне деген белсенділігін бәсеңдеткен жоқ.»[4, 4] — шәкіртін осылай есіне алса, М.Жолдасбеков: «Саңлақ сыншы Сағат әдебиет әлеміне алғаш аудармамен келді. Ол – 1966 жылы Мәскеудің «Прогресс» баспасынан шыққан «Афоризмы» атты әлем ақыл-ой алыптарының даналық сөздерінің аудармасы болатын. «Сын мұраты» атты тырнықалды туындысы үшін 1976 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атанды» [4, 6] – деп Сағаттың аудармашы екенінен де хабар берді. Жігітке жеті өнер де аз демекші, мен осы баяндаманы жазу барысында Сағат Әшімбаевтың: журналист, сыншы Мемлекет және Қоғам қайраткері екенінен бөлек Абайтанушы, аудармашы һәм өнерден де құралақан емес екендігіне көз жеткіздім. Әшірбек Сығаймен бірлесе «Театр сынына», «Кино сынына» қалам тартқан. Бұл еңбегін білетін жұрт тіпті аз екен.

II тарау
Сыншылық – сыншылық
«Абай жолы» эпопеясы хақында ертелі-кеш көп еңбек жазылыпты. Сапасы емес, санын айтып отырмыз. Әр жүйрік әлінше шабады, әркім өзінше, өз тұрғысынан айтып талдайды. Жақсы дүние туралы тек жақсы зерттеу еңбектер мен мақалалар туа бермейтіні мәлім. Бұл жерде ешкім әдейі нашар жазғысы келмейді, ол өре деген өрден, ой деген ойпаңнан қиналмай шыққан, сүрінбей өткеннің ғана қолынан келеді. Ғ.Мүсіреповтың «Абай романы» туралы деген мақаласы терең ойларымен құнды, автор мұнда көркем шығарманы талдаудың, жазушыға қажетті пікірлер айтудың тамаша үлгісін көрсеткен екен. Бұл мақаланы кенеулі ойлары мен келісімді байыптауларына, терең мазмұнды пікір дәлдігіне қарап қызыға оқисың. Басы талай дау-шараға түскен осынау романды сонау 1943 жылы Ғ.Мүсіреповтың жоғары бағалауы көркемдік танымның айқындығын көрсетсе керек. Оның романдын талдай келе айтқан терең тамырлы ойлары, қарымы кең қауқарлы пікірлері оқушыны еріксіз баурап алған. Мұнан біраз уақыт бұрын айтылған автор ойлары мен пікірлері тың да соны. Демек мұның өзі өнерде қанша қайталанады десек те, айтушысына қарай қайталанбайтын жағдай болатындығын білдірсе керек. Осындай тұшымды, ой саларлық дүниелерді Сағаттың «Шындыққа сүйіспеншілік» атты еңбегінің бірнеше мақалаларынан – ақ оқып түйуге болады. Біз сөз етіп отырған азаматтық позицияның ұлы әдебиетіміздегі тарихи тамаша үлгісін көрсеткен бірден бір адам – Абай екенін де Сағатхан жақсы білген. Абай поэзиясының адам таңғалмасқа болмайтын жоғарғы сатыға көтерген азаматтық позициясының көркемдік салдары деп қараған. Жалпы Абайдан үйрену мәселесін айтып та, жазып та жүргендер қатары аз емес. Жоғарыда айтылғандай әркім өзінше зерттейді, әркім өзінше жаңа қырлар ашады. Абайдан үйрену ең алдымен Абай поэзиясындағы мөлдір бұлақтай ағып жатқан азаматтық дәстүрден яғни азаматтық позициядан үлгі алу. Себебі, оның өлеңдеріне мәңгілік өмір сүру мандатын беріп тұрған ұлы күштің сырын ақын творчествосындағы айрықша айбынды азаматтық позициядан іздеген жөн. Нақтырақ айтқанда, ақынның «Қалың елі қазағы қайран жұртының» сол дәуірдің сөзімен айтқанда, «Жақсыменен жаманды айырмай», «Бас басына би болған», «Бірлік жоқ береке жоқ, шын пейіл жоқ» ұлттық ұлы трагедиясын айқара ашып көрсеткен осы аттас әйгілі өлеңі – Абай поэзиясындағы айбарлы азаматтық позицияның тамаша дәлелі. Небәрі отыз жол өлеңде сол дәуірдегі туған халқының басындағы оның көсегесін көгертпеген, көкжиегін кеңейтпеген, керітартпа мінезі шын келеңсіз психологиясын , кесірлі кескінін шынайы бере білу жәй ақындық шеберлік қана емес, — азаматтық құдіретті, теңдесі жоқ асқақ азаматтық позицияны танытса керек. Жалпы алғанда, Абайды жәй ғана оқу аздық ететінін, оны оқынбай, тоқынбай жатып ештеңе шықпайтынын Сағат әу басында айтқан болып шықты. Бұл ойы өте құптарлық