АТ ҮСТІНЕН ТАРТЫС — ұлттық ойын. 3-5 жаяу мен бір салт атты жігіт ортаға шығады. Жаяу ойыншылардың мақсаты — салт атты адамды жерге аударып түсіру. Ойын шарты бойынша жаяудан қашқан аттының белгіленген алаң сыртына шығып кетуіне болмайды. Жаяулар атқа тиіспеуі керек, олар тек адамды ғана аударып алуға тиісті. 10-15 минут уақытта жаяулар аттыны аударып алмаса, алаңға ойыншылардың жаңа жұбы шығады. Зерттеушілер бұл ойынға атты әскер мен жаяу әскер соғысы негіз болған деп есептейді.