ой екен. Азаматтық жоқ жерде азаматтық позиция қайдан болсын! Сонымен қатар азаматтық позиция үстемдік алған жерде азаматтық көзқарастың жеңіске жеткені, азаматтықтың күні туғаны деп есептеледі. Бұл айдан анық дүние екеніне қосыласыздар деп ойлаймын. Өмір мен өнердегі азаматтық позиция екеуі бір нәрсе. Басқаша айтқанда, көркем творчестводағы азаматтық позицияны суреткердің өз басындағы осы қасиетінен әсте бөліп қарауға болмайды. Немесе бірінде жоқтың екіншісінде болуы тіпті мүмкін емес. «Қоянның түрін көр де, қалжасынан түңіл» демекші, бойында жоқ азаматтық қасиетті автордың шығармасынан іздеудің өзі бос әурешілік. Адамның жаны мен шығармасы егіз ұғым дегенді біз де құптаймыз. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, рухани жұт-тоғышарлық – одан да көп, нағыз «қызыл көздің» өзі. Енді сол «ағайындарының» түр-түсі қандай? Олар: көзқарастағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сезімдегі желбуыздық, сөздегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен ашкөзділік, көңілдегі көзсоқырлық пен пейілдегі тарлық, көкейдегі тойымсыздық, жүрістегі сұйықтық, позициядағы самарқау бейтараптық, әрекеттегі жалтақтық, қарым-қатынастағы есеп пен пайдакүнемдік, принцптегі солқылдақтық мақсат-мұраттағы жер бауырлаған ұсақтық, сенімдегі немқұрайлық. Осының бәрі тоғышарлық « аурудының» басты – басты симптомдары екенін Сағат жетер жеріне жеткізе айтқан. Сондықтан да бұларға қарсы күрес азаматтық жауапкершіліктің бірден-бір негізгі шарты болуға тиіс! Тоғышарлық кейінгі кезде болмаса, соңғы он бес – жирма жылда пайда болған құбылыс емес қой. Олай дейтініміз — оған қарсы әр кезде өмір сүрген адамзат ақыл – ойының В.И. Ленин, В.Г.Белинский, А.П.Чехов, А.Құнанбаев сияқты алыптары аяусыз рухани соққы беріп отырған. Бұл мәселелер С.Әшімбаевтың «Азаматтық формуласы» мақаласында қозғалған екен. Тоғышарлық, немқұрайлылық, эгоизмге қарсы күрескен С.Әшімбев тағы кішігірім мысал келтіре кеткен екен: «Барлық трагедия атаулының түп-төркіні немқұрайлылықтан бастау алады» (Т.Манн). Бұл сөзді Нобель сыйлығының лауреаты, ұлы гуманист, жазушы бірде өзіне қойылған «Еурпада фашизм қалай туды?» деген сұраққа жауап ретінде айтыпты. «Біздер — деп жазады ол, — алғашында фашистік элементтер не бүлдірер деп мән бермей немқұрайлылыққа салынып жүрген кезде, олар біртіндеп үстемдік алып алды да шетімізден біздерді біртіндеп құрта бастағандықтан көбіміз шет елдерге қашып бас сауғалауға мәжбүр болдық»[1, 156]. Ал, сол фашизмнің адамзат баласына қандай алапат апат әкелгендігін айтудың қажеті жоқ шығар. Осы мысал маған өте күрделі, терең ойлар сала білді. Сондықтан осы немқұрайлылық жылбырып жүріп қашанда адамзаттың түбіне жететін жылым күш – зұлым күш екенін естен екі елі шығаруға болмайды. Немқұрайлылық жайлай бастаған жерде азаматтықтың күретамыры әлеуметтік белсенділік пен жауапкершілік рухы аяққа басылып олар мансұқ етіледі. Ендеше оған қарсы ырымсыз күрес азаматтық – адамгершілік сана-сезімнің жоғарылығын көрететінін Сағаттай дөп басып айта білу адамгершіліктің шыңы.
С.Әшімбаев — З.Қабдолов, Б.Кенжебаев, М.Қаратаев, Т.Кәкішев сынды көзіқарақты дәріс алып, санасына нәр берген. Сонымен қатар әдебиетпен сусындап жүрген кездерінде: Ш.Уалиханов, М.Өтемісов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Ә.Жанкелдин, Т.Рысқұлов, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, А.Жұбанов, С.Мұқанов, Ш.Айманов, І.Омаров сынды алыптардың азаматтығын ауыз толтырып айтып жүріп, үлгі тұта білген. Шынында, туған елінің ой, парасат және рухани мәдениет жағынан биік тұғырға көтерілуі мен ұлттық сана-сезімнің дамуына ерекше еңбек сіңірген осындай қайталанбас, қайта тумас тарихи тұлғалар тұрғанда, «ерінбеген етікші боладыға» салып, бет алды жаза беретіндердің азаматтығын айтуымыз «азамат» сөзінің құнын төмендетіп жіберетін секілді, әрине бұл менің жеке ойым. Әдебиетімізде бір сарынның жауыр болып қайталана беруі де заңды құбылыс еді. Мысалы, экранда немесе кейбір авторлардың қаламынан туған шығармаларда бірінші кезекте өңкей сәтсіз тағдырлар, өмірдің шырғалаңдары, қайдағы бір келеңсіз, сарнауық кейіпкерлер көрінеді. Ал, мен бәсекеге қабілетті Қазақстанмыздың жастары, өмірлік мақсаттардың ізгілігін, идеялық сенімділікті, еңбекқорлық пен ерікті мұратқа мұқтаж деп ойлаймын. Шын мәніндегі азаматтық позиция жоқ жерде ешқандай көркем шығарманың көпшілік көкейінен шығуы ешбір мүмкін еместігін естен шығаруға болмайды. Томаға-тұйық жағдайда дамитын әдебиет жоқ. Қай елдің әдебиетін алып қарасаңыз, озық елдер әдебиеттерінен творчестволық үлгі-өнеге ала отырып дамыған. Айталық, орыс әдебиетінің XIX ғасырдағы алтын дәуіріне көтерілуіне батыс классикалық әдебиетінің тегеурінді ықпалы болғаны мәлім. Ал, оны жоққа шығару шындық үшін қиянат болар еді. Бір ғана роман жанырының өзіндегі табыстарын қарастыратын болсақ, орыс жазушыларының француз, ағлышын, неміс романистерінің жазу техникасынан, композиция құруындағы, сюжет табудағы, образ жасауындағы шеберлік тәсілдерінің, роман табиғатын меңгерудегі тағы басқа жетістіктерінен көп үйренгенін байқауға болады. Осындай фактілерді қазақ әдебиетінің тариханан да табамыз. Поэзия, проза, драматургиямыздың дамуына басқа елдер әдебиеттерінің игі әсері тигенін мойындамау көзжұмбайлық болар еді. Абайға Пушкин, Лермонтов поэзиясының қандай үлкен ықпалы болған болса, М.Әуезовтың «Абай жолын» жазу барысында да басқа классикалық роман үлгілерінің терең әсері болғанына көз жеткізу қиын емес, оған М.Әуезовтың өз сөздері куә: «Мысалы, Құнанбай мен Абай, арасындағы әке мен баланың тартысы деген тақырыпты алсақ, бұл жайды Әуезов қана тапқан жоқ, әріркете Тургеневтың «Әкелер мен балалар» беріректе Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтыры» бар емес пе еді?» Бұл мәселелерді Сағат өз мақалаларына [«Азаматтық формуласы»] арқау еткен екен.
Әдебиетімізде жауыр болған тағы бір тақырып бар, ол: «Қазақ әдебиеті XVIII ғасырда өмір сүрген Бұқар жыраудан пайда болған!». Мен түсінбеймін, Бұқар жырау аспаннан түсіпті де жырау болып кетіпті ме? Дәл осы тақырып жайлы Сағат Әшімбаевтың айтқаны: «Сонда Бұқар жырау ғайыптан пайда болып, тандыры шыққан қу тақырға тамыр салған ба? Сөз жоқ Бұқар жыраудың әдеби тәлім-тәрбие алып, рухани сусындаған поэзиялық талай асқар белдері, өнер алды қызыл тілде өз заманында теңдесі болмаған майталман жүйріктері болған»[4, 29]. Айтар ауызға мардымды пікір десеңші. Осыған орай сыншы М.Мағауиннің монографиясын талқыға салады. Бұл монография меніңше де көңілге қонымды дүние екен. Монографияда Бұқарға дейін өмір сүрген аттары белгілі-белгісіз қаншама ақын-жыраулар бар: Кетбұға, Жұмақұл, Сыпыра жырау, Қодан-тайшы т.б. С.Әшімбаев монографияның, оқушылар қауымын қуантатындығы талассыз нәрсе екендігін айтып, «Міндеті орындалған еңбек», — деп мақала жазады. Сыншы таланты – аса сирек талант. Сыншылық екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын өнер екендігін сынның корифейі Белинскийдің жақсылап айтып кеткендігін Сағатта еңбектеріне арқау етіп қайталай айтып кеткен екен. Сондықтан да, сынды кез келген білімі тайыз, білігі төмен, теориялық даярлығы жоқ, сын эстетикасынан, тарихынан хабары шамалы жандардың ермегіне айландырмау – сын абройын қорғау болып табылады.

Ойы ұшқыр – Сағат
Сағат Әшімбаевтың күнделігі жайлы ой қозғайық. Орта есеппен жалпы саны 8000-9000 беттен асатын дәптерлер 1974 жылдан басталып, 1991 жылдың тамызына дейін тоқтаусыз жазылып отырған. Бұл Сағаттың «жұмыс дәптерлері немесе шығармашылық лабараториясы» десек те болғандай. Дәптерде өзіне керек болатын тұстарын, авторын, кітаптың атын, бетін жазып алып отырған. Дәптерлерде өмір меен тіршіліктің көптеген қыр-сырына қатысты әлемдік ғұламалардың даналық ойларын, әдебиет, мәдениет, өнер туралы тек мықтылардың ескірмейтін есті сөздерін , орамды ойлары мен саңлақ сөздерін оқи аласың. Мыңнан астам авторларды тізуге болады. 17 жыл ішінде осынша авторды оқып, тек керек жерін түртіп отырған. 45 күнделіктің оншақтысы сөздікке арналған екен. Сол кездегі қызметкерлер мен мамандардың көпшілігі орыс тілді болған теле-радио комитетін орыс тілінсіз басқару тіпті қиынның қиыны бол,аны да сөзсіз. Қазақстанның бір шетіндегі бір орысы жоқ ауылдан шыққан Сағат орыс тңлңн меңгеруді өз күшімен бастағаны жазбаларынан көрініп тұр. Онда өзі оқыған кітаптарындағы күнделікті өмірде қажет деген күрделі сөздер мен кұрделі тіркестерді жазып алып, данына аудармасын өз түсінігінше жазып қойған. Ондай сөздер мен тіркестар саны 5 мыңнан асады. Мұның өзі қаншама уақыттты, еңбекті, ақыл-ойды қажет етеді. Сыншының кітап оқымаған күндері аз болағанын көп жерден оқып жүрміз. Сонда ол жауапты қызметі, жазатын мақалалары, жүргізетін хабарлары, қатысатын жиналыстары, баратын қызметтің іс-сапарлары, отбасылық тіршіліктері көп бола тұра осының бәрңне уақыт тапқаны аазаматтығын айқындай түседі. Ішңмбаевтың қажыр-қайратына, ұқыптылығына, осының бәрінен нәтиже шығара білген мықтылығына еріксіз тәнті боласын. Сағаттың жұмыс дәптерлеріндегі жазбалардың ішінен бізді тағы да еріксіз тәнті еткені – ол кісінің өз ойынан шыққан оймақтай ойлар мен парасатты пайымдаулар болды. Ол кісі ғұламалардың шығармаларын оқи отырып, ойына келген ой тіркестерін де жаңағы жазбаларының арасына жазып өзінің қолын қойып отырған екен. Күнделіктерден қысқаша үзінді:
Бірінші дәптер
Уәли сөз – әулие сөз, пайғамбардың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «өлең сөздің патшасы» деген өлеңін қараңыз. Уәжді-уәли.
Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1870 жылы Петр туралы роман жазуға отырған.
Роман – әдебиеттің симфониялық оркестірі.
Мерген қисық көздесе де дәл тигізеді.
Иван Крылов 1812 жылы Император кітапханасына қызметке орналасып, сонда 29 жыл бойы жұмыс істеген.
1974 жыл.
Екінші дәптер
Шәкәрім Құдайбердиев Лев Николаевичпен хат жазысып тұрған екен. 8.06.1915ж.
Шекспир. Екі поэма, 154 сонет, 36 пьеса жазыпты.
Ғабдулла Тоқай 27 жасында дүниеден өткен. Осы жасына қарамастан татар әдебиетінің ұлы ақыны, классик дәрежесіне ие болған.
Адамнң ең жақын досы уақыт… Уақыт-досты сыйлау өзіңді сыйлау деген сөз. Алайда уақыттың аздығы достың аздығы деген сөз емес.
26.10.1976 жыл.
Үшінші дәптер
Жапонияда мемуарды көп оқиды екен. Ангияа да солай екен. 19.07.1974ж
Достоевский шығармаларындағы трагизм..?
М.А: Шолоховтың «Тынық Донындағы» бас герой Григорий Мелеховтың образындағы трагедиялық сипат жайлы…
Расында, қаламгердің жан аззабы, адами рахаты, қуанышы, наласына куә болатын ол – күнделікқой. С.Әшімбаевтың күнделігін жарыққа шығару ойы қолға алынғанда сыншының асыл жары – Шәрбәну Бейсенова қарсылық танытқаны бар екен. Сағаттың көзін көргендер бар бәрі бірлесіп Шәрбану Бейсенованы көндіреді. Алайда осыншама мол мұраны шашау шығармай, нөмірлеп, көздің қарашығындай сақтап келген осы Шәрбану апай. Жұртшылық назарына алғаш ұсынылып отыр. С.Әшімбаевтың өз қолымен жазған мұраларын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім.

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

Бүгінде С.Әшімбаевтың «Сын мұраты», «Талантқа тағзым», «Шындыққа сүйіспеншілік», «Ақиқатқа іңкәрлік», «Парасатқа құштарлық» атты мұралары бар. Сағат өз әріптестеріне тоғышарлықпен күресуші, азаматтықтың туын желбіретуші ретінде жатталып қалды. Сонымен қатар Сағат Алматыға арман қуып келіп, филология факультетіне оқуға түседі. Ж.Әбдірашев, М.Әбуов, А.Қыраубаева, Ш.Бейсенова, Ә.Тауасаров, С.Мұқтарұлымен бірге т.б зиялылармен білім алады. Қазірде өз жолдарын тапқан, әрқайсысының орындары биік азаматтармен білім нәріне сусындап жүрген күндердің өзінде ортасында оқ бойы озық тұрған. Қ.Ергөбектің айтуы бойынша, Сағат ағаның бітірген курсын «Сағаттардың курсы» деп те атаған екен. Жұбайы Шәрбану Бейсенова: «1970-1980 жылары өзінің авторлық бағдарламаларын жүргізіп жүргенде әртүрлі әдебиеттерді қарап көп ізденуші еді. Сонда: «Империя ұзақ тұрмаған, мынау да бір күні құлайды», — деуші еді. Сәкеңнің күрескерлік қабілеті сол шақтарда жарқырай көрінді ғой деп ойлаймын». Ұлықбек Есдәулет: «Теледидардағы «Қарыз бен парыз» сияқты хабарларды ұйымдастырып, бүкіл жұрттың көкірегіне сәуле түсіре білудің өзі Сағаттың орасан зор қайраткерлігін танытатын құбылыс». Сағатхан Әшімбаев жайлы естеліктерге қарасақ, өзге жұрт алдында әдебиетіміз бен мәдениетіміз басын тік көтеруі үшін солармен бірдей биіктікке көтерілуі үшін оқымаған әдебиеті, қамтылмаған проблемалары жоқ екеніне көз жеткіземіз. Сол ұлтымыздың кем-кетігін реттеп, Қазақты ұлттық руханият көгіне көтеруде ұдайы Абайға жүгінген Сағаттың сырын түгел түсініп болдық па? Байқап қарасаңыз Сағатта сонау Алаш арыстары секілді туған халқының кемел келешегі жолында жан аямаған тұлға екен. Мәңгі сапарға аттанғанда артында қос құлындай екі баласы Дәурен мен Мәулен және асыл жары, атақты жазушы Ш.Бейсенова қалған. Сұм ажал араға екі жыл салып ұлы Дәуренді алып кетті. Құдайдың мұнысына да тәубә, артында ізбасары жоқ емес бар, ол – Мәулен Әшімбаев. Бүінде «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші Орынбасыры. Сағат ағаның азаматтығын қараңызшы, баласына да парасаты парықты өсиет айтқан: « Біріншісі: « — Үлкен мақсат жолында еңбек ет. Ол дегеніміз – халқыңа қызмет ету, қиын сәтте жыртығына жамау бола білу. Ұлт пен туған жерге қызмет ету ешнәрсемен өлшенбеуі керек. Екіншісі: — Адал бол! Ел алдында жүзің жарқын болсын! Басыңа іс түскен сәтте өзге туралы ойыңды сол адамға ашық айт. Адамдар мен айналаңа адал бол. Үшіншісі: — Кітапты жүйелі оқы. Қолға түскен шығарманы парақтай бергенше, сыннан өткен, мағынасы терең әңгімелерге әуес бол», — деп [5, 44] үш ауыз өсиет пен баласына мол азық қалдырып кеткен екен. Бұл өсиет тек Мәуленге ғана емес барша Алаш жастарына үлгі болуы керек деп ойлаймын. Зейнолла Серікқалиев: «С.Әшімбаев, сөз жоқ, өз тұрғылстары арасында білімді, парасатты жігіттердің бірі болды. Қандай ортада болмасын көңіліңді тойдырып көрініп отыратын, өзін табындырған даналық тарихи тағлымдарын төңірегімен тең бөлісуге тырысатын. Жазбаларында да, жүзбе – жүз сұхбат сырласуларда да жанымен жарылып, жүрегін дәйім ашық ұстады. Мақалаларында, зерттеулерінде әрлі-бергі ұлылар ойларына сілтемелер кездесіңкіреп қалып жатса, ол сыншының ізденген өрісіне, өзінен бұрынғылар еңбегіне, оқыған кітабына риясыз адалдығы. Жеріне жеткізе дәлелдеуге уақыты жағынан оралымы келе бермеген жекелеген ұғымдарды ұшыратуымыз мүмкін, бірақ мен ешқашан, еш жерден орнын таппаған ойларды көре алмадым», — деп [1, 6] Сағат жайлы ойын жеткізеді. Сағаттың поэзиядағы азаматтық пафосы – адамшылықты паш ету, жақсылықтың отына май құю, зұлымдықтың түп-тамырына балта шабу болды. Қарап отырсақ Сағат ағаның табиғат берген сыншылық талантын бабына келтіріп шынықтырған, әсіресе бүкіл болмыс бойынан өсіп өнген азаматтық, адамгершілік қасиет ерекшелігі, бауырмалдығы мен білімдарлығы, шыншылдығы ел жадында мәңгі қаларына қалтқысыз сенемін. Жылдар желісінде сыншылықтың негізін салушы – Сағат Әшімбаев екенін көргім келеді. Себебі, сын жанрының шынайы жанашыры бола білген, сынның дамуына өмірін арнаған кісі – Сағатхан. М.Қаратаев: «Сарбаз секілді қайсар қайраткер, қажырлы сыншы Сағат Әшімбаевтың бітіргені қай салада болсын, аз емес еді. Бергенінен берері көп, әрине, бірақ сұм ажал ардагерді көзді ашып, жұмғанша арамыздан алып кетті. Амал жоқ, ажырадық. Өйткенмен, қалай қайғырсақ та, қалай налысақ та оның асыл бейнесін, мұрасын, есімізден де, жүрегімізден де шығармаймыз» [4, 4].
Әр халықтың рухани құндылықтары әдебиетпен жететіні даусыз. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыр тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Демек, ұлттық әдебиетімізде кездесетін әрбір шығармада қолданылған сол ұлттық қодты сақтай білу керекпіз. Онсыз жаңғыру дегеніміз құр жаңғырыққа айналуы мүмкін. Әшімбаевтың әр сынынан өткізген шығармалары біздің рухани азығымыз.С.Әшімбевтан қалған азаматтық позиция, парасаттылық, шыншылдықты тарих беттерінен өшіре алмайды. Қазақ әдебиеті барда, ұлттық әдебиетіміздің сарбаздары мен саңлақтары барда – сын жанрының сардары, сабазы Сағат Әшімбаев та бар!

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. Cағат Әшімбаев «Шындыққа сүйіспеншілік» Алматы: жазушы 1993
2. Құлбек. Е. Сарасөз. – Алматы: ЖШС «Қазақстан» баспа үйі, 2015 – 384бет
3. Ұлықбек Есдәулет көп томдық шығармалар жинағы 1 том Алматы
4. Мұқаш.Қ «Жарқылдап, жай отындай жанып кеткен» Қазақ үні газеті 2014 жыл №14
5. Архив бейнетаспа «С.Әшімбаевтың өмір жолы»
6. Ұлан газеті 31.10.2017 жыл №44
7. Әшімбаев.С Шығармалары 1 том. Құрстырған: Ш.Бейсенова – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017 — 328бет
8. Әшімбаев Сағат. Парасатқа құштарлық: Әдеби-сын мақалалар, портреттер. – Алматы: Жазушы, 1985 — 248бет
9. Әшімбаев.С Шығармалары 3 том. Құрстырған: Ш.Бейсенова – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017 — 400бет
10. Әшімбаев.С Шығармалары 2 том. Құрстырған: Ш.Бейсенова – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017 — 400бет
11. Әшімбаев.С Шығармалары 4 том. Құрстырған: Ш.Бейсенова – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017 — 328бет
12. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – А Аруналматы: «Аруна ltd.» ЖШС, 2005.- 576 б
13. Жанболат Әлиханұлы «Біртуарлар» Алматы: «Аруна ltd.» ЖШС, 2009.- 221б
14. Әшімбаев.С «Сын сымбаты». Құрстырған: Ш.Бейсенова – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017 — 228бет
15. «Қазақ энциклопедиясы» — Алматы: 2017, — 624б
16. «Ақиқат» газеті 2014 жыл №14. « Азаматтық формула»
18. С.Әшімбаев: «Міндеті орындалған шығарма» Лениншіл Жас газеті №47
19. «Алматы-ақшамы» қоғамдық- саяси газеті Азаматтық формуласы №51

 

 

 

 

 

 

 


Алматы математика-лингвистикалық «Самай» мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәнінің оқытушысы Туранова Жадира Турсунбаеваның «С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы» тақырыбындағы ғылыми баяндамасына

Пікір
Сағат Әшімбаев – XX ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ көркем сыни ойының «Азаматтық формуласы», сол кездегі қоғамдық және әлеуметтік оның ішінде жазушы қауымның әдебиетке және әдебиет міндетіне деген ойын білгісі келген жан. Сыншы шығармаларында уақыттың қоғамдық және әдеби — эстетикалық позициясы да анық көрініс тапқан. Табиғи хас сыншылық таланты, терең білімі, қапысыз талғам түйсігі нәтижесінде кеңестік әдебиет пен оның идеологиясының өлшемді эстетикасы шеңберінен шығып кетіп отыратын, әдебиеттің жасампаздық рухына, тәрбиелік миссиясына ерекше мән беретін сыншының өмірі мен өнері – биік азаматтықтың, халқына, ұлтына ұлы қарапайымдылықпен қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісіндей. С.Әшімбаев тек әдебиет сыншысы ғана емес, мемлекеттік биік тұрғыдан ой айта білген, елдің бүгіні мен болашағына жаны ауырып, сол үшін де тер төккен, алаңдап күн кешкен, сонау 37-жылдары тамырынан қиылып кеткен зиялы қауымның жалғасы іспеті. Сыншының түсіндіруінше, «азаматтық формула һәм позиция» концепциясы өз мазмұнына әлеуметтік тұлға ретінде адамға тән барлық жағымды қадір – қасиеттер мен белсенді іс-әрекеттерді, жеке-жеке атап айтқанда, объективті жағдайларды түрлендіруге, сондай-ақ, өз тұлғасының қалыптасуына ықпал ететін сапалық қасиеттерді, қабілеттілігін арттыратын күш — қайратты, білімділік, д ағды, ісмерлік, іскерлік, прагматизм, ұмтылыс, мақсат — мұрат тағы басқаларын жинақтаған.
Қорыта айтқанда, Туранова Жадираның «С.Әшімбаевтың азаматтық позициясы» тақырыбында жазылған ғылыми жұмысы ғылыми-зерттеу жұмыстарының талаптарына сай келеді, республикалық конкурсқа ұсынуға лайықты.

 

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент: Сартбаева.Д

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